• Ақпарат
  • 25 Қыркүйек, 2025

АҚШ-тағы алғашқы құрылтай

Құрылтай – қазақ халқының тарихи дәстүріндегі аса маңыз­ды ұғым. Ол ежелден ел тағдырын талқылап, ортақ шешім қабылдайтын кеңес болған. Қазақ тарихындағы Ордабасы мен Қарақұм құрылтайлары халықтың бірлігін күшейтіп, мемлекетшілдікті нығайтқан тарихи оқиғалар ретінде белгілі. 
Қарақұм жиыны – 1710 жылы үш жүз өкiлдерiнiң жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру үшiн құрылған кеңес. Ол Арал теңiзiнiң солтүстiгiндегi Қарақұм алқабында өттi. Бұл бас қосуға ықпал жасаған Тәуке хан еді. Ол қазақ жасақтары мен қазақ руларын басқаруды құрылымдық тұрғыдан қайта ұйымдастырудың жоспарын ұсынды. Қазақтың қорғаныс қабiлетiн нығайту үшiн сұлтандар билiгiн шектеп, үш жүздегi жауапты билер арқылы басқаруға ұмтылды. 

Ордабасы құрылтайы – 1726 жылы қазақтың үш жүзі өкілдерінің Бадам өзені бойы Ордабасы тауындағы тарихи бас қосуы. XVIII ғасырдың басында қазақ жеріне баса-көктей кіріп, бейбіт елді қырып-жойып, қасіретті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатына душар еткен жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыруға арналған халық құрылтайына әр рудың билері, атақты қолбасшылары мен батырлары қатысты. Қазақтың үш жүзінің тізе біріктіріп, бас қосқан іс-қимылдарының нәтижесінде қазақ халқы 1727 жылы жоңғарлармен болған Бұланты–Білеуті шайқасы мен 1729–1730 жылдардағы Аңырақай шайқасында жеңіске жетті.
Бұл құрылтай жаугершілік заманда ата-баба мекенін білек күші, найза ұшымен қорғауға үгіттеді және үш жүздің басын қоса отырып әрекет етуге негізделді. Ал бейбіт күндегі құрылтай мысалы ретінде Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын қарастыруға болады. Бұл жиын әлемдегі қазақтардың Отанымен байланысын нығайтты, шетелде жүрген қазақтарға олардың артында арқа сүйер іргелі елі барын танытты. Сонымен қатар шетелде тұратын қазақ шетжұрты өкілдерін Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында оқыту үшін жағдай жасау, тарихи Отанына инвестициялар тарту мүмкіндіктері секілді мәселелер көтеріліп, оң шешімін тапты. 
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы құрылтайдың ерекше үлгісі– қоғамдық-саяси институт ретінде 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай. Ұлттық құрылтайдың басты мақсаты – елдегі қоғамдық келісімді нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, халық пен билік арасындағы тиімді диалогті жолға қою. Құрылтай отырысында қоғам үшін өзекті мәселелер талқыланады: ұлттық сана мен мәдениетті сақтау, жастар тәрбиесі, ауылды дамыту, әлеуметтік әділеттілік, саяси жаңғыру.Ұлттық құрылтай – халықтың үнін билікке жеткізетін және ұлттық бірлікті нығайтатын маңызды алаңға айналып келеді.
Батыр бабаларымыз бен көреген елбасылардың ізімен «Qazaq American Qaganat» АҚШ бойынша қазақ диаспорасының (QAQ) басшылығы құрылтай құру дәстүрін жалғап, АҚШ-тағы қазақ диаспорасының өміріне ұлттық мүдде тұрғысынан оң ықпалын тигізуді мақсат етіп отыр. АҚШ-та тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған қазақтардың құрылтайы – ұлттық тарихтың жаңа парағы. Құрылтай жұмысы 2026 жылғы 21–22 наурызына жоспарланған.
АҚШ-тағы алғашқы құрылтайдың басты ерекшелігі – әлемнің ең ірі мемлекеттерінің бірінде қазақ диаспорасының алғаш рет ресми деңгейде бас қосуы. Мұнда жастардың, ғалымдардың, кәсіпкерлердің және өнер қайраткерлерінің басын қосып, ортақ мүдде төңірегінде пікір алмасу көзделген. Мақсат – қазақ тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтай отырып, шетелде ұлттық бірегейлікті нығайту, елді оң қырынан таныту. Артықшылығы – қазақтардың Америка қоғамындағы рөлін арттырып, білім, бизнес, ғылым саласында жаңа мүмкіндіктер ашуы. Бұл құрылтай диаспораға Отанымен байланысын күшейтуге ерекше мүмкіндік береді.
АҚШ-тағы қазақтар бұған дейін де түрлі шағын деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізген: Наурыз мерекесі, спорт жарыстары, өнер фес­тивалі, қауымдастық кездесулері. Мұндай жиындар қазақ жастарына өзара танысуға, тәжірибе алмасуға және қауымдастықты нығайтуға зор мүмкіндік береді.
АҚШ-тағы қазақтардың тұңғыш құрылтайына дейін «QAQ» тарапынан 2025 жылы бірқатар іс-шара атқарылды, атап айтқанда, шілде – тамыз аралығында Нью-Йорк штатындағы Бруклин қаласында қазақтың ұлттық аспабы домбыра тартудан «Алтын домбыра» үйірмесінің сабағы жүргізілді. 26 шілдеде «American Central Asian Association» (АСАА) ұйымдастыруымен өткен «Орталық Азия мәдениет фестиваліне» біздің өкілдеріміз қатысып, сертификат иеленді. 
Сонымен қатар, алдағы уақытта ауқымды шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. 5 қазанда Америкадағы қазақтардың ынтымағы мен бірлігін нығайту, ұлттық тілін және ынтымаққа намыс мүддесін дамытып насихаттау мақсатында өтетін АҚШ-тағы қазақтардың тұңғыш құрылтайының ұйымдастыру іс-шараларына бағытталған бірінші ресми саммит күндізгі сағат 12:00-де 114 W 26th St 3rd Floor, New York, NY 10001 мекенжайында өтеді. Дәл осы күні кешке Нью-Йорктің атақты «Madison Square Garden» аренасында дүниежүзіне танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концертін бірге тамашалау жоспарланған. «QAQ» басшылығымен «Turan American Qaganat» (TAQ) және «АСАА» бірлесе отырып махаббаттың символына айналған Қарахан мен Айша Бибінің, Қыз Жібек пен Төлегеннің, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың сүйіспеншілігі мен адалдық қарым-қатынасын үлгіге айналдыру мақсатында, болашақ шаңырақ иелеріне қазақтың ана тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңіруге ықпал жасау үшін жастарға арналған «Jurekten Jurekke» атты танысу клубының іс-шаралары жүйелі түрде өткізіледі. Осы жылды Нью-Йорк қаласында орналасқан «АҚШ-тағы тұңғыш этномузейінде» қазақстандық қолөнершілердің қатысуымен «І Тұран халықтарының қолөнершілер көрмесін» өткізумен қорытындылау жоспарланған. 2026 жылы «QAQ» және «TAQ», «АСАА» бірлесе отырып, «Түріктілдес халықтарының Америка аруы» байқауын өткізеді. «QAQ» және «TAQ» басшылығымен «Qaganat» этно­ауылында АҚШ-тағы түріктілдес халықтарының ата-салт дәстүрлеріне тән «І Turan Games» көшпенділердің спорт ойындары өткізіледі. Сонымен қатар «Qaganat» этноауылында Америкадағы және дүниежүзіндегі қазақ балаларына (ата-анаcымен бірге шипажайда тұру мүмкіндігімен) арналған сауықтыру лагері ашылады деп жоспарланып отыр.
Тағы бір айта кетер жайт, АҚШ-тағы тұңғыш қазақ құрылтайының аясында арнайы басылып шығарылатын АҚШ-та адал еңбектерінің нәтижесінде үлкен жетістіктерге жеткен кәсіпкер, бизнесмен, меценат немесе кәсіби маман ретінде және белсенділігімен танылған қазақтар мен қазақстандықтар туралы баяндалатын «Америкадағы алғыр ағайын»/«Successful Winners in America» атты кітабына осы құрылтайдың ұйымдастыру іс-шараларына қаржылай және демеушілік көмек көрсететін, АҚШ-тағы тұңғыш қазақ этномузейін экспонаттармен толықтыруға үлес қосқан және алдағы уақытта үлес қосуға ниет білдіретін Қазақстан азаматтары (кәсіпорын, мекеме және ұйым басшылары, өнер, қолөнер өкілдері т.б.) енгізілетіні және материалдарды жинақтау жұмысы жалғасып жатқаны туралы да хабардар еткіміз келеді (e-mail: myqazaqsfarfromhome@gmail.com).
Құрылтайға АҚШ-тағы қазақ қауымдастықтары мен белсенді азаматтар қолдау білдіріп отыр. Бас ұйымдастырушы – «QAQ» президенті, қағаны Назар-Әли Ержігітұлы Бименов. Назар-Әли 1991 жылғы 7 сәуірде Жамбыл облысы Қаратау қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық өмірге белсене араласты, қалалық олимпиадалар мен спорттық жарыстарға қатысты, бокстан спорт шеберлігіне кандидат. Жамбыл политехникалық колледжін «техник-­электрик» мамандығы бойынша үздік бітірді; Тараз инновация­лық гуманитарлық университетін «Құқық бакалавры (құқықтану)»; Тараз химия-технологиялық колледжін «слесарь-жөндеуші» мамандықтары бойынша тамамдады. Еңбек жолын студент кезінде бастаған. Практикалық кәсіби дағдыларын «KEGOK» ШМЭС» АҚ, «Жарық әлем құрылыс» ЖШС кәсіпорындарында дамытты. ҰҚК ШҚ әскери борышын өтеді. Әскери қызметін А.Я. Онопко атындағы шекара заставасының Радиолокациялық прожекторлық бөлімінің командирі болып бастады. Кейін «Қазбұлақ» шекара комендатурасының Жедел-іздестіру тобының аға барлаушысы; 2035 ә/б арнайы байланыс бөлімі бастығының орынбасары болды. Бұдан әрі Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етті. «Жарық әлем құрылыс» ЖШС Құрылыс учаскесінің бас­тығы, Материалдық-техникалық базасының басқарушысы; «FRG-Astana» ЖШС «Zerno» және «VZ летный» объектілерінде Қауіпсіздік қызметінің бастығы қызметтерін атқарды.
2018 жылдан бастап ­Назар-Әли Бименов АҚШ-тың Нью-Йорк штатында тұрады. Америкада Жанармай құю станциясының менеджерлігінен бастаған ол өз білімі мен еңбегінің арқасында 2019 жылы «Ali 999 Alash» көлік-логистикалық корпорациясын, 2021 жылы «Tengri Alash» фермерлік шаруашылығын, 2022 жылы «Alash residents» құрылыс-риэлторлық компаниясын құрды. 2020 жылдан бастап «Kingsborouh community» студенті. АҚШ Аңшылар oдағының мүшесі, Коннектикут штатында парашюттен секірудің спорт шеберінің кандидаты. АҚШ-тағы Тұңғыш қазақ этномузейінің негізін қалаушы. 2024 жылдан бастап АҚШ бойынша «Qazaq American Qaganat» ресми бас қазақ диаспорасының президенті, қағаны. 2025 жылдан бастап «Turan American Qaganat» АҚШ бойынша түріктілдес халықтары диаспорасының президенті, қағаны. 
Түрлі салада өзін шыңдап, білімі мен біліктілігін арттырған Назар-­Әли АҚШ-тағы қазақтардың бірлігін арттыру ісіне белсене кірісіп жүр. Ол елде алған білімі мен шетелде жинақтаған тәжірибесін ұлт мүддесіне бағыттауды ойлайды. Құрылтай жұмысына қызығушылық танытқан әрбір отандасына Назар-Әли Абылайхан бабамыздың сөзімен үндеу тастайды: «Білекке сенген заманда, Ешкімге есе бермедік. Білімге сенген заманда, Қапы қалып жүрмейік!» Жаһандану, цифрлық төңкерістер дәуірінде ұлттың бірлігін нығайтып, ана тілімізді насихаттап, заман мүмкіндіктерінен қапы қалмау үшін АҚШ-тағы қазақтардың бірінші құрылтайына қатысуға, пікір білдіріп, мүдделестік танытуға шақырады.
«QAQ» АҚШ бойынша қазақ диас­порасының президенті Назар-Әли Бименовтің айтуынша, жоспарлы жұмыстардың ішінде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Мысалы, диаспораның барлық өкілімен жүйелі байланыс орнату, қазақ тіліндегі білім беру курстарын дамыту, мәдени орталықтар құру басты міндеттің қатарында. Бұл істе тек ұйымдастырушылар ғана емес, әрбір қазақтың қолдауы қажет. Кәсіпкерлер қаржылай демеу бере алады, ғалымдар мен ұстаздар – білім жобаларын жүзеге асыра алады, жастар еріктілік қозғалысын жандандыра алады. Ең бастысы, ашықтық пен бірлік саясатын ұстану.
АҚШ-та өтетін қазақтардың ал­ғашқы құрылтайы – тарихи оқиға. Онда ұлттық мәдениет пен өнер, тіл мәселесі, заманауи білім мен кәсіпкерлік бағыттары талқыланады. Құрылтай – тек кездесу ғана емес, болашаққа бағытталған нақты қадамның бастауы. Әрбір қазақ осы бастамадан тыс қалмай, үлес қосса, ортақ мақсатқа жету оңай болмақ.

Әлия Әзбергенова,
«Qazaq American Qaganat» АҚШ бойынша

қазақ диаспорасының және «Turan American Qaganat»

АҚШ-тағы түріктілдес халықтары диаспорасының 
Қазақстан Республикасындағы уәкілдерінің басшысы

964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы