• Ақпарат
  • 17 Шілде, 2025

Бір маманның ықпалы

Әр халықтың, ұлттың өзіне тән сипаты бар және оған кие дарытатын да соны жасаушы, қолдаушы, пайдаланушы адамнан тұрған социум/қоғам/ортасы. Бір емес, бірнеше саланы негізге сала отырып, үйлестіре алатын маман көп. Оларда дін, ұлт, жыныс, нәсіл мен діл деген ұғым жоқ. Мұраны мирас ету – межелі ісі. 
Мол, күрделі мәселе деместен, ғажайып сырлар мен мөлдіреген тұнық ойдың, қазына мен жауһардың, шетсіз де шексіз байлықтың, тұжырымды да тұшымды концепция мен реформаның, идеология мен инфографиканың келіп-кету, түсу-көтерілу жүйелерін негізге сала отырып, күтіп-баптап, сақтап, ұсынатын – еңбек адамы. Ақпараттық қоғамда мәдени-интеллектуалдық медиатор, инфлюнс (ықпал етуші, әсер етуші) деген ат алып, еңбегі ғасырға жалғасқан мамандық иесінің бірі – кітапханашы дер едім. 

Ақпараттық ағартушылық, цифр­лық сауаттылықты қалыптастыру, білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді көп қырлы бағытты қамтыған, кәсіби функцияларды жіктеу, сұранысқа сай ақпаратты зерттеу мен талдау жасау арқылы, ақпараттық-аналитикалық бағытты қатар ала жүретін, мәдени-әлеуметтік қызметтердің басы-қасында болып, қоғам мен қауымның интерактивті байланысын нығайтушы, ақпараттық технологияларды кітап ісінде интеграция­лаушы, қоғам құндылығын ғұрыптық дәрежеде де әлеуметтік маңыздылыққа үйлестіріп, жеткізуші әмбебап маман – еңбек адамы туралы айтқым келеді. Бір емес, бірнеше кезең мен дәуірдің дастанды тарихын, мұрасын мирас етуді мақсат деп білген, көмбелі кітаптарын көтеріп, жазбалы жауһарларын жаңартып, бүгін мен ертеңге жетелеген еңбек адамы, маман иесі  мәдени-интеллектуалды медиатор – Дариға Асқарқызы Дәуренбекова. Ол – әдеби-ғылыми ортаның ұйымдастырушысы, цифрлық технологиялардың стратегиялық бағытын айшықтай отырып, ақпарат пен оқырман арасындағы күрделі көпірдің негізін салушы. 
ХХІ ғасыр – қуыс кеуде ғасыры деген ғалымдардың пайымы мен бағдарлы болжамдары бар. Міне, адамзаттың деградациялық күйінен тысқары, игерілмей жатқан деректерді ақырын және анық баса жүріп, ғылыми айналымға түсіріп жатқан маман иелері, еңбек адамының қатарында бір кітапханашының бәсі жоғары. Қоғамдағы деректі те дәйекті сөздер мен ақпараттардың жүйелі де жүйесізін жазу-сызу арқылы бүгінге анық, ертеңге қанық жазбалар арқылы жеткізу сол мамандық иесінің маңдайына жазылған міндет. 
Әдетте ХІХ ғасыр ғылымның барлық саласында елеулі жаңалықтар ашылған, адам өмірін жеңілдеткен, жағдайын жақсартқан кезең деп білеміз. Мәселен, өнеркәсіп пен транспорттың тарихына тамаша өзгеріс әкелген заман. Ал қазақ халқының саяси-әлеуметтік даму жолында бұл ғасырдың ықпалы зор. Экономикалық-мәдени ықпалы туралы әңгіме бөлек. Қазақ даласындағы ғасыр­лар бойы қалыптасқан рулық-патриархалдық құрылыстың іргетасы күйреп, келесі кезекті кезеңге аяқ басып, жаңа өмірдің елесі байқалған тұстан бастап жиналған дүниелерді Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасына жинап-жүктеп жүрген еңбек адамының осынау алапат ғасырдың дерегі мен дәйегін жинақтаушы тұлға екенін енді көзге елестетіп көріңіз. Шынында да, ХІХ ғасыр ғылымның барлық саласына елеулі өзгеріс әкелді. Соның нәтижесінде адамзаттың өмірі көп жеңілдеді. Әсіресе жаңа технологиялар тұрмысымызға дендеп енді. Медицина саласында адам таңғаларлық жаңалықтар ашылды. Осындай жаңа өмірдің елесі байқалған тұстан бастап жиналған дүниелерді еліміздің Ұлттық электрондық кітапханасына жинап-жүктеген кітапханашылардың жұмысы бір мезет тоқтаған емес. 
Дариға Асқарқызы туралы айтқанда да қазақ елінің қилы кезеңіне куә болған, салалық пен межелі істердің басы-қасында жүрген тұлғаның ғұмыр­лық жолын да, ұстаздық келбетін де көруге болады. Елдің айнасы боларлық адамның өр мінезді, табанды, қажырлы қасиеті – боламын деген жанның тұла бойына жауапкершілік пен мінезділікті де қалыптастыратын өнегелі ісі. Оның бүгінгі ғасырдан тысқары келесі ғасыр­ларға да ұласа түспек тың дүниелерге түрен түрткен еңбегі көп маманға үлгі.
Жекелеген жинақтардың физикалық қоймасы емес, адамның болмысын, оның өмірін түсінуге және толығымен ашуға мүмкіндік беретін көпір болған мекеменің маманы. Міндетті жұмысы – тек қайталанатын механикалық процесс емес, шығармашылық бағытта жүзеге асатын үздіксіз құбылыстарға парапар. Тың идеяларды аша отырып, адамзаттың ой-өрісін кеңейту мен интеллектуалды еңбек философиясына да ықпал етуші факторының тууына себепкер. Әдетте адамның ойлау қабілетіне, дүниетанымына әсер ету арқылы өзін-өзі тануға бағыттаса, еңбек адамының мәдениет пен білімнің эволюциясына, адамзат прогресіне өзіндік үлес қосуы да тым ерек. Сондықтан Дариға Асқарқызының еңбегі – философиялық тұрғыда тұтас қоғамның интеллектуалды деңгейін көтеруге қызмет етеді және сыртқы әрекеттермен ғана емес, қоғамның рухани дамуына ықпал ететін ішкі, терең қызметке байланысты. Философия­лық тереңдігіне, адамзаттың мәдени және білімділік мұрасына жауапты тұлға ретінде бүгінгі оқырманның жадындағы маман – еңбек адамының тың үлгісі. 
Ұлттық құрылтайда Президент: «Ақпараттық технологиялардың пайдалы жағын ғана алып, зияны жағынан сақ болуымыз керек. Балалар түгілі ата-аналар да, әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітап­хана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады», – деген еді. Міне, мемлекеттік, ұлттық негізді жадысы ұмытылмауы үшін талмай еңбек етіп жүрген маманның еңбегі туралы газет-журналда да көбірек жазылып, мәлімет беріледі дейміз. 
Иә, расында еңбек адамы – ғасыр адамы болуына сеп болған тұлға. Біз тарихтағы Ұлттық академиялық кітапхананың сирек қорын құрып-жүйелеп берген жан кім дегенде осы бір еңбек адамын тарих бетіне жазып қалдыра алсақ, біздің де бір міндетімізді орындағанымыз деп білеміз.
Кітапханашы оқырман бойында кітапқа деген құрмет сезімін оятады. Президент айтпақшы: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек». Осы орайда кітапхана мен кітап­ханашының еңбегі кез келген еңбек адамынан кем емесін, тіпті көп жағдайда бәсі биігірек тұратынын ұмытпасақ керек-ті. 

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ, 
Ұлттық академиялық 
кітапхананың ғылыми 
қызметкері

 

297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №53

15 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы