• Ақпарат
  • 09 Қазан, 2025

Дербестікке жол ашқан тарихи күн

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Қазанның жайма шуақ күндерінде көгілдір туымыз аспанмен астасып, жүрегімізді толқытып, ерекше мақтаныш сезімі билейді. Бұл – Республика күні. Бұл – әр азаматтың «біз Тәуелсіз елміз!» деп кеуде керіп айтар күн. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Егемендік туралы Декларация қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын саяси және тарихи тұрғыда айқындап берген тағдырлы шешім еді. Бұл күннің маңызын, тереңдігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу –перзенттік парызымыз.

Бірақ Республика күні тек құжатпен өлшенетін дата емес. Бұл – рухани серпіліс, тарихи әділеттің орнауы, бодандық бұғауынан босап шыққан халықтың «Мен» деп сөйлеуге, өз тағдырын өзі шешуге бет алған сәті. Бұл күн – ХХ ғасырдағы Алаштың арманын заң жүзінде жүзеге асырудың алғашқы қадамы.
Егемендіктің жариялануы ақын-жазушылардың да, ойшылдардың да, қарапайым халықтың да жүрегіне бостандықтың шуағын септі. Бұрын астармен айтылған шындық ашық айтыла бастады. Бұрын бүркемеленген тарих қайта жазылды. Ұлттың үні қайта жаңғырып, руханиятқа еркіндік келді. Республика күні осының барлығына жол ашқан алғашқы саяси бастама. Осы тарихи датаның мәнін сараптай келе қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген зиялы қауым өкілдерімен тілдестік. Олардың ой-пікірі мерекенің рухани мазмұнын аша түседі.
Саясаттанушы Самат Нұртаза үшін Республика күні ресми дата ғана емес, халықтың тарихи жадына салынған белгі екенін айтады.
«Бұл күн әрбір қазақстандыққа осы елдің азаматымын деп ойланатын, мемлекеттілік пен тәуелсіздік ұғымының қадірін түсінуге мүмкіндік беретін күн. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда өзге мемлекеттің идеологиясына жүгінетін азаматтар да бар. Сондықтан Республика күні сияқты мемлекеттік мейрам­дар – дәл соларға бағытталған еске салу. Теледидардан болсын, әлеуметтік желіден болсын Қазақстан, қазақтың жері туралы құндылықтарды дәріптеуіміз керек. Бұл – бізге аманат болған ұлы даланың заңды мұрагеріміз деген үндеу болуы керек», – деді Самат Нұртаза. 
Саясаттанушының айтуынша, ұлт болып ұйысу, мемлекеттік сана қалыптастыру тек заңмен емес, символикалық актілермен жүзеге асады. Республика күні дәл сондай актілердің бірі.
«Тәуелсіздікті біз көрдік, ол – қол жеткен арман. Ал жаңа буын, яғни тәуелсіздікпен бірге туғандар, оны табиғи құбылыс деп қабылдайды. Сондықтан бізге олардың санасына егемендіктің құнын түсіндіру – парыз. Олар 1990 жылдардың тауқыметін, теңге жаңа шыққандағы халықтың таңданысын көрген жоқ. Оны жаңа буынға біз айтуымыз керек, бұл Тәңірдің бере салған сыйы емес, бұл – күрестің, табандылықтың жемісі», – дейді саясаттанушы.
Самат Нұртаза Республика күнін қайта жаңғыртудағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлін де ерекше атап өтеді:
«Президент бұл мерекені қайта күнтізбеге енгізіп қана қойған жоқ, ол халқымыздың тарихи жадысын қалпына келтіруге қадам жасады. Жаңа облыстар құрылды, жаңа саяси бағыт айқындалды. Осындай үміт пен серпіліс кезеңінде 25 қазан – елге рух сыйлайтын күнге айналды». 
Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл мереке 2022 жылдан бастап қайта жаңғырды. Бұл шешім – тарихи әділдіктің салтанат құруы ғана емес, жаңа дәуірге жаңа леп берген символикалық қадам болды. Республика күні енді жыл сайынғы жалпыхалықтық мейрамға айналып келеді. Бұл қоғамның саяси мәдениетінің, тарихи жадындағы жаңғырудың белгісі. 25 қазан – әрбір азаматтың ел алдындағы парызын сезінетін шағы. Бұл – елдікке есеп беретін, болашаққа байыппен қарайтын, тарихи тамырға қайта оралатын күн.
Ал белгілі тарихшы, академик Бүркіт Аяған Республика күнінің тарихи салмағын былай таразылайды: «Қазақтың дербестікке ұмтылысы ХХ ғасырда үш рет көрініс тапты. Бірінші рет – 1917 жылы Алаш Орда үкіметі арқылы. Екінші – 1920 жылғы автономия кезінде. Ал үшінші рет 1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы Декларацияның қабылдануымен жүзеге асты. Бұл қазақ халқының өз мемлекетін әлемге жариялаған шешуші сәті болды», – дейді Бүркіт Аяған.
Тарихшының айтуынша, сол кездегі Жоғарғы Кеңесте нағыз саяси күрес жүріп жатты. Бір жағында – кеңестік жүйенің ығына қарай қисайған ескі элита, екінші жағында – демократияны, егемендікті көксеген зиялы қауым.
«213 депутат «иә» деді, 30% қарсы болды. Бұл оңай келген шешім емес. Парламентте бұрынғы кеңестік мекемелердің өкілдері мен нағыз отаншыл зиялылар пікірталасты.  Кекілбаев, Сартаев, Әбділдин сынды азаматтар ел болудың, мемлекет болудың жолында күресті», – деп атап өтті ол. 
Бүркіт Аяған Республика күнін қазан айында атап өтудің өз логикасы бар дейді. Сонымен қатар, ол мерекенің материалдық символдары да болуы керек деп есептейді
«Қазан – жайлы, шуақты мезгіл. Бұл айда ел жиналып, ашық аспан астында мейрамды тойлауға мүмкіндік бар. Қысқы суық желтоқсанмен салыстырғанда, бұл күн халыққа жақын әрі қолайлы болмақ. Әр өңірде Республика күніне арнап ескерткіштер орнатылуы керек. Бұл тарихи жадыны көзбен көріп, жүрекпен сезінудің тәсілі», – дейді тарихшы Бүркіт Аяған. 
Сонымен қатар жазушы Қуаныш Жиенбай Республика күнінің рухани мәніне үңіледі. Жазушының айтуынша, бұл күн сөз өнеріне де бостандық берген шақ. «Бұл күн – біз үшін бағдаршам. Ұлттың қайда бара жатқанын көрсететін нүкте. Әрине, егемендік туралы көп айтылды, жазылды. Бірақ әр ұрпақ оны жаңаша түсінеді. Ал Республика күні сол түсінікті тереңдететін, маңызын арттыратын ерекше дата. Тәуелсіздік қаламгердің шындықты бүкпей айтуына мүмкіндік берді. Бұрынғыдай емеурінмен жеткізу, астарлап айту дәуірі артта қалды. Енді ақын-жазушылар шығармасын тапсырыспен емес, шынайы сезіммен жазады. Өйткені еркіндік әр шығарманың өзегінде бар», – дейді Қуаныш Жиенбай. 
Республика рухы бүгіннің де, болашақтың да темірқазығы. Ал жазушы үшін Республика күні мәңгілік ұғым. 
«Біз кейде «мәңгілік» сөзін орынсыз қолданамыз. Бірақ дәл осы күн – мәңгілік атауға лайық. Бұл – ұлттың жан дүниесіне айналған, жадына сіңген күн. Ол бізден алыстамайды. Керісінше, жыл сайын жақындай түседі», – дейді Қуаныш Жиенбай. 
Бүгінде біз Республика күнін атап өтіп қана қоймаймыз. Біз ұлт ретінде тарихи жадымызды тірілтеміз. Біз ұрпағымызға «осы күн болмаса, бүгінгі еркін өмір де болмас еді» деп үйретеміз. Біз бұл мерекеге тағзым етеміз, құр ұранмен емес, шын сеніммен, жүрекпен.
Қоғамда түрлі пікір болуы мүмкін. Бірақ бір нәрсе ақиқат: 25 қазан – қазақтың өз тағдырын өзі шешкен күн. Бұл күн болашаққа бастар жолдың бастауы. Түптің түбінде, Республика күні бұл тек саяси құжаттың қабылданған күні емес. Бұл – халықтың рухы қайта түлеген, ел болуға бет алған күн. Ендеше егемен елдің әр азаматы бұл күнді жүрегінде мақтанышпен ұстауға тиіс.

311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №46

13 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы