• Ақпарат
  • 24 Шілде, 2025

Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Мәжілісінің депутаты: Абай – рухани темірқазық

Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толу мерейтойы қарсаңында оның қара сөздері, өлеңі мен мол мұрасы әр буын өкіліне қалай әсер етуге тиіс, әр буын, әр маман иесі Абайды өзіне қалай жақын тұтады деген мақсатта шағын сұқбат легін бастадық. Депутат Жұлдыз Сүлейменова мектеп пен оқушы және бүгінгі қоғам өміріндегі Абай танымы, Абайды тану мәселесі туралы ой бөлісті.  

 

– Шетел тәжірибесін білесіз. Әр ел белді тұлғасының шығармасын мектептің оқу бағдарламасының өзегіне айналдырады. Сол тұрғыдан алғанда Абай әлемі бастауыш, орта және жоғары сыныпта оқушыға қандай пәндер арқылы танылуға тиіс?
– Иә, әлемнің дамыған елдері ұлы тұлғаларын білім жүйесінің өзегіне айналдыру арқылы ұлттық болмысты, тарихи жадыны және рухани құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіруді өзекті санайды. Мәселен, Ұлыбританияда – Шекспир, Германияда – Гёте, Ресейде – Пушкин мен Толстой, Жапонияда Фукузава Юкити шығармалары мектеп бағдарламаларында жүйелі түрде зерделенеді. Бұл – оқушының дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық сана мен рухани тұтастықты қалыптастырудың тиімді тетігі деп санаймын.
Осы тұрғыдан алғанда Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани темірқазығы. Оның терең мағыналы шығармалары мен ғибратты ойы баланың тұлғалық дамуына, ойлау мәдениетінің қалыптасуына орасан әсер етеді. Сондықтан Абай әлемін мектеп бағдарламасында әр деңгейде кезең-кезеңімен, пәндерге интеграцияландырып, жүйелі оқыту – бүгінгі заман талабы.
Бастауыш сыныпта Абайдың шығармаларын ана тілі мен дүниетану пәндерінде қолдануға болады. Мысалы, «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұрым» өлеңдері арқылы табиғаттың маусымдық ерекшеліктерін танытып, баланың тіл байлығы мен эстетикалық танымын дамытуға мүмкіндік бар. Бұл өлеңдер жаратылыстану мен дүниетану пәндеріне көркем мазмұн мен терең мағына үстейді.
Орта буын сыныптарда Абайдың көркем мұрасын қазақ әдебиеті, тарих және «Адалдық сағаты» сияқты тәрбие сағаттарында ұштастыруға болады. Мәселен, тарих пәнінде ХІХ ғасырдағы болыстық басқару жүйесі оқытылғанда, Абайдың осы кезеңді сипаттайтын өлеңдерін талдап, әлеуметтік шындықты көркем сөз арқылы түсіндіруге болады.
Жоғары сыныпта Абайдың философиялық көзқарасы мен дүниетанымын арнайы элективті курс немесе таңдау модулі ретінде енгізу орынды. Бұл курс арқылы оқушылар Абайдың адам, қоғам, дін, білім, еңбек, әділет туралы ойын қазіргі заманмен байланыстыра отырып, тереңірек түсіне алады. Сонымен қатар құқық негіздері, қоғамтану, қазақ тілі пәндерінде де Абайдың қара сөздерін қолдану – оқушылардың азаматтық жа­уапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Көркем еңбек пен музыка пәндерінде Абай шығармашылығын кіріктіріп оқыту – оқушының эстетикалық талғамын дамытады. Мысалы, табиғатты суреттейтін өлеңдері арқылы бейнелеу өнері сабағында композициялар салуға, ал әнге айналған өлеңдері арқылы өнер сабағында ұлттық өнерді игеруге мүмкіндік бар.
Қазір Зияткерлік мектептерде Абай мұрасын жүйелі оқытудың жақсы үлгілері бар. Мәселен, Зияткерлік мектептерде 11-сыныпта бір тоқсан бойы, яғни 24 сағат көлемінде «Абай жолы» оқытылады. Осы тәжірибені кеңейтіп, барлық мектепке бейімделген форматта енгізу – ұлт руханиятына жасалған үлкен қадам болар еді.
– Абай және оқу мен жаңашылдыққа ұмтылу идеясын қазіргі ұстаз түсіндіріп бере ала ма?
– Иә, қазіргі ұстаз бұл идеяны жеткізе алады. Бірақ бұл – ұстаздарымыздың білімін үздіксіз жетілдіріп, Абай мұрасын терең зерделеуіне тікелей байланысты деп санаймын. Абайдың  өлеңдерінде және қара сөздерінде білім мен ізденіске жетелейтін терең ой бар. Негізгі идея ендігі жол тек білім мен ғылымда екенін насихаттаған. Бүгінгі ұстаз осы идеяларды заманауи тәсілдермен, мысалы, кейс-стади, пікірсайыс, жобалық оқу арқылы оқушыға ұғынықты етіп жеткізе алады деп санаймын.
Абайдың жаңашыл болмысы – оның тіл үйренуге құштарлығынан, шетел әдебиеттерін оқуға шақыруынан, адамды адамзаттық тұрғыдан бағалауынан айқын көрінеді. Бұл – бүгінгі білім беру мазмұнымен үндес идея. Мұғалім осы ойды «өмір бойы білім алу», «сыни ойлау» секілді ұғымдармен сабақтастыра жеткізсе, оқушыға Абай жаттанды емес, терең ойымен танылады.
Абайды әр кезеңде оқыған сайын жаңа қырынан тани түсесің. Мысалы, студент кезімізде оның шығармаларын бір қырынан қабылдасақ, бүгін және педагогика тұрғысынан зерделегенде Абайдың адам тәрбиесіне байланысты ойы ерекше терең мағынаға ие екенін ұғынамыз. Оның «Толық адам» мұраты, «Жақсы мінез» қалыптастыру, еңбек пен адалдықты дәріптеуі қазіргі ұстаз үшін аса өзекті.
Абайдың адам бойындағы қызғаныш, жалқаулық, күншілдік секілді кемшілікті сынап, олардың емі ғылым мен білімде екенін айтқаны әлі де өзекті. Маған ерекше әсер еткен қара сөздерінің бірі – қызғаныш туралы ойы. Сондықтан Абай – тек гуманитарлық пәндердің ғана емес, жалпы мектептегі кез келген ұстаз үшін тәрбие мен дүниетанымды тереңдетудің қайнар көзі. Ол – оқушыны еңбекқорлыққа, адамгершілікке, өзіне сенуге және өмірдің мәнін тануға бастайтын ұлы философ.
Ендеше, ұлы ойшылмен қайта қауыштырған бүгінгі уақыт бізді береке мен бірлікке жетелесін. Абайды терең түсініп, болашақ ұрпаққа оның мұрасын жүрекпен жеткізетін жаңашыл ұстаздар көбейе берсін деп тілеймін.
Бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, Абай Құнанбайұлының айтқандарынан мән кетпек емес. Керісінше, айтқандарының өміршеңдігі ой салады. Ұрлық, өтірік, өсек, қастықтың қалып, өнерді, малды түзу жолмен іздейтін өрістерлік күн туар ма екен деп жиырма төртінші қара сөзінде ол да, оны жүз жылдан кейін оқып отырған біз де әлі сауалданамыз.
Өсер елдің белгісін білдіріп, бірімізге-біріміз батыр деуге әлі болмысымыз жібермей, әліміз жетпей келеді. Қайтсе де, үміт үзілмек емес. Бір-біріне шын жанашыр, адал дос бола алатын көреген ұрпақ, биік рухты буын қалыптасса екен дейміз. Ол үшін ғұлама отыз сегізінші қара сөзінде тіліне тиек еткен адам баласына «мәңгі дұшпан» болатындардан арылу керек. Ұлы ағартушы оларды надандық, еріншектік, залымдық деп таңбалайды. Бұлардың емі – білімде деп жол да нұсқайды. Ғылымсыз істің бекер екенін жеткізеді. Ендеше, сол жанға дауа табу жолында бір болсақ, ізденімпаз, өнерпаз болсақ деген тілек қана жүрек жылытады. Данышпан әрі кемеңгеріміз Абай Құнанбайұлымен қайта қауыштырған қастерлі уақыт береке мен бірлікке бастасын...
– Өзіңіз Абайдың қандай өлеңін, қара сөзін өмірлік ұстанымыңыз қылып алдыңыз?
– Абайдың «Он тоғызыншы қара сөзі» – өмірлік бағдар. Абай «ақыл, қайрат, жүрек» үшеуін тең ұстаудың маңызын терең философиялық тұрғыда ашып көрсетеді. Абай жүрекке басымдық бере отырып, әділеттік пен мейірімділікке негізделген өмір сүруді насихаттайды.
Абайдың тағы бір өсиеті:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап.
Бұл – адамның ішкі сенімін, парасаты мен еңбегін бірінші орынға қоюға үндейтін, ешқашан ескірмейтін рухани нұсқау. Абайдың дүниетанымынан өзіме мықтап сіңірген өмірлік ұстанымдарым:
1. Өзіңе сену – тағдырыңа жауапты болу, әр істі өз ақылымен, өз қайратымен атқару.
2. Ғылым мен білімге ұмтылу – дамудың, өрлеудің жалғыз жолы. Абай айтқандай: «Ғылым таппай, мақтанба».
3. Адал еңбек – нағыз жетістіктің негізі, қоғамға пайда келтірудің әділетті жолы.
4. Ысырапшылдықтан арылу – өмірдегі артық, даңғаза мен жасандылықтан, әсіре сән-салтанаттан бас тарту. Қарапа­йымдылыққа мән беру.
5. Білімдінің сөзіне тоқтау, Абайдың «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дегеніндей, бүгінгі ақпарат тасқыны заманына білім мен тәрбиені қатар ұстанған, азаматтық ұстанымы бар тұлғаларға құлақ асу – кез келген қоғамның ілгерілеуінің кепілі.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Қарагөз Сімәділ

 

575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы