- Ақпарат
- 02 Қазан, 2025
Тарихшы тағылымы
Алматы қаласының Мемлекеттік архиві ұсынған деректерге сүйенсек, соғыс ардагері, тарих ғылымына зор еңбек сіңірген Асқанбек Сапарұлы Алданазаров қазақ сарбаздарының Польшадағы ерлігін, Қазақстанға жер аударылған поляк пен жапон тағдырын құжаттар арқылы айғақтап, тарих ғылымын жаңа белеске көтерген тұлға ретінде бағаланады.
Майдангер-ғалым, полковник, архив мұрасын келер ұрпаққа аманаттаған тарихшы Асқанбек Сапарұлы Алданазаровтан (1924–2010) қалған асыл мұра – Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Польша жерінде шайқасқан қазақ жауынгерлерінің ерлігі, қазақ даласына тағдыр айдап келген поляк пен жапон тұтқындарының хикаясы. Бұл дерек халықтың кең пейілін, жауынгерлердің ерлігін, соғыс жылдарында тоғысқан халықтар тағдырын көрсететін шынайы айғақ. Оның еңбектерін парақтағанда қазақ тарихының өрісі ұлғайып, әлемдік тарихпен біте қайнасып кеткенін анық байқайсыз.
А.Алданазаров архив құжаттарына сүйене отырып, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстанға 100 мыңнан аса поляк жер аударылғанын нақтылады. Қазақ халқы жат жұрттықтарды өзегіне теппей, балаларын бауырына басты. Дүрия Басова қамқорлығына алған Ната мен Ира Богдановичтердің тағдыры – соның айқын айғағы. Осындай оқиғалар қазақ қоғамының жүрегіндегі гуманистік қасиеттерді айқындайды.
1972 жылы ғалым қорғаған «Участие казахстанцев в боях за освобождение Польши от немецко-фашистской оккупации (1944–1945 гг.)» атты диссертациясы соғыс тарихындағы тың деректерді жүйелеп берді. Оның еңбектерінде нақты көрсеткіштер келтірілді:
– Костюшко дивизиясының құрамындағы жауынгерлердің 30 пайыздан астамы Қазақстаннан шақырылған;
– Польша майдандарында шайқасқан 80 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды;
– 134 сарбазға поляк жерінен мәңгілік тыныс бұйырды;
– 30 жауынгер қиян-кескі ұрыстарда ерлікпен қаза тапты.
А.Алданазаров осы деректерді ғылыми айналымға енгізу арқылы соғыс тарихының күрделі кезеңін жаңа қырынан ашып көрсетті. Оның еңбектері қазақстандықтардың Польшадағы азаттық күресіне қосқан үлесін айғақтап, зерттеушілік адалдығы мен табандылығын дәлелдеді.
Алматыдағы Мемлекеттік архивтің №419 қоры (273 сақтау бірлігі, 1944–2007 жж.) А.Алданазаров еңбектерін сақтап отыр. Солардың ішінде ерекше еңбегі – «Польский дневник». Бұл қолжазба ресми құжаттардан өзгеше, өйткені онда жекелеген жауынгерлердің ерліктері, партизан қозғалысындағы қазақстандықтардың ерен еңбегі, халықтың көмек көрсету деректері бар.
Мәселен, архивтегі мәліметтер Жолибож партизан тобының қазақстандық тұтқындарды құтқаруға қатысқанын, кейін олардың қайта қарулы күреске қосылғанын көрсетеді.
Ғалымның жапон тұтқындары туралы деректері де ізденушілердің назарын аудартады. Мысалы, соғыстан кейінгі кезеңде Қазақстанға 58 900 жапон әскери тұтқыны әкелінген. Асқанбек Алданазаровтың бастамасымен дайындалған «Книга памяти» еңбегінде Қазақстандағы 41 лагерь мен зираттың картасы жасалды:
– Спасск (Қарағанды облысы) – 245 қабір;
– Алматы – 145 қабір, қосымша екі шағын жерлеу орны;
– Басқа өңірлерде де белгіленген қабірлер тіркелді.
Бұл жұмыс тек ғылыми-зерттеу емес, халықаралық деңгейдегі гуманитарлық миссия болды. Сондықтан жапон императоры Акихито оған «Күншығыс» орденін табыстады.
А.Алданазаров еңбектерінің ғылыми құндылығы мынада: біріншіден, қазақ тарихын халықаралық деңгейге шығарды. Польшадағы соғыс тарихы мен Қазақстандағы жапон тұтқындарының тағдырын ғылыми айналымға енгізді. Екіншіден, жаңа дереккөздерді ғылыми айналымға қосты: «Польский дневник», хаттар, күнделіктер, құпия материалдар арқылы ресми тарихта айтылмаған мәліметтерді ашты. Үшіншіден, халықаралық гуманизмнің құжаттық дәлелі – қазақ халқының поляк жетімдерін бауырына басуы мен жапон тұтқындарының тағдыры ғылыми фактіге айналды. Төртіншіден, архив мұрасының жүйеленуі – №419 жеке қор зерттеушілері үшін ХХ ғасыр тарихының құнды базасына айналды.
Асқанбек Алданазаров еңбектері қазақ халқының халықаралық тарихтағы орнын, жауынгерлік ерлігін, гуманистік дәстүрін архивтік құжаттар арқылы дәлелдеп берді. №419 жеке қор – соғыс тарихын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік беретін кілт.
Әзірлеген
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
334 рет
көрсетілді0
пікір