- Ақпарат
- 28 Тамыз, 2025
Еңбегі еленген Есен
Қазақстанда білім беруді ақпараттандыру мен информатиканы мектепке енгізу тарихын айтқанда, ең әуелі профессор Есен Ықыласұлы Бидайбековтің есімі еске түседі. Ол – ғылыми бастауын кері есептер мен математикалық физикадан алғанымен, уақыты келгенде ел мүддесі үшін бағытын өзгертіп, тұтас бір саланың – информатиканы оқыту әдістемесі мен білімді ақпараттандырудың қазақ мектебіндегі ғылыми мектебін қалыптастырған тұлға.
Есен Ықыласұлының ғылым жолы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ден басталды. 1967 жылы студент күнінде Новосибирскідегі СО АН СССР-дің ғылыми ортасында академик
М.М. Лаврентьев мектебінде тағылымдамадан өтті. 1970–1973 жылдары Сібір бөлімінің Есептеу орталығында Ресей Ғылым академиясының академигі В.Г. Романовтың жетекшілігімен аспирантурадан өтіп, 1975 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. 1981–1983 жылдары докторлық жұмысына байланысты тағы да Сібірде болып, көлбеу жазық электрмагниттік толқындар жағдайындағы кері есептердің теориялық негізін тереңдетті. Академик Романов осы нәтижелердің ауқымын жоғары бағалап, «физика-математика бойынша докторлық еңбекке толық негіз болатын ізденістер» деп атап өткен.
1984 жылы Есен Ықыласұлы белгілі математик-ғалым, ректор Құлжабай Әбдіхалықұлы Қасымовтың арнайы шақыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтына ауысты. Көп ұзамай, 1985 жылы КСРО бойынша мектептерге информатика және есептеуіш техника негіздері пәнін енгізу туралы тарихи шешім күшіне енді. Дәл осы сәтте ол ғылыми тағдырын елдің жаппай компьютерлендіру, кейін ақпараттандыру және бүгінгі цифрландыру саясатына жауап беретін жаңа арнаға бұрды. Бұл жай ауысым емес, азаматтық жауапкершілікпен қабылданған ғылыми таңдау еді.
Сол кезеңде Есен Ықыласұлы бастаған шығармашыл ұжым қазақ тіліндегі алғашқы мектеп оқу құралын әзірледі, мұғалімдерге арналған екі бөлімді әдістемелік еңбекті дайындап, республика мектептерінің тәжірибесіне енгізді. Бұл басылымдар пәнді қазақ тілінде жүйелі оқытуға жол ашып, ұлттық ІТ терминологиясының түзілуіне серпін берді: «ақпарат», «ақпараттандыру», «деректер қоры», «дербес компьютер», «алгоритм» сияқты ұғымдар оқу үдерісінде орнықты.
Бүгінде «білімді ақпараттандыру» (информатизация образования) тек техниканы қолдану емес, білім беру мақсаты, мазмұны, әдістемесі мен басқаруын ақпараттық-цифрлық технологиялар негізінде қайта құрудың ғылыми-әдістемелік жүйесі ретінде танылады. Бұл жүйеде электрондық білім беру ресурстарын жобалау, оқу үдерісін цифрлық ортада модельдеу, қашықтан және аралас оқыту технологияларын педагогикалық тұрғыдан негіздеу, цифрлық құзыреттерді өлшеу, білім сапасын деректермен басқару секілді бағыттар тоғысады. Есен Ықыласұлының мектебі осының әрқайсысында нақты өнім берді: оқу-әдістемелік электрондық кешендер, интерактивті цифрлық модельдер, информатика мұғалімдерін даярлаудың пәндік-әдістемелік желілік пакеттері, университеттік цифрландыру тұжырымдамасы жасалып, оқу үдерісіне енгізілді. 2010 жылдары бастамасымен «Цифрлық технологиялар» атты университеттік курс барлық педагогикалық мамандыққа енгізіліп, 2018 жылдан бері жүйелі оқытылып келеді. ҚазҰПУ жанында «Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары» халықаралық зертханасы, педагогикалық STEM-парк, әл-Фараби білім беру орталығы құрылып, тұрақты жұмыс істеп келеді.
Есен Ықыласұлы ұлттық білімді әлемдік ғылыммен сабақтастырудың үлгісін де көрсетті. Белгілі фарабитанушы Ауданбек Көбесов қалыптастырған бағытты жалғастырып, әл-Фарабидің математикалық трактаттарындағы идеяларды қазіргі мектеп курсына кіріктірудің әдістемесін әзірледі. 2015 жылдан бастап «Әл-Фарабидің математикалық мұралары заманауи білім беру жағдайында» ғылыми жобасына жетекшілік етіп, Фараби еңбектерінің негізінде цифрлық оқу модельдерін жасау, алгоритмдік ойлауды дамыту, логикалық есептерді жүйелеп оқыту сияқты практикалық шешім ұсынды. Назарбаев Зияткерлік мектептері алаңдарында, оның ішінде Алматы қаласындағы ФМБ НЗМ-де өткен әдістемелік кездесу мен ғылыми-практикалық жиында осы бағыттағы нәтижелер таныстырылды. Академик Мұхтарбай Өтелбаев бұл бастамаларды «ұлттық ғылыми мұра мен қазіргі математикалық-информатикалық білім мазмұнын тоғыстырған құнды ізденіс» деп бағалап, Есен Ықыласұлының ғылыми және педагогикалық табандылығын ерекше атап өткен.
1998 жылы Есен Ықыласұлы Мәскеудегі Ресей Білім академиясында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Оның ғылыми мектебімен тығыз байланыста жұмыс істеген В.В. Гриншкун кейін РАО-ның толық мүшесі атанып, қазақстандық әріптестерімен бірлескен жобаларды жалғастырды. Академик Гриншкунның бағалауы бойынша, Қазақстандағы білімді ақпараттандыру бойынша іргелі зерттеулердің бір арнасы Есен Ықыласұлы жетекшілік еткен жұмыстардан бастау алып, соның ішінде Т.О. Балықбаевтың 2003 жылғы докторлық диссертациясында теориялық-әдіснамалық негізін тапты; бұл бағыт кейін де қарқынды дамытылды. Ресей Ғылым академиясының академигі В.Г. Романов Есен Ықыласұлының кері есептер саласындағы ерте кезеңдегі нәтижелерін жоғары бағалап, ал қазақстандық математикалық қауымның жетекші өкілдері – академиктер Мұхтарбай Өтелбаев, Шалтай Смағұлов оның ғылым мен білім мүддесіндегі тұрақты қызметін ілтипатпен атап келген.
Есен Ықыласұлы Қазақстандағы және шетелдегі бірқатар ғылыми-әдістемелік журналдың редакция алқасына енген. Олардың қатарында Ресейдің беделді басылымдары – «Вестник Российского университета дружбы народов. Серия: Информатизация образования» және «Вестник Московского городского педагогического университета. Серия: Информатика и информатизация образования» бар. Қазақстанда «Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы» (физика-математика ғылымдары сериясы) редакциясында бас редактордың орынбасары ретінде қызмет атқарды, республикалық «Информатика. Физика. Математика», «Педагогика және психология» журналдарының редакция алқасы мүшесі болды. Еңбектері импакт-факторлы журналдарда жарияланып, «Scopus» базасында индекстелген мақалалары бойынша h-индексі 8-ге тең.
Профессордың жетекшілігімен 8 PhD, 11 ғылым докторы, 30-дан астам ғылым кандидаты дайындалды. Оның шәкірттерінің ішінде республикаға белгілі ғалымдар мен басшылар бар: Қ.С. Әбдиев (профессор, «Тұран» университеті), Б.С. Ахметов (ҚазҰПУ-дің ғылым докторы, профессор),
Г.Б. Камалова, Ж.Қ. Нұрбекова, А.Е. Сағымбаева (ҚазҰПУ профессорлары), Т.О. Балықбаев (ЮНЕСКО Орталық Азия гляциологиялық орталығының директоры) және басқалар.
1985 жылдан кейін пәннің мазмұнын бейімдеу, мұғалімдерді даярлау, қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік базаны қалыптастыру сияқты күрделі міндетті орындауда Есен Ықыласұлының ұйымдастырушылық еңбегі айрықша. Ол авторлар тобымен бірге алғашқы қазақша оқулықтарды, екі бөлімді әдістемелік құралды жасап, пән мұғалімдерінің кәсіби қоғамдастығын қалыптастыруға атсалысты. Сол арқылы информатика бір реттік кампания емес, ұлттық мектептің тұрақты, жаңарып отыратын пәніне айналды. Бүгінде Қазақстан мектептерінде информатика 5–11-сыныптарда дербес пән ретінде оқытылады, бастауышта цифрлық сауаттылық элементтері жүйелі беріледі; бұл – 40 жыл бұрын басталған істердің заңды жалғасы.
Есен Ықыласұлы ҚазҰПУ-дың кешенді цифрландыру тұжырымдамасын әзірлеуге бастамашы болды. Университет жанындағы «Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары» халықаралық зертханасы, педагогикалық STEM-парк, әл-Фараби білім беру орталығы – осы бағыттағы үздіксіз жұмыстың жемісі. Университеттің барлық педагогикалық мамандыққа арналған «Цифрлық технологиялар» курсы (2018 жылдан бері) цифрлық дидактика, деректермен ойлау (data literacy), цифрлық педагогиканың құралдары мен әдістерін практикалық тұрғыдан меңгертеді.
Профессордың қаламынан шыққан қазақ және орыс тілдеріндегі оқу-әдістемелік еңбектер сан алуан. Олардың қатарында: «ЭЕМ қалай жұмыс істейді?», «MSX-BASIC-пен алғашқы танысу», «Информатика бастамалары (Алгоритмдеу)», «Логикалық бағдарламалау», «Векторлық алгебра», «Топ, сақина және өрістердің қасиеттері», «Информатиканы оқыту әдістемесі», «Информатикадан бақылау жұмыстары», бастауышқа арналған «Цифрлық сауаттылық» және басқа да құралдар бар. Бұл еңбектер мектепте, колледж бен университетте қолданыста, жас мұғалім үшін сенімді таяныш.
Есен Ықыласұлы Польша, Жапония, Қытай, Чехословакия, Түркия, АҚШ сияқты елдердің алдыңғы қатарлы университеттері мен ғылыми орталықтарында баяндама жасап, бірлескен семинар-конференцияға қатысып келеді. Орыс-қазақ ғылыми байланысын нығайтуға қосқан үлесі үшін РАО мен РФ-дағы әріптестері бірнеше рет алғыс білдірген. Ғылыми жарияланымдары отандық басылымдармен қатар, шетелдік индекстелетін журналдарда да жарық көреді.
Еңбегі еленген ұстаз «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, «Құрмет» орденімен және бірқатар отандық-халықаралық марапаттармен марапатталды. Дегенмен оның ең үлкен марапаты – шәкірттерінің табысы мен ұлттық білім жүйесіне сіңірген тұрақты еңбегі.
Қорыта айтқанда, Есен Ықыласұлы Бидайбековтің 40 жылға жуық уақытқа созылған «информатиканы оқыту – білімді ақпараттандыру» жолы – ұлттық педагогиканы заманауи мазмұнмен байытқан үлкен мектептің тарихы. Бұл мектептің іргетасы – нақты ғылыми нәтиже, әдістемелік дәлдік, ұлттық дүниетаным мен әлемдік тәжірибені ұштастыру, ал өзегі – жас ұрпаққа жауапкершілік. Бүгінгі жасанды интеллект дәуірінде оның еңбектері мен идеялары жаңа буын зерттеушілеріне бағдаршам, мектеп пен университет мұғалімдеріне практикалық құрал, білім саясатына дәлелді негіз болып қала береді.
Сәби санаға алгоритмдік ойлауды дарытып, мұғалім тұлғасын цифрлық дәуірдің көшбасшысына айналдыру – Есен Ықыласұлы бастаған істің мәні мен мақсаты – осы. Ұстаздың ғұмыры – информатиканы оқыту мен білімді ақпараттандыруға арналған, ал ол қалыптастырған ғылыми-әдістемелік мұра уақыт өткен сайын құнын арттыра түсетін құндылық.
Нұржамал ОШАНОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры
560 рет
көрсетілді0
пікір