• Ақпарат
  • 28 Тамыз, 2025

"Қайрат" қайратына мінді

Чемпиондар лигасының плей-­офф кезеңі аясында Алматының «Қайраты» аты аңызға айналған «Селтикті» тізе бүктірді. Бұл қазақ футболының бағындырған жаңа белесі, жаңа тарихтың ашылған алғашқы ақ парағы іспетті. Алатаудың етегіне жиналған қазақ футболы жанкүйерлерінің меселі қайтпады. Клуб президенті Қайрат Боранбаевтың қолдауы, бапкер Ораз Бахтиннің жаңашыл тактикасы «Қайрат» командасын чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шығып, осы жаңа тарихтың парағын бірге парақтауымызға мүмкіндік сыйлады. Алда «Қайратты» Еуропаның топ 5 лигасының алпауыт командалары күтіп тұр. Демек, әлемге аты мәшһүр ұлы клубтардың Алматы шәріне келетіні даусыз. Сол мәрелі бәсекені, жарысты Қазақстан жұртшылығының асыға күтетіні айдан анық.

Қос тарап сырт алаңда 0:0 есебімен тең түскен еді. Бұл есеп – тек сан емес, Қазақстан футболы үшін маңызды символ. Ойын тактикасы өте сауатты құрылды. Бапкерлер штабы қарсыластың допқа иелік етуіне кедергі жасамай, қорғаныс пен қарсы шабуылға басымдық берді. Бұл тәсіл нәтижесіз болмады. «Селтик» допты 75% иеленсе де, нақты шабуылдан гол соға алмады. «Қайрат» бұл матчта тек қорғануға тырысқан жоқ, олар жүйелі түрде «Селтиктің» шабуылына қарсы тұрып, өз мүмкіндігін күтті. Допты 75 пайызға дейін иемденген қарсыласқа қарамастан, ойынның нақты сәттерінде «Қайрат» еш сасқан жоқ. Тактикалық тәртіп, бір-бірін толық түсінген ойыншылар, тығыз қорғаныс – бәрі бір мақсатқа жұмыс істеді: Глазгода гол жібермеу. «Селтик парктегі» шиеленісті ойынның нәтижесі алматылық «Қайраттың» Шотландиядағы олжалы ойынымен өрілді. Бұған дейін бұл алаңдағы қазақстандық футбол клубтарының жолы болмаған еді. Олай дейтініміз, «Астана» мен «Шахтердің» ұтылғанын қазақстандық футболсүйер жанкүйерлер естен шығарған емес.


ТЕҢ ЕСЕП ТІРКЕГЕН ТАКТИКА

​«Селтик парк» стадионында өткен ойын шотландиялық жанкүйерлердің толассыз қолдауымен басталды. Дегенмен алғашқы минуттан-ақ қонақтар қорғаныстағы сенімділігін көрсетті. «Қайраттың» бас бапкері өз командасын терең қорғанысқа бағыттап, қарсы шабуылға иек артты. «Селтик» допты көп иеленіп, ойынды бақылауға алуға тырысқанымен, қазақстандық клубтың мызғымас қорғанысын бұза алмады. Дайзен Маэда мен Джеймс Форрест сынды ойыншылар бірнеше мүмкіндіктерге ие болғанымен, олардың соққысы қақпашы мен қорғаушылардан аса алмады.
​Ойынның алғашқы минутында Алматыдан келген «Қайраттың» салқынқанды ойнымен жалғасын тауып, қонақтардың тегеурінді қорғанысына алаң қожайындары куә болды. Шотландиялық гранд клуб допты иеленудің айтарлықтай артықшылығына қарамастан, қонақтардың қорғанысын бұза алмады. Селтик пен Қайрат ойнында алғашқы сәттен бастап-ақ алаң иелері жоғары қарқынды тегеурін көрсеткенімен, қонақтар сауатты әрі нәтижелі қорғанысымен ерекшеленді. Алғашқы таймда «Қайрат» ойыншысы Александр Мартынович гол соқты, алайда оны офсайд ретінде есепке алмады Кейінірек Эдмилсон Селтик қақпасына қауіпті соққы жасағанымен, Киеран Тирни «Селтикті» қақпа сызығынан құтқарды. Үзілістен кейін Брендан Роджерстің командасы гол соғатын мүмкіндіктерін еселеді. Дегенмен Дайзен Маэда қосымша уақытта киперді жеңе алмай, кездесудің ең жақсы мүмкіндігін жіберіп алды.
​«Қайраттың» тәртібі мен сенімділігі Қазақстандық клуб ойынды тығыз қорғаныс пен жылдам қарсы шабуылға негіздеді. Ойын барысында алматылық қақпашы Александр Заруцкий жарақат алып, орнын Темірлан Анарбековқа босатты. Кейін Анарбеков те жарақаттанып, таңғышпен ойынды жалғастырды. Александр Заруцкий жарақат алғаннан кейін жас қақпашы Шерхан Қалмұрза тарихи жауапкершілікті өз мойнына алды. Ол эмоциямен емес, сенімділікпен ойнады, бұл оның болашағы зор екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, шабуылшы Дастан Сәтбаев соңғы минутта қосымша сары қағаз алып, жазаланып, Алматыдағы қарымта ойынға қатыса алмады. «Қайраттың» бапкерлер штабы бұл матчқа мұқият дайындалғаны көрініп тұрды. Қарсыластың басымдығын ескере отырып, команда допты өзінде ұстаудан емес, қорғанысты ұйымдастырып, қарсы шабуыл арқылы мүмкіндіктер іздеуге басымдық берді. Шабуылдағы мүмкіндіктер аз болғанымен, қорғаушылар мен қақпашы өз жұмысын мінсіз атқарды. Матч барысында «Селтик» жанкүйерлері клуб басшылығына ашық наразылық білдіріп, «Sack the board» деген транспаранттар көтерді. Олардың пікірінше, жазғы трансфер кезеңінде клубтың жеткілікті деңгейде нығаймауы команда нәтижесіне кері әсерін тигізіп жатыр.


ТАРИХҚА ТОЛЫ ТАРАПТАР

​Британдық басылым «BBC» «Қайрат» Шотландия чемпионатының бастапқы турында «Сент-Миррен» сияқты Селтикке қарсы әрекет еткенін атап өтті. «Ойынның көп бөлігінде «Қайрат» қарсыласына ыңғайсыз қарсылас болды. «Селтик» әдетте сол қанатта және керісінше оң аяқты ойыншыларды пайдаланды. Бұл дегеніміз, Маэда мен Джеймс Форрест көбінесе орталыққа, алаңның соңғы үштен бір бөлігінің ортанғы аймағына ауысып өнер көрсетуін талап етті. Қазақстаннан келген қонақтар бұл ойыншыларға мүмкіндік бермеді. «Сент-Миррен» Премьер-лига матчында қолданған схеманы қайталап, соңында ғана жеңіліп қалды. «Селтик» ойнында креативтілік пен қарқындылықтың болмауы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне қауіп төніп тұрғанын ескере отырып, Роджерс үшін алаңдаушылық тудырды. Бірінші таймда «Селтик» гол соғуға дайын болмағаны анық. Үзілістегі командалық диалог Янгтің алаңға шығуы сияқты рөлді атқарғанымен, қарқындылық есеп ашуға әкелмеді», – деп жазды ағылшындық басылым. «Қайрат» өз тарихындағы ең жауапты матчтардың бірінде тамаша төтеп берді. Глазгодағы қысымды атмосфера, 60 мыңнан астам жанкүйердің қолдауы және қарсы алдында Еуропа чемпионы атанған ұжым – бұның бәрі оңай сынақ емес. Бірақ біздің жігіттер жүйелі қорғаныс, нақты тактика және ерік-жігердің үлгісін көрсетті. Бұл – «Қайрат» үшін тарихтағы алғашқы Чемпиондар лигасындағы плей-офф кезеңі. Егер команда бұл кездесуді сәтті өткізбегенде, топтық кезеңге жолдама алмай, Еуропа лигасына жіберілетін еді. «Қайрат» пен «Селтик» арасындағы матч футбол тарихы тұрғысынан да ерекше мәнге ие. Бұл кездесу тек қазіргі нәтиже үшін емес, екі команданың тарихи жолын салыстыру мен Қазақстан футболының дамуына әсері тұрғысынан да қызықты. «Селтик» – Еуропа футболының алпауыт клубтарының бірі. 1967 жылы Еуропа чемпиондары кубогын (қазіргі Чемпиондар лигасы) ұтқан алғашқы британдық клуб. Сол жылы олар «Лиссабон арыстандары» деген атауға ие болды. Чемпиондар лигасы мен УЕФА жарыстарына үнемі қатысып отырады. 50 жылдан астам тарихы бар УЕФА рейтингісінде де орнын лайықтап алған команда. «Қайрат» үшін мұндай команданың өз алаңында голсыз тең ойын көрсетуі – үлкен жетістік. Кеңес дәуірінде Алматының «Қайраты» КСРО Жоғарғы лигасында ойнаған жалғыз қазақ командасы болды. 1986 жылы «Қайрат» КСРО чемпионатында 7-орын алып, бұл Қазақстан футболы тарихындағы ең жоғары жетістік ретінде есептеледі. Тәуелсіздік алған соң, Қайрат ҚПЛ-нің алғашқы чемпиондарының бірі болды. Соңғы жылдары еурокубоктарға жиі қатысып, Қазақстан атынан абыроймен өнер көрсетіп жүр.

ШЕШУШІ КЕЗЕҢ АЛМАТЫДА ӨТТІ

​Бұған дейін тек «Астана» клубы 2015 жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан. Бірақ «Қайраттың» бұл плей-офф кезеңіне өтуі – Қазақстан футбол тарихында сирек кездесетін жетістік. Ал «Қайраттың» топтық кезеңге өтуі Қазақстан үшін екінші тарихи сәт болды. «Қайрат» сапындағы жас ойыншылар – Шерхан Қалмұрза, Дастан Сәтбаев, Темірлан Анарбек секілділер қазіргі буын үміті. Ал тәжірибелі ойыншылар – Александр Мартынович сияқты футболшылар Еуропа аренасында ойын үлгісін көрсетіп жүр. Бұл – футболда дәстүр мен даму сабақтастығының үлгісі. Шешуші матч 26 тамыз күні Алматыда өтті. Билеттер жоқтың қасы – стадионда аншлаг. Бәрі Алматыдағы «Орталық алаңда» шешілді. 26 тамызда өткен қарымта матч «Қайрат» үшін ХХІ ғасырдағы ең маңызды ойынның бірі болды. Еуропада тарихы бар «Селтикке» қарсы тұрып, топтық кезеңге шығу – қазақстандық клуб үшін екінші рет болған тарихи жетістік. 
Алғашқы таймдағы текетірес бар күшін салудан гөрі аңдысуға бейім болды. «Ескі жау атыспаққа жақсы» дегендей, бір-бірінің қабағын баққан кәнігі қарсыластардай тек пас алмасып, қарымта шабуылға ғана өтіп отырды. «Селтик» сапынан бір қауіпті соққыны «Қайраттың» екінші құрамдағы қақпашысы Темірлан Анарбек қайтарды. Алатау етегін алқалаған адамға толтырып, «Орталық стадионды» айқайға бөктірген жанкүйер қауымның қарасы қалың. Екінші таймда аңдысудан гөрі шабуыл шебіне өту үрдісі көбірек орын алды. 86-минутта «Селтик» сапындағы жапон жұлдызының қақпашымен бірге бір қалған сәті стадионды емес, бүткіл Алматы қаласын тыныссыз қалдырғандай еді, әйтеуір, бұл қауіптен де құтылдық. Негізгі уақыт аяқталып, қосымша таймда да ештеңе шешілмеді. Қосымша тайм­ның екінші жартысына келгенде төрт бірдей жаңа ойыншысын қосқан «Селтик» командасы үздіксіз шабуылға көшті. «Қайрат» командасының бас бапкері Уразбахтинге «Неге адам алмастырып, жаңа, тың ойыншыларды қоспайды» деген іштей наразылығымыз да болды. Бірақ бапкердің аты – бапкер. Нені көздегенін бағамдау қиын. 
Негізгі кезеңде, қосымша уақытта ойын тағдыры шешілмеген соң, матч ақыры пенальти серия­сына жалғасты. «Қайрат» командасының негізгі қақпашысы Заруцкий алдыңғы ойында жарақат алғаны себепті 2003 жылғы жас пері Темірлан Анарбек үлкен жауапкершілікті өз мойнына алды. Алқалаған жұрттың сенімін Темір бала еселеп ақтады. 11 метрліктен тебілген үш бірдей  допты қайтарған Темірлан Анарбек кешегі ойынның қаһарманы атанып, Еуропаның қырағы көзіне ілікті.
Ақыры, сол бапкер мен қақпашы Темірлан Анарбек команданың көзіріне айналып, кешегі жеңістің ұйытқысы болды. Қазақ футболын жаңа өреге көтерді.  Қорытындылай келе, бұл тарихи жеңіс бізді кәрі құрлық Еуропаның алпауыт клубтарымен тереземізді теңестірді. Жеңістің тәтті дәмі сезілді. «Қайрат» енді өзін ғана емес, қазақ футболын танытып отыр. Ендігі мақсат – топтық кезеңде әдемі ойын өрнегін көрсетіп, соңына дейін жеткізу. Бұл – Қазақстан футболының жаңа тынысы, «Қайраттың» ұлт намысын арқалаған сәті. Бұл – футбол ғана емес, қазақ футболының рухы. «Қайратқа» тек бір нәрсе керек: Алматыда толы стадион, халықтың қолдауы, Еуропадан келген командаларға дайындықпен төтеп беру және сенім! «Қайраттың» Еуропа төріндегі жаңа кезеңі басталды. «Қайрат», қайратыңа мінер кез келді.

Тілеубек БАТЫС

 

3061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы