• Қоғам
  • 04 Наурыз, 2009

«Үй менікі демеңіз»

Бүгінде қазақ тілін қор қылып, қалай болса солай сөйлеп, сөздің берекесін кетіріп жүрген журналистеріміз бен ақын-жазушыларымыз көп-ақ. Олар сөзді орынсыз қолданғандарымен қоймай, өз икемдеріне келтіріп, бұрмалап алады. Бұрынғылар: «Үй артында кісі бар, үй менікі демеңіз!» – депті. «Тайды тақымым, қойды қолым біледі» – демей, ел-жұртпен есептесу де керек. Әсіресе, жас журналистер бір тосын сөз құлағына тисе, соны жерден жеті қоян тапқандай тықпалап жатады. Мысалы: «Жуырда әлемдегі ең мәшһүр мәдениет сарайларының бірі – Нью-Иорктегі «Карнеги-Холда» Қазақстанның артисі, халықаралық конкурстардың жеңімпазы Нұржамал Үсенбаеваның жеке концерті өтті», – деп хабарлайды «ҚазАқпарат» (Жас қазақ № 24 (128) 22 маусым, 2007 ж.) «Мәшһүр» – адамға байланысты айтылатын сөз. Ғафу Қайырбеков: «Қазақтың пайғамбары – Мәшһүр-Жүсіп», – деп тектен-текке айта ма? Біз сол пайғамбардай кемеңгер, ойшыл ақынымыздың атын американдықтардың бір қорасына қолпаштап апарып жапсырамыз. Сөз мәніне қарайықшы, «сарайлардың бірі» дейді. Көптің бірі болса не мәшһүрлік қалды. Тағы сол сияқты: «Бұл еркіндікке ұмтылған Қазақ елінің жасампаз рухын мәшһүр етіп тұр», – дейді. (Елден Ерек. «Ертіс дидары» № 05 (75) 23 шілде, 2008 ж.). Осы жерде не ұқтық? «Мәшһүр» сөзіне мұқтаждық туып тұр ма? Айқын, анық, мәлім, әйгілі, жария, паш, асқақ деген сөздердің бірі қолға түспей «Мәшһүр» атауы қолға түскен. Егер арабша «мәшһүр» сөзінің мәнін білмеген адам не деп ойлайды. Тағы бір мысал: «Алаштың аты аңызға айналған, күллі әлемге мәшһүр театр және кино актері – Асанәлі Әшімұлы биыл жетпіске толып отыр». («Жас қазақ» № 24 (128) 22.06.08 ж.) Мәнсіз еліктеу деп осыны айтады. Ауызекі сөзде шолжың тіл, шолақ ойдың көрініс беруіне кешіріммен қараймыз. Ал, жазба тілімізде сөйлемнің сынын кетіретін олпы-солпы тіркестер сәнге айналып барады. Мысалы: «Келгісі жоқ. Болады ма? Келгелі бері. Алғалы бері. Қояды ма? Алдыға. Келеді ме? Барады ма? Асығады ма?» деп тұрғандар кімдер? Қазақ емес басқа ұлт өкілдері болар деп ойлайсыз. Жоқ, олай емес. «Қояды ма?» («Мұсылман қорғаны» 3-бет, № 6 (76), 2008 ж); «Алдыға – Нұржамал Үсенбаева» (Мақпал Қаратайқызы «Айқын» № 102 (1939) 15.06.2008 ж); «Барады ма?» (Айман Зейнуллина «Сарыарқа самалы» 3-бет, № 98 (14291) 04.09.08 ж); «Асығады ма?» (Нұралы Өсерұлы Серкімбай-ат Түркістан. «Құран және оның мағынасы» Алматы «Білім» қоғамы. Москва 1991 ж). Осы қаламгерлер сөз бен сөздің байланысын білмейді деуге бола ма? Әлде, әншейін бір «өнер» көрсету, оқырман ойын ойыншық қылу, «жаңалық» туғызып, таңғалдыру ма? Павлодар қаласының тұрғыны Буряк Владимир Иванович ақсақалдың бір ауыз сөзі намысыма тиіп, тіліміздің құнын іздетіп, осы мақаланы жазуыма себеп болды. Ол кісі маған: – Мен бір адамдай-ақ қазақ тілін білуші едім. Бірақ, осы күні түсініп болмайтын жарымжан сөздер алдыңды орайды. Бірыңғай «мусорды» жинап алыпсыңдар, онымен қазақ тілі қанша өркендейді. Үш қазақ отырып бір орыспен түгел орысша сөйлесесіңдер, – деп ұялтты. Міне, әр қазақтың жүрегі тілім деп тік тұратын болса, мемлекеттік тіліміздің әлемдік ықпалы басым ағылшын, омыраулы орыс тілдерімен қатар бәсекеге түсіп, биік тұғырдан көрінеді. Бұл – бүкіл қазақ халқының тас-түйін беріктігін, қайсар қажырлығын қажет етеді. Зекебай СОЛТАНБАЕВ, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылы

4642 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы