- Ақпарат
- 31 Шілде, 2025
Қазақстан мен Түркия арасындағы игі бастамалар
Түркия – әлемдегі ең беделді әрі ықпалды, шынайы құрметке ие мемлекет. Қазақстанның халықаралық қатынастарында Түрік елі өте маңызды орын алады. Түрік халықтарының ынтымақты ел боларына имандай сенген, Түріктік идеяларды қолдаған кемеңгер қолбасшы Ататүріктің 1927 жылы Парламент мінберінде сөйлеген сөзінде: «Біздің көршіміз Кеңестер одағы күндердің күні құлайды. Бірақ ол жерде біздің ағайындарымыз, қандас бауырларымыз бар. Біз солармен байланысты үзбеуіміз керек. Біз соған дайын болуымыз керек. Тіл деген – бір көпір, тарих – бір көпір, мәдениет деген де – көпір, осы көпірлерді құлатпауымыз керек. Сол бауырларымызбен біз өте жақын қарым-қатынаста болуымыз керек» дегені бар. Қандай көрегендік десеңізші!
Түркия Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі халықаралық әуежайдан басталып Анкарадағы Президент сарайында жалғасты. Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған тарапынан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ерекше қошемет көрсетілді. Мемлекет басшысын Түркия Президенті әуежайда арнайы шын ықыласпен қарсы алды. Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтінде Мемлекет басшысының кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Бұл ежелгі түрік жұртының атамекені болған Қазақ еліне деген айрықша құрмет болса керек.
Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері бірден әрі жан-жақты талқыланып, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Түркия басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға дайын екенін растады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары барысында бірлескен инвестициялық жобалар бойынша бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Қол қойылған жобаларға сәйкес инвестицияның жалпы көлемі 490 миллион доллардан асады. Бұл бастамалар агроөнеркәсіптік өңдеу, фармацевтикалық өндіріс және логистиканы қамтиды және Қазақстан-Түркия инвестициялық серіктестігінің әртүрлілігі мен ауқымдылығын көрсетеді.
Атап айтқанда, астық және бұршақ дақылдарын терең өңдейтін интеграцияланған агроөнеркәсіп кешенін салу жобасы бойынша Инвестициялық келісімге қол қойылды. Жоба қуаттылығы тиісінше 250 мың және 80 мың тонна бидай және бұршақ өңдейтін заманауи зауыт салуды көздейді. Инвестиция көлемі 320 миллион доллар.
Шымкент, Астана және Алматы қалаларында үш логистикалық орталық салу туралы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Болжалды инвестиция көлемі – 75 миллион АҚШ доллары.
Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ мен түріктің S Sistem Yatirim Lojistik компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. Жоба Ақтөбе қаласында әуежай аумағында көпфункционалды логистикалық орталық салуды көздейді. Инвестиция көлемі 25 миллион долларға бағаланып отыр.
Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын зауыт салу жөніндегі Orzax Group компаниясының инвестициялық жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Жоба қуаттылығы жылына 464 миллионнан астам өнім бірлігін құрайтын, болжамды инвестиция көлемі 70 миллион доллар болатын кәсіпорын салуды көздейді.
Сонымен қатар қорғаныс пен энергетикадан бастап, көлік, ғылым мен технологияға дейінгі кең ауқымды салалар бойынша пікір алмасылды. Тау-кен, сирек кездесетін металдар бағытындағы ынтымақтастық, Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа экспорттау мүмкіндіктері, тарихи Жібек жолының қазіргі баламасы – Транскаспий көлік бағдарын пайдалану және дамыту жолдары қарастырылды.
Түркия Президенті Режеп Ердоған БАҚ өкілдері үшін өткізілген брифингінде Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі ел және Түрік елінің негізгі серіктесі екенін атап өтті.
Түркия – сауда-экономика және инвестиция саласындағы басты стратегиялық серіктесіміздің бірі. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 5 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта сауда айналымын айтарлықтай арттыру көзделіп отыр. Қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырылған. Бұл жобалар энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, медицина, туризм секілді маңызды салаларды қамтиды. Өз кезегінде Қазақстанның Түркияға салған инвестициясының көлемі 2,5 миллиард доллардан асты. Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалданады.
Мәдени-гуманитарлық байланыс қазақ-түрік қатынасында маңызды орын алады. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше. Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Ұзақ жылдар бойы Түркістанда Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Түркияның озық білім ошақтарының бірнеше филиалы ашылмақ. Екі ел президенттері Бірлескен декларация мен 18 құжатқа қол қойды. Осындай игі бастамалар достығымызды бекемдеп, өзара сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашатынына сенімдіміз.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әзірлеген Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ
342 рет
көрсетілді0
пікір