- Ақпарат
- 04 Қыркүйек, 2025
Жүрекпен берілген білім ғана балаға қонады
Муаммер Гүл – Гиннестің рекордтар кітабына енген, бірақ аса қарапайым ұстаз. 1994 жылы Түркиядан Қазақстанға қоныс аударған ол алғашқы күннен бастап өмірін шәкірт тәрбиесіне арнады. 2000 жылы АҚШ-та өткен халықаралық математикалық олимпиадада шәкірттері үш бірдей алтын медаль жеңіп алды. Бұл жетістік Қазақстанның ғана емес, бүкіл түрік әлемінің абыройын асқақтатты. Содан бері 25 жылдан аса уақыт өтсе де, бұл рекордты жаңарту әлі ешкімнің қолынан келмеді.
– 1994 жылы Түркиядан Қазақстанға келген алғашқы сәтіңізді есіңізге алыңызшы. Жаңа орта мен ел сізге қандай әсер қалдырды?
– 1994 жылы педагог дипломын алып, туған жерім – Түркиядан Қазақстанға аттандым. Тағдыр мені Ақтөбе қаласына жетеледі. Сол кезде Қазақ-түрік лицейінде (қазіргі Білім-инновация лицейі) математика пәнінің мұғалімі болып қызметке орналастым. Жаңа орта, жаңа ел, жаңа оқушылар – бәрі мен үшін үлкен сынақ әрі мүмкіндік болды. Ата-анам дәрігер болғанымен, мен медицинаға ешқашан қызықпадым. Қаннан қорқатынмын, содан болар жүрегім мүлде басқа жолға жетеледі. Ұстаздық ету мен үшін әрдайым ерекше ләззат сыйлады. Сабақ беріп, балалармен жұмыс істегенде, ішімнен ерекше қуаныш сезетінмін. Мектеп кезіндегі менің сүйікті ұстазым әр сабаққа жан-тәнімен берілетін. Ұстазыма қарап, мен де бір күні ұстаз боламын деп армандайтынмын. Алғашқы күннен бастап шәкірттерімді халықаралық олимпиадаға дайындауды мақсат еттім. Әрбір есептің артында баланың болашағы тұрғанын түсіндім. Қиындықтар болды, әрине, бірақ мен үнемі жақсылыққа сендім: еңбек пен табандылық ақыры нәтиже берді. Шынында да, көп ұзамай сол еңбектің жемісін көрдім, шәкірттерімнің алғашқы жеңісі мен үшін ұстаздық жолдағы ең үлкен қуанышқа айналды.
2000 жыл – ұстаздық жолымдағы ерекше белес. Сол жылы шәкірттерім АҚШ-та өткен әлемдік олимпиадада үш бірдей алтын медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түрік әлемі үшін зор мақтаныш болды. Біздің басты қарсыластарымыз Қытай, Ресей және АҚШ сияқты алып мемлекеттердің үздік оқушылары еді. Дегенмен шәкірттерім білімі мен еңбегі арқылы бәрінен озып шықты. Бұл жеңіс шәкірттерімнің табандылығы мен қажырлы еңбегінің ғана емес, ұстаздық етуімнің шынайы бағасының көрінісі болды. Бұл жетістік кейін Гиннес рекордтар кітабына енді. Ақжолтай жаңалық тек бір ұстаздың ғана емес, бүкіл қазақстандық білім жүйесінің әлеуетін әлемге танытқан айрықша оқиға болды. Бұл – халықаралық математикалық олимпиада тарихында үш бірдей алтын медальды бір мектептің оқушылары ұтып алған алғашқы және әзірге жалғыз жағдай. Сол оқиғадан бері 25 жыл өтсе де, әлемнің ешбір ұжымы біздің нәтижемізді қайталай алмады. Ол жылы Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орынға шықты. Бұл – ел үшін де, мен үшін де өлшеусіз мақтаныш. Гиннес рекордтар кітабына енген үш шәкірттің тағдыры ұстаздық еңбектің жемісі деп білемін. Олар мектептен кейін әлемнің ең беделді университеттеріне түсті де, өз жолын тапты. Мәселен, шәкіртім Бауыржан Бектеміров Гарвард университетінде математика мамандығын тамамдады. Кейін Бүкіләлемдік банктің стипендиясымен Чикаго университетінің Мемлекеттік саясат мектебіне магистратураға түсті. Қазір «Самұрық-Қазына», Экономикалық зерттеулер институты, Қазақстан Ұлттық банкінде, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істейді. Әлібек Алдоңғаров АҚШ-та бағдарламашы мамандығын меңгерсе, Аман Жұмашев Түркияда жоғары білім алды. Олардың әрқайсысының жетістігін мақтан тұтамын. Бастысы сол, олар олимпиадалық жеңіспен шектелмей, өмірде де өз орнын тауып, елге адал қызмет етіп жүр.
– Шәкірттеріңіздің жетістігі – ең үлкен марапат екенін айттыңыз. Соның ішінде жас математик Ерасыл Алтынбектің жеңісті жолын ерекше атап өттіңіз. Ерасылдың табандылығы мен ғылыми ынтасы туралы не айта аласыз?
– Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің жетістігі. Шәкіртім, жас математик Алтынбек Ерасыл – соның айқын дәлелі. Ол табандылығымен, ғылымға деген шынайы ынтасымен, ең бастысы, тынымсыз еңбегімен Қазақстанның атын әлемдік білім додасында асқақтатып жүр. Мен Ерасылды алғаш рет олимпиадалық дайындыққа қосылған күннен білемін. Ол әр есепке асқан жауапкершілікпен қарап, күрделі тапсырмаларды шешуден еш уақытта жалыққан емес. Әр жетістігінің артында адал еңбегі мен қайсарлығы жатыр. Осы ретте Ерасылдың жетістігіне тоқталып кетейін. 2022 жылы – жалпы білім беретін пәндер бойынша 7–8-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадада алтын медаль иеленді. 2023 жылы осы олимпиаданың 7–8-сынып арасындағы кезеңінде тағы да алтын медаль жеңіп алды. 2023 жылы Леонард Эйлер атындағы олимпиадада қола медаль алды. 2023 жылы әл-Хорезми атындағы халықаралық олимпиадада күміс медаль иегері болды. 2024 жылы 9–11 (12) сынып арасындағы республикалық олимпиадада алтын медаль иеленді. 2024 жылы Халықаралық Жәутіков олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Осы жылы «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасында қола медаль алды. 2024 жылы Азия–Тынық мұхиты математикалық олимпиадасында (APMO) қола медаль иегері болды. Тағы да осы жылы «Туймаада» халықаралық олимпиадасында (Якутия) алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Иран геометрия олимпиадасында алтын медаль иеленді және «Таланттарды даярлау лабораториясы» халықаралық олимпиадасында командалық сында қола медаль иегері атанды. 2025 жылы 9–11 (12) сынып арасындағы республикалық олимпиадада күміс медаль иеленді және Азия–Тынық мұхиты математикалық олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Бұған қоса биыл «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасында тағы да күміс медаль алды. Осы жылы ең беделді дода – Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO) қола медаль иегері атанды. Мен үшін Ерасылдың әрбір жеңісі – өз еңбегімнің де жемісі. Дегенмен, ең бастысы, ол өз дарынын еңбегімен ұштап, биікке жетті. Ерасыл Алтынбек – қазақ жастарының математикадағы жаңа толқынының айқын өкілі. Оның жеңісті жолы әлі талай шәкіртке шабыт сыйлары анық.
– Оқушының зор жетістігі мен ұстаздың еңбегі арасындағы үйлесімділікті қалай сипаттар едіңіз?
– Соңғы жиырма төрт жыл бойы мен өзімді жас ұрпақтың бойындағы талантты ашу, оларды әлемдік деңгейде мойындалатын білім бәйгесіне жетелеуге арнадым. Әр оқушыма құйған еңбегім мың мәрте ақталды. Осы жолда әрбір күн, әрбір сағат шәкірттерімнің болашағына арналып келеді. 2001 жылдан 2025 жылға дейінгі уақыт — мен үшін тұтас бір тағдырдың тарихы. Осы жылдар ішінде шәкірттерім 867 алтын, 726 күміс, 1 420 қола медаль жеңіп алды. Барлығы – 3 013 медаль. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты оқушылармен бір алаңда таласып, әділ додада жеңіске жеткен биік нәтиже. Мен шәкірттеріме үнемі: «Көздегендерің – тұлғалық білім мен тәжірибе жинау болсын. Мұндай жарыстарға қатысып, өз мүмкіндіктеріңді сынай беріңдер. Жеңіс – еңбектің қосымша сыйы ғана», – деп айтамын. Бұл тек құрғақ статистика емес. Бұл – күн сайынғы қажырлы еңбек пен шәкірттің талпынысы, ұстаздың жүрек жылуымен ұштасқан табанды ізденістің нәтижесі. Әрбір алтын – дарынның асқақ самалы, әрбір күміс – биік шыңға ұмтылған қайсарлықтың айғағы, әрбір қола – еңбектің еш кетпегенінің дәлелі. 3 013 медаль – мыңдаған арманның орындалуы, мыңдаған баланың бойына сенім ұялатқан сәт, мыңдаған ата-ананың қуанышты көз жасы. Ең бастысы, осы жеңіс шәкірттерімді жаңа биікке жетелейді. Ал мен үшін бұл – ұстаздық жолдың ең асыл сыйы.
– Әрбір алтын, күміс, қола медальдың артында баланың еңбегі, үміті, арман-қиялы жатыр ғой. Сіз үшін бұл жеңістердің мәнісі қандай?
– Мен үшін шәкірт тәрбиесіндегі басты мақсат – оның тек білімді болуы емес, ең алдымен, жақсы адам болып қалыптасуы. Ғалымдардың да, ойшылдардың да ортақ тұжырымы осыған саяды. Мысалы, ежелгі гректер «характер» сөзін «ойып жазу» ұғымында қолданған. Яғни адам бойына бала жастан жазылған қасиеттер оның болашақтағы мінезі мен өмірлік ұстанымын анықтайды (O’Sullivan, 2004). Бүгінгі ғылым да бұл пікірді қуаттайды: жақсы мінез – жақсылықты білу, оны қабылдау және іс жүзінде жүзеге асыру қабілеті (Katilmis et al., 2011). Зерттеулер көрсеткендей, ізгі қасиеттерді үйретуге де, тәрбиелеуге де болады. Дұрыс педагогикалық әдіс арқылы баланы адалдыққа, әділеттілікке, жанашырлыққа баулуға әбден болады (Cooley, 2008). Сондықтан мінез-құлық тәрбиесі – болашақ азаматты қалыптастырудың ең сенімді жолы.
АҚШ Білім департаменті (2005) мінез тәрбиесін былайша сипаттайды: «Қоғамда әрекеттесе өмір сүретін оқушылардың өзара құрметті, әділетті, азаматтық жауапкершілікті түсініп, қабылдап, сол құндылықтарға сәйкес әрекет етуі үшін жүргізілетін айқын оқыту үдерісі». Ал Berkowitz пен Hoppe (2009) қысқа әрі нақты түйіндейді: «Мінез тәрбиесі – мектептегі оқушының тұлғалық дамуына бағытталған саналы үдеріс». Мен өз тәжірибемде талай мәрте көз жеткіздім: білім – баланың қаруы, ал жақсы мінез – сол қаруды дұрыс бағыттайтын рухани компас. Егер білім бар, бірақ адамгершілік болмаса, ол білім игілік емес, қауіпке айналуы мүмкін. Ал ізгілікпен ұштасқан білім ғана шынайы құндылыққа айналады. Сондықтан шәкірттеріме әрдайым айтамын: «Алдымен жақсы адам болыңдар. Сонда ғана алған білімдерің де, өмір жолдарың да баянды болады».
– Сіз «білім беру – жүрек ісі, махаббатпен берілген сабақ қана баланың жүрегіне қонады» дедіңіз. Осы ұстанымды күнделікті сабағыңызда қалай жүзеге асырасыз? Балаларға еркіндік пен сенім берудің үлгі-мысалдарын айтып бересіз бе?
– Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалім мен оқушы арасындағы қатынас көбіне «бағалау мен бақылауға» ғана тіреліп қалғандай. Ал, меніңше, білім берудегі басты тірек – өзара сенім. Ұстаз оқушыны жақсы көрмесе, жүрекпен сезіне алмаса, ол білім ешқашан баланың жан дүниесіне сіңбейді. Ал махаббатпен берілген сабақ – баланың жүрегіне жетеді. Ондай сабақтан оқушы тек білім ғана емес, адамдық қасиетті де бойына сіңіреді. Менің ата-анам ұстаздық жолды таңдағанымды естігенде қатты қуанды. «Бұл – сенің жаныңның таңдауы» деп, барынша қолдау білдірді. Сол қолдау мен сенім мені осы жолға берік байлады. Сабақ беруде менің басты қағидам – баланы жүктемемен емес, қызығушылықпен тәрбиелеу. Сондықтан күрделі формулалар мен теоремаларды өмірмен байланыстырып, нақты мысал арқылы түсіндіруге тырысамын. Өйткені өмірмен ұштасқан білім ғана шынайы әрі есте қаларлық болады. Мен үшін аса маңызды нәрсе – баланың еркіндігі. Оқушы өз ойын ашық айтып, қателесуден қорықпауға тиіс. Себебі еркін ойлаған бала ғана терең ойланады, пікірін айта алады, шынайы дами бастайды. Мұндай ортада сенім қалыптасады, ал сенім бар жерде тұлға өседі. Сондықтан менің сабақтарымда балалар еркін отырады, жаңа идеяларын ашық ұсынады, пікір білдіруден қысылмайды. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Себебі олар тек білім алып қана қоймай, өздерін тұлға ретінде еркін сезінеді. Шәкірттерімнің жарқын жүзін көрген сайын, ұстаздық жолды таңдағаныма мың шүкір деймін. Бұл – менің кәсібім ғана емес, өмірлік тағдырым. Мен әрдайым балаға білімді жүрекпен беру керек деп есептеймін. Егер сабақ махаббатпен берілсе, ол сөзсіз баланың жүрегіне қонады. Ғылым да осыны дәлелдеген. Мысалы, Роберт Пианта, Бриджит Хамре және Джозеф Алленнің (2012) зерттеулерінде мұғалім мен оқушы арасындағы жылы қарым-қатынас баланың оқу үлгеріміне оң әсер ететіні көрсетілген. Яғни ұстаздан эмоциялық қолдау көрген бала оқу үдерісіне белсендірек қатысып, жақсы нәтижеге жетеді (Springer Link). Йель университетінің Эмоциялық интеллект орталығы (Brackett, Rivers & Salovey, 2019) жүргізген тағы бір зерттеуде де осындай қорытынды жасалған: егер мұғалім сабақты жылы эмоциямен, ықыласпен өткізсе, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, өз-өзіне сенімі күшейеді, ал мазасыздық пен қорқыныш деңгейі төмендейді. OECD-нің «Learning Compass – 2030» атты халықаралық баяндамасында да білім берудің болашағы тек академиялық мазмұнда емес, құндылық пен адамгершілікпен ұштасқанда ғана толыққанды болатыны айтылған. ХХІ ғасырда ең маңызды дағды – жауапкершілік пен мейірімге негізделген білім деп танылған (OECD Report PDF). Менің басты сенімім – мұғалім оқушыны жақсы көргенде ғана білім жүрекке жетеді. Ал жүрекке жеткен білім баланы жақсы адам етіп қалыптастырады.
– 2024 жылы шәкірттеріңіз «Жәутіков», «Иран геометриясы», «Азия–Тынық мұхиты», «Жібек жолы», «Әл-Хорезми», «Туймаада» сияқты бірқатар беделді халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды. Мұндай жетістіктердің артында үлкен еңбек жатқанын білеміз. Дегенмен сіз көбіне баланың ішкі әлемі мен оның қателесуден қорықпай үйренуі маңызды екенін алға тартасыз. Осы ретте ойыңызды кеңірек айтсаңыз.
– 2024 жыл шәкірттерім үшін жарқын жеңіске толы жыл болды. Айталық, «ХХІ Халықаралық Жәутіков» олимпиадасында Ерасыл Алтынбек алтын медаль иеленсе, Әмірхан Құдайбергенов мен Бексұлтан Мәулітбек күміс медаль жеңіп алды. Ілияс Ашкен, Абай Саятұлы, Әнуар Ағыбаев және Александр Олейников қола жүлдегер атанды. Сол жылы «Иран геометриясы» олимпиадасында Абай Саятұлы мен Әнуар Ағыбаев – күміс, ал Ерасыл Алтынбек, Әмірхан Құдайбергенов, Ілияс Ашкен пен Александр Олейников қола медаль иеленді. «Азия–Тынық мұхиты» математикалық олимпиадасында Ерасыл – күміс, ал төрт шәкіртім – қола медаль жеңіп алды. «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасында да жетістік мол болды: Ерасыл мен Әнуар – күміс, Әмірхан, Абай, Александр қола медаль иегері атанды. «Әл-Хорезми» олимпиадасында Айсұлтан Омар мен Александр Олейников – алтын, Әнуар Ағыбаев – күміс, Бексұлтан Мәулітбек қола медаль алды. Ал Якутияда өткен «Туймаада» олимпиадасында Аружан Батырхан мен Әнуар Ағыбаев – күміс, Әмірхан Құдайбергенов қола медаль иеленді. Әрине, бұл жеңіс – күн сайынғы еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Алайда мен үшін олимпиададан да маңызды дүние бар. Ол – баланың ішкі әлемі. Оның сабаққа қалай келетінін, қандай көңіл күйде отырғанын, оның не сезініп отырғанын көру нағыз ұстаз үшін аса құнды. Тағы бір маңызды мәселе – қателесуден қорықпау. Мен өз сабағымда оқушыларға еркіндік беремін. Олар өз ойын ашық айта алады, қателесуге де құқығы бар. Өйткені үнемі: «Қателесу – дамудың бөлшегі» деп түсіндіремін. Қорықпай айтқан ой ғана алға жетелейді. Халықаралық зерттеулер де осы ұстанымды қолдайды. Мысалы, Вале (2023) жүргізген зерттеулерде математиканы өмірлік жағдаяттар арқылы оқытқан сыныптарда оқушылардың қызығушылығы күрт артқаны байқалған. Демек, бала нақты өмірмен байланысқан, өзіне түсінікті, маңызды дүниені ғана терең ұғынады. Сингапур әдісі де осыған негізделген. Ол ұғымды үш кезеңмен меңгертуді ұсынады: алдымен бала оны қолмен ұстап, тәжірибе жасап көреді; содан кейін сурет немесе модельмен жұмыс істейді; ең соңында ғана символдар мен формулаға көшеді. Бұл тәсіл математиканы баланың табиғи түсінігіне жақындатады. Мен өз сабағымда дәл осы әдістерді қолданамын. Мысалы, пайыз тақырыбын өткенде дүкендегі жеңілдікті мысал етемін. Геометрияда архитектурадағы нақты ғимараттарды зерттейміз. Brender және әріптестері (2021) жүргізген зерттеуде геометрияны робот қозғалысы арқылы оқытқанда оқушылардың қызығушылығы артып, дәстүрлі тәсілден анағұрлым тиімді нәтиже бергені көрсетілген. Бұл да білімнің баланың жүрегіне жол табуы үшін қандай тәсіл қажет екенін дәлелдейді. Мен үшін ең маңыздысы – оқушының ашықтығы. Егер бала ойын еркін жеткізіп, қателесуден қорықпай үйренсе, сол сәттің өзінде сабақ шабыт көзіне айналады. Ал ұстаз сабақты жанын салып берсе, ондай ортада шәкірт те, ұстаз да бақыт табады.
– Бүгінгі мектеп бағдарламасының мазмұнына көз жүгіртсек, «кей тақырыптар тым күрделі, тіпті кейде бір-бірін қайталайды» деген пікір бар. Сіз тәжірибелі ұстаз ретінде қазіргі оқу бағдарламасының басты артықшылығы мен кемшілігін қалай бағалар едіңіз?
– Егер мектеп директоры болсам, ең алдымен, Оқу-ағарту министрлігі ұсынатын оқу бағдарламасының мазмұнын қайта қарап, оны оқушыға барынша жүйелі, жеңіл әрі бірізді етіп ұсынуға күш салар едім. Бағдарлама тақырыптары баланың жас ерекшелігіне сәйкес, біртіндеп меңгеруге қолайлы, логикалық тұрғыдан реттелген болуға тиіс. Себебі қиындық деңгейі реттелмеген, бір-бірін жиі қайталайтын немесе бала санасына ауыр тақырыптар оқушыны жалықтырады, мотивацияны төмендетеді. Білім беру саласындағы әлемдік тәжірибелер де осы пікірді қуаттайды. Мысалы, «OECD Education – 2030» жобасының «Learning Compass» баяндамасында (2019) оқу мазмұны білімнің тек көлеміне емес, оқушының өмірлік құзыреттерді меңгеруіне бағытталуы керек деп көрсетілген. Демек, басты назар – нақты білім емес, сол білімді өмірде қолдана алу дағдысында. Зерттеуші Джон Хэти өзінің әйгілі Visible Learning еңбегінде (2009), 800-ден астам метаталдаудың нәтижесінде оқу үдерісіне ең көп әсер ететін фактор – оқу мақсатының анықтығы мен тапсырмалардың логикалық реттелуі екенін дәлелдеген. Яғни бала не үшін оқып жатқанын нақты түсінсе, білім сапасы да артады, ынтасы да күшейеді. Пианта, Хамре және Аллен (2012) зерттеулері де мұғалім мен оқушы арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің білім беру тиімділігіне тікелей ықпал ететінін айтады. Егер ұстаз баланың деңгейін ескеріп, материалды түсінікті әрі жеңіл етіп жеткізе алса, үлгерім де, қызығушылық та жоғары болады. Йель университеті жүргізген әлеуметтік-эмоциялық оқыту (SEL) бағдарламасы: балаға қиындықты оның даму деңгейіне сай берудің маңызы зор екенін көрсетеді. Бұл – оқушының өзін-өзі бағалауына, психологиялық тұрақтылығына және оқу үдерісіне қызығушылығына оң әсер етеді. Финляндия мектебі – мұндай жүйенің озық үлгісі. Онда үй тапсырмасының көлемі аз болғанымен, пәндер логикалық тұрғыдан жақсы құрылымдалған. Соның нәтижесінде оқушылардың оқу үлгерімі жоғары, ал психологиялық саулығы орнықты. Сингапур білім жүйесінде математиканы оқытуда «қадам-қадаммен» қағидасы кеңінен қолданылады. Яғни әр тақырып жеңілден күрделіге қарай сатылап беріледі. Бұл тәсіл оқушының тақырыпты терең әрі мықты меңгеруіне жол ашады. Тағы да Хэттидің зерттеуіне оралар болсақ, ол білім беру барысында тым көп ақпарат берудің зияны туралы нақты айтады. Оның орнына «білімнің өзегін» түсіндіріп, сол маңыздылықты баланың бойына сіңірудің тиімділігі зор екенін дәлелдейді. Қорытындылай келе, бүгінгі мектеп бағдарламасы ғылыми тұрғыдан жаңарғанымен, кейде оның мазмұнында жүйелілік, қарапайымдылық жетпей жатады. Мұғалім ретінде менің тілегім – баланың танымдық деңгейіне сай, логикалық жағынан бірізді, мотивацияны арттыратын, өмірмен байланысы бар оқу бағдарламасы қалыптасса екен. Өйткені білім – тек жаттау емес, түсініп, сезініп, өмірде қолдана білу.
– Кеңестік мектеп пен қазіргі мектепті салыстыра отырып, бүгінгі білім ордаларының басты артықшылығы – еркіндік пен сенімділікке негізделген қауіпсіздігінде екенін атап өттіңіз. Осы орайда, сіздіңше, болашақтың мектебі қандай болуы керек?
– Ұстаздық жолымды саралай отырып, кеңестік кезеңдегі мектеп пен қазіргі мектептің айырмашылығы турасында жиі ойланамын. Әр дәуірдің өз ерекшелігі, артықшылығы мен шектеуі болады. Кеңестік мектеп жүйесі тәртіп пен жүйелілікке үлкен мән берді. Онда оқушыдан, ең алдымен, тыңдау, жаттау және орындау талап етілетін. Білім беру бірыңғай, стандарт форматта жүргізілді. Әрине, бұл жүйе білімнің негізін мықтап салып берді, бірақ баланың ойын еркін айтуына, шығармашылық ізденісіне кең мүмкіндік бере қойған жоқ. Қателікке жол жоқ, пікір айтуға ерік берілмейтін. Ал заманауи мектептің басты артықшылығы – баланы жеке тұлға ретінде қарастыруында. Бүгінгі білім беру жүйесі оқушының қабілеті мен қызығушылығына мән береді, әр баланың ерекшелігін ескере отырып, дербес дамуға жағдай жасайды. Ең маңыздысы, мектепте еркіндік пен сенім атмосферасы қалыптасқан. Балалар өз ойын ашық айта алады, қателесуден қорықпайды, ізденуге ынталанады. Мұндай ортада бала тұлға ретінде еркін қалыптасады. Қазіргі білім ордаларының тағы бір ерекшелігі – инновациялық әдістер мен технологиялардың кеңінен қолданылуы. Интерактивті тақта, робот техникасы, жобалық оқыту, халықаралық бағдарлама (Cambridge, IB, STEAM т.б.) – бұлар баланы тек дайын ақпаратты қабылдауға емес, оны ой елегінен өткізуге, өмірде қолдануға, шығармашылық тұрғыдан дамуға жетелейді. Мен үшін бүгінгі мектептің ең үлкен құндылығы – оқушыға сенім артуы. Бұл сенім бала бойындағы жауапкершілік сезімін оятады, өзінің пікірін еркін айтуға дағдыландырады, даралығын қалыптастыруға жол ашады. Осындай сенім мен еркіндікке құрылған ортада өскен оқушы ертең өз жолын адаспай таба алатын, елге пайдалы азамат бола алады. Қазіргі мектептің мақсаты – білімді санға емес, сапаға негіздеу. Аз, бірақ маңызды; күрделі емес, түсінікті; жатталған емес, жүрекпен қабылданған білім, міне, болашақ мектебінің басты бағыты осы болуға тиіс. Менің ойымша, болашақ мектебі баланың адамдық болмысын, ішкі сенімін, шығармашылық қабілетін дамытуға басымдық беретін мекеме болуы керек. Жаттап алынған білім ұмытылады, ал жүрекпен қабылданған ілім өмір бойы серік болады. Сондықтан ұстаз ретінде әрдайым баланың ойлауына, сезінуіне, шынайы тұлға болып қалыптасуына барынша жағдай жасауға тырысамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
4539 рет
көрсетілді0
пікір