• Ақпарат
  • 14 Тамыз, 2025

Қала шуынан қалқып шыққан үн

 (Сафина Ақтай шығармашылығы хақында)

«Мен өзімді бір күні жоғалтып алдым. Содан бері таба алмай жүрмін. Мені «Burger King-тің» бір бұрышынан көрсеңіздер, айтыңыз­даршы...» 

Мүмкін, біз сөзге арқау етпек болған авторға түсінде біреу осылай тіл қатқан болар, мүмкін, «Burger King-те» отырғанда белгісіз бір адам елестеп, көзімен бір дүниені ұғындарған да шығар. Әйтеуір, шығармашылығына шабыт беріп, жол нұсқағаны хақ. Өйткені «Рок-н-роллдың патшасы» Элвис Преслидің «Burger King-те» көзге түсуі оқырман үшін де тосын сый болғаны анық.
Қазіргі қазақ әдебиеті бұрынғы жаттанды иірімдерден бөлек жаңа бағыт, жаңа түске енді. Дала мен ауылдан, тарихи роман мен эпикалық баяндаудан алшақтаған жастар прозасы өзге кеңістікте, жалғыздық пен ішкі күйзеліс арасында жаңа тіл, жаңа мазмұн тапты. Екі-үш жыл бұрын айтылатын «қазір роман жағы ақсап тұр, жастардың проза жанрына баруы сирек» дейтін көпірме сөзден арылдық. Соңғы жылдары қазақ проза көшіне лек-легімен қосылып, түйдек-түйдек тоғанақ жүгін қосып жатқан жазушы аз емес. Жаңа туындысымен жаңа леп әкелген қаламгер үшін төбеміз көкке жеткендей қуанғанымыз тағы жалған емес-ті. 
Сол жас жазушылардың қатарында, алдыңғы легінде жүрген есімнің бірі – Сафина Ақтай. Аударма саласындағы еңбегінен бөлек, оның жуырда жарық көрген «Burger King-тегі Элвис Пресли» атты жинағы бүгінгі қазақ жастарының түйсігін, сөзге көзқарасын, тіпті махаб­батты, өмірді сезінуін басқа қырынан көрсететін жаңа леп. Прозалық жинақ он шақты әңгімеден құралған, пышақтың қырындай ғана кітап болғанымен, айтар әуезі, сарыны бөлек, бүгінгі қазақ әдебиетіндегі ең тосын әрі ең өзекті құбылыстың бірі. Бұл кітапта не мазмұн, не сюжет толық баяндалмайды. Оның орнына күй кешеміз, кеңістікті сезінеміз, үнсіздікті тыңдаймыз. Бұл – тұтас буынның, бүгінгі қала жастарының ішкі көңіл күйі, психологиялық келбеті. Бәлкім, алғашқы әдеби көркемдіктен гөрі, алғашқы жан айқайы деуге болатын туынды. Бірақ ол айқай іштен шыққан сыбырмен жеткізілген жеңіл күрсініс іспетті. 
Көптеген дәстүрлі прозада кеңістік оқиғаның орны болса, Сафина үшін ол – кейіпкердің өзі. Мұнда қала біз ойлаған әдепкі жансыз қала емес. Қайта, тірілердің арасындағы ең «сезімтал» бейне ретінде сомдалады. Қала бейнесі мен кейіпкер көңіл күйі үнемі бір ағында қабаттаса өрбиді. Автор нақты орынды, қала атауын сирек қолданады. Бірақ әрбір сапар, мұражай, «Burger King», кофехана, такси, автобус, жаяу жүргінші жолағы – Алматыда немесе Астанада тұрған жастар үшін таңсық емес, таныс аумақ. Қала – оқиға болмайтын кеңістік. Ол жерде тек ішкі жан күйзелісі жүреді. Бұл – болмыс пен кеңістіктің бұлыңғыр шекарасында жүрген жандардың бұралаң соқпағы сынды.
Кітапты парақтап отырсаңыз, дені әйел кейіпкер. Бір қарағанда ерлер, жасөспірімдер, қарттар, қоғам т.б. қауым тек әйел кейіпкерлердің көзқарасымен ғана шектелетін сынды байқалады. Алайда әйелдің ішкі әлемін біртіндеп, үңіле бейнелеу автордың адам болмысын, жанын терең түсінетін ерекше әлеуетінен дерек береді. Нақты бір дүниеге ден қойғанда назар аударар нүкте, сезім, күй тіпті айқын бейнеленеді. Осы арқылы автор өз әлемін, өз күйін бөлек, өзгеше сомдайды. Бастысы, бұған дейін қазақ әдебиетінде заманауи әйел кейіпкерлер жоқтың қасы болатын. Сафина – осы бос кеңістікті толтырған алғашқы қаламгердің бірі. Оның ерекшелігі – қалалық, жас, жалғыз, ішкі күйзелісті басынан өткерген әйелдің даусын әдебиетке алып келгені. Бұл, әрине, біз жоғарыда айтқан жас қаламгерлердің алдыңғы легінде деген пікірімізге анық дәлел.
Автордың қаламынан туған алғашқы әңгімелерінде қате жоқ деуден аулақпыз. Әңгіменің қысқалығы көбіне ұтымды болғанымен, кейбір тұсына әлі де бір қылаудай дүние жетпей тұрғандай әсер береді. Арагідік сөз қолданысынан да түсініксіз жайттарға ұшырайсыз. Дегенмен мұндай кішігірім дүниелер шығарманың ауанына, сүйектілігіне әсер етпейді. Шығарманың берер ойы, астары, стилі таразы басын басып кететініне оқи отырып өзіңіз куә боласыз. 
Әңгімелердің шыққан тегі, жатыры бір болғанымен, айтпағы бөлек. Қатардағы әңгімелерің бірі – «Теңіз құсы». Бұл туынды кемеге мініп, саяхаттап, қайта түскен аралықтағы көркем бейнелерді телефон камерасына түсірген сынды жанды дүние. Немесе бір сапарнама, әлде естелік деп те ойлауыңызға болады. Ыстанбұлдың қайнаған базарында кездескен әрбір адам, әрбір тағдыр, әрбір әлем. Автор кездескен адамның сыртқы келбетімен бірге, сол сәттегі ойын, көз алдағы көрінісін тізбектеп суреттейді. Әсірелеуден ада, көп адам байқай бермейтін ұсақ әрі қарапайым бейнені көз алдыңа әкеледі. Шығарманы парақтап отырып, деректі фильм көріп жатқандай әсер аласың.
«Ұмыт болған жел» – адамның өзіне таныс түсі және үрейі немесе жадында сақталғана қорқынышы сынды. Мұны автордың өмірінен алынған бір үзік деп түйдім. Мүмкін, қателесермін. Бірақ Ықылас Шалғынбай деген ағамыз «Жазушы өз өмірін жазса, одан жаман дүние тумайды» дейтін еді. Сол сөзге дә­йек осы шығарма дер едім. Өң мен түстің арасындағы бейға­йып сәт. Түс ішінен түс көрген мимырт әлем. Бірде алыстан қарауытып көрінген өткенің, бірде өзіңе белгісіз, бірақ өзің күткен, армандаған бұлыңғыр болашағың. Сол қым-ғуыт дүниенің арасында өзіңді іздеген өзің. Біреу­ді көргің келеді, бір жерге жеткің келеді, бір нәрсенің болғанын қалайсың. Кейбір сәтті ғұмыр тарихыңнан сызып тас­тағың келеді. Бірақ бәрібір сол адам. «Сол көз, сол шаш, сол мұрын». Өз өткен күнін көшедегі сан мың бейтаныс адамның ішінен, сан мың сүреңсіз күннің ішінен жазбай танитын тура сол, жалғыз өзің. 
Қысқа әңгімедегі ұзақ уақыт. Немесе ұзақ уақытты бойына сіңірген қысқа әңгіме. «Мүлде жарық жанбайтын терезе» Аденаның ағасы мен әпкесі жұмысқа кеткенінен келгенге дейінгі аралықты баяндайды. Сол аралықтағы ұзын сонар уақыттың қалай тез өткенін Аденаның айнаға мағынасыз көз тастауы және айна алдындағы өз келбетін, ішкі қорқыныш, үрейімен арпалысқанын қысқа суреттеу­лер арқылы ғана жеткізеді. Сен айнаға ұзақ қарасаң, бір сәтте айна саған үңіледі. «Мағынасыз көз тастау» деп жиі айтылатын сөз бар. Сол сөздің мәнін толық ашатын суреттеулерді Сафина Ақтайдың осы туындысынан анық аңғарамыз. Кейіпкер айнадағы өзіне қарап отырып, бір сәтте айна бетіндегі шаң-тозаңға көзі түседі. Мұрнының жанында қарауытқан кішкентай меңге назары ауады. Көшедегі желмен бірге жарысқан пакеттерге де көз тастайды. Оның қайдан, қалай келгенін, ерінген біреудің тастағаны ма, әлде бастырылмай қалған жерінен жел ұшырып әкетті ме? Бәрі-бәріне – оның келу тарихына ой жүгіртеді. Сафина – осындай ұсақ әрі қарапайым дүниелерді байқайтын аңғарымпаз жазушы. Кейде қайшы тұстарын да кездестіріп қаласыз. Оның бар күйбеңі – тамақ ішу және айнаға қарау. Бірақ жаңбыр жауғанда сыртқа шықпайды. Қар жауғанда терезеге телмірмейді. Бұл құбылыс көп жағдайда параллель өмір сүреді. Әрине, ол бәрін айнаға қарап отырып ойланады. Қараңғыда жалғыз қалу, айнаға телміру, мағынасыз көз тастау – бәрі-бәрі автор кейіпкерлерінің негізгі кілті. Тіпті жалғыздықтың шексіз, алуан түрінен өзіне таныс әртүрлі бейнені сана сүзгісінен өткізіп алып, күңгірт, салқын, сұр кеңістікті, ішкі көңіл күйді ақ қағазға жайып салады.
«Күміс көбелек» өмірдің мағынасыздығы, мәнсіздігі туралы ештеңе айтпайды. Бірақ енжар көңілдің, сұрғылт қаланың, қуанышы мен жұбанышы қатар өмір сүретін тағдыр талайыңда, аспан айналып жерге түссе де, еш өзгеріссіз қала беретін машиналардың бір сыдырғы жүрісімен әлдебір дүниені оқырманға, сізге, бізге емексітеді. Тіршілік тек сұр бояулардан тұратын сынды. Ізгілік, қуаныш, жарқын келбет байқалмайды. Кейіпкер – Ол. Аты аталмайды. Оның бар тапқан мәні – күнде қуырылған картоп жеу. Қанша жерден әртүрлі мейрамханадан тамақтанса да, үйіне қайтып, газ бетіне картоп қуыруды жаны сүйетін. Ол картоп қуырудағы әрбір сәттен ләззат алады. Аршығанда бала кезіндегі өзіне ұнамайтын, бірақ картоп аршудан ерекше өнері бар мұғалімі есіне түседі. Әбден пісіп, алғаш дәмін татқанда «әжем жасаған сол дәмге ұқсай ма екен» деген үміт пен күдік тұратын ойында. Бірақ осы аралықтағы дүниелерден артық ешқандай мән таппайтын. 
Жалпы, өмірдің мағынасыздығы туралы айтпаған, жазбаған ғұламалар кемде-кем. Оны шығармада бейнелеу тәсілі де әртүрлі. Ал Сафина Ақтай «Күміс көбелекте» мән тураcында жақ ашпайды. «Өмірдің мәні не?» деген сұраққа да жауап қатпайды. Тек бір адамның бірізді өмірі арқылы оқырман қауымға жауапсыз сұрақ қалдырады. Оны әркім әртүрлі қабылдайтыны тағы әмбеге аян.
«Бүкіл өмірімде адамдар арасындағы үндестік пен үнсіздік арасындағы теңгерімді іздедім. Қала мені адамдарға жақын етті, бірақ олардың үндемей өтіп кетуі – мені өзіме қайта оралтты», – дейді Албер Камю. Қалада адам көбейген са­йын жалғыздық ұлғая береді. Бұл шығарма – сол өзін іздеуді, сол жалғыздықты, сол мәнсіздікті меңзеген бірегей туынды.
«Артемида бар жақынынан айырылған әрі өзінің ажалын күтетін, шашына алғаш ақ түскенін байқаған жаралы әрі жалғыз әйелдей», – дейді Сафина Ақтай «20 долларлық Сократтың басы» әңгімесінде. Ғасырлар тарихын қойнына бүгіп, үнсіз тұрған ғибадатхананы автор жаралы жалғыз әйелге теңейді. Бұл шығарма да, жоғарыда айтқанымыздай, сапарнама, яки естелік дәптерге жазылған әңгіме сынды. Әңгіме Сократтың басы немесе бағасы туралы өрбімей, Селжұқтағы Артемида ғибадатханасын көз алдыңызға әкеліп, ондағы өмірді тізбек-тізбегімен елестетуімізге мүмкіндік береді.
«Сүйрік» – сынық тағдырдың символы. Кейіпкер есімі Сүйрік болғанымен, бұл есім оның физикалық кемшілігін (ақсаңдауы, бір жағына қисайып жүруі) ғана емес, қоғамда сүйретілуін, сүйретіліп жүріп бара жатқан, қоғамнан шеттетілген адам бейнесін де сомдайды. Шынтуайтында, сүйріктей саусағы, қылдырықтай аяғы, әдемі киімімен еркін жүруге тиісті Сүйрік еді. Бірақ ол қазір тұлғалық деңгейде толық қалыптаса алмаған, қоғамнан өзіне орын ала алмаған бейкүнә жан.
Сүйріктің тәні түгелімен аяққа ұқсайды. Бұл – бүтін болмысы кемшілігімен тұтасып кеткен адамды бейнелеудің әдеби тәсілі. Аяқ – қозғалыс символы, еркіндік пен өміршеңдіктің бейнесі. Бірақ Сүйріктің аяғы ақсақ, қисық, ал бұл оның еркін қимылдай алмауын, өз өмірінің қожайыны бола алмауын, қоғамнан, өзге адамнан кейін қалуын білдіреді. Сүйрік үшін мінсіз аяқпен жүру, әдемі аяқ киім киіп жүру басты арман. Терезеден көз салғанда сырттағы өтіп бара жатқан аяқтарды көру оның бақытқа, қалыпты өмірге деген іштей құмартуын білдіреді. Шығарманың тағы бір ерекше тұсы – Сүйріктің анасының ескі, шаң басқан биік өкше туфлиін киюі. Бұл – Сүйріктің әйелдік болмысқа ұмтылуы. Бірақ бұл ұмтылыс бәрібір алданыш. Өйткені анасы шаршаған, қажыған. Ол – әйел емес, күнкөрістің құралына айналған тірі мақұлық. Аяқ киім – әдемілік емес, қыз баланың ішкі көңіл күйін бүркемелеу үшін киетін сыртқы көрініс. Бірақ бұл – туфли де майысқан, тозған сұлулықтың, үміттің символдық өлімі. Сүйрік туфлиді киіп, айнала бастағанда айнадан, өз бейнесінен үміт емес, бұлыңғыр мұң көреді. 
Ал осы оқиғаның, көріністің зардабы, салдары тікелей әкесінің кесірінен. Әке бейнесі – зорлықтың, күштің және күйреудің көлеңкесі. Әкесі – тек өз басын күйттеген, адам құндылығын ескермей, отбасын күйреткен, ішімдікке тәуелді адам. Ол қызының аяғына жасалатын отаға бөлінген ақшаны ішіп құртқан, тауысқан. Бұл – қызы үшін физикалық қана емес, моральдық жарақаттың бастауы. Сүйріктің бойындағы ер адамға деген сенімнің күйреуі. Ол қайтыс болғанда Сүйріктің жеңіл сезінгенінен бұл кішкентай қыз үшін қаншалықты ауыр трагедия екенін байқауымызға болады.
Сүйрік, жалпы, кітаптың ішіндегі ең күрделі кейіпкердің бірі. Ол мектепте де, үйде де, қоғамда да ешкімге керек емес. Дене шынықтыру сабағында мұғалімінен де, сыныптастарынан да шеттетіледі, мұғалімдерден мейірім емес, зорлық пен қатыгездік көреді. Сыныптастары оны кемтарлығы үшін командасына қоспайды. Тек әр кеш сайын анасының туфлиін тауып алып, киюді әдетке айналдырған ол тек аяқтарды көреді. 
Әңгіменің соңында бұрын «әдемі» көрінетін аяқтар енді қан-жоса, шабылған, жараланған, жарамсыз күйінде елестейді. Бұл – Сүйріктің санасындағы өзгерістің белгісі. Бұрын әдемі, бүтін аяқ арман болса, енді ол аяқ Сүйрік үшін жара. Өйткені бұл әлемде мүсіні мінсіз сұлулық та, әдемі аяқтар да мәңгілік емес, жалған. Барлығы өткінші. 
Сайып келгенде, бұл шығарма автордың ең қуатты, әлеуметтік жүгі ауыр шығармасының бірі. Бұл әңгімені мүгедектік туралы тар ұғыммен ғана бағаламау керек. Ол – бұзылған қоғамда адасып, сүйретіліп бара жатқан кез келген адамның трагедиясы. Сүйрік – біздің жанымыздың айтылмаған бір үні. Ол шетте қалған жетім бала ғана емес, қоғам назарынан тыс қалған барлық адамның символы. 
Кейде ең шынайы шығарма нақты ештеңе айтпайтын, бірақ барлық сырды ішіне бүккен, үңілсең, бәрін айтатын кірпияз шығарма болар деп түйесің. Автордың суреттеуді көп қоспай, оңды-солды тіл пайдаланбай, терең философиялық ойға күрмелмей өзіндік үні бар қарапайым шығарма жазуы дәстүрлі шығармаға үйреніп қалған оқырман үшін жаңа тыныс сыйлады. Шынайы сезім арқылы қоғамдағы түйіні шешілмеген әлеуметтік мәселелерді көрсетті. Қарапайым оқиғалар арқылы өмірді айна қатесіз бейнеледі. Бұл – бүгінгі оқырман күткен жаңа түс, жаңа леп. 
Қазір, жалпы өнер, әлем әдебиеті қарапайымдылыққа, минимализмге сап түзеген сыңайлы. Мысалы, былтырғы Нобель сыйлығын иеленген Хан Каңның «Ет жемейтін әйел» шығармасына назар салсақ, артық ауыс тілдің, күрделі ой, саяси мәселенің жылты байқалмайды. Шығарма өте қарапайым, тек баяндау стилі, айтар ойы басқа. Сол сияқты қарапайым шығарма арқылы үлкен дүниені қозғайтын жаңа проза біздің әдебиеттен де көрініс тапты. Автордың «Бағдаршамның жасыл шамы», «Кемпір», «Көйлек» т.б. шығармалары осы минималистік сарында. Онда ерекше бір оқиға жоқ, бірақ уақыт тоқтаусыз қозғалыста. Уақыт өте адамзат тіршілігі жай ғана әрекет тізбегіне айналып, жанды дүниеден жаттанды әдетке өтеді. Адам тірі болғанымен, жансыз күй кешуі мүмкін. Бұл өмірдің соңғы, тып-тыныш, мағынасыз сәті. 
Тамырлап, түбірлеп келгенде, қазақ әдебиеті көшіне жаңа керуен келіп тоқтады. Ол керуеннің жүгі сезімінен гөрі ақылы басым, асау емес, есті, паңдықтан ада дүниелер. Әрине, бастапқы мезгілде шалыс басатын тұсы да жоқ емес, бірақ бірте-бірте бірегей, алып дүние туатынына, мызғымас құрыш болып қалыптасарына сенім кәміл. Еншісіне біз жаттанды, жасанды, әдепкі өтірік теңеу, әсірелеуден арылып, әдебиеттің жаңа парағын парақтаймыз. Бүгінгі шығармалар жаңа тарихтың бастауы болғанына бірге куә боламыз. Иә, сол күнге жетейік. 

Тілеубек БАТЫС

3420 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы