• Ақпарат
  • 31 Шілде, 2025

Еңбек адамы: Мәртебе мен құрмет

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек нарығын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу үшін қазір еңбек нарығы трансформацияланып жатыр. Экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіп жойылып, жаңалары пайда болған.

Жаңа жұмыс орындары ашылады

«Мемлекет басшысы жариялаған жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Олар заманауи талаптарға сай болуға тиіс. Қазір елімізде ауқымды логистикалық-энергетикалық жобалар іске қосылып жатыр. Түрлі салада цифрлық шешімдер белсенді енгізілді. Жалпы кешенді іс-шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – дейді Олжас Бектенов. 
Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жұмысты салалық министрліктермен және әкімдіктермен тұрақты түрде үйлестіріп, қажетті жедел шараларды қабылдауға тиіс екенін айты. Мәселен, жұмыс орындарын құрудың сапалы мониторингін қамтамасыз ету үшін инновациялық жобалар навигаторы әзірленген. Ақпараттық жүйе жаңа жұмыс орындарының санын, олардың еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестігін, сондай-ақ жұмыс берушілердің жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын қадағалайды. «Шетелдік және отандық инвес­торлардың жаңа жұмыс орындарын құру бойынша өз міндеттемелерін орындау бағытындағы жауапкершілігін арттыру керек. Сондай-ақ инвестиция көлемінің ең кемі 30%-ын құрайтын еңбекақы төлеу қорын қалыптастыру талабын сақтау қажет», – дейді Премьер-министр.
Үкімет басшысы жаңа жұмыс орындарына нақты уақыт режімінде толық әрі жүйелі түрде мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйені жасап шығарып, іске қосуды тапсырды. Ол елімізде іске асырылып жатқан жобалар туралы барлық ақпаратты, соның ішінде біліктілік деңгейін, еңбек жағдайларын, жалақы мөлшерін және басқа да деректерді қадағалап отыруға тиіс. Үкімет отырысында сондай-ақ елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі уақытша жұмыспен байланысты екеніне назар аудартылды. Халықты жұмыспен қамтуда мұндай тәсілдің тиімділігі төмен. Сондықтан қолданыстағы жоспарда тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту қажет. Әсіресе, жас маманды жұмысқа орналастыруға баса назар аударған жөн. 

Цифрлық қызмет көбейді

Биыл азаматтар мен ұйымдар 27 мемлекеттік қызметке қол жеткізген, оның 23-і электронды форматта, оның ішінде 11-і проактивті форматта көрсетілген. Көрсетілген 4 миллионнан аса қызметтің, оның 66%-ы онлайн режімде орындалған. Онлайн формат қызмет көрсету үдерісін жеңілдеткен. Мұны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин баяндап берді. Оның айтуынша, цифрлық трансформация үдерісінде азаматтың еңбек қызметінің толық өмірлік цикліне ерекше көңіл бөлінеді. Жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға жолдама беруден бастап, жұмысынан айырылу, жүкті болу, босану және бала асырап алу кезінде көмек көрсету, зейнетақы төлемдерін тіркеуге дейінгі барлық негізгі кезеңдер қарастырылған. Мысалы, жұмыс іздегендерді тіркеу. Бұрын азаматтар өз бетінше жұмыс іздейтін және жұмысқа орналасатын. Бос жұмыс орындарын іздеу айтарлықтай уақыт пен еңбек шығындарын талап ететін. Енді қазір мәліметтерді енгізу нәтижесінде мемлекеттік деректердің интеграциясына және жұмыссыздық мәртебесін автоматты түрде анықтауға болады. «Одан өзге де мысал көп, мәселен, жұмыспен қамту кейсі. Бұрын жұмысқа орналасу үдерісінде әңгімелесу үшін жұмыс берушіге міндетті түрде барып, қағаз құжаттардың толық пакетін ұсыну және қағаз түрінде еңбек шартына қол қою талап етілетін. Қазір мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланудың арқасында қажетті құжаттардың 90%-дан астамы автоматты түрде электронды түрде қалыптастырылады. Еңбек шартына электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы қашықтан қол қоюға болады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау кейсіне де тоқтала кеткім келеді. Бұрын жәрдемақы тағайындау үдерісі отбасы үшін айтарлықтай қиын болатын. Жақын адамынан айырылып, күйзеліс үстінде жүрген отбасы мүшелері қажетті құжатты жинау үшін ұзақ уақыт жүруге мәжбүр еді. Енді қызметті ұсыну проактивті модельде жүзеге асырылады. Нәтижесінде қызмет көрсету мерзімі 7 күннен 1 күнге дейін қысқарды. Тағы бір кейс – зейнетақы тағайындау. Бұрын зейнетақы тағайындау үдерісі күрделі болатын және азаматтардың жеке қатысуын талап ететін. Төлемдерді алу үшін өтініш беру, құжаттарды жинау және жұмыс тәжірибесін растау қажет еді. Қағаз деректерін өңдеу кідіріс, кезек тудырды. Қазір қанатқақты режімде принципті жаңа тәсіл енгізілді. Скоринг негізіндегі жүйе адамның жасы бойынша зейнетақы ісін автоматты түрде қалыптастырады, еңбек өтілі туралы мәліметті тексереді және азамат тарапынан өтініш жасамай-ақ төлемдерді проактивті түрде тағайындайды. Мұндай трансформация қызмет көрсету мерзімін 10 күннен 1 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрінің айтуынша, Astana Hub экожүйесінде еңбек нарығын цифрландыратын стартаптар мен компаниялар орналасқан. Қатысушылар жаппай жұмысқа қабылдауды автоматтандыру, жұмыс уақытын биометриялық бақылау, бос орындар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін тапсырыс іздеу қызметтері бойынша шешімдерді жасайды. 2024 жылдың соңына қарай олар 8 миллиард теңгеден аса табыс тауып, 460-тан астам жұмыс орнын ашқан.
Заманауи технологиялар ауысымы жоғары салалардағы персоналды басқаруға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп жатыр. Соның айқын мысалының бірі – HR MESSENGER платформасы, ол смарт чат-боттар арқылы қызметкерлерді жалдау, бейімдеу және ұстауды автоматтандырады. Платформаны қазірдің өзінде бөлшек сауда мен банктерден бастап өндіріс пен фастфудқа дейін екі мыңнан аса компания мен 13 саладағы мыңнан аса рекрутер пайдаланады. Нәтиже өте жоғары: жұмысқа қабылдау тиімділігі 100%-ға артқан, жұмысқа қабылдау шығындары 2 есеге азайған.
Ал көлік-логистика саласы үшін арнайы әзірленген Call2Action жобасының (жалдау үдерісін оңтайландыратын ЖИ платформасы) жыл сайынғы жүргізуші айналымы 300%-ға жетеді. Call2action жүздеген сұқбатты қатар жүргізуге мүмкіндік береді, жұмысқа қабылдау уақытын 90%-ға дейін, ал шығынды 50%-ға дейін қысқартады. «Gloat платформасы ұйым ішінде динамикалық дағдылар картасын жасап, қызметкер профильдері мен бизнес қажеттіліктерін талдау үшін жасанды интеллект пен машиналық оқытуды пайдаланады. Оңтүстік Корея жұмыс іздеу уақытын 30%-ға қысқартқан және жұмысқа қабылдау сапасын 80%-ға арттыратын интеллектуалды цифрлық жұмысқа орналастыру платформаларын енгізді. АҚШ-тағы, Ұлыбританиядағы ірі жұмыс берушілер және дүниежүзіндегі жаһандық бөлшек саудагерлер кандидаттармен бастапқы байланыс жүргізетін, сұрақ қоя­тын, сұқбат кестесін құрайтын және бос жұмыс орындарын ұсынатын «Olivia» ЖИ чат-ботын пайдаланады. Айта кетейік, цифрлық жұмысты ұйымдастыратын, байланыс және автоматтандыру құралдарын пайдаланатын цифрлық жұмыс орын нарығы 2034 жылға қарай 166 миллиард долларға жетеді деп болжанған», – деді Қаныш Төлеушин. 
Осындай ұсынымдар бере отырып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне еңбек нарығын дамыту және цифрландыру бойынша мынадай іс-шараларды қарастыруды ұсынды: 
1. Азаматтарға сұранысқа ие бос жұмыс орындары мен компаниялар туралы жеке ұсыныстар беретін ЖИ жұмысқа орналас­тыру агентін жасау. 
2. Азаматтың нақты құзыреті мен әлеуетін ескере отырып, оның цифрлық профилін қалыптастыру үшін «Цифрлық отбасы картасы» жүйесін жаңа деректермен байыту. 
3. ЖИ-дің еңбек нарығына әсерін талдау және өзгеру қаупі бар мамандықтарды анықтау. 
Бұл талдау жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне жедел жауап беруге және жұмыс күшінің бәсекеге қабілеттілігін сақтауға көмектеседі.

Ауылдық квотаға назар аударылады

Ал Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде шамамен 1 млн адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 285,5 мың өндіруші жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин агроөнеркәсіп салалары бойынша кадрларға жалпы қажеттілік шамамен 6,5 мың адамды, оның ішінде 3,5 мыңнан аса білікті қызметкерді құрайтынын айтады. «Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде шамамен 1 млн адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 285,5 мың өндіруші жұмыс істейді. Бұл салалар бойынша кадрларға жалпы қажеттілік шамамен 6,5 мың адамды, оның ішінде 3,5 мыңнан аса білікті қызметкерді құрайды. Аграрлық саясат заманауи технологияларды  енгізе отырып, ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы құрылымдарында өнім өндіру ауқымын кеңейтуді мақсат етеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруа­шылығындағы бір реттік еңбек өнімділігі шамамен 5 млн теңгені құрады, бұл 2023 жылғы ұқсас көрсеткіштен 16%-ға жоғары. Осы жылдың бірінші тоқсанында бұл өсім сақталды және еңбек өнімділігінің 10,6%-ға артқаны байқалады. Бұл динамика саланың тиімділігі артқанын көрсетеді, бірақ бұл тұрақты жұмыспен қамту бөлігіндегі еңбек ресурстарына қажеттілікті төмендетуі мүмкін. Аграрлық саладағы еңбек ресурстарына қажеттілік ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығына байланысты», –  дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды ұлғайту жөніндегі саясатты жүзеге асыру мақсатында министрлік жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның ұйымдасқан шаруашылықтарға көшуі үшін жағдай жасайтынын жеткізді. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жылдарында 115 млрд теңге сомасына 17 мыңнан аса шағын несие берілген, ауылда 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған. Екінші, 2025 жылы АӨК инвестициялық жобаларын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 6,3 мың тұрақты және уақытша жұмыс орындарын құра отырып, 616 млрд теңге сомаға 285 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алдағы үш жылда 3,4 трлн теңге сомаға 23 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрумен 683 жобаны жүзеге асыру көзделген. Үшінші, жыл сайын аграрлық мамандықтар бойынша еңбек ресурстары балансының болжамы негізінде 4 мыңға жуық грант бөлініп жатыр. Ауылдан келген талапкерді ынталандыру үшін ауылдық квота қолданылады, ол барлық мемлекеттік білім беру тапсырысының 30-дан 35%-ына дейін ұлғайтылған. Ауылдық квотамен оқыған түлектер оқу бітіргеннен кейін ауылда кемінде үш жыл жұмыс істейді. Төртінші, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы диплом алған маманды, оның ішінде ауылда жұмыс істеуге келген аграрлық мамандық иесін жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік қолдау шараларын көздейді. Бесінші, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында АШТӨ-ні халықты жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін өндіріске тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. «Талдау нәтижелері көрсеткендей, дала жұмыстары кезінде де, маусымаралық кезеңде де 10-нан 50 мың гектарға дейінгі аумақ жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қызметкерлердің бір бөлігі күзгі-қысқы маусымда, екінші бөлігі мал шаруашылығында жұмыс істей алады. Ауыл шаруашылығы саласы уақыт талаптарын ескере отырып жаңарды, әсіресе цифрландыру есебінен технология­лық және өнімділігі жоғарылады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мәртебесі де өсіп келеді, жалақыны көтеру, зейнеткерлік жасты төмендету, ауыл тұрғындарының әлеуметтік төлемдеріне ұлғайтылған коэффициентті қолдану есебінен сала мамандарының мәртебесі әлі де өсе түспек. Ауылда тұрғын үй құрылысын субсидиялау нормативін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру мәселесі де ұсынылды. Бұл іс-шаралар еңбек жағдайларын жақсартуға, жаңа кадрларды тартуға, ауыл халқын азайтпауға мүмкіндік береді», – дейді  Аманғали Бердалин.

75 жаңа мамандық

Қазір жаңа мамандықтар атласында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетекшілік ететін салалар бойынша 75 жаңа мамандық қосылған. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан кадрларға қажеттілік шамамен 40 мың адамды құрайтынын атап өтті. «Мысалы, металлургия және тау-кен өндірісі саласында смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау техникасының операторы, машина жасау саласында – виртуалды прототиптеуші маманы, құрылыста – Big Data талдаушысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты жаңа мамандықтар пайда болды. Сонымен қатар бизнес үдерістерді автоматтандыруға байланысты 40-тан аса мамандық өзгеріске ұшырады. Биыл 190 инвестициялық жобаны іске қосу барысында машина жасауда тағы 8 жаңа мамандық пайда болады. Мысалы, олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы бар. Осылайша, қол еңбегін автоматтандырылған еңбек түрімен біртіндеп ауысуы байқалады. Ол қоғамдағы жұмысшы мамандықтары туралы түсінікті түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Министрлік жүйелі түрде кәсіби стандарттарды әзірлеу мен жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр», – дейді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан. 
Министрліктің 8 саласы бойынша 88 кәсіби стандартты әзірлеу және жаңарту жоспарланған, бұл 544 мамандықты қамтиды. Кәсіби стандарттарды енгізу арқылы нақты сектордың кадрға деген сұранысы мен білім беру жүйесі арасындағы үйлесімділік қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл өз кезегінде маманның еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ. Осыған байланысты өндірістік ортаға бейімделген білікті кадрларды даярлаудың тиімді тетігі ретінде дуалды оқыту жүйесін дамыту ерекше маңызды. Өнеркәсіп салалары үшін дуалды оқыту 284 колледжде жүзеге асырылады, оған 700-ге жуық кәсіпорын тартылған. Кәсіпорындармен жасалған келісім мен меморандум аясында 30-дан аса білім беру бағдарламалары іске асырылып жатыр. Нәтижесінде жыл сайын 13 мыңға жуық жас маман жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ жүйелі түрде мыңдаған оқушылар үшін кәсіптік бағдар беру іс-шаралары өткізіледі.  
«Былтыр 2 мыңнан аса студент кәсіпорындарда тәжірибеден өтті. Озық білім беру технологияларын енгізу мақсатында халықаралық әріптестікті дамытып жатырмыз. Мысалы, өткен жылы  «Allur Group» компаниясы Германияның Эрфурт университетімен бірлесіп Халықаралық дуалды оқыту орталығын құрды. Тараз қаласында «Қазфосфат» компаниясының қолдауымен Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды. Болашақта дуалды білім беруді дамыту жаңа өндіріс орындарына енгізу арқылы жалғасады. Министрлік жетекшілік ететін салаларда мамандықтардың тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, геология саласында маусым айында Қарқаралы оқу-геологиялық полигонында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы өтті, оған еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен Семей геологиялық барлау колледжінен 100-ден астам студенті қатысты. Шілде айында Семей қаласында мектеп оқушылары арасында II Республикалық далалық геологиялық олимпиада өткізілді, оған Қазақстанның барлық өңірінен 16 команда қатысты. Мұндай іс-шаралар ерте кәсіби бағдарлауға, мамандыққа қызығушылықты қалыптастыруға, дарынды жастарды анықтауға және отандық геологиялық білімнің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді», – дейді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі. 
Оның сөзінше тау-кен ісі мен геология мамандықтарына деген сұраныс артып келеді. Бұған дейін осы саладағы мамандықты бітірушілер саны 1,2 мың адам болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш жыл сайын 3 мыңнан асып отыр. Оған қоса түлектердің 98%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша адам капиталын дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды одан әрі жалғастырады.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр орталық мемлекеттік органдардың, өңір әкімдіктері мен бизнестің өзара үйлесімді, бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтіп, салалық министрліктер мен әкімдіктерге келесідей тапсырма берді:
– Еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көзделген еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
– Өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарының орындалуын жеке бақылауға алуы қажет.
– Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2025–2027 жылдары іске асырылатын жобалар бойынша барлық деректі мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет.
– Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйені қалыптастыруға тиіс.

494 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы