• Ақпарат
  • 25 Қыркүйек, 2025

Ұлтты отты өлеңімен оятқан

Міржақыптануды тарихи дерек, мәліметтермен толықтырып отыратын сарқылмас қайнар – естеліктер. Гүлнар Дулатованың «Жеті жыл және жетпіс жас», «Ардақтап өтем әкемді», «Асқар атам да ақталды», «Балқын әженің шешімі», «Орындалған арман», «Әке аманаты», «Аманат», «Міржақыптың қызы айтады» (Әңгімелескен Қ.Әлім), «Гүлнар Міржақыпқызы: Әкемді ГПУ әкеткенде он екіде едім...» (Әңгімелескен Н.Қуантайұлы) естелік мақалалары, «Шындық шырағы» (1995, 2012), «Алаштың сөнбес жұлдыздары» (2010) естелік-эсселері, Міржақып Дулатұлының туған ағасы Асқардың қызы Ботакөз Дулатованың (1908–1988) «Міржақыптың өмір хикаясы» отандық мемуаристиканың алтын қорын құрады.

Танымдық интерпретациясы, дискурстық саралануы уақыт бедерінде түрлі көзқараста өрістейтін Ә.Жангелдинің «Мой путь», М.Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер», З.У.Тоғанның «Естеліктер», А.Бочаговтың «У истоков», С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Өмір мектебі» естелік кітаптарының деректану, историографиялық маңызы зор.

С.Мұқанов «Өмір мектебі» мемуарының бірінші кітабында он алтыншы жылғы патша жарлығына қарсы бұқаралық толқулардағы Міржақып көшбасшылығы мен шешендігін: «Жыйналыс биіктеу дөңнің қырқа жотасында ашылды. Жотаға Алаш-орда адамдары және оларға тілектестердің біразы, – барлығы екі жүзге тарта адам, – салт атқа мініп, әскерше он-оннан сапқа тұрып, командирше олардың алдына Дулатов оғаш отырып, «Арғы атам ер түрік» аталатын, Алаш-орданың гимнін әндете қосылып айтып барды...

...Дулатов баяндамасын, сол араға апарып қойған тарантастың үстіне шығып жасады. Ол, әрине, ұзақ сөйледі және сөздерін дәлелді ғып айтуға, оның үстіне шешен сөйлеуге тырысты...» («Өмір мектебі». Бірінші кітап. – Алматы: ҚМКӘБ, 1955. 485–486-бет) деп суреттейді. Алаш қозғалысын советтік көзқараста екшеген А.Бочагов М.Дулатұлының ұлттық баспа ісінің бастауындағы тарихи қызметін сырт айналып өте алмады. «...Кеңес өкіметіне берілген білімді ұлт зиялыларының қатары қалың емес еді. Сондықтан да жаңа құрылысқа ашық қарсы болған А.Байтұрсынов, Е.Омаров, М.Дулатов, Т.Шонанов және басқа да буржуазияшыл ұлтшылдарды пайдалануға тура келді...» («У истоков. Воспоминания». – Алма-Ата: «Казахстан», 1971. 52-стр).

Тәуелсіздік жылдарында қыр перзентінің тұлғасын сан қырынан қаузаған естеліктер шоғыры өлкентанушы М.Ысмағұлов өтінішімен жазылған журналист, қоғам қайраткері Т.Сафиев, әдебиеттанушы Қ.Ергөбек жариялаған профессор Б.Кенжебаев эпистолярлық жазбалары, Х.Өтекиннің «Міржақып ағамен кездесіп едім», Қ.Бадыровтың «Қаз қалпында», Х.Өзденбаевтың «Өткен өмір белестері», М.Әбдіровтың «Алаштың абзал азаматы», Д.Қаралдинаның «Бүгінге жеткен бір белгі», Ө.Қазихановтың «Міржақып есімін алғаш естуім», М.Сәрсекеевтің «М.Дулатовқа кепіл болған азамат», Қ.Төкенұлының «Тар тамұқта таяныш болған», А.Сәрсенбекованың «Міржақыппен кездескен адам», А.Мектептегінің «Сыр тұнған жәдігер» мақалаларымен толықты.

Сан алуан мазмұндағы мемуарлық жазбалар Алаш ұлының күрескерлік кезеңдерін құнды мәліметтермен дәйектейді. «Оян, қазақ!» кітабы үшін қудалануынан мәнді деректерді ақын Аманжол Шәмкеновтың әкесі Шәмкен Садырұлынан Гүлнар Міржақыпқызы жазып алған естелігі үстейді.

«Патшалық Россия кезінде, яғни 1909–1910 жылдары Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты өлең кітабы шықты. Ол кезде «Оян, қазақ!» рисаласы (өлең) дейміз. Біз шәкірт кезімізде осы кітапты оқып, таныса бастағанбыз. Міржақыпты үлкен оқыған және өте күшті ақын деп еститінбіз. Патша үкіметі осы  «Оян, қазақ!» кітабы үшін Міржақыпты «ұлтшыл» деп кінәлап, өріс қылып тұтқындап, жер аударып, Омбыдан Павлодарға әкетіп бара жатқанда көрдім... Міржақып аға орысша киінген, басына кигені қара сеңсең папаха, қыр мұрынды, қара торы кісі екен» (Шәмкен Садырұлы жайлы бір үзік сыр // Дулатова Г.М. «Шындық шырағы»: Естелік-эссе. – Алматы: Мектеп, 2012. 179-бет).

Алыптың көзін көрген қазыналы қариялардан дер кезінде таспаланған естеліктер тарихи деректерді куәландыра түсудің бірден-бір арқа тірегі. Жазушы М.Сәрсекеевтің Семей қаласының 95 жастағы тұрғыны Жақып Мұсаұлына жолығып, суыртпақтаған естелігімен 1912 жылы «Оян, қазақ!» жинағы үшін абақтыға қамалған ақынды Семей округтік сотына екі мың сом аманат төлеп, азаттықа шығарғандар – Бұғылы, Абыралы болыстарының тумалары Сман Бегімбетов, Белгібай Алдабергенов екені дәйектелді (М.Дулатовқа кепіл болған азамат // Қазақ әдебиеті. – 1994. – 25 ақпан).

Т.Сафиев 1916 жылғы патша жарлығымен майданның қара жұмысына жегілген қандастарына қорған болып, ұлтты ұйыстыруды қолға алған күрескердің қажыр-қайратқа толы ерен істерін кеңінен баяндайды.

«Мен марттың 6-сына дейін Минскіде болдым. Әлихан Бөкейханов басында отырған Бұратана бөліміне бардым. Онда Әлихан, Міржақып, Кенжин, Есболов, тағы басқаларды көрдім... Август айының ақыры сентябрьдің бас шамасы болар деймін, Орынборда Торғай облысының бас көтерген ақсақалдарының жиналысы болды. Жиналысқа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамедияр Тұңғашин қатынасты, Торғай облысынан келген болыс старшина ақсақалдар келді. Жиналыс ашық, мен де бір тыңдаушы болып жиналысқа кірдім. Жиналыста қаралған мәселе соғыстың кейініндегі қара жұмысқа адам беру, оны қалай ұйымдастыру, Июнь жарлығын қалай орындау болды. Бір күні Болғанбаев, Төреқұлов, Есболов бәрімізді Міржақып Дулатов қонаққа шақырды. Бардық, қонақ болдық. Ахметтің де үйінде болдық» («1916 жыл оқиғасы»// «DANAkaz». – 2015. – №5(19).

Сталинизм зардабынан он бес жылға Сібірге айдалған Молдабай Әбдіровтің (1909–1990) «Алаштың абзал азаматы» естелігі, «Халық зердесі» (1989. Жүргізушісі – Бейбіт Құсанбеков) телехабарындағы жан сыры тектінің асыл қасиеттерін өзгеше тұрпатта ажарлайды.

«...Сонан соң менің есімде қалғаны мен де он бес жылдай жүріп келдім ана жақта. Сондағы маған таққан жаласының бірі – «Бақытсыз Жамал» деген Міржақыптың романынан өлең оқыпсың деп, соныменен айыптады. Әрине «Бақытсыз Жамал» осы күні мойындалып жүр қазақша жазылған алғашқы роман екені. Мұнда малға сатылған қыздың мұңы айтылады. Сол «Бақытсыз Жамалды» жаттап алдым деуге болады» (Молдабай Әбдіров,  «Халық зердесі» телехабарынан үзінді (1989 жыл) // https:// www. youtube. com/watch?v=esvexdSY-dM) деп өткенге көз салған Молдабайға ит арқасы қиянда жолыққан қазыналы қария Төлегеннің айтары байтақ еді. Он алтыншы жылы Псков қаласына жақын жерде окоп қазған Төкең патша тақтан құлаған соң 1917 жылы майданның қара жұмысынан босап, елді бетке алған ер азаматтарға Петроградта қол ұшын созған Міржақып кісілігін жеткізуді парызы санады.

«...Пойызға билет алуға кассаға бардық, бір жас қыз кассасын ашып, бізге бір нәрсе дейді, біз орысша дегеннен ләм-тұйым түк білмейміз. Үріккен қойдай он шақты жігіт, есіктен шыға қашамыз, бірақ елге қайту керек, тағы кассаға барамыз, тағы есік ашылады, тағы ешнәрсе айта алмай, жөңкіле қашамыз. Сөйтіп жүргенде артымыздан бір адамның: «Әй, қазақтар, тұра тұрыңыздар», – деген дауысы естілді, жалт бұрылып қарасақ, әдемі киінген, басында қалпағы бар бір жігіт жанымызға жақындап келіп:

– «Е, е, приемнан қайтқан жігіттерсіздер ғой, елге бармақсыздар, дұрыс. Қалай, билет алдыңыздар ма?» – деп сұрады. Біз жағдайымызды айттық. Ол отыра қалып, қағаз қарындашын алып, біздің әрқайсымыздың қай жерден екенімізді жазып алды да: «Қалай, ақшаларыңыз бар ма?» – деп сұрады. Бізге окоп қазғанда жұмысымызға қарай ақша беретін. Тиісті ақшамызды бердік, көп ұзамай бәрімізге билет әкеліп, қайсымыздың қай станциядан түсетінімізді түсіндіріп, айтып берді. Қуанып қалдық. Өздеріміз оңаша шығып, өзара сөйлесіп: «Мына кісі бізге көп қызмет істеді, қалада тұратын болуы керек, ақша керек қой» деп, ортамыздан ақша жинап, патшаның суреті бар әлгі жүз сомды бәріміз, айнала отырып, ағамызға ұсындық. Ол кісі ақшаны қолына алып отырып:

– Мен Міржақып Дулатов деген кісімін, Алаш партиясы басшыларының бірімін. Жақында бәріміз жиналып, енді приемға алынған жігіттер елге қайтады, оларға билет алып беріп, пойызға мінгізіп салу үшін әр қалаға кісілер жібердік, менің еншіме осы қала тиді, мен өзіме тапсырылған міндетті орындап отырмын, ал сіздердің мына беріп отырғандарыңыз пара ғой. Біз пара алмаймыз, параны ауылдарыңдағы болыстарың алады, – деп бізге ақшамызды қайтарып берді...» (Әбдіров М. «Алаштың абзал азаматы» // Дулатұлы М. Бес томдық шығармалар жинағы. Бесінші том: Аудармалар, естеліктер, құжаттар мен деректер. Құраст. – Алматы: «Мектеп», 2013. 342–343-бет).

Ұлт қайраткерлерінің біртұтас Алаш идеясын исі қазақтың санасына сіңіріп, ортақ ұстынға ұластыру мақсатындағы 1918 жылғы Шәуешек сапарының барысы ел санасынан өшпестен сақталып қалды. Алқалы жиынға қатысып, «Міржақып, өлең айт деп қолқалайсың, Мен бе ақын сендер тұрып ой табатын. Алаш деп ағайынға сауға салып, Ахаң ер отырмай ма жол табатын» деп жырлаған Әсет ақын «Алашқа» атты толғауын шығарды. «Меллетің көш бастарлық асылдары, Ел үшін бойға біткен тасыр қаны. Итан, Жапон үлгісін үйрете алсаң, Торлаған түнек заман ашылғаны Отыз жылда оқумен өрге басып, Жапония бала кеп туын тікті. Жиырмасыншы ғасырдың жігерлісі, сыртқа шығар іштегі буған жүкті» деген арқалы ақын әлеуметке ұлттық жаңғыруға бастаған көксеңгірлеріміздің асқарлы мұрат-мақсаттарын жеткізді. Тарихи тағылымы сан ұрпаққа тәмсіл болар Шәуешек сапары Мұхамеджан Юсупов естелігінде хатталыпты.

«1918 жылы апрель айы еді. Шәуешекке Русиядан келіп жатқан қазақ жазушылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов һәм Рақымжан Марсековтардың құрметіне Шәуешектің сыртындағы бақшалардың бірінде Шәуешек қазақ зиялы жастары бір қонақ-мәжіліс жасады. Сол қонақ-мәжілісіне бүтін уалаят бойынша бірден-бір фотограф мені рәсім түсіруге дағуат қылды. Мәжіліс ашылысына Бақтыдан Шәуешекке өз һұхымен, жеке ісімен келген қадірменді Қанағат болыс Сүлейменұлы (әйгілі Қабанбай батырдың нәсілі) жолдастарымен, жеті-сегіз адам келіп қатысты. Солардың арасында Әсет ақын да бар еді. Бұл Әсет мен осыдан төрт жыл бұрын Барлық-Арасанға бара жатқан жолымда Еміл бойында Әлімғазы болыстың ата жұртында мехман болып қонған кезімде көргем, уа салған әндерін естіген едім. Келушілер мен шақырылған мехмандарды таныстырып болған соң Міржақып Әсет ақыннан бірер ән, өлең айтып беруді өтініш қылды. Бұған сонда болған халық та қосылды. Басында Әсет уажі жоқтығын, ән салуға тамағы ауырып жүргендігін сылтау қылып, қабыл алмады. Бірақ сұраушылар қайта-қайта ықылас еткен соң: «Мен домбырамен айтушы едім», – деп домбыра талап етті. Қайдан екенін білмеймін бір жақсы домбыра тауып келтірілді. Бұны қолға алып, арлы-берлі шертіп көріп, мұныменен ән-күй айта алмайтындығын білдірді. Және: «Жақсы гармонь болса», – деді. Гармонь да табылды. Біраз уақыт Әсет қысылып, ыңғайсызданып отырды да, әнге салып, өзінің өнерін көрсетті. Әсетті естушілер мақтап, оған биік баға берді. Сол қонақ-мәжілістің соңынан рәсімге түсіру болып, Әсет те сонда бір шетте отырып түсіп қалған еді...» (Бапина Н. «Асыл ағаларды суретке кім түсірді?»// Қазақ әдебиеті. – 1990. – 18 мамыр).

Аласапыран дәуірде Алаш әскерін құрып, ат-әбзел, қару-жарақпен жасақтаудың көш басынан табылған заңғардың жер қорғаған ерлерге рух дарытқан өлеңдерінің орындалу, ел ішіне таралуы І.Жақановтың «Кез болған соң кер заман біздің баққа» мақала, «Үзілген ән...» еңбегінде Ғ.Қадышев, С.Ысмайылбеков, Исатай ақсақал, Қ.Әлімнің «Міржақыптың оралуы» кітабында Ә.Тұржанов, Ж.Өсіповтен жазып алынған естеліктермен дәйектеледі. Олар кер дөненге керіле отырып Алаш қарулы жасағының қалың қолын бастаған ардакүреңнің атты әскер ойынын ойнатқан айбынды тұлғасын сомдауымен бағалы.

«...Менің білетінім – дүрліккен Торғайдың бір тыншыққан кезі. Торғайда – әскер, оның басшысы – Міржақып. Әскердің аттары өңкей сұлу арғымақ, бәрі құндыздай жылтырайды. Ер тұрмандары да өзгеше, былғарыдан істелген. Сарбаздардың қолдарында мылтық, найза. Міржақып әскерлерді бірде атпен, бірде жаяу жүргізіп, шеру тартқызып, даланы жаңғыртып, «Алаш маршын», «Алаш ұранын» айтқызады. Біз болсақ, өңшең жас бала әскерлердің соңынан шуылдап кеп жүгіреміз. Осы екі маршты сол күндерде үйренгем. Міржақып ағаны күнде көрсем де, бұл марштарды өзіне жеке айтып берген кезім болған жоқ. Мен көп баланың бірімін, әншейін. Иә... біз баламыз, мазасызбыз, үй бетін көрмей өзен жағалап суға түсеміз. Бар бала қосылып, екі маршты айтып, үйге қайтамыз. Сондай бір сәттерде Міржақып ағай есік пен төрдей қарагер жорға атын жетектеп, бізді тыңдап, соңымыздан жымиып қана еріп келе жатады. Бұл – сол күндердің ұмытылмас елісі...» (Ғұмар Қадышев // Жақанов І. «Үзілген ән». – Алматы: «Арыс» баспасы, 2001. 151-бет).

«...Ие, күн бас кезінен ауған тұс. Қайғы ауылының басы ғой. Тапа-тал түсте Естай дейтін Мадияр шауып келді. «Келе жатыр» деп ентігін баса алсашы. Алашордашылар қолы екендігін түсіндік. Міржақып бастап, Торғай жаққа өтті дегенді естігенбіз. Сөйткенше болған жоқ, жиырма-отыз адам сау етіп, сарт-сұрт түсе қалды. Әйелінің мінгені қара жорға екен, бала болсам да әлі күнге көзімді шағады. Ондай келісті атты қайтып кездестірмедім. Қали Қойманов деген ауылдың атқамінері келістіріп қонақ қылды оларды. Үй тіктіріп, тай сойғызды. Қона жатып, ертесіне аттанып кетті. Қазір Міржақыпты қиялыммен еске түсірсем, орта бойлы, толықтау, маңдайлы адамды көргендей боламын» (Әбду Тұржанов // Әлім Қ. «Міржақыптың оралуы: хикаят-сапарнама». – Астана: «Фолиант», 2002. 15-16 бет).

«...Басында папақасы бар, сұр шинелі жер сызған, белін, кеудесін былғары белбеумен айқұш-ұйқыш тартып тастаған Міржақып кер дөненге керіліп отырғанда адам жүзі қаймығып кете береді екен. Соны көзіміз көрді ғой» (Жабағыбай Өсіпов // Әлім Қ. «Міржақыптың оралуы: хикаят-сапарнама». – Астана: «Фолиант», 2002. 16 бет).

Қалам қайраткерінің 1920 жылдардағы журналистік қарымы, оқытушылық қызметінің жарқын сәттеріне нұр төгетін Б.Кенжебаев, Х.Өтекин, Х.Өзденбаев, Қ.Оспанов, Қ.Бадыров естеліктерінің айтары да, берері де телегей теңіз. І.Жақановтың «Кез болған соң кер заман біздің баққа», «Үзілген ән...» мақалаларында бір тума таланттың композиторлық өмірі, әндеріне қатысты деректер Ғ.Қадышев, С.Ысмайылбеков, Исатай ақсақалдан жазып алынған естеліктер арқылы дәйектеледі.

Б.Кенжебаев талай қаракөз жастарды бауырына басқан интернат директоры С.Оспановтан алып оқыған «Азамат» жинағы бойына рух дарытқанын, Ташкенттегі №14 интернатта қазақ тілінен сабақ берген Әмин Жүсіповтің 1921 жылы маусымда қаскөй қолынан мерт болып, жерлеуге қаладағы қазақ оқығандары тегіс қатысқанын тарқатады. Қаралы жиында сөз сөйлеген кескін-келбетін сомдап, сөйлеу мәнерінің ерекшелігін байыптайды.

«...Әмин ағайдың қабірі басында митинг өтті. Бірнеше адам шығып сөйледі. Сөйлеушілердің бірі сол кезде қазақ оқығандарына әйгілі Міржақып Дулатов деген кісі болды. Мен Міржақыпты бұрын көрген де, білген де емес едім, танымайтын едім. Көп арасында біреулер «Міржақып сөйлеп тұр» деп күбірлесті. Содан сөйлеп тұрған адамға мен де көңіл аудардым. Анадай жерде тұрып, өзін байқап қарадым, сөзін мұқият тыңдадым. Міржақып орта бойлы, жуандау келген қараторы жігіт екен. Үстінде ашық жағалы ақ көйлегі бар, белінде ұштарын шашақтаған ақ белбеуі бар. Тілін кейде сәл төсеп сөйлейді. Әмин – қазақтың революциядан бұрынғы белгілі ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпеев деген кісінің баласы болып шықты. Әкесі сияқты Әмин де өлең жазады екен. Былтыр ғана Ташкентте жаңа шыға бастаған «Ақ жол» газетінде оның сол газетке арнап жазған өлеңі жарияланыпты. Міржақып соны оқып берді...» (Кенжебаев Б. «Мірдің оғындай еді». Баспаға дайындаған Қ.Ергөбеков // Лениншіл жас. – 1989. – 25 август).

«Бақытсыз Жамал» романын оқып шыққанда көзіне жас алған сәтін бүгіп қалмаған ғалым қаракөктің қазақ баспасөзі мен журналистикасының дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегіне сүйсініп, бүркеншік есімдерінің түп негізін үңгиді. Жасындай жарқ еткен жайсаң жанның көшбасшылық даралығын, сегіз қырлы, бір сырлы кәсіби шеберлігін, білімі мен білігі ұштасқан алғырлығын, мірдің оғындай саф қасиеттерін дәйекті деректермен сабақтайды.

«...1926–28 жылдары Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі» газеттері редакциясында әдеби хатшы болып істеп жүрді. Бір жылы біз – Ілияс Ахметов, Ахметсапа Жүсіпов, Міржақып, мен төртеуміз бір бөлмеде отырып, қызмет істедік. Редакцияның тапсыруы бойынша бір-екі рет съезд, сессия сияқты үлкен жиналыстардың хабарларын газетке біз Міржақып екеуміз жаздық. Кексе журналист емес пе, ол кісі мұндай хабарларды құрастыруға, жазуға өте шебер болушы еді. «Еңбекші қазақ» редакциясында істеп жүрген кезінде Міржақыптың бір сұлу күрең қасқа тайы болды. Ол көшеде сол тайды мініп жүретін. Қызметке де соны мініп алатын. Содан болуы керек, Міржақып осы кезде жазған кейбір мақалалары мен фельетондарына «Тай мінер» деп қол қоятын...» (Кенжебаев Б. «Мірдің оғындай еді». Баспаға дайындаған Қ.Ергөбеков // Лениншіл жас. – 1989. – 25 август).

Х.Өтекин Алаш ардақтысымен ең алғаш 1915 жылы жүздескенін, араға ұзақ уақыт салып 1924 жылы «Еңбекші қазақ» редакциясы қабырғасында қайта кездескенін есіне алады. Жастар жанашыры болған біртуардың өз көзқарасы мен ұстанымынан бір табан шегінбейтін өткір мінезін, табандылығын таразылайды.

«...Міржақып ағамен осы редакцияда кездестім. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, қатынасын үзбейді екен. Жас мөлшері 40-ты баса қоймаған, орта бойлы, шымыр денелі, қалың бетті, жайдары жүзді, сабырмен сөйлейтін дауысында жарықшақ жоқ, таза, жәйлы жан екен. Кейбіреулердің тілін төсеп сөйлейді дегені дұрыстыққа жатпайды. Мәжілістерде, жолдастары арасында болған сұхбатта Міржақып ағайдың айтар пікірін бір-ақ айтатын, қарсыласы талас шығарса да, өз пікірінде қалатын әдеті барын байқадым. Ол зерделігімен де, тапжылмас табандылығымен де кейінгі жастарға үлгі болған еді» («Міржақып ағамен кездесіп едім...» // Қазақ әдебиеті. – 1991. – 24 мамыр).

Кемеңгердің ұстаздық ұлағатын алған талантты ізбасар шәкірттері түрлі салада қал-қадірінше тер төкті. Қайраткерлік биігінен, өнер өрінен көрінген талантты тәлімгерлері жетіп артылады. 1922 жылы Орынборда Қазақ Халық ағарту институтының даярлық курсында оқыған Қ.Бадыров білім қуған жастардың жаратылысы бөлек ерекше тұрпаттағы ұстаздарына құрметтері асқары болғанын зерлейді.

«...Бізге дәріс оқыған: Ахмет, Міржақып, Сейдәзім Қадірбаев, Елдес Омаров, Жүсіпбек Аймауытов, Молдағали Жолдыбаев, Сәкен Сейфуллин, Кенжеғали Абдуллин, Мұхтар Мурзиндер еді. Шексіз сыйлайтын мұғалімдерімізді орнымыздан тұрып қарсы алатынбыз...» (Бадыров Қ. Қаз қалпында // Дулатұлы М. Бес томдық шығармалар жинағы. Бесінші том: Аудармалар, естеліктер, құжаттар мен деректер. Құраст. Г.Дулатова, С.Иманбаева. – Алматы: «Мектеп», 2004. 340-бет.).

Педагогтің қазақ тарихынан дәріс оқудағы кәсіби біліктілігін, сабақ жүргізудегі қолтаңбасын, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлігін безбендейді. Сәні мен салтанаты келіскен киім киісін, сұлулық пен әсемдікке іңкәр эстетикалық талғамын, шәкірт бойындағы ілкі қасиеттерді пайымдаудағы психологиялық тереңдігін сомдайды.

«...Міржақып ағамыз өте көңілді жүретін. Киген киімі сәнді, қалтасынан дәс орамалын шығарғанда, хош иісті әтірінің иісі бүкіл класқа жайылатын. Жақаң бәріміздің көңіл-күйімізді тауып, жігіттер қандай болуларың керек дегендей, әзіл-қалжыңы аралас ақыл-кеңесін беретін. Әркімнің қабылетін аңғарып, болашақта кімнің қай салада орын табатынын күні бұрын болжап айтатын көрегендігі бар кісі еді. Иса Байзақовқа көмек көрсетіп, нашар тұрмысын көре жүріп, қарасатын...».

Шымкент педагогикалық техникумында Алаш алыптарынан тәлімін алған педагог-ақын Қалмақан Оспанов 1920 жылдары Ташкенттегі қазақ зиялылары көбіне Казинпрос (Қазақ ағарту институты) директоры қызметін атқарған қайраткер, педагог Сегізбай Айзұновтың (1870–1932) үйінде бас қосатынын, сонда А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, И.Тоқтыбайұлы, Қ.Кемеңгерұлы Х.Досмұхамедұлы, И.Қашқынбайұлы, С.Сәдірмеков, Ы.Көтібаров сынды ұлт зиялыларын жиі көргені жадынан өшпепті. Келмес күндердің көңіл түпкіріндегі толқынын: «...Бұлардың бәрі ірі тұлғалар, үлкен адамдар болатын. Ахаң (Байтұрсынов) сөзге сараң, байсалды, өте сыпайы кісі еді. Сөйлегенде де аспай-саспай, сабырмен, салмақпен баяу сөйлейтін. Сөзі адамға ұнамды, жағымды болатын. Ал Міржақып ағай тығыншықтай, орта бойлы, бидай өңді кісі еді. Бізге бәрі қызық қой. Үлкен кісілердің жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері, жарасты әзіл-қалжыңы биік мәдениеттілікті танытқандай еді. Оларға әуестене, тамашалай қарайтынбыз. Сөйтсек, мұның бәрі біз үшін өмір сабақтары, өнеге үлгілері екен...» (Сманов Б. «Алаш ардақтылары Ташкентте»// Ана тілі. – 2015. – 26 ақпан) деген зерделі ойымен сабақтайды.

1924 жылы 12–17 маусымда Орынборда өткен Қазақ Білімпаздарының съезіне қатысқан Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, Ә.Досов, С.Садуақасұлы, Н.Төреқұлұлы, М.Жолдыбаев, С.Сейфуллин, Е.Алдоңғаров, Р.Сүгіров т.б. ұлт зиялыларының көзін көрген жазушы Х.Өзденбаев естелігінің астары қатпарлы. Жас өскін 1920 жылдың көктемінде Троицкі қаласындағы татар кітапханасынан «Оян, қазақ!» кітабының ішкі мұқабасындағы ақын сүгіретін көріп, басындағы татар тақиясын, қара шаш, ақ жаға, көбелек галстугін, қара костюмін сүйсіне, қызыға қараған ды. Аты аңызға айналған алыптың өзін көру – сол кездегі өршіл жастардың биік мұраты еді. Осынау жан толқытар ұмытылмас сәт аталған естелікте: «...Енді тірі өзін, жанды адамды көріп сұқтандым. Орта бойлы, иықты, шымыр денелі, қоңырқай жүзді, жалаңбас, қара шашын шекесіне таман екі айырып, маңдай тұсындағысына қарсы қайырған. Тіп-тік мұрнының қос танауы сәл делеңдеу, қап-қара екі көзі өткір, жайнап тұр, мұрт жоқ. Үстінде қара костюм (тройка). Сөзі жұмсақ, қоңыр дауысы ақырын естіледі» (Негимов С. «Ақаңның дәрісі, Смағұлдың төрелігі, Міржақыптың дауысы» // Егемен Қазақстан. – 2023. – 5 сәуір) деп айшықталыпты.

Патша абақтысы, совет түрмесі тепірішінен көз ашпаған санаткер ГУЛАГ қиянатын өткере жүріп кісілік кейпінен танбапты. Нар тұлғамен тар кезеңде табысқан Қараш Жүнісбеков, Жұмағұл Есенқұлов, Ескендір Мұхамеджанұлы, Оспанбай сынды жандар жадында өшпестей таңбаланған естеліктер, ақын Ф.Сатыбалдыұлының «Ұзақ жол» шер толғауы шынайылығымен баурайды.

Ұжымдастыру, тәркілеу озбырлығына қарсы шығып, 16 жасында итжеккенге айдалған Торғай тумасы Қ.Жүнісбеков тағдыр-талайына 1931 жылы Соловкиде Міржақып ағасымен жүздесу жазылыпты. Сол бір санада сәулеленген кездесу әсерін көкірегі шежіре қария 62 жылдан соң: «Жақаңа бірінші рет кездесуіміз, «Бір этаппен, соның ішінде таныс адамдарды білемін», деп лагерге біз тұрған келді. Оның лагердің ішінен таныған адамы – Жылқайдаров Тайқоңыр, Байқоңыр деген болған екен. Сол Тайқоңырдың Рақымжаны танысты. Содан былайғы жерде таңертең басқа топтаныс бола қойғаны жоқ. Бізді сол жерге милиция айдап барады. Анда-санда манағы милициядан рұқсат алып, барып тұрамын Жақаңа... Ой, Жақа, көңілді болсын, бір әңгіме жазып берші дейтінім сонда.

Сел айдаған, сен едің бір Қарашым, Жаңа талап, балдырғандай баласың. Жау құрығы жастай түсіп мойынға, Ақтеңіздің жүрсің шарлап жағасын» («Міржақыптың оралуы». 1993. Режиссері Қалила Умаров //  https://www. youtube. com/ watch?v = Y3U sNK u 86Lk) деп есіне алған ды.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында кіндік қаны тамған Ж.Есенқұловтың көрген құқайы аз емес. Семей облысы Шұбартау ауданында милиция бастығы қызметінде жүріп, қуғын-сүргін жылдары ату жазасына кесіледі. Үкім өзгертіліп, Ақтеңіз ортасындағы Соловецк аралы лагеріне он жылға жер аударылады. 1932 жылдың шілдесінде М.Дулатұлымен УСЛОН-да (Управление Соловецких лагерей особого назначения) кездеседі. Қандасына жан жылуын төккен дегдардың арып-ашып жүргеніне қарамастан бір күндік 600 грамдық тамағын (паек) аузынан жырып берген кеңдігін жеткізуі көңіл толқытады.

«Лагерьге келіп түскеннен кейін, ертеңінде орта бойлы, қара торы, өзі арып-ашып жүдеген бір қазақ мені іздеп келіпті. «Қазақстаннан бір қазақ бала бар екен» деген соң келіп едім, ол сен бе?» – деп сұрады. «Иә, ал өзіңіз кім боласыз?» – деп сұрағанымда: «Менің атым – Міржақып, фамилиям – Дулатов болады», – деп таныстырды. Ел ішінің, Қазақстанның жайын сұрады. Біраз сөйлескеннен кейін: «Мұнда неге отырсыз? Айыбыңыз не?» деп сұрап едім: «Айыбым – Міржақып Дулатов болғаным», – деп жауап берді. Біраздан кейін: «Ал енді мен кетейін, қызметте едім», – деді.

Тәрізі қолынан іс келетін болғандықтан, ол кісілерді лагерь ішінде қызметке пайдаланған болу керек. Кешкі тамақтың алдында тағы келді. Қолында қағазға ораған бір күндік 600 гр. тамағы (паегі) бар. Соны маған ұсынып жатыр. – Інім, алыс жерден келдің ғой. Бұл менің саған берген қонақасым. Бұдан басқа берерім жоқ, разы бол, – деді. Бір тілім нанның өзін тауып жеу мұң кезде мына сыйы қой сойып бергенмен тең болдым...» (Сәрсенбекова А. «Міржақыппен кездескен адам»// Ана тілі. – 1996. – 16 мамыр).

Қашанда ғаділдікке жақтас, сүрінгенге сүйеу, құлағанға жәрдемші болған Міржақып кеңес өкіметінің өктем саясатынан жапа шеккен талай азаматтарға қол ұшын созып отырды. Тұтқындағы Оспанбайдың ақталып, азаттыққа шығуына қамқорлық танытуда тізгін тартпапты.

1931 жылы наурыз айында «Беломар – Балтық» каналының қанды құрылысына жегілген қиямет-қайым күндерін «...Қиыр Солтүстіктің мәңгі тоң басқан жерін қайла, күрек, сүйменмен қазып, топырағын қол арбамен тасып көр. Әрбір адамға белгілі мөлшерде норма беріледі. Берілген норма орындалмаса, күнің қараң. Онда дұрыс тамақтан қағыласың. Бұрын мұндай ауыр жұмысты, қаһарлы суықты көрмеген қазақ жігіттері зорығып өле бастады. Өлгендерді арулап көму деген болмайды. Әйтеуір, қатқан тоңды шұқып, бетін жасырған болады. Мұны көргенде төбе шашың тік тұрады. Күн сайынғы қайғың – туған ел мен жерді көре алмай, көз жұмамыз-ау деген ой...» (Төкенұлы Қ. «Тар тамұқта таяныш болған» // Қазақ әдебиеті. – 1994. – 22 шілде) деп есіне алған Оспанбай Қиыр Солтүстік тамұғының тар қапасында Алаш арысымен оқыста жолыққанында еңіреп жылағанын жасырмайды. Абзал ағаның талай боздақтардың ауыр жұмысқа шыдамай, ауру-сырқау, аштықтан көз жұмғанын, қолдан келер дәрменінің жоғына күйінгенін, тұтқыннан құтылуға жанашырлық ақыл-кеңес бергенін толғайды. Денсаулығының нашарлауына дәрігерлік анықтама алуына қол ұшын созып, КСРО Жоғары Кеңесінің төрағасы Калинин атына кешірім сұраған хатын жазып бергенін, 1932 жылдың желтоқсанында қамаудан еркіндікке шығуына толық мүмкіндік алғанын: «...Шырағым, Оспанбай, менің қазақ баласына жасаған жақсылығым сатулы емес. Қуанышың қайырлы болсын, еліңе аман-сау барып, туыстарыңа аман-сау қосыл. Мен саған бір сыр айтайын. Оспанбай шырағым. Мен арыз жазып беріп, сол кісінің көмегімен түрмеден босадым деп ешкімге айтпа. Өйткені сені тұтқындатқан адамдар «Міржақып Дулатов көмектесті» десең «Оспанбай тұтқында «алашордашылдармен» байланысты болыпты» деп қайта көрсетсе тағы да тұтқындалып кетуің мүмкін. Алда әлі де тазалау болады» (Төкенұлы Қ. «Тар тамұқта таяныш болған» // Қазақ әдебиеті. – 1994. – 22 шілде) деп түйеді.

Воронежге жер аударылып, жырақта жүрген әкесі Мұхамеджанды іздеп барған сапарында ұлт марғасқалары Жанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлымен жүздесу нәсіп еткен тектінің тұяғы Ескендiр естелігі тың мәліметтерге тұнып тұр. Мәскеуге оралғанында тұтқындалып, он жылға сотталған Ескендірге Соловкиде Міржақыппен кездесу жазыпты. Сол бір дидар ғайып сәт естелікте: «...Сөйтіп, мен Мәскеуге қайтып оралдым. Жиырма бір күннен соң мені де қамауға алды. Сондағы НКВД-ның маған таққан кінәсі: «Воронежде болған, әкесімен кездесіп, Алашорданың тапсырмасын алған» деген, үш ұйықтасам түсіме енбейтін жалған жаламен он жылға айдауға жіберді. Сол ұсталғаннан 1944 жылы босанып бір-ақ шықтым. Соловкиде болдым. Бір жолы Міржақып Дулатұлы ағамен кездейсоқ жүздесіп қалдым. Ол Беломорканалда Онежец көліне таяу Повенец лагерінде санитар міндетін атқарды. Жақаң мені бірден жазбай танып: «Келіп тұр!», деп айтқаны әлі құлағымда. Басқан қадамың бақылауда, қайда барасың?..» (Мектептегі А. «Сыр тұнған жәдігер»// Жас Алаш. – 2015 . – 24 қараша) деп түйінделіпті.

Міржақып Дулатұлының айдаудағы соңғы жылдары, жат жерде жерленуіне қатысты оқиға куәгерлерімен жүздесіп, тарихи деректі естеліктерді жинақтауда алаштанушы Марат Әбсемет ерен еңбек атқарды. 1990 жылы Д.Лихачев шақыруымен сталинизм құрбандарын еске алуға арналған Соловки форумына қатысады. Академик қолдауымен Карелия аймағына, Ақтеңіздегі Соловки аралына бес рет барып, ғылыми ізденістер жүргізді. Шетел архивтеріндегі аса құпия санаттағы құжаттарды отандық ғылым игілігіне айналдырды. 1990 жылы үшінші маусымда Карелияның Сосновец поселкесiндегi ескi зиратта жерленген есіл ердің қабiрiн тапты. Қазақ топырағындағы тарихи мәні айрықша оқиға ғалымның «Жұмсақ па, жамбасыңа, жатқан жерің?...» (Қазақ әдебиеті.1990.10.08.) мақаласы, Г.Дулатованың алғы сөзімен шыққан «Міржақыптың оралуы» (1995) кітабында қамтылды. Зерттеушінің 1983 жылдары әкесі Оралбайдың ақыл- кеңесімен көпті көрген Тарғын қариядан Әлихан, Ахмет, Шәкәрім, Нарманбет, Мағжан жөнінде естелік әңгіме жазып алуын, Міржақып әнін бүгінге жеткізуші Сейілбек Ысмайылбековпен сұхбаттасып, оның орындауындағы «Зар заман» әнін магнитафон таспасына түсіруін, кейіннен сол әндер жазылған магнит таспасы көшірмесін композитор, музыкатанушы І.Жақановқа бергенін баса көрсетеміз. Міне, міржақыптанушы 1990 жылдың 28 мамыр мен 14 шілде аралығындағы Карелия сапарында Соловки лагерінің бұрынғы тұтқындары Татарстан халық суретшісі Бақи Орманшы, Грузин КСР Халық артисі И.Русинов, Л.Ю.Кижло, Сосновец поселкесі байырғы тұрғындары М.И.Соколова, К.М.Стенникова, Д.Ф.Ильин, Н.Ф.Серегиннен тың мәліметтерге тұнған естеліктер жазып алды.

«...Бутырь түрмесінде аулада аз ғана серуенде жүргенде Міржақып Дулатовпен танысып қалдым. Есімде, танысу кезінде ол «Мир-Якуб» деп атады. Одан кейін біздің тағдыр былай болды. Мен Сорокаға (қазіргі Беламорск) тап болдым, ал Дулатов Соловкиден кейін Сорокадан жарты сағаттық қана қашық Сосновец деген жерде болды. Сосновецте Дулатовпен қатар «Сұлтан-Ғалиев ісі» бойынша сотталған татар жазушысы Махмуд Будайли болды. Ол Дулатовпен жақсы жолдас болатын, сонымен қатар қазақтар арасында балық аулау бригадасында істейтін Мырзағазы Есболовты жақсы танимын...» (Бақи Орманшы // Әбеметов М. «Жұмсақ па, жамбасыңа, жатқан жерің?...». – Қазақ әдебитеті. – 1990. – 10 тамыз).

Журналист, жазушы, Түркістан Ұлттар ісі жөніндегі Халық комиссары қызметін атқарған Махмуд Будайли (1895–1975) өз сұхбаттарының бірінде: «Сіз, Рафаэль-туған, менің қалай аман қалғанымды сұрайсыз. Оны бір ғана сөзбен сипаттауға болар: сәттіліктің арқасында. Бірақ оны сәттілік деуге келер ме: жиырма бес жылға созылған түрме, лагерь мен жер аудару... Ол жақта көп дүние адамның өзіне байланысты. Жаңа билік мені таптап, лагерь тозаңына айналғанымды қалайтынын бірден түсіндім. Кінәлісің бе, кінәң жоқ па –  маңызды емес. Сұлтан-Ғалиевпен таныс болдың ба, демек кінәлісің. Жарайды, тозаңға айнала салайын. Осылайша өткенімнен түбегейлі бас тарттым: Республиканың алғашқы адамдарының арасында болғаным да, Халком атанғаным да ұмытылды. Оның бәрі болмағанына, тозаңнан басқа ештеңе емесіне өзімді сендірдім. Әрине, оңай емес. Бірақ ол жақта күдікпен өмір сүру де қиын» (Мустафин Р. «Вечный скиталец»// https://rt-online.ru/p-rubr-obsh-37234/ ?ysclid =mdrcnr 94vi991771223) деп ағынан жарылғаны бар. Тұлғатануға тыңғылықты қарайтын татар туғандардың ұлттық энциклопедиясындағы «1912 жылы «Энергия» типографиясында татар журналы «Акмулла» және қазақ журналы «Айқапта» теруші болып жұмыс істеді» (https://tatarica.org/ru/razdely/sredstva-massovoj-informacii/ personalii/budajli-mahmut-kashfelgadievich) сипатындағы дерек отандық журналистикада ескерілсе құба-құп.

«Мен 1933 жылдары Соловкиде, 1934–1936 жылдары Медвежьая горада, Сталин атындағы Ақтеңіз-Балтық каналында мерзімімді өтеп жаттым. Соловки театрында артист болдым. Репертуарымыз бай болды. Лагерьлер тұтқындарына «Ақсүйектер», Славиннің «Интервенция» және т.б. спектакльдерін қойдық. Біздің театрға тұтқындар ғана емес, лагерь бастықтары семьяларымен келетін, былайша айтқанда, біз арқылы өнер әлемімен қауышатын. Әдеттегідей, спектакль соңында қойылымдар қызу талқыланатын. Әсіресе Міржақып Дулатовтың ой-пікірі ерекше назар аударарлық еді. Оның шешен болуымен қатар театр өнеріне деген сезімталдығы да күшті еді, мақалалары «Соловецкие острова» журналанда жарияланып тұрды...» (Иван Николаевич Русинов // Әбеметов М. «Жұмсақ па, жамбасыңа, жатқан жерің?...». – Қазақ әдебиеті. – 1990. – 10 тамыз).

«...Міржақып Дулатовпен мен сонда таныстым. Ол елін, ана тілін, кең байтақ қазақ даласын сарғая сағынып, аңсаумен болды. Оның ормандағы иір-иір ерекше бір қайыңдарды көргенде: «Оу, мынау біздің айнымаған Көкшетаудың биші қайыңдары ғой» деп қуана айқайлап жібергені есімде. Одан кейін мен Исаковода қалдым. Оны Соловкидің орталық лагеріне алып кетті. Ол бірінші лагерь пунктінің Соловки бөліміндегі бірінші ротасында болды. 1933 жылдың күзінде тісім қатты ауырып, Соловки лазеретіне барған кезімде Дулатовпен қайта кездестім. Міржақып Соловки монастырының бір құжырасында тұрып жатқан. Оның төсегінің бас жағында сүйікті қызы Гүлнардың суреті ілулі тұратын. Одан кейін мен оны қайта көргенім жоқ» (Леонард Юльевич Кижло // Әбеметов М. «Жұмсақ па, жамбасыңа, жатқан жерің?...». – Қазақ әдебиеті. – 1990. – 10 тамыз).

«1942 жылы жақын адамымыз қайтыс болды. Біз оны ескі қорымға жерледік. Сонда анам басындағы белгіге айрықша шар және жұлдыз орнатылған қабірді көрсетіп: «Бұл жерде Сосновец лазеретінде фельдшер болып істеген қазақ жерленген» деген еді. Жергілікті тұрғындар мен Сосновец лазереті коллективінің сұрауы бойынша лагерь басшылары оны тұтқындар мен жер аударылып келгендерге арналған жалпы орға көмбей, «ерікті» қорымға жерленгенін кейін білдім. Бұл азамат үлкен құрметпен жерленіп, тәртіп бойынша оның өлімі туралы акт жасалып, заттары үйіне жөнелтіліпті. Бұрын тұтқындарға мұндай құрмет көрсетілмепті. Менің есімдегі бұл бірінші оқиға. Жаңағы қабір шөгіп қалды, ал ескерткіш әлі сол күйінде деуге болады. Оның маңында менің шешем жерленген... Мен қорымға жиі барып, шешемнің ескерткішін әктегенде, оның да ескерткішін майлап, тот баспасыншы, ұзақ тұрсыншы деп ойлаймын...» (Мария Ивановна Соколова // Әбсемет М. Міржақыптың оралуы. – Алматы, 1995. 19-20-бет).

«....50-ші жылдары мен шешемді ескі зиратқа қойдым, сонда білгенім осында әртүрлі ұлттың өкілдері орыстар, карельдер, финдер және басқалар жерленген екен. Сіздердің аяулы азаматтарыңыз Дулатов та осында жерленген. Оның қабірінен саяси тұтқындар, жұлдызша мен шары бар металдан обелиск орнатқан...» (Клавдия Михайловна Стенникова // Әбсемет М. Міржақыптың оралуы. – Алматы, 1995. 21-бет).

«Мен қазір сексен бестемін. Осында туып-өстім, ата-бабам 1885 жылы осы жерге бірінші болып қоныс теуіп, мекен тұрғызған. Сондықтан да мен тұратын көше біздің фамилиямызбен аталады... 1934 жылы «Удобный» деген дөңгелекті пароходтың старшинасы болды. Пароходтың капитаны 58-статьямен сотталған тұтқын Дмитрий Васильевич Малыгин еді. Біздің пароход каналға қызмет етті. Осыған орай орталық лазереттің қызметкерлерін таситынбыз. Олар: бас дәрігер Александр Антонович Потуренко, фельдшер М.Дулатов, аға фельдшер Облакевич болатын. 1934 жылдың күзінде Дулатовтың әйелі мен баласы келіп менің үйімде бір ай тұрды. Оларға қонаққа лазереттің қызметкерлері келетін. Менің әйелімнің қайтыс болғанына көп болды. Ол тірі болғанда егжей-тегжейлі айтып берер еді. Менің есімде қалғаны: Дулатов, әйелі мен баласы келіп кеткеннен кейін, көпке дейін қамығып, сағынып жүрді...» (Дмитрий Федрорвич Ильин // Әбсемет М. «Міржақыптың оралуы». – Алматы, 1995. 21-бет).

«Сосновецке 1934 жылдың соңында ағайыным Тихонға келдім. 1935 жылдың наурыз айынан бастап Сосновец техникалық учаскесінде электрик болып жұмыс істей бастадым. Менің міндетім, лагердің электроқуаты саласын қадағалау болды. Сосновец лазеретінің жарық жүйелерін жөндеген кезде М.Дулатовты көрдім. Ол Дултовпен және Потуренкомен өте жақын дос болды... Каналдың 14-ші шлюзінде сырқат тұтқындарды қабылдау кезінде Дулатовқа көмектесіп жүрген медициналық сестра Шура Долгонцова есімде қалыпты. 1935 жылы Дулатов қайтыс болғаннан кейін лазерет коллективі мен жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша лагерь бастығы Дулатовты ескі зиратқа жерлеуге рұқсат берді. Алғашқыда оның қабірінің басында аты-жөні, туған, өлген жылы жазылған тақтайша қазық болды. Одан кейін оташы Потуренко механикалық шеберханаға Дулатовтың обелискісіне заказ берді. Оны жасаған тұтқын Шмарин. Әуелде обелискінің жоғарғы жағына тұтқын қазақтарының кеңесі бойынша шар орнатылып, ислам діні бойынша жартылай ай қойылмақшы еді, бірақ лагерьдің қатал заңынан қорқып, жұлдызша орнатылды. Ескі қорымға барсаңыздар Дулатовтың қабірін таба аласыздар» (Николай Федорович Серегин // Әбсемет М. «Міржақыптың оралуы». – Алматы, 1995. 22-бет).

Міне, ақжүрек ердің Ақтеңіз бойындағы ақзер ғұмырының көмескі тарта бастаған тағдырлы тұстарын толықтыратын естеліктер шоғыры тарих толқынының күнгейі мен көлеңкесі аралас аласапыран кезеңдерін қамтиды. Міржақыптың туған елі мен жеріне, Әлихан, Ахметтей асыл ағаларына деген сағынышы М.Әбсеметтің Махмұт Будайлидің досы С.Құдаш, Соловкидің бұрынғы тұтқыны А.О.Куортиден жазып алған естеліктерінде байыпталған.

«Біздер Махмұт Будайлимен дос болып, бір-бірімізге жиі қатынасып тұратынбыз. Ол бірде Ақтеңіз-Балтық каналында тұтқында Дулатовтың болғандығын айтты. Оның айтуынша, Міржақып өлерінің алдында туыс-жақындары, туған жері туралы көп айтып, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлихан Бөкейхановтың хаттарын оқитын. Ол 50-ге небәрі бір ай жетпей опат болды. Кенеттен жүрегі жарылып өлді» (Сайфи Құдаш // Әбсемет М. «Міржақыптың оралуы». – Алматы, 1995. 22-бет).

«1934 жылы Киров қаза тапқаннан кейін 58-ші статьямен жазаланғандарды қыса түсті. Олар үшін қатаң тәртіп орнатылды. 1935-ші жылдың күзінде оларды аспалы көпірдің жанындағы барақтарының біріне қамады... Саяси тұтқындар бүлік шығарып, бараққа іштен өрт қойды. Өрт басылды. Барақтан қашып шыққан тұтқындар аспалы көпірге қарай жүгіріп, суға секірді. Қарауылдар оларға бората оқ атты. Дулатов мұны көзімен көрді. Жүректен өліп кетуіне осы көрініс себеп болды ма деп ойлаймын. Жаны тым нәзік еді...» (Альбо Оскарович Куорти // Әбсемет М. «Міржақыптың оралуы». – Алматы, 1995. 24-бет).

«Міржақыптың мүрдесі елге қашан әкелінеді?» (Егеменді Қазақстан. 1992. 23.07) мақаласымен өзекті мәселеге исі қазақ баласының назарын аудартып, Торғай облысынан жасақталған арнайы экспедиция құрамында Міржақып мүрдесін жат жердегі қабірден алып, туған топырағына жеткізудің басы-қасында болған жазушы, журналист Қ.Әлімнің «Мұңды сапар», «Міржақыптың оралуы» еңбектерінен түйер өнеге өрелі.

Қаламгер Мiржақыптың қабiрiн 57 жыл қарайлаған М.Соколова, К.Стенниковадан, сондай-ақ Алаш алыбының көзін көрген естілерден естеліктер суыртпақтап, ақ қағазға түсірді. Ел мен жер тарихын түгендеп, көнекөздер сөзіне үнемі құлақ түре жүретін өлкетанушының 1985–1990 жылдары Ботакөз Асқарқызы Дулатованың туған інісі Хайдар Асқаров, қазақ баспасөз өнерінің ардагері Сары Қазыбеков, Торғай өңірі тумалары Бөпежан, Әбду Тұржанов, Жабағыбай Өсіпов, Қараш Жүнісбеков т.б. тұлғалардан ертеректе жазып алынған естеліктері, К.Мұхамеджановпен жазысқан хатының марғасқа ғұмырбаянын толықтырар тұстары кенен.

Х.Асқаров «Міржақып ағам етжеңділеу, қаршығадай қаздиған, тік тұрпатты адам еді» деп сипаттаса, С.Қазыбеков «...Мен үш жыл КИНО-да оқыдым. Сонда аракідік болса да Міржақып Дулатов «Қазақ тарихынан» сабақ берді. Өткір, боевой кісі еді, бойы менің бойымдай. Мінезі өр, жалтақ емес, тік. Даусы гүжілдеп шығатын. Киім киісі тәуір...» деп мінездейді.

«...Мен жас күнімде (15–16 жасар) Міржақыпты көрдім. Ол кісі менің әкем Мұхамеджанның немере інісі Оспан деген кісідегі апасы Көкеш үйіне Торғай жаққа бара жатқан бетінде тоқтап қонақ болды. Әрине, Міржақып келді дегесін Оспан үйіне ауыл адамдары жиналып, Жақаңның кеңесін тыңдады. Біз, балалар, тек есіктен сығалап Міржақыпты көрдік. Басында қара тақия, қара мұртты кісі екен. Әрине, ол кісінің не кеңес айтқанынан біздің хабарымыз жоқ. Тек әкем Міржақыптан «Ахмет Байтұрсынов нендей адам?» деп сұрағанда Жақаң: «Ол дана ғой!» деп бір-ақ ауыз сөзбен жауап берді...» (Мұхамеджанов К. // Қайсар Ә. «Мұңды сапар. Хикаят-сапарнама». – Алматы: «Ана тілі», 1997. 32-бет).

Тұжыра айтқанда, туған топырағымыздың біртуар перзентінің тұлғалық қасиетін, кісілік келбетін, азаматтық болмысын жарқырата көрсететін естеліктерден алар тағылым толастамақ емес. Түнек ғасырдың түнерген қойнауларына жарық төгіп, талай бүркемеленіп келген ақиқатына қапысыз көз жеткізетін естеліктер біртуар қайраткердің ұлтының азаттығы мен саяси теңдігі, рухани және мәдени өркендеуі жолында атқарған тарихи қызметінің қадір-қасиетін асқақтата түсері хақ. Мемлекеттік мүдде, отаншылдық сезім, елдік қасиет, ұлттық құндылықтар тоқайласатын мәңгілігіміздің мәңгілік мәселелеріне Міржақып мұнарасынан қарау – әрбір саналы азаматтың парызы болып қалады.

 

 

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры

 

3434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №54

05 Ақпан, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы