- Ақпарат
- 18 Қыркүйек, 2025
Ұлт пен әлемді тоғыстырған әуен
Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық филармония солистерінің 90-мерейтойлық маусымы ашылды. Филармонияның үлкен залында өткен айтулы іс-шарада өнер ұжымының жетекші солистері өнер көрсетіп, тыңдарманға ұмытылмас музыкалық әсер сыйлады. Арнайы бағдарламада көпшілік назарына виртуозды музыканттардың орындауындағы әлемдік классика мен дәстүрлі музыканың жауһарлары ұсынылды.
Өз тыңдарманын жанрлық алуандығымен таңдай қақтырған концертте ұжымда көп жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан Гүлжан Өзенбаева, Аида Аюпова, Гүлнара Құрамбаева, Ермек Құрманаев сынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет қайраткері Ержан Әлімбетов, Әділ Несіпбаев, Мақпал Қазыбекқызы, Мұса Керімбаев сынды мәдениет саласының үздіктері өнер көрсетті. Ұлттық және әлемдік классиканың үйлесімімен ерекшеленген кеште қазақтың халық әні «Ақбақай», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуінен» бастап әйгілі Бахтың органға арналған «Токката және фуга ре минор» сынды туындылары орындалды. Бұл өнер кеші қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасынан бастап, Еуропаның классикалық өнеріне дейінгі кең ауқымды қамтиды.
Қазақ халқының ән қазынасында ғасырлар бойы айтылып келе жатқан «Ақбақай» әні қарапайым әуенімен бірге, жүрекке жылу сыйлайтын нәзік сезімі, махаббат пен сағынышқа толы сыры әр тыңдаушыны баурап әкетеді. Халық мұрасынан туған мұндай туындыларда қарапайым адамның жан даусы, өмірлік толғанысы жатыр.
Ал Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» – қазақтың кәсіби әншілік өнерінің биік шыңы. Әннің шарықтап барып, әуенді асқақтата жеткізуі кең даланың тынысындай әсер береді. Ыбырайдың нәзік лиризмі, махаббат пен сұлулыққа арналған сырлы толғанысы қазақ өнерін жаңа деңгейге көтерді. «Гәккуді» орындау үшін әншіден дауыс тазалығы мен шеберлік талап етіледі, сондықтан ол халықтың рухани байлығына айналған ұлы туынды болып қала береді.
Батыс Еуропа музыкасына көз салсақ, Иоганн Себастьян Бахтың «Токката және фуга ре минор» шығармасы орган өнерінің асқақ шыңы саналады. Алғашқы аккордтарынан-ақ ғаламат күш пен драма сезіледі. Бұл туынды тыңдаушыны терең ойға жетелеп, өмір мен тағдыр туралы үлкен философиялық сұрақтар қояды.
Бір қарағанда, қазақтың әні мен Бахтың органдық шығармасы бір-бірінен тым алшақ сияқты. Бірақ, мәніне үңілсек, олардың ортақ түйіні бар. Қазақ әндері де, Бахтың туындылары да, ең алдымен, адам жанының терең сырын ашуға ұмтылады. Бірінде – қарапайым махаббат пен сағыныш, екіншісінде – нәзік лирика, үшіншісінде – бүкіл адамзатқа ортақ тағдырлы ой. Әуендік өрнегі де үндес: қазақ әндерінің даладай кең тынысы мен Бахтың полифониялық күрделілігі – екеуі де кеңістік пен тереңдікке жетелейді.
Қазақ даласының қоңыр әуені мен еуропалық классиканың ғаламдық құдіреті – екеуі де адамды рухани байытуға, жан дүниесін тазартуға бағытталған. Бұл – шығыстық пен батыстық өнердің үндестігі, уақыт пен кеңістіктен асып түскен мәңгілік құндылық.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
469 рет
көрсетілді0
пікір