• Ақпарат
  • 02 Қазан, 2025

Ғылым – дүниенің кілті

Дағжан Белдеубай,

«Ana tili»

Жақында Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Әрине, жиынға Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Бірден назар аударарлық мәселе, атом саласына, өзге де энергия көздеріне қатыс­ты Президенттің және сала мамандарының сөзінде бізге көбіне беймәлім деректер айтылды. 

Дамыған елдердің жөні басқа, біз секілді дамушы елдер үшін ғылым ең басты мәселе болуға тиіс. Бұл жөнінде Президент сөзінің басында-ақ айтты. «Қазір инвестицияның, ғылым мен жоғары технологияның уақыты. Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Түрлі мемлекеттер арасында технологиясы дамыған озық ел болу үшін күрес жүріп жатыр. Орталық Азиядағы бәсекелестік те күшеюде, бұл түсінікті. Сондықтан біз де осы салаға баса мән беруіміз керек, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет», – деді Мемлекет басшысы. 
Ғылым алға шықпай, ешқандай ел ілгері басып кетпейді. Президенттің мәлімдеуінше, қазір  нақты жұмыс­тар қолға алынды. Оқып көріңіз: «Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. Зерттеу университеттері көбеюде, олардың өндіріске байланысы нығайып келеді. Қазір 300-ге жуық коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр. Бұл үрдіске күшті серпін беріп, оны таяу арада толығымен енгізу керек. Әлемнің 40 беделді жоғары оқу орнымен серіктестік орнаттық. Бүгінде елімізде 33 филиал ашылды. Технология парктері және инжиниринг орталықтары құрылуда. Ғылым академиясының беделі нығая түсетін болды. Әр аймақта ғылым жөніндегі кеңестер жұмысқа кірісті. Ғалымдардың мүддесін қорғауға баса мән беріп отырмыз. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды, ғылымды басқарудың жаңа құқықтық негізі қаланды».
Президент атом энергиясын дамытуға ерекше назар аударып, осы бағыттағы әлем елдерінің әрекетіне тоқталды. «Шын мәнінде атом энергиясы – еліміз үшін өте маңызды, қажетті қуат көзі. Біз ғана емес, күллі жаһан жұрты осы саланы дамытуға мықтап кірісіп жатыр. Дүниежүзінде 416 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Мысалы, АҚШ-та 94 ядролық реактор бар, бірақ өзінің уран өндірісі аз, сондықтан америкалық нарықтың 24 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Францияға қатысты жағдай да сондай іспетті, 50-ден астам ядролық реакторға Қазақстанда өндірілген уран қолданылады. Қазір 31 елде ядролық энергия өндіріледі. Бұл – әлемдегі әрбір алтыншы ел бейбіт атомның игілігін көріп отыр деген сөз. Тағы жиырмаға жуық мемлекет ядролық реактор салуды жоспарлап отыр». 
Мінеки, Президенттің сөзі бойынша айтсақ, әлем елдері бейбіт атомға шындап бет бұрды. Әрине, атомнан біртіндеп бас тарта бастаған елдер де жоқ емес. Олардың даму деңгейі мен бас тарту себебі бөлек әңгіме. Яғни Жапония мен Қазақстан еш салыстыруға келмейтінін ескерген жөн. Мұны неге айтып отырмыз, Қазақстан атом сынағынан ең көп зардап шеккен елдің бірі ретінде, атом электр стансасын салу жөніндегі шешімді үдірейіңкіреп қабылдағаны рас. Президенттің бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастамасы және сол бағыттағы ақпараттық түсіндірулер өз нәтижесін бергені белгілі. Қазақстан уран қоры және өндіру жөнінен әлемде алда. Сондай-ақ көрші алпауыт мемлекеттермен осы бағыттағы қарым-қатынасымыз да жоғары деңгейге жететін түрі бар, әрі тек шикізат өндіруші болып қалмаудың да жолы қарастырылып жатыр екен. Тағы да Президенттің сөзіне ден қойсақ:
«Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе. Әрине, біз бір атом электр стансасымен шектеліп қалмаймыз. Екінші, үшінші атом стансасын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Қытай төрағасымен кездесуде біз осы мәселені талқыладық. Елдеріміз бейбіт атом бағытындағы ықпалдастығын күшейте береді. Қытайдың өзінде алдағы он бес жылда 76 жаңа реактор іске қосылмақ».
«Біз уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы мемлекеттің бі­ріміз. Әлемдік уран қорының 40 пайызы – қазақ жерінде. Осы басымдығымызды дұрыс пайдалану қажет. Атом стансасы салынған соң уранның экономикадағы рөлі түбегейлі өзгереді. Бұрын экспортқа ғана кетіп жатқан бұл байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады. Бұл жұмысқа қазірден бастап дайындалған жөн, тиісті талдау жүргізілуге тиіс. Ғалымдарымыз осыны ескеруі керек».
«Қазақстан, негізінен, шикізат экспорттады. Енді біз ядролық отын цикліндегі өңдеу үлесін дәйекті түрде арттырамыз. Мысалы, 2021 жылы елімізде жылу бөлетін тораптар шығаратын зауыт ашылды. Атом электр стансасы бұл саладағы өндірістік циклді толық аяқтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында атом энергетикасы сыртқы нарыққа тәуелсіз, ұлттық салаға айналмақ. Бұл – өте күрделі жұмыс. Сондықтан ғалымдарымызға зор жауапкершілік жүктеледі», – деді. 
Ғалым дегеннен шығады, Президент маман даярлауға баса назар аударылатынын да сөз етті. Әрине, барлық мәселені қай-қашанда тек маман шешеді. Саланың дамуы мамандардың көбеюі мен сапасына әсер етпей қоймайды. Сол секілді Президенттің аузынан естіген жақсы жаңалықтың бірі – жер қойнауын игерушілер өз табысының бір пайызын ғылымды дамытуға бөле бастапты. Президенттің «Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет. Аталған жұмысқа Ғылым академиясы, облыс әкімдігі және Ұлттық ядролық орталық атсалысқаны жөн. Онда инженерлік және өндірістік нысандарды орналастыру үшін жағдай жасау керек» дегеніне қарағанда, Алматы облысынан кейін екінші атом электр стансасы Курчатовта салынады деп түсінген жөн болар, әрі тиісті адамдарға нақты тапсырма беріліпті. 
Ядролық технологияны денсау­лық саласына пайдалану да кезек күттірмейтін мәселе. Жерімізде уран көп болғаннан әлде өндіру ісі көбейгеннен бе, әйтеуір, уранға, радиация­ға қатысты ауру-сырқау аз емес. Оған да мықтап назар аударылмақ. «Озық ядролық технологияларды қолдану арқылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға болады. Бұл әсіресе онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мүмкіндіктеріне жол ашады. Үкіметтің міндеті – отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеуді және қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету. Сондай-ақ жетекші клиникалар мен университеттер жанынан ядролық медицина орталықтарының желісін құру қажет», – деп нақты тапсырмалар жүктеді.
Көп тіл білетін адамның басқалардан артықшылығы да көрінбей тұрмайды, Президенттің «кең ауқымды алаяқ­тық» және көмір туралы айтқаны сондай ойға жетелейді. Халықаралық жиындар көбіне ағылшын тілінде өтетінін ескерсек, мәселенің мәнін шындап түсінгенін байқаймыз. Ең қызығы, көмір туралы талай жылдан бері айтылып келе жатқан кереғар пікір өзгергенін көреміз. Енді ел басшысының өз сөзін оқып көріңіз: 
«Мен Дубайда, Бакуде өткізілген жаһандық климаттық саммиттерге қатыстым. Әсерімді бірқатар әріптестерге және Үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіздім: бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды. Бұл сөзімді Премьер-министр Олжас Бектенов растай алады. АҚШ президенті Дональд Трамп та жуықта Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлегенде «Климаттың өзгеруі дегеніміз – жаһандық алаяқтық» деп дәл айтты. 

Сондықтан Қазақстан 35 жылдан кейін ғана карбон көздерінен құтылады деп ресми ұстанымымызды жарияладық. Қазір Қазақстанда 118 миллиард киловатт энергия өндіріледі. Бұл жеткіліксіз. Цифрландыруды, жасанды интеллектіні қарқынды дамытсақ, әлдеқайда көп энергия керек болады, бұл – анық нәрсе. Сондықтан елімізде барлық энергетика көздерін тиімді пайдалану қажет. Ең алдымен көмір. Қазақстанда жылына шамамен 113 миллион тонна көмір өндіріледі, бұл тұрғыдан алғанда, әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл – біздің актив, жетістік, оны дұрыс пайдалануымыз керек. АҚШ президенті «Маған жел ұнамайды, көмір ұнайды» деп өте дұрыс айтты. Расында, жел стансалары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай стансалар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін. Қазір озық технологиялар көмірді жақсы тазалайды, оның зия­ны жоқ, бағасы жел, күн, газбен салыстырғанда қымбат емес», – дегені расында иландырады.   
Ұлттық кеңесте осы салаға қатысты басшылар да сөз алды. Ұлттық ядролық орталықтың директоры Ерлан Батырбековтың мәлімдеуінше, орталыққа қарасты төрт институт, 1 700 маман, екі ядролық зерттеу реакторы бар екен. Әлемдегі ең үлкен табиғи лаборатория болып табылатын бұрынғы Семей ядролық полигоны да осы орталықтың құзырында. Әрине, атом электр стансасын салуда жүгінетін негізгі ғылыми мекеменің бірі – Ұлттық ядролық орталық болатыны басы ашық мәселе. Орталық мамандарының пікірі атом электр стансасы салынатын жерді және соған лайық реакторды таңдауда шешуші дауысқа ие болатыны түсінікті. Көлемі 18 300 шаршы шақырымды алып жатқан бұрынғы Семей полигонын экологиялық тұрғыда залалсыздандыру ісін орталық, негізінен, аяқтағаны бұрын да айтылған. Жапониядағы «Фукусима» атом электр стансасы апатынан соң тазарту шараларына Қазақстан Ұлттық ядролық орталық ғалымдарының еңбегі пайдаланылуы атап айтарлық жетістік деуге болады. Тағы бір назар аударарлық мәлімет, Ұлттық ядролық орталық зерттеу институты ғана емес, халықаралық коммерциялық келісімшарттар арқылы 70 пайыз өзін-өзі қаржыландыратын ұйым екен. 
Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев елең еткізерлік мынадай жаңалықтарын көлденең тартты: «2019 жылы басталған радиофармпрепараттар өндірісі 60 мыңнан астам онкологиямен ауыратын нау­қастың денсаулығын жақсартуға тікелей ықпал етті. Инс­титутқа әртүрлі қаржы көздерінен үш миллиард теңге бөлу жоспарланды. Егер бұл қаражат бөлінсе, алдағы екі жарым жылда қосымша үш өнім шығарамыз. Бұл қымбат шетелдік емнің орнына, өз елімізде, өз дәрімізбен емдеуге мүмкіндік береді, әрі медициналық туризмді дамытады.  Институт ғалымдары қолға алған, зерттеу реакторында әлемдегі ең жоғары интенсивті ультра суық нейтрондар көзін құру бар, бұл жоба Нобель сыйлығы деңгейіндегі зерттеулер әлеуетіне ене алады», – дей келе Президентке екі ұсыныс білдіріпті: «Біріншіден, институттың зерттеу реакторы – екінші кезеңдік қондырғы, 58 жылдан бері табысты қызмет атқаруда. Оның жұмыс мерзімін тағы он жылға ұзарту үшін қазір МАГАТЭ-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Алматы қаласында жаңа көпфункционалды зерттеу реакторын салу мәселесі өте өзекті. 
Екіншіден, агроөнеркәсіп, биоинженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар сияқты басым бағыттарды дамытуға арналған ғылым қалашығын Алматы облысында құру тиімді болады деп есептейміз. Ядролық физика инс­титуты осындай ғылым қалашығының іргетасын қалып­тас­тыруға толық мүмкіндігі бар», – депті. 
Қорыта келе айтарымыз, бұйыртса, ядролық энергия көзіне қазақ елі де қол жеткізеді. Ол шаруа әлем елдерінің тәжірибесі бойынша МАГАТЭ-нің қатаң бақылауында іске асырылады. Ядролық сынақтан сонша зиян шеккен халқымыз, енді бейбіт атомның да игілігін көруге қақылы. Атом электр стансасының салынуы осы саланың дамуына ықпал етпек. Ең бастысы, Президент те ескерткендей, атом электр стансалары еліміз, жеріміз үшін қауіпсіз болуға тиіс.

607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №54

05 Ақпан, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы