• Руханият
  • 09 Қазан, 2025

Жоғалған мейірімнің ізі

Тұман да емес, жаңбыр да емес, не аспаны жоқ, не күн көзі көрінбейтін Алматының саңылаусыз, есте қалмайтын, білінбей жылжып бара жатқан ен-таңбасыз белгісіз күні еді. Күңгірт күннің дәруі әрине салқын ауада кітап оқу ғой. Қолымда тым алыстан жеткен апамның ақ шағырмақ дәміндей Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» кітабы. Қазақ әдебиетінде қаймағын қалқып алар сөз ұстаған ақын-жазушылар аз емес және көп те емес. Сол алып бәйтеректің дәу бір бұтағы болып осы Қалихан Ысқақ бүрлегеніне ешкімнің уәжі жоқ та шығар. Кітапты алғаш парақтай бастағаннан Қалихан деген телегей теңіздің арнасы тым арыда жатқанын байқадым әрі өзім үшін осы әлемді ашқаныма бек қуандым.

Қалихан – қазақ әңгіме жанрын жаңа белеске көтерген, өзі туған Алтайдың қытымыр табиғатын, ауыл тіршілігінің қарапайым суреттерін философиялық биікке айналдыра білген қаламгер. Оның шығармаларының басты қасиеті­ ­­­­—­­­ шынайылық пен тереңдік. Кішкентай детальдан тұтас дәуірдің бейнесін шығарып, қарапайым ауыл өмірінен адамзаттық ой қорыта білуінде.
Қалиханның әңгімелері мен повестері тек бір дәуірдің көрінісі ғана емес, қазақ әдеби тілінің байлығын көрсеткен, ұлттық прозаның шоқтығын биіктеткен шығармалар. Оның «Қоңыр күз еді», «Ақтоқым», «Тұйық», «Бұқтырма сарыны» – ауыл тұрмысын, табиғат пен адам қарым-қатынасын терең суреттеген, оқырманын ойға қалдыратын туындылар. 
Пышақтың қырындай «Қоңыр күз еді» хикаятын аяқтай бере сусыны қанбаған, сарығы басылмаған жандай еріксіз жұтынуға тура келді. Сәл тыныстап, келесі бетін парақтай бастағанымда көзіме бұрын естімеген, оқымаған «Ақтоқым» әңгімесі шалынды. Оқи отырып бұрынғы бір ескі танысымды шырамытқандай бөлек күй кештім. Іздедім, есіме түсіре алмадым. Әлден уақыттан кейін ғана кәрі сұлба біртіндеп қылаң берді. Иә, Шыңғыс Айтматовтың аялы «Ақ кемесі». Сол «Ақ кеме» мен Қалихан Ысқақтың «Ақтоқым» әңгімесінде бір жатырдан шыққандай беймәлім жақындық бар. Екі шығарманың жанры әртүрлі болғанымен, тақырыптық һәм идеялық үндестігі айқын туындылар. Айтматов миф арқылы адамзаттық трагедияны ашса, Қалихан ауыл тіршілігі мен табиғаттың қаталдығы арқылы адамдық өлшемді көрсетті. Екеуінде де ортақ кейіпкер нәзік жанды тіршілік иесі. Бірінде бұғы ана мен бала болса, бірінде елік. Екеуі де тағдырдың қатал шындығына төтеп бере алмай қаза табады. Осылайша екі жазушы адам мен табиғат арасындағы киелі байланысты қорғап, жоғалтып алған мейірім туралы ой тастайды. 
Қазақ-Қырғыз әдебиеті тамыры бір, тарихы ортақ қос арна. Екі халықтың ауыз әдебиетінде де эпостық дәстүр, табиғатқа табыну, мифтік таным, еркіндікті аңсау басым. Осы дәстүр XX ғасыр прозасында да өз жалғасын тапты. Әр халық өз топырағынан шыққан жазушылары арқылы өз үнін тыңдатып, адамзаттық мәселелерді көтерді. Солардың ішіндегі бірі әрі бірегейі, қырғыз әдебиетінің алыбы Шыңғыс Айтматов. Түрік халықтарына ортақ тұлға болған Шыңғыс Айтматов ХХ ғасыр прозасын жаңа белеске көтерді. Ол тек қырғыздың ғана емес, адамзаттың сөзін сөйлеген жазушы болды. Әлем Айтматов арқылы Орта Азия тынысын, даласының үнін, мифін, философиясын естіді. Ұлттық аңыз бен мифті заманауи шындықпен тоғыстыру, адам тағдырын ғарыштық ауқымға көтеру оның шығармаларына тән басты ерекшелік. 
«Боранды бекет», «Жәмила», «Қош бол Гүлсары», «Ақ кеме», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Ғасырдан да ұзақ күн» т.б шығармалары Шың­ғыстың жалауын биікке көтерген ғажап туындылар. Сол шығармалардың ішінде «Ақ кеменің» орны айрықша. Бұл повесть тек бір баланың трагедиясы емес, адамзаттың жоғалған мейірімінің трагедиясы.
Бала бейнесі – үміт пен аңсардың символы. «Ақ кемедегі» бала жетім, қорғансыз, бірақ ішкі әлемі бай, қиялшыл кейіпкер. Оның барлық өмірлік қуаты ақ кеме туралы арманында. Ақ кеме жай ғана кеме емес, ол құтқарушы, еркіндікке шығаратын ақ әлем, болашаққа апаратын үміт. Бала үшін ақ кеме ересектердің қатал шындығына қарсы ішкі қорғаны. Ол кеменің келмейтіні белгілі, бірақ бала қиялында ол әрдайым жүзіп бара жатады.
Шығарманың өзегінде қырғыздың көне мифі Бұғы Ана туралы әпсана айтылады. Бұл миф тек өткеннің әңгімесі емес, адам мен табиғат арасындағы келісімнің көрінісі. Киеге қарсы шықпау, киеге қол сұқпау табиғат пен адам арасындағы рухани тепе-теңдікті сақтайтын жазылмаған заң. Алайда шығарманың ішінде бұл заң бұзылады, киелі деп санаған Бұғы ананы, аңды атып алады, ал баланың атасы, момын ақсақал да осы сәтте әлсіздік танытып, шарасыз күйде қалады. Сол аянышты сәт мифтің күйреуі ғана емес, баланың ішкі әлемінің де күйреуі еді.
Айтматов үшін табиғат тек сыртқы көрініс емес, кейіпкердің тағдырын шешетін күш. Тау, орман, көл, бәрі-бәрі баланың ішкі жан дүниесінің айнасы. Бірақ табиғат киесі адамдар тарапынан қорланды. Ал енді адамдарға ол да қорған бола алмақ емес.
Осыдан барып шындықтың қаталдығы алға шығады. Зорлық, қорлық, арсыздық үстемдік етеді. Әлемнен әділет жоғалған соң, баланың өзінің «ақ әлеміне» сапар шегуден басқа жолы қалмайды.
Бала ақырында өз қиялына беріліп, ақ кеме тұрған әлемге кетуді таңдайды. Бұл өз еркінен шыққан шешім емес, жанның шаршауы, үміттің үзілген сәті. Шығарманың шиеленіскен тұсында ешқандай айғай жоқ, тек үнсіздік бар. Бірақ сол үнсіздік бүкіл қоғамға тағылған ауыр айып сияқты. Табиғатқа жасалған қиянат адамның өзіне жасалған қиянат екенін Айтматов осы туындыда айқын көрсетті. Бұл повесть ұлттық мифтің негізінде жазылғанымен бүкіл адамзатқа «Мейірім жоғалған жерде болашақ жоқ» деген сыңайда ортақ ой тастайды.
Ал енді осы әңгімеміздің туын­дауына мұрындық болған Қалихан Ысқақтың Ақтоқым шығармасына тоқталайық. Әңгіме Алтайдың қақаған қысқы бейнесінен басталады. «Қызыл шұнақ аяз», «тоң қарағайлардың торс-торс айырылуы», «қорғасындай ауа» т.б осы сарындас суреттеулер табиғат адамға дос емес, сынаққа айналған әлем екенін үнсіз емексітеді. Осы көркем суреттеулердің ішінде әртүрлі кейіпкерлер тіршілік етеді. Шал, бала, торы бие, ауыл адамдары. Әңгіменің ауаны қарапайым шаруадан басталып, Ақтоқымның тағдырына қарай шиеленіседі де, соңында бір ақ сәттік аянышты көрініс – «сынық мүйіз, тыртық танаумен» түйінделеді.
Баяндаушы – бала. Оның көзімен біз ауыл өмірін, қақаған қысты, боранды күнді және Ақтоқымның өсу барысындағы алуан қылықтарын байқаймыз. Баланың сөзі аңғал, бірақ жүрекке жақын. Ол шалдан қорқақтап, бірде жек көріп, бірде әкелік мейірім іздейді. Шал әңгіменің ең күрделі бейнелерінің бірі. Оның қаталдығы зұлымдықтан емес, тіршіліктің қатал заңының салдары, соның тікелей көшірмесі. Ол балаға «шұнақ» деп айғайлайды, таяқпен нұқиды, бірақ сонымен бірге ауылды асырап отырған жауапкершілігі мол жан да тура өзі. Бұл дала философиясы. Аямау – аман сақтаудың амалы. Бірақ дәл осы қаталдықтың тасасында бала аңсарлы мейірім іздейді. 
Әңгіменің өзегі Ақтоқым атты елік. Балалардың қолға асырап алғаны, әуелде ешкіге теліп емізгені, ойынқұмар қылықтарымен ол үйдің бір мүшесіндей болып кеткені бәрі-бәрі тізбек-тізбек баланың ой елегінен өтеді. 
Ақтоқым балалық аңғалдықтың, мейірімнің символы. Бірақ түз тағдыры бөлек. Қораны жатсынады, елеңдеп тау жаққа қарайды, бір бөтендік сезінетіні тағы бар. Ақыры ол орманға кетеді. Бұл таңдау оның еркіндікке ұмтылысы. Алайда оның трагедиясы айналып келіп, түзде, қасқырдан немесе басқа жыртқыш аңдардан емес, ауыл иттеріне жем болуынан келіп шығады. Бұл бала үшін ең аяулы әрі ащы көрініс. Қасқыр түз тағысы, табиғат заңының жемісі, ал ит адам тұрмысының бір бөлігі. Яғни Ақтоқымды өлтірген табиғат емес, бәрібір адам үйреткен тірі мақұлық екені анық. 
Қалиханның тілі қара сөздің сөлін сығып алғандай көрінгенімен кинематографиялық дәлдіктің үлгісі. Ол сөйлемді қысқа, нақты, образды береді. «Кебежедей буаз бие», «оппаға шөкелеу», «милықтата киіп» т.б. осындай тіркестер ауыл өмірінің бояуын қанық көрсетеді. Әңгіменің шағын көлеміне қарамастан, суреттелген өмір кең, толыққанды баяндалады.
«Ақтоқым» ауылдағы бір ғана оқиға емес, қоғамның мейірімді жоғалтып бара жатқанын көрсететін символдық әңгіме. Әңгіме соңында қалған жалғыз белгі – сынық мүйіз бен тыртық танау. Бұл бүкіл әңгіменің ауыр салмағын арқалап тұр.
Жалпы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» романы мен Қалихан Ысқақтың «Ақтоқым» әңгімесі түрік дүниесінің прозасында бір-біріне қиғаш келмейтін, қайта бірін-бірі толықтыратын екі тамаша туынды. Екеуінде де табиғат көркем кеңістік емес, ар-ұжданның айнасы, адамдықтың өлшемі. Екеуінде де негізгі дауыс балалық аңсар мен үлкендер әлемінің қатқыл шындығы соқтығысқанда туған мұң. Айтматовта бұл үн мифтік кеңістікке жайылып, Бұғы ана тотеміне жалғанса, Қалиханда ол Алтайдың қысқы тынысымен, бір жаралы еліктің тағдырымен сурет­теледі. Нәтижесінде екеуі де адам мен табиғат арасындағы келісімнің бұзылуын қауіптің басты белгісі ретінде көрсетеді.
Ақ кеме орындалмайтын алыстағы уәде сынды, балаға көрінбейтін бөлек әлем. Ол жақындамайды, сонымен бірге өмірдің, жарқын болашақтың бейнесі ретінде үнемі шақырады. Ақ түс – пәктік пен үміт. Ақтоқым – еліктің маңдайындағы ақ белгі, жұп-жұқа үміттің, қамқорлықтың нәзік ізі. Қар мен ай сәулесінің көгілдір салқынына ақ түс Қалихан прозасына суық сұлулық реңін береді. Табиғат сұлу, бірақ адамға мейірімсіз.
«Ақ кемеде» Момын ата мифті жеткізуші, аңғал баланың сенімін арқалаған адам. Бірақ қысымға көнген әлсіздік қасиеті бұғыны атуға, оның етін жеуге мәжбүрлейді. Бала үшін түсініксіз жайт осы тұста басталады. Баланың сенімі, атасы айтқан киеге адал көңілі ересектік жауапсыз шешімнің салдарынан қирайды. 
Ал «Ақтоқымда» қарияның «шұнақ» деп зекіген өктем үні қатал тұрмыстың тәрбиесі екенінен дерек береді. Ол жеке қатыгездік емес, жүйелі тұрмыстың, үстемдіктің белгісі. Баяндаушы бала қамқор, бірақ дәрменсіз. Ауылдың иттері Ақтоқымды жеп қойғанда, бұл қоғамдық бақылаудың да, жеке жауап­кер­шіліктің де морт сынуы. Екі мәтінде де траге­дияның салдары қоғам үшін қалыпты дүниеге айналып кеткен қиянат. Бірінде киені қорлау, ал бірінде әлсізді қорғауға шамасыз орта.
Екі шығармадағы ортақ үн қоғамдағы жанашырлықтың, мейірімнің жоғалуы. Табиғатты жаралау дегеніңіз, баланың жанын жаралау. Қасиетті өлшем бұзыл­ған жерде әлеуметтік байланыс та мағынасыз дүниеге айналады. «Ақ кемедегі» баланың үміті немесе жан иесіне деген мейірімі «Ақтоқымда» ізгі ниетке, өкінішке алмасады. Олар жоғалғанда қоғамның ертеңі суға кеткен бала бейнесі немесе қар астында қалған сынық мүйіз, тыртық танау болмақ.
Екі мәтін де бүгінгі оқырманға эти­калық жауапкершіліктің бұзылмауын, қайта қарауын ұсынады. Баланың көзімен қарау – қатал қағиданы қайта тәпсірлеу тәсілі. Табиғатты сақтау үрдісі мұнда тек артқы көрініс емес, адамдыққа қайту жолы.
«Ақ кеме» мен «Ақтоқым» – ортақ мұңның екі түрлі үлгісі. Біріншісінде мифтік сарын, екіншісінде Алтайдың, табиғаттың көгілдір қырауы. Екеуінде де балалық шақ ақиқаттың соңы емес, басы екенін ұғындырады. Ол бізге тек сеніммен, әлемді таза қалпында ғана емес, әр қырынан қарауға үйретеді. Бұғы-ананы атқызған қоғам да, Ақтоқымды қорғай алмаған ауыл да кемшіліктің нысанасы, ортақ кінәнің айнасы. Сондықтан бұл екі туындыны қатар оқу мейірім мен табиғаттың бір ортақ мақамда, ортақ үнде айтылатынын, ал сол үнді есту – әдебиет алдындағы да, табиғат алдындағы да жауап екенін емексітеді бізге.

Тілеубек БАТЫС

1758 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №46

13 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы