• Ақпарат
  • 31 Шілде, 2025

Көкбоз аттың көз жасы

Қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданы  Қызылағаш ауылында туып-өстім. 2010 жылдың 11 наурызында сағат 23:00 шамасында жауапты қызметкерлердің жауапсыздығынан тілсіз жау ауылымыздың тас-талқанын шығарды. Үлкен су қоймасы жарылып, елді су басты.  Тілсіз жау 2,5 мың тұрғыны бар ауылдың күл-талқанын шығарды. Арада 15 жыл өтсе де бұл қайғы жүректен өшпек емес. Осы апатта ет жақындарынан, әке-шеше, бауыр, бала, ағайын-туыстарынан айрылған ел қаншама. Бір үйлі жан – Машаевтар отбасы толық бақилық болды.  

Жермен-жексен болған үш көшенің қақ ортасында әке-шешемнен қалған қара шаңырақ та суға кетті. Әкемнің 65 жыл жинағанын, одан қала берді қара шаңырақта әке-шешемнің түтінін түзу шығарып отырған інім Өсімбайдың 30 жылға жуық жинағанын, мал-мүлкін, бір сабақ ине-жібін қалдырмастан су ағызып әкетті. Әкем Тәңірберген Қапалбекұлы Сәбитов 1906 жылғы 10 қарашада қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданы Төртінші ауылында дүниеге келген. Әкеміз Тәңірберген бала кезінде немере ағасы Ілияс Жансүгіровтен арабша сауатын ашқан. Атамыз Қапалбек қазіргі Ақсу өңірінде 9 жыл би болған. 1916 жылғы басты көтерілістің бірі Жетісу өңірінде болды. Патша жендеттері көтерілісшілерді ғана емес, бейбіт халықты да жазалаған. Атамыз сол уақытта Сібірге айдалыпты.  Миллиондаған адам қырылып, мыңдаған жетім-жесір қалып, халық «оба» деген дертке де ұшырапты. Әкем балалық шағында Ұлт-азаттық соғысты көріп, жас кезінде жетімдіктің ащы дәмін татып, білімін жетілдіре алмай, талай қиындықтың қиясынан өтеді. 11 жастан еңбекке араласып, енді аяқтан тұрар шағында Екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Әкеміз 1941 жылы Сталинград түбіндегі 4097-бөлімінде соғысқа қатысқан. 1944 жылы оң қолынан жарақат алып, бір атадан қалған жалғыз тұяқтың жары Құдай болып, 6 госпитальде 2 ай емделіп елге оралады. Елге оралған соң, белді бекем буып еңбекке араласады. Соғыстан кейінгі жылдары Қызылағаш жылқы зауытын құруға атсалысып, Луговой және Дегерес жылқы зауыттарынан асыл тұқымды жылқыны айлап жол жүріп, айдап әкеледі.  «Алыстан қасиетті малдың тұяғының дүбірін, будақтаған шаңды, қиқулата жылқы қайырған жылқышы даусы естілгенде, ауыл түгел қуанатынбыз», – дейтін анам. Ұйымдастырушылық қабілеті мен ақыл-көрегенділігінің арқасында жылқы зауытының басшысы болып тағайындалады. Көмекшіге нар тұлғалы ауыл азаматтарын: Серғазы Түбекбаев, Ешенхан Байдәулетов, Ауғанбай Қалиев, Қалпық Кенесарин, Алдоңғар Кенесарин сынды біршама адамды  жұмыспен қамтамасыз етіп, бес жылдық жоспарды жыл сайын орындап отырады. Туған жерге, елге ауыл үшін деп төккен тері мен еңбегі ақталып, мақтау қағаздары мен соғыс ардагері медальдарымен марапатталады. Әкеміздің өз үйі болса да 1970 жылы совхоз басшылығы жаңа үй салып берді. Ол үй орталықтағы – (А.Воронин, 44) үй еді. Сол қарашаңырақта, бір кіндіктен 7 бала (2 ұл, 5 қыз)  әке-шешеміздің тәрбиесін көрдік. Мектепті жақсы оқып, бәріміз жоғары білім алып, қанат жайып, қатайып жаңа өмірге қадам бастық.  Әкеміз 1984 жылғы 1 қарашада, ал анамыз 1998 жылғы 31 мамырда аяқасты жүрек талмасынан қайтыс болды. Сол қарашаңырақтың түтінін өшірмей, түзу түтетіп отыр­ған інім Өсімбай – 1982 жылы Сәулемен шаңырақ көтерді. Қазір балалы-шағалы болып, немере сүйіп айрандай ұйып отыр.
Айтпағым сол күнгі шын болған оқиға туралы тарихи дерек. 11 наурызда інімнің сыныптас достары Сәуле келіннің кіші әкесіне көңіл айтуға қарашаңырағымызға келіпті. Дастарқан басында әңгіме-дүкен құрылып, қазанда ет қайнап жатады. Кенеттен достарының бірінің баласы хабарласып: «Әке, қайдасыздар? Ауылға су келе жатыр дейді», – деп хабарлайды.  Інімнің мектепте жұмыс істейтін досы суыт хабардың мән-жайын білуге мектепке кетеді. Басқаларының да берекесі қашып, отбасына хабарласып әлек болады. Бір кезде мектепке кеткен інімнің досынан: «Тез тараңдар, айтылған ақпарат рас екен, ауылға шынымен су төніп келеді», – деген хабар жетеді. Үрейі ұшқандар үрпейісіп, жан-жаққа жүгіре жөнеледі. Келінім қажетті құжаттарын жинап, ал інім қораны құлыптап, абыр-сабыр жиналып, резеңке етігін, жұмысшы киімін кие сала, тілсіз жау ауыздықталысымен қайтып ораламыз деген үмітпен, Өскемен – Алматы тас жолына шығады. Сол күні қар аралас жаңбыр жауып, табиғат та жылап тұрған екен. Көшедегі жайт тіптен жан түршігерліктей. Жылаған бала-шаға, ала дорбаларын арқалап сенделген қалың жұрт, жоқтау айтқан ел. Көрген көріністі сөзбен айтып жеткізу мүлде мүмкін емес дейді кейін сол жайтты еске түсіргендер. Інім де отбасымен бірге тас жолға шығып, тракторға жармасып, жұртпен Молалы жол айрығындағы жотаға жетеді. Толассыз адам тасыған иманжүзді ауыл азаматтары. Сол кезде әке-шешесін іздеп, арттарынан Талдықорғанда тұратын Асхат деген баласы келеді. Кенет қорада байлаулы тұрған малдың жібін, иттің шынжырын босатайық деп қара шаңыраққа қайта барады. Барлық малды босатып, кезек иттерге келгенде, келін қоңырау соғып, ауылға судың төніп қалғанын хабарлайды. Бұл қоңырауды естісімен қайта жолға қарай жүгіре жөнеледі, алайда сол бір 5–10 минуттың арасында тосыннан келген су 2 метр биіктікке дейін көтеріліп, әп-сәтте ауылдың тас-талқанын шығарады. Оның ішінде Қызылағаш өзенінің көпірін және өзен жақтағы 3 көшені су алады. Ішінде біздің қара шаңырағымыз да бар еді. Осылайша, тілсіз жау төңіректі тегіс көміп тастайды. Айғай-шу өршіп, жақынын жоқтаған жұрт, жылаған бала төбеде тұрып көрер таңды көзбен атырады. Төтенше жағдай қызметкерлері мен тәртіп сақшылары ауылға ешкімді жібермейді. Ертеңінде түске таман ауыл адамдары Премьер-министрдің келе жатқанын естіп, оншақты ауыл азаматы жиналады. Сол кезде тым-тырыс, жым-жылас болған ауылды, қираған үйдің қаңқасын көру қорқынышты еді. «Шенділер келеді» деп жарық беруге мотор орнатып, тас төгу жұмыстары басталып кеткен екен. Ашуға булығып, көзіне жас, көкірегіне өксік тығылып шенділерді тосып тұрған жұрт арасынан інім баласы Асхаттың даусын естиді. «Әке, әке, анау біздің көкбоз ат қой деймін», – дейді інімнің ұлы қуана дауыстап. Шынымен де сонандайда үсті-басы батпақ- батпақ болып тұрған өзінің көкбоз аты. Бауырым жылқысын құшақтай алыпты. Адамның да, жылқының да көзінен жас ақтарылған, айнала жұртты түгел толқытқан көрісу болған екен. Сол сәтті көзбен көрген әпкем Мария және ауыл адамдары осы оқиғаны әлі толқып отырып айтады. Інім көкбоз атымен қауышып, ашуын ұмытып, жылқыны досы Раджар мен Алтынханның үйіне жетелеп апарады. Сол үйдің жылы қорасына кіргізіп, жабуын жауып қояды. Арада 3-4 жыл өткеннен кейін көкбоз атын өзі союға қимай, сатып, пұл жасайды. Сол көкбоз атымен табысқанда бауырым: «Тәубе, әкемнің қасиетті тұлпарынан таза бір тұяқ болса да қалды-ау. Жылқы қасиетті мал ғой. Сол қасиетті малды жан-жақтан жинап, Қызылағаштағы жылқы шаруа­шылығын құрып, еңбек етіп, маңдай терін төккені үшін әкем Тәңірбергеннің әруағы шат болуын тіледім», – дейді.  
Тағдырдың салғанына шара бар ма? Уақыт өте келе ел де есін жинай бастады. Үкімет тапсырмасымен, барша қазақстандықтардың қолдауымен 15 шақты құрылыс компаниясы екі-үш айда ауылға жан бітірді. Үй салып, қажетті тұрмыс-техникалармен толықтырып, жаңа шаңырақтар бой көтерді. 2010 жылғы 19 мамырда сол кездегі өңір басшысы Серік Үмбетов әкеміздің еңбегін елеп-ескере отырып, «Тәңірберген Сәбитов Қызылағаш жылқы зауытының іргетасын қалаған ауыл ардақтысы, соғыс ардагері» деп, сол кісіден қалған қара шаңырақты ұстап отырған ініме Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 10-үйдің кілтін табыстады. Бұл сәтті «Жетісу» арнасы мен еліміздің басқа да телеарналары жаңалықтан көрсетті. Шүкір, қазір сол қара шаңырақта інім Өсімбай кенже ұлы Рахат, келіні Мадина және немерелері Кәусар, Мансұрмен бақытты, тату-тәтті өмір сүріп келеді. 


Р.S: Көкбоз аттың көзінен парлаған жас туралы оқиғаны 15 жыл бұрын, Қызылағаштағы қыр­ғынды естіген соң жазып едім. Уақытында жариялаудың сәті түспеді. Осы бір оқиға есімнен шықпай қойды. Уақыт шіркін зуылдап өтсе де, көз жасы құрғап, қызылағаштықтардың жарасы жазылса да, көңіл жарасы оңайлықпен жазылмайды ғой деп осы оқиғаны қайыра еске түсіріп, жазып шықтым.  

Сәния Тәңірбергенқызы

343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы