- Ақпарат
- 31 Шілде, 2025
Абай тілі – әдебиетіміздің іргетасы
Серік НЕГИМОВ, филология ғылымының докторы, профессор:
Абай Құнанбайұлының «толық адам» туралы ой-тұжырымдары мен әл-Фарабидің «қайырымды қала» философиясы адам тәрбиесіне қатысты мыңжылдықтар сабақтастығынан нәр алған екі рухани арна қазығындай. Екеуі де кемел тұлға бейнесін сомдауда парасат пен жүрек, білім мен әрекет, әділет пен ерік үйлесімін алдыңғы орынға қояды. Ұлы хакімдер ұсынған рухани модельдер бүгінгі заман адамы үшін де бағдаршам бола ала ма? Бұл тұжырымдамалардың үндестігі, ерекшелігі неде жатыр? Филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимовпен бүгінгі сұқбатымызда осы мәселені жан-жақты тарқаттық.
– Абайдың «толық адам» ілімі мен әл-Фарабидің «қайырымды қала» тұжырымындағы кемел басшы бейнесі арасында қандай философиялық үндестік бар?
– Абай туралы алғаш рет 1958–1960 жылдары естідім. Сол кезде ел арасында «Абай жолы» романы кең таралып, ақсақалдар Құнанбай мен Өскенбай туралы әңгімелер айтатын. Жақын туысым – шежіреші, көріпкел кісі Абай туралы көп мағлұмат берді. Ағам да оның өмірі мен билігі туралы жиі әңгімелейтін. Бұл ықпал етпей қойған жоқ. 1972–1992 жылдары М.Әуезов атындағы институтта еңбек еттім, сол тұста Әуезовті көрген Әлкей Марғұлан, Рахманқұл Бердібай, Бекболат Уақатов, Сейділда Ордалиев сынды кісілермен араластым. Өзімді абайтанушы санамаймын, бірақ оқырман ретінде Абайға қызығып, зерттеу еңбектерін жаздым. Абайдың поэзиясы мен ғақлияларындағы ғибратты ойлар «толық адам» ұғымының мәнісін, мағынасын, философиясын түсіндіріп толғаса, ал мұның түп-төркіні әл-Фарабидің қайырымды мемлекет мағынасында кемеңгер билеушісінің тұлғасы қандай болуы керек дегенде мынадай бірегей шарттарды жіктеп көрсеткен. Олар:
1) «Мінсіз, мүсіндей әдемі, иманжүзді»; 2) «Өзіне айтылған сөздің барша астарын терең түсінетін және істің мән-жайына сәйкес жан-жақты лезде ұғып алатын зерек болуы»; 3) «Ол өзі жүрген, көрген, естіген нәрселердің баршасын зердесіне ұзақ сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын болуы»;
4) «Бірінші басшы терең ой иесі және жадына сақталғандардың бәрін айдан анық етіп айтып бере алатын шешен болуы»; 5) «Ғылым, білім мен өнерге жаны құштар, әр күн сайын оқып-үйренуден шаршап-шалдықпайтын»;
6) «Тағамға, ішімдікке, сайран-сұхбатқа қанағатшыл»; 7) «Жаратылысынан сауыққұмарлықтан ада»; 8) «Жаны асқақ және ар-намысын аса ардақтайтын»; 9) «Оның жаны тумысынан пасық істердің бәрінен жоғары, игілікті істерге ынтызар»; 10) «Әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін»; 11) «Өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асыруға, ұмтылғанда ұтымды шешімпаздық танытып, мұндайда қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін бірбеткей, батыл, ержүрек болуы міндет».
– Абайды ақын немесе ойшыл ретінде ғана емес, әдеби тілді қалыптастырған реформатор, ұлттық сөз мәдениетінің іргесін қалаған қайраткер ретінде де бағалауымыз керек сияқты. Осы тұрғыда Абайдың қазақ әдеби тіліне енгізген жаңалығы, тілге деген адалдығы мен лингвистикалық танымы – бүгінгі тіл саясаты мен ұлттық кодты жаңғырту үдерісінде қаншалықты өзекті?
–Абайдың тілге адалдығы, әдеби тілді қолданысқа енгізуі бар. Иә, 1914 жылы «Қазақ» газетінің №67 нөмірінде Міржақып Дулатұлы «Абай» атты мақаласында «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі», ол «Қазақ әдебиетінің атасы» деп жазған. Және де М.Дулатұлы 1908 жылғы «Уақыт» газетінің №383 нөміріндегі «Ибраһим ибн Құнанбаев» деген байыптамасында: «Мәжілісінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләззатты, араб, парсы, түркі, қалмақ тілдерінен хабардар, тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып, танымы ауқымды еді. Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін-жерін сүйген кісі еді» деп сүйсінген.Абайдың өз аузынан орыс тілінде жазылып алынған «Заметки о происхождении родов Средней киргизской орды» дейтін шежіретанулық, деректанулық еңбегі 1900 жылы Семейде «Памятная книжка Семипалатинской области» жинағында (выпуск 4) басылды.
– Абай мұрасыұлттың мәдени-рухани жады. ХХ ғасыр басындағы ағартушы, қайраткерлердің Абай шығармашылығына деген қарым-қатынасы мен насихаттау тәсілдері бүгінгі ұлт жадының қалыптасуына қалай ықпал етті деп ойлайсыз?
– Мәселен, 1915 жылғы 3 ақпанда Семей географиялық қоғамының мүшесі Нәзипа Құлжанова театрда сауық кешін өткізеді. Абай өлеңдерінен декламация орындалады. Семинария шәкірті Қаныш Сәтбаев «Көзімнің қарасы» әнін орындайды. Бұл көңілашар кеші туралы «Семипалатинский телеграф», «Сибирская жизнь» газеттері жазған (Әлкей Марғұлан дерегі).Ақын шығармаларының жариялану тарихына, мысалы, «Жаздыгүні шілде болғанда» Көкбай ақын атынан жарық көргенін (1889 жыл, №7, 17 ақпан), «Болыс болдым, мінекей», «Күлембайға» («Дала уалаятының газеті», 1889 жыл, №12, 24 наурыз), «Аттың сыны», «Қансонарда» (Қисса Кнәз білән Зағифа. Қазан, 1897 жыл) өлеңдерінің қайда, қашан жарияланғанын нақты көрсетіп отырады. 1915 жылдың 13 ақпанында Семейдің «Приказчик клубында» Абай мен Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы жайында әдеби кеш өтеді. «Айқап» журналы (1915 жыл, №5, 77-бет) Абай мен Ыбырайды ұлт тарихындағы ұлы тұлғалар ретінде бағалаған. «Кеште Біржан мен Сараның, Жанақ пен Баланың айтыстарынан көрініс беріледі, Н.Құлжанова Ыбырай өлеңдерін оқиды, Әлмағамбет Абай әндерін айтады. Кештің басқа бөлімдері де қызық болып өтеді. Оған Қаныш Сәтбаев, Тайыр Жомартбаев, Қайықбай деген бала әнші, Ыбырай Алтынсариннің баласы – Ғабділхамит және басқалар қатысады» деп батыл жазады Айқын Нұрқатов («Айқап», 1915 жыл, №5, 77-79 беттер).Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» атты өлеңін орыс тіліне Нәзипа Құлжанова тәржімалап, «Сибирский студент» журналына (1915, №3-4) бастырған.
– Абайдың Лермонтовтан аударған «Исповедь» өлеңі арқылы оның поэтикалық интуициясы мен көркемдік-философиялық тереңдігін айқын байқаймыз. Осы аударма Абайдың көркем ойлау кеңістігі мен ұлттық поэзиядағы шеберлігін қандай жаңа деңгейде танытады?
– Абай поэзиясында рух, тіл, сезім, қиял байлығы мен көркемдік шарттылықтардың алуан сипатты, сан қилы көріністері тұтастық тапқан, жарасымды үйлесім тудырған. Демек, ойшыл хакім Абайдың суреткерлік сырларын, көркемдік шеберлік қырларын, ойшылдық сарын-сипаттарын, әлеуметтік-қоғамдық астарларын, символикалық, аллегориялық, ассоциациялық мәнісін, суреттеу, бейнелеу құралдарының эстетикалық қызметін көрсетуді сөз қолдану шеберлігі тұрғысынан баяндауды мақсат еттік. Абай М. Ю.Лермонтовтың «Исповедь» атты жырын «Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?» дейтін тақырыппен аударған. Түпнұсқада – 84, Абайда 64 жол. Абай орыс ақынының көркемдік-философиялық дүниетанымын, суреткерлік қолтаңбасын, интуициясын, рухани болмысын әрі орыс тілінің рухын, сырын, бояуын, экспрессиясын түбегейлі түсініп, сұңғылалықпен үздік шеберлікпен аударған. Бүгінге дейін бұл өлеңнің көркемдік әлемі толық зерделенген жоқ.
– Абайдың «Ғылым таппай мақтанба», «Орын таппай баптанба» тәрізді өнегелі өсиеттері мен «бес асыл іс», «бес дұшпан» ұғымдары бүгінгі адамға – рухани, әлеуметтік, азаматтық тұрғыдан қандай өмірлік бағдар бере алады? Бұл қағидаттарды қазіргі заман адамы қалай іске асыра алады деп ойлайсыз?
– Әрбір жан иесінің түбегейлі мақсаты – ғылым табу (Абайдың 10-сөзінде: Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды» делінген пайымы бар) және білім-ғылыммен қаруланып «орын» табу ұлтымыздың ұғымында 1) мекен, тұрақ, жай; 2) белгілі бір нәрсенің реті, жөні, қисыны; 3) дәреже, мансап мағынасында қолданылады. «Отырған орны орман» деген де қасиетті сөз бар. Бұл жақсыларға бағышталған. Құтты орын табу – сол бір кісінің бағы. Егер де қадірлі орынға орай қызмет етсе – елдің бағы. Ел мен ер егіз ұғым. Құнанбай қажының сөзімен айтсақ, «Ер керегін ел берер, Ер еңбегін ел терер».
Ғылым таппай мақтанба.
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба.
Ойнап босқа күлуге.
«Жүз ойды бір сөзге сыйғызса – шебер де» дегендей, ой мен сөздің ұстасы Абай адам болудың ереже-қағидаттарын жүйрік білгендіктен, бес дұшпаннан жирен, «бес асыл істен» үйрен дейді.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Ел өміріндегі психологиялық эпидемияның атын атап, түсін түстейді. Олар: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Өзіңді-өзің жетілдірудің басты шарттарын ыждағаттап былайша түсіндіреді:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Тағдыршешті баға жетпес құндылық «Бес асыл істі» өмір жолыңыздың негізгі ұстанымы етсеңіз, өз өміріңізге ырзалықпен, жауапкершілікпен алғыс айтасыз, көңіліңіз сүйсінеді. Жақсылық пен жамандықтың жігін білу парыз. Тіршіліктің арзан, жалған қызығына алданбай, арбалмай, ірілікті, кісілікті сақтау, ізгіліктің жолында қаһарманша
қасқайып қайрат көрсету, мемлекет шекарасына төнген қауіпті көре білетіндей сұңқардай сергек болу абзал. Абайдың осынау мағыналы ғибраттары – ойыңызды тазартады, жаңаша көзқарас қалыптастырады, жаңаша әсерлердің арқасында өмір сүрудің стратегиясы айқындалады, ішкі даналығыңыз, ішкі мәдениетіңіз, болмысыңыз бүтіндей жаңарады.
– Абайдың «Ұяламын», «Адамзат бүгін – адам, ертең – топырақ» сияқты өлеңдеріндегі психологиялық түйсік пен адам мінезін бейнелеу шеберлігі – қазақ поэзиясын моральдық-философиялық деңгейге көтерді деуге бола ма? Ол «бүгін» мен «ертең» ұғымы арқылы адамға қандай рухани жауапкершілік жүктейді?
– Абайдың сыршылдық, сыншылдық, суреткерлік қабілет-қарымы «Ұяламын» дегені – көңіл үшін» дейтін өлеңінде (1901) жарқырап көрінген деуге болады. Адамның ішкі, түпкі сыры, күйі, психологиялық тұтас жаратылысы (екіжүзділігі, айнығыштығы) дәл осылайша көркем, әсерлі бейнеленуі шеберліктің арқасы:
Ұяламын дегені – көңіл үшін,
Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін.
Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ,
Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін.
Сөзі сұйық сұмды, көзге сүйкімді көрінуді әдет еткен алдамшы-арбаушыны, жігерсіз дәлдүріш нәуетекті оңдырмай әшкерелейді. Адамшылық парыз дегенді білмейтін, ел үстінен күн көретін, жақсы мен жаманның нарқын айырмайтын дүмше, енжар арамтамақтың тірлігі «жалығу... шалқу... іш пысу...» тәрізді күңгірт көмескі көріністерге кенелген, ертеңін емес бүгінгісімен шектелген деп шенейді:
Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,
Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар.
Ар мен ұят ойланбай, тән асырап,
Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар.
Абай дүниетанымында «ертең» мен «бүгін» дейтін ұғымдарға айрықша мағына үстеген. «Ертеңгіні» ойлайтын ерлер мен «бүгінін» ойлайтындарға әділ баға берген. Әрқайсысының түрліше қыры мен сыры бар. Айталық: «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» өлеңіндегі мынадай лебізге мән берейікші:
Адамзат бүгін – адам, ертең – топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ!
– Абай шығармаларындағы рух тазалығы, жүрек мәдениеті мен адамның ішкі жаңғыруын негіздейтін тұжырымдар – бүгінгі жас ұрпақ үшін өмір сүру стратегиясы ретінде қалай қабылдануы керек? Абайды оқу ғана емес, оны бойға сіңіру, болмысқа айналдыру не үшін маңызды деп ойлайсыз?
– Абайдың әрбір сөзін мұқият тыңғылықты оқып, зердеге тоқып, терең ойлансаң, сырына, сары нына қанықсаң, ұқсаң, бойыңа сіңірсең, рух қуатына, ақыл мен жүрек тазалығына, өмір сүру стратегиясына ие боласың. Әрі салиқалы, әрі қабырғалы, әрі тәуекелшіл, әрі мінезді қайраткерге айналасың. Рухың биіктеп, парасат-пайымың, дүниені тануың кеңейіп, қырағылығың, байқампаздығың байи түсері анық. Сонымен бірге тәжірибең де, даналығың да, әділетті көзқарасың да, жүріс-тұрысың да, қимыл-қозғалысың да, бет әлпетің де жаңаша өзгерістерге, жаңа бір сапаға ие болады. Адамдықтың, парасаттың жолына ұмтыласың. Сөз мағынасын, ой астарын ұғып-түсінудің мәнісін Абай «Альбомға» дейтін өлеңінде (М.Ю.Лермонтовтан) былайша түсіндірген:
Кім біледі, кез болса, арттағылар
Ойға салып оқыр да, сөзін сынар,
Көзін салып, ойланып, кейбір сөзін
«Рас-ау!» деп мағынасын ол-дағы ұғар.
Шындығында, Абайдың сөзі тұңғиық сырларға, мағыналық реңктерге бай. Оны шын ұғу үшін өмірден түйгенің, көргенің, естігенің, оқығаның және көңіліңді, жүрегіңді, санаңды, қиялыңды тербетіп қозғайтын «ой қозғайтын» мәнді көріністер де мол болуы керек. Сонда Абай қалай бәрін айтып кеткен-ау ой түйесің.
Біздің қоғам – мақтаншақ жарамсақтардың қоғамы дерсің. Толып жатқан жақсылы-жаманды кітаптардың тұсаукесері (ешкім байыбына жетпей-ақ мақтауларды қарша борату), мағынасыз, нәтижесіз мәжілістер, әлеуметтік желідегі жел сөздер, қызмет бабындағы қызметкерлердің мақтангөйлігі. Абайдың «Ақылсыз өзін мақтап былжырайды», «Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?» деуі осы. Бұлар жылымқұрттар. Қоғамды ірітіп-шірітеді, үдеп соққан дүлей дауыл іспетті. Кісілерді екпінімен ықтырып, теріс жолға түсіреді. Биліктің тұтқасын ұстап, елге қамшысын үйіреді. Ұлт қайраткері Міржақып Дулатұлы айтқандай, «Зиянды адамдардың көбеюі арқылы жұрт азады деген көзбен қарау керек» («Біздің істер»).
Жағымпаздарға, даңғой мақтаншақтарға жалпақшешейлік жасамай, Абайша сөгу, Абайша сипаттау қажет. Жақсы жолға түсу, жақсы атану, қоғамға адал қызмет атқару – адамшылық парыз. Мақтаншақтық машақатынан арылып, естілікті мақсат тұтып, өз ортаңдағы жақсылардың біреуінен байсалдылықты, тағы біреуінен сырбаздықты, кейбіреулерінен көрегендікті, іс-әрекеттерінен ірілік-кесектікті, ақылмен тұжырымды сөйлеуді, ойлауды, мақсаткерлікті ыждаһатпен, жан-жүрегімен қабылдап үйренсе, тағылым алса, мінсіз саналы ер атанар еді. Жапонның тәмсілінде тіпті құстар мен аңдар да қоршаған ортасының ерекше қасиетіне еліктейді екен. Жүректі, көңілді, сананы таза ұстау – күнделікті іс, үздіксіз әдет-машық боларға тиіс. Өйтпесе кірлетіп алу оңай. Мысалы, аудиторияда дәріс оқитын ұстаз-педагог әрдайым жарқыраған айна алдында жақсылап өзін әрі көріп, әрі сынап жүруі шарт. Себебі, бет-жүзінде көркемдік, әсерлілік, даналық ұялап тұрғаны дұрыс.
Абай рухын, даналығын, шеберлігін, ойшылдығын, тағылымын болмысына сіңірген Шәкәрім «Мұсылмандық шарты» дейтін ғылыми-философиялық еңбегінде «Адам өзін таныса, Құдайды да танымақ», «өз міндеріңді тазартсаң, кісінің мінін айтып ұқтыруға, кісіні түзетуге сонда жарарсың» делінген. Адам баласы өз басына терең үңіліп, өзін-өзі тексерсе, «өзін-өзі білмекке» ынтығып, «қайдан жаралдым, не үшін жаралдым, түбінде не болмақпын», «басыма пайдалы дүние, ақыретіме пайда не іс қылып жүрмін, халыққа не пайда келтіріп жүрмін, біреуге яки өзіме зиян қылғаннан саумын ба – деп ойлау керек» деген адамшылық қағидаттарды нақ-нағымен пайымдайды. Абайдың ақындық, хакімдік, шешендік, композиторлық тұлғасы, ойшылдық, даналық, сыршылдық, суреткерлік көзқарасы, шығармашылық психологиясы, этикасы, рухани-интеллектуалдық болмысы, ішкі мәдениеті, рухы, әділдігі, шынайылығы, «түбі терең сөз артық» деп ақынның өзі айтқаны тұп-тура!
«Жастық шақ» өлеңінде:
Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ! – деген.
Бұл шумақ «Жастықтың оты жалындап» дейтін өлеңіндегі жастық шақтың, Шәңгерей айтқандай, «Жалғаншы жарық дүниенің» көзді ашып-жұмғанша өтіп кететініне ерекше ескерту жасаған, өмірді мағыналы, мазмұнды өткізудің стратегиясы нақтыланған, жас ерекшеліктерінің сипаты, сыры, қуат-күші, ерік-жігері көрсетілген. Бұл шақтағы дененің қуаты айрықша. Егер де рухының байлығына, білім жинауға, ілім үйренуге, даналықты меңгеруге, жүрегі, жаны, жанары отты болса, елге, халыққа қызмет ету мақсаты зор болса, ұлы дәрежелі қасиеттерді болмысына дарытса, балғын жастық дәуреннің қызығы асыл жұртының игілігіне жұмсалса, өзі де, өзгелер де бақыт сәулесіне бөленер еді. Жастық шақ – қасқалдақтың қанындай қымбат, Шәкәрімше айтқанда, «Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние, Мұны бүйтіп жаратқан қандай кие... Ең түпкі Жаратушы – мінсіз Ие» деп қайырады. Иә, ғұмырдың осы бір мезетін ұтымды, шебер пайдалану, мақсатты нысаналы қасиетті іске жұмсау – естіліктің көрсеткіші. «Жастық шақ – даналықты меңгеруге, кәрілік – оны қолдануға арналған» – дейді Жан-Жак Руссо.
«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген өлеңінде өмірдің желдей екені жөнінде:
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа, – дегенінде дұрыстық бар. Сонда не істеу керек? Асылы, Аллаға, адамзатқа сүйіспеншілік болу керек. «Алла деген сөз жеңіл» (1897) өлеңінің жазылу тарихы турасында Кәкітай Ысқақұлы: «Абай әсіресе ығтыйқатқа бек махкам еді. Не іс қылса да, не насихат айтса да, мынау құдайшылыққа жөн, бүйтсе адамшылыққа жөн» деуші еді. «Ғибадаттың ең үлкені – көңілдің тазалығы, адам баласына жанашырлық» деп, сыртынан сопысынып, тақуасынған кісіні қатты ұнатпаушы еді. «Мұндай адамдар халық үшін ғибадат қылады, қара жұртқа құрметті болмақтан басқасы жоқ» дейтін. «Ғибадат қылған кісі Хаққа қылады» дейді. Абайдың ұстанымы яғни Хақтың тілеуі «ынталы жүрек, шын көңіл». Сондай-ақ жүректің қалауы – ақылдың көзі, қайнары, арнасы, хакімше айтқанда, «жүректің ақыл суаты». Жаратқан дарытқан «дененің барша қуаты», махаббат сезімі бір Тәңіріге бағышталған. Сонда:
Ақыл мен Хауас барлығын,
Білмей – дүр, жүрек, сезе – дүр, – дегенінен ақыл мен толық жетілген бес сезім мүшелерінің қабылдағандарын «жүрек сезе-дүр» деп пайымдайды. Демек, адам баласы табиғатындағы ең басты дүниетаным негізі – сезім мүшелері (хауаси хамси заһири). Сол себепті де Абайдың «жүрек» пен «көңілдің» құдіреті мен сырларына үңілуі ойшыл-хакім даналық дүниетанымының айрықша сипаты. Қазақтың «Көз – нұрдың, көңіл – сырдың, сезім – жырдың ұясы», «Бас – кемеңгер, жүрек – ер, қол – мұрат, тіл – тілмаш, кілтін тап та, сырын аш!», «Адам зейіні алмастан өткір» дейтін мақалдарындағы терең сыр, терең мағына Абай пайымдауларына орайлас келетіндей.
Жүректің сөзін сөйле, тіл,
Жалғаны жоқ бояма.
Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы.
Сол жүректен жылылық, достықпенен
Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы.
(«Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» атты өлеңі)
Абай: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, наданның көзін қойып, көңілін ашпақ...» деген.
– Абай өлеңдерін оқу кезінде адамның ішкі жан дүниесі мен таным қабілеті айрықша әсерге ұшырайды. Абай шығармаларының ми қызметіне, эмоциялық және рухани серпіліске ықпал ететін психологиялық немесе энергетикалық құпиясы неде? Бұл құбылысты қалай түсіндіруге болады?
– Абай өлеңін ыждағатпен оқысаңыз, жаның да, тәнің де тебіренеді. Ой, сана дүниесі сілкініп, қиял құсы шарықтап, көзқарасың, танымың, тәжірибең кеңейіп, әсерленесіз, көңіл-күйіңіз жақсарады. Мұның құпиясы қандай?
Психология мен эзотерика ғылымдарына сүйенсек, миға ең күшті әсер ететін түрткі – жаңа білімді үйрену. Ми сәт сайын ақпаратты талдап, зерттеп, таниды, жүйелейді және жадыда сақтайды. Осы үдерістер арқылы ойлау қабілеті қалыптасады. Ми қабығының сыртқы бөлігі – неокортекс – білімді өңдеп, оны өмірде қолдануға жауап береді. Ол пайымдау, жоспарлау, салыстыру, жаңалық ашу және қарым-қатынас жасау сияқты күрделі ой қызметтерін атқарады.
– Абай шығармаларындағы мінез, жүйке, сана, естілік пен есерліктің беттесуі – отаршылдық қысымда жаншылған ұлт психологиясының көрінісі ретінде қарастырылса, бүгінгі ұлт рухының шынайы жағдайын қай деңгейде бағамдауға болады? Абай сынаған кеселдер – қазір де өзекті ме?
– Тұтастай алғанда Абайдың шығармашылық психологиясы (жүйке жүйесі, энергетикалық қоры, көкіректе сақталған ұстанымдары, естеліктері, мінез-құлық үлгілері, көзқарас, әдет-дағдылар) күрделі бір әлем. Отаршылдықтың кесір-кесапаты қазақ қоғамын аяусыз улады, әңгілерді көбейтті, естілерді дәрменсіз, нәуетек күйге түсірді. Қазақтың байырғы ескілікті сөзінде: «Кесек-кесек дау, жанжал / Кер кеткеннің аулында. / Кесек-кесек өтірік / Кер кеткенің аузында»/ дейтін пікір бар. Ендеше Абай: «Өсек тасып құмардан шығатындар болады»; «Надан ел – қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады»; «Пейіл кетті, ант атты» дейді. Тағы да осы бір ойын үстемелеп «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлайтындар» көбейгенін айтады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
616 рет
көрсетілді0
пікір