• Ақпарат
  • 28 Тамыз, 2025

Айбыны асқақ Ата Заң

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

Заңдардың қайнар көзі, бастауы – Конституция. Дала заңынан бастау алған, әділеттік-құқықтық жүйенің мәдени және демократиялық дәстүріне негізделген Ата Заң ел игілігіне қызмет етіп келе жатқанына 30 жыл толды. Мемлекеттің болашағына бағыт беруді мақсат етіп, дамыған елдердің тәжірибесін арқау еткен Конституция шын мәнінде тұрақтылықтың кепілі. 

Ал «Конституция» сөзі латынның «constitucio» деген сөзінен шыққан, бұл «орнықтыру» деген мағынаны береді. Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Онда мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқы мен бостандығы нақты көрсетілген.
Тәуелсіздігімізді баянды еткен, болашағымызға жарқын жол көрсететін Ата Заңды құрметтей білу – ұлтымызға, барша қазақстандыққа үлкен сын, айшықты міндет.
Рас, Ата Заң елдің саяси жаңғы­руында және демократиялық институттарды нығайтуда маңызды рөл атқарды. Ата Заңның тарихы 1993 жылдан басталады. 1993 жылғы Конституцияның негізінде еліміз парламенттік республика моделінде болса,1995 жылы қабылданған Конституция негізінде президенттік-парламенттік билікке көшті. Бүгінге дейін Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Ата Заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Референдум нәтижесінде қабылданған конституциялық түзетулер қоғам өмірінің түрлі саласына елеулі өзгеріс алып келді. Дәл қазір Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Конституциямен өмір сүріп жатыр. Жалпы, қазақстандықтар бүгінгі жаңартылған, жаңа Конституцияға қалай қарайды? 
Осыған байланысты Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 2025 жылғы 11 шілде мен 12 тамыз аралығында сауалдама жүргізген. Оған 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар – Астана, Алматы және Шымкенттен 8 мың респондент қатысты. Нәтиже қандай? 
Сауалдамаға сәйкес, азаматтардың 76,3 пайызы Конституцияның маз­мұнымен және негізгі ережелерімен та­ныс. Әсіресе жастардың хабардарлығы өте жоғары екен: 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 79,1 пайызы Ата Заңды жақсы біледі. 30–45 жас аралығында бұл көрсеткіш – 77,5%, 46–60 жаста – 74,9%, 61 жастан жоғары топта – 72,5 пайыз болып отыр.
Респонденттердің пікірінше, 2022 жылғы конституциялық өзгерістер заң үстемдігін нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сауалдамаға жауап бергендер ұсынылған 15 бастаманың ішінде ең маңыздысы ретінде үш бастаманы атап көрсеткен. Бірінші, Президент өкілеттігін бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектеу – 34,7%, Жер және табиғи ресурстар халықтың айрықша меншігі деген норманы бекіту – 27,8%, Конституциялық Соттың құрылуы – 23,9%.
Сондай-ақ азаматтар Мәжілістегі депутаттар санын 98-ге дейін қысқарту (14,6%), өлім жазасын толық алып тастау (13,4%), саяси партияларға мүшелікке шектеу енгізу (13%), Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру (10,3%), Мәжілістің өкілеттігін күшейту (9,7%), әйелдерге, жастарға және мүгедектерге 30 пайыз квота енгізу (9,5%) сияқты нормаларды да атап өткен.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың Конституциялық реформаға жоғары баға беретінін және олардың күнделікті өмірге оң әсерін тигізіп жатқанын көрсетті.
Ал 2022 жылы қабылданған жа­ңа Конституцияның қандай артық­шылығы бар? 
1. Конституциялық Сот қайта құрылды. Енді азаматтар өзінің конституциялық құқықтары бұзылды деп есептесе, Конституциялық Сотқа тікелей жүгіне алады. 
2. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі күшейтілді. Оған «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң шеңберінде азаматтардың құқығын барынша тиімді қорғауға мүмкіндік беретін қосымша өкілеттіктер, сондай-ақ заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін Консти­туциялық Сотқа жүгіну құқығы берілді;
3. Конституцияда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады деген норма бекітілген;
Адамды қатыгездіктің кез келген түрінен қорғауды қамтамасыз ететін «азаптау» және «қатыгездікпен қарау» ұғымдарының нақты анықтамасы белгіленді.
4. Өлім жазасы түбегейлі жойылды. Бұл өзгеріс адамның өмір сүру құқығын толық құрметтеу бағытында қылмыстық жүйені ізгілендіру ұстанымын нақты көрсетеді.
5. Президенттік басқару мерзіміне шектеулер енгізілді (бір жеті жылдық мерзім) және Президент отбасы мүшелерінің мемлекетті басқаруға қатысуына тыйым салынды. Сондай-ақ Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде саяси партияның мүшесі бола алмайды.
6. Мәжілістің өкілеттіктерін кеңейту және аралас сайлау жүйесін енгізу депутаттардың белсенділігін арттырды. Жаңа тетік Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау не мақұлдамау құқығын берді. Бұл өте қисынды, себебі заң шығару бастамасы тек Мәжілісте іске асырылады және Мәжіліс заң қабылдау құқығына ие болуға тиіс.
7. Мәслихаттар да жергілікті деңгейдегі атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және одан шеттету үдерісіне көбірек қатыса бастады.
8. Мәжіліс депутаттарын сайлау мажоритарлық және пропорционалды қағидаттарды біріктіретін аралас жүйе бойынша өткізілетін болды. Бұл депутаттардың сайлаушылармен байланысын күшейтті, барынша әділ әрі ашық сайлау үдерісіне септігін тигізді.
9. Партиялар үшін сайлау кедергісі төмендетілді, бұл Парламентте плюрализмнің көп болуына ықпал етті. Бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша өзін-өзі ұсынушыларға мүмкіндік берілді. Жаңа жүйе әйелдер мен азшылық кандидаттардың сайлану мүмкіндігін арттырды.
10. Егер сайлаушыларының сенімінен айырылса, депутаттарды кері қайтарып алу тетігі енгізілді. 
11. Мемлекеттік хатшы лауазымы жойылып, орнына мемлекеттік кеңесші лауазымы құрылды.
12. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып құрылды.
13. Мәжіліс депутаттары 107-ден 98-ге қысқарды.
14. Сенаттағы президенттік квота қысқарды, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды.
15. Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.
2022 жылғы 5 маусымда Конс­титуцияға өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу үшін рефе­рендумға қатыс­қан тұрғындардың 77,18 пайызы, яғни 6 163 516 адам Конституциялық өзгерістерді қолдады. 
 Жаңадан қабылданған Ата Заң мемлекеттік құрылымның құқықтық негізін қалады. Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістер қоғамның кең қолдауына ие болды. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптасты десек, ол енді ақиқат. 

555 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №54

05 Ақпан, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы