- Ақпарат
- 09 Қазан, 2025
Көненің сөзі – тарихтың өзі
Дағжан Белдеубай,
«Ana tili»
Халқымыздың бәлен мың жылдық тарихы тілінде сақталған. Жазылмаған тарихымызды тіліміздегі әр сөзден, әннен, күйден, ауыз әдебиеті үлгілерінен іздеуіміз керек. Ең қызығы – қолданыстағы лексика өзгеріп тұрады. Мысалға біз бұрын да жазғанымыздай, бітік, бекауыл, бақауыл, тархан тағы басқа түрік қағандары мен Шыңғыс хан заманынан енген атаулар, тіпті күні кешегі дерлік, сол замандағы басылым біткеннің бірінші бетінен түспеген коммунизм, социализм, партком, коммунист, комсомол сынды атаулар бүгінде мүлде қолданылмайды. Заман өзгерді, заң басқа. Көнерген деген ат қойылып, айдар тағылатын сөздердің бір парасын талдап көрейік.
Негізі көнерген сөздердің біршама бөлігі ежелгі қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты. Мысалға аба деген киім түрін бүгінде жұрт біле бермейді. Бұл кәдімгі жылқы терісінен бүтіндей, яғни жеңін, алдыңғы, артқы өңірін бөлек-бөлек құрамай, тұтас қалпында алып, тіпті түгін де қырмай, иге салып, талқымен жұмсартып жасалған киім. Әрине екі бүйірінен екі қол шығатындай тілік жасалады. Арқа тұсына күләпара құрап тігіледі. Ол адамның бас киімінің сыртынан жауып тұрады. Екі өңіріне қаусыра жамылып байлайтын жіптер тағылады. Абаны сулық, жамылғы деп атауға да болады. Жаңбырда, қарда мал соңында жүретін адамға арналған киім деуге келеді. Алайда сөз төркініне үңілген кейбір ғалымдар «аб» түбірін парсылық су мағынасына теліген екен. Онымен келісу қиын. Себебі сөз тұлғасы туыстық атауларға қатысты секілді. Аба-баба, апа, моңғол тілдеріндегі аваа – әке мағынасы, барлығы, біздіңше пана ұғымын береді. Ауа райының құбылмалы жағдайында пана болатын киім.
Жеке сөздер ғана көнермейді, бүтіндей ұғымдар көнереді. Айталық, қазірге дейін жартылай көшпелі, мал бағатын қазақтар «ақ болып кетті» дейді. Қаладағы емес-ау, қазіргі ауылдағы қазақ та осы сөзді түсінбеуі бек мүмкін. Жазда жаңбыр жаумай, жер қуарып кететін жылдары әсіресе қой мен ешкі ақ болады. Яғни суалады. Саулық қой мен ешкінің емшегі қатайып, сүт шықпай қалады. Қазақы ырымда сүтті қадірлемеуден осындай дерт-дербез пайда болады. Сондықтан сүтті абайсыз төгіп алсаң, Тәңіріден кешірім сұрап, маңдайыңа жағуың керек. Зерттеушілер халқымыздың мұндайда бір түрлі қызық ырымдар жасағанын жазыпты. Ақ болуға қасқырдың қандай қатысы барын түсіну қиын, бірақ ит-құстың бас сүйегіне сүт тамызса немесе тіпті тірі қасқырдың аузын керіп қойып, көмейіне ақ болған малдың сүтін сауса, дерттен айығады деген сенім болыпты. Ақ болу деген тіркеске келсек, малын жамандыққа қимайтын қазақтың, «ақ болмай қалды» демей, «ақ болды» деуі түсінікті секілді.
Бізді таңғалдырған бір сөз – зыңырану. Академик Рәбиға Сыздық осы сөздің түп-төркінін еш сөздіктен таба алмағанын жазыпты. Біз де таба алмадық. Ақын Абыл Өтембетұлының:
Замана қайым болар жер
зыңыранса,
Тау құлап, тас қаңбақтай жұлмаланса, – деп келетін өлеңіндегі зыңыранса сөзін академик күркіре, сырқыра, барқыра, бұрқыра, зырқыра, шұрқыра деген сөздердегі секілді «зың» түбірі еліктеуіш сөз болар депті («Сөздер сөйлейді»). Расында зың ету, ызыңдау еліктеуіш түбірлері. Оңтүстікте қазір әзіл ретінде айтылатын зың-зың сөзі ызыңдап есіңді алу емес, жағымды реңктегі тез, біркелкі тағы басқа мағынасы болар. Сол секілді біздіңше Абыл Өтембетұлы жер сілкінуді суреттеп отыр, оңтүстікте зілзала кезінде гүрілдегендей дыбыс шықса, бәлкім батыс өңірде, Маңғыстау жазықтарында ызыңдаған дыбыс естілетін болар. Бұл жерде біздікі жай болжам, сөз тұлғасын індетіп зерттеу тілші ғалымдардың үлесінде.
Зың түбірі солай болғанда, зым түбірі нені білдіреді? Дәлірегі – зымыстан сөзі. Түсіндірме сөздіктерде зымыстанды «қыс мезгілі» деп анықтама берген. Әлде қазақтың мифке бейім түсінігінде қыстың иесі, киесі.
Кешір, жаным, адасқандай
айбыным,
Құшағында бір зымыстан
қайғының.
Алдымдағы бұлың-бұлың
күндердің,
Жамалынан мұңымды оқып
үлгердім.
(Мұхтар Шаханов).
Ақын мұнда қайғыны суық қысқа теңеп отыр. Осындай көркем шығармаларда болмаса зымыстан да қолданыста тым аз кездесетін сөз. Сөздіктерде араб тілінен енген көне сөз ретінде түсіндіреді. Мүмкін арабқа түрік тілдерінен енген болар? Зымыстан тұлғасындағы зым ба, ызым ба, ызыңның сәл өзгерген түрі ме? Ұзақ ызыңдап жатып алатын, құтыңды қашыратын суық дегені ме? Әлде ізі, жолы, іні мағыналарын беретін жым, жымы түбірі ме? Егер жымы болса, ізі қалған, ін қазған жер деген мағына береді. Осы түбірлерге жалғасып парсылық делінетін стан түбірі қайдан жүр? Мұндай сұрақтың да жауабын болашақ тіл зерттеушілердің үлесіне қалдырамыз.
Сауда сөзі елдің бәріне түсінікті. Бірақ оның төмендегідей мағыналары жұртқа мүлде беймәлім. Сауда сөзінің араб тіліндегі мағынасы «ыза, меланхолия», парсы тіліндегі мағыналарының бірі – «қатты құмарту, махаббат және ызаланушылық, ыза», ал орта ғасырлардағы түрік ескерткіштеріндегі мағынасы «қатты құмарту, сүю, махаббат және құмарлық, әуейілік» (Фазылов). Ал саудайы сөзі ше? Абайдың мынандай өлеңі бар:
Саудайы-ай, сауды алмадың,
сырқауды алдың,
Бір пәлеге жолықтың шырқау
барып.
Ала жаздай көгалды бір көрмедің,
Сары жұртқа қондың ба, ірге аударып, – дегені ұлы ақынның Дүйсенқұл есімді бір әуейіге арнап жазған өлеңі деседі. Ол әйел тастап, жесірлерге үйленгіш адам болса керек. Мұнда саудайы сөзін «әйел десе, есі ауып қалатын әуейі» мағынасында қолданған. «Екі тентек қосылса, саудайы болар, екі мақұл қосылса, таудай болар» деген мақалда да тентектер қосылса, ессіздік жасайды деген ой, ұлы ақынның қолданысын түсінікті қыла түседі.
Сымарыш сөзі көнерген емес-ау, мүлдем ұмытылған сөз деуге келеді. Шалкиізде «Бұ халқыңды кімге сымарыш етерсің?» деген жол бар екен.
Зерттеушілер сымарышты асмарла сөзімен байланыстырады. Орта ғасырдағы түрік ескерткіштерінде асмарланы «өсиет ету» мағынасында қолданған. Демек, Шалкиіз жыраудың Би Темірге қарата айтқаны делінетін өлеңде «артыңда қалып бара жатқан еліңді кімге өсиет етіп тапсырасың?» дегені болса керек.
Зәңгі сөзінің мәнін де біреу біліп, біреу білмейді. Зәңгінің қазір әредік қолданылатын «қара нәсілді адам» мағынасы қайдан шыққанын айту қиын. Сөздің ең бірінші мәні кезінде Қытайда, Монғолияда қолданылған әкімшілік лауазым атауы. Бұл сол мемлекеттерді бірнеше ғасыр бойы билеген мәнжу көсемдері енгізген сөз. Энциклопедияларда тұңғыс-манжур тілдері тобына жататын сібе-солақ диалектісінен енген атау делінеді. Жалпы қазіргі айдарынан жел есіп тұрған қытай (ханзу) халқын, сол елдің қиыр шығысындағы мәнжу тайпасы қаншама ғасыр бойы билеген. Зәңгі шенін сол елдерде қоныстанған қазақтар да иеленген. Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романында «Менің досым Керімбай зәңгінің халі қалай?» деп келетін сөйлемдер бар екен.
Біздің білуімізше, жиырмасыншы ғасырдың басындағы баспасөзде көп қолданылған, кеңестік кезеңде де ұмытылмаған жолбике сөзін қазір жазарман қауым ұмытқан секілді. Жолдан қосылған пысықай деген кекесін мағынасында қолданылатын сөз, тіпті бүгінде публицистиканың тілінен де шығып қалған сыңайлы. Әйтеуір кездестірмейміз. Жүсіпбек Аймауытұлы: «Жолбикелердің ұлтшылдық әдеті қашан қалады? Оларды пайдалануға бола ма?» – деп қолданыпты. Бұл да жалпы заманға сай сөз қолданысы болатынын дәлелдесе керек.
Сол кезде жүгіріп келген Аба: – Хан ием-ай, Құдай сақтады-ау! – деп жылап жіберді. – Рас Құдай сақтады, ақсарбас құрбандық! – деді Шыңғыс демін енді ғана еркін ап – деген сөйлемде, 1900 жылы туған, қазақтың қаймағы бұзылмаған кезін көрген Сәбит Мұқанов ақсарбас сөзін ауызға алып отыр. Қазір Қазақстанның қай қиырына барсаңыз да «құдайы тамақ беріп жатыр» дегенді естисіз. Кеңестік идеология етін қойып, сүйегінен өтіп кеткен халқымның осынысына да шүкір дегің келеді. «Ақсарбас айтып сойды» деген тіркесті, қаймағы бұзылмаған қазақтың ұрпағы ғана айтады. Ақсарбасы басқа түлік емес – қой. Осыдан-ақ халқымыздың қаншалықты өзгергенін көруге болады. Бірде постмодернист жазушы ретінде аталып жүрген бір ініміздің әңгімелерін оқып отырып, ат-әбзелдерінен ештеңе білмейтініне қатты қарным ашқаны бар. Иә, Қамбар ата тұқымын пулеметпен қырған заман болғаны құпия емес, бірақ бостандыққа қол жеткізгенімізге де біршама жыл болмады ма? Зерттеп, біліп алуға өресі жетпеді ме дегің келеді. Оны айтасыз, жақында қой сатып жүрген бір топ жігіттің ісек, тұсақ сөздерін айырмайтынын көріп таңғалдық. Қазақ тоқтыдан кейінгі жастағы қойды ісек, тұсақ деп бөледі, ісегі – еркегі, тұсағы – ұрғашысы деп түсіндіруге тура келді.
Мал ауруларының түрі туралы бұрын да жазғамыз. Сөздіктерді ақтарып отырғанда алқарақ деген жылқы дертін кездестірдік. «Ел аузында тышқаншық, шеміршек, алқарақ деген ауру аттары бар. Шын мәнінде, осы аталған үшеуі – бір ауру» – деп жазыпты марқұм Жағда Бабалықұлы. Мұндай дерт-дербездердің өзге тілдердегі атауларын нақты мамандар болмаса, ешкім білмейді. Маман болмағасын сөздіктердегі атауларды қате көрсетуің ғажап емес. Мал дәрігерлері осындай қазақы атауларды да қолданса деп те армандайсың, ол үшін мал мамандарын қазақша оқыту керек және өзге тілдердегі атау біткенді әр мамандық бойынша тәржімалап, көп данамен бастырып шығарса, оларды оқуда, қызмет барысында қолдануды міндеттесе шіркін дегің келеді.
Надан, қараңғы, білімсіз сөздерінің синонимі ауам сөзін қазіргі әдеби шығармаларда да кездестіре қоймайсыз. Дегенмен «Мұхамедтен кейін дүниеге әулие, пайғамбар келмек емес. Ауам дуананың сонда да әулие болғысы, ауам елдің әулиені көргісі келеді» – деп жазған Ғабиден Мұстафиннің («Көз көргендер») сөзіндегі ауамға надан деген түсінік беріп, бүгінгі әсіредіндар бауырларымыз жүретін жолдарға, үлкен-үлкен қылып жазып қойса дейміз. Олай дейтініміз, ғылым-білімсіз ешқандай ел дамымайтынын Президентіміз де жиі айтып жүр, сондықтан ұлы Абайша айтқанда қазір ғалым болуға талпынатын кезең.
Қорек, нәр, азық, талшық сөздерімен мәндес аужал сөзін де қазір кездестірмейміз десек, артық айтқандық болмас.
Ілияс Жансүгіровтің:
Матаулы малын әке алды,
Әже де алды аужалды.
Жеңгетайды жеңге алды,
Жеңге де киді дамбалды – деп жазғанына қарағанда, аужал ол заманда қолданыстағы сөз болған. («Қазақ әдеби тілінің сөздігі»).
2019 жылы басталған пандемияны індет, тәжі тажал, ковид деп атадық. Расында адамзатқа үлкен ауыртпалық әкелген, өте жұқпалы ауру екенін әр пенде сезінді деуге негіз бар. Біздіңше ауамен тарайтын аталған бәлекет, жер бетіндегі адам біткеннің ағзасын адақтап шыққан шығар. Ал сол індет атауының аулат деген де синонимі бар екен. Сөздіктерде ескі кітаби сөз деп көрсетілгенмен, 1911 – 1915 жылдары Мұхамеджан Сералин шығарған әйгілі «Айқап» журналы «Ол жақта оба деген аулат қатты болып, барған адамдардың көбі қырылыпты» – деген ақпар беріпті. Індеттің бетін ары қылсын десек те, аулат сөзін тірілтіп, қолданысқа енгізуге болатын секілді.
Жазба әдебиетті қайдам, ауыз әдебиетіндегі жыр-дастандарда кездесетін әдиса сөзін ғалымдар парсылық атау деседі. Мағынасы құпия, сыр.
Қолында қалта, ыдыс жоқ,
Қай жақтан ап жүр теңгені?
Бір әдиса сыр бар деп,
Сұлудың көңілі сенбеді – («Бабалар сөзі») деген үзіндідегі әдиса парсыдан енсе енген шығар, мұны да сөйлем ішінде оқырман түсінетіндей қылып пайдаланған жазушы ұтпаса ұтылмайды.
Абайдың:
Мықшима аяғымда былғары етік,
Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.
Үлкен кісе белімде жез салдырған,
Шақпағым, дәндәкуім жарқ-жұрқ етіп, – деген шумағындағы мықшима етік, киіз байпақ, жез салдырған кісе белбеу, шақпақ, дәндәку атауларын қазіргі ұрпақ онша түсіне алмайды. Себебі қазір бұл бұйымдар тұтынылмайды немесе өзгерген. Бүгінде етіктің түрі көп, киіз байпақ мүлде жоқ, кісе белбеудің суретін көрсе де керек-жарақтың шақпақтан бастап бәрін тағынып жүретін затты елестете қою оңай емес. Түсіндірме сөздіктерде дәндәкуді – кісенің оқшантаймен қатар тұратын былғары қалтасы деп анықтама берген. Ұлы ақын жарқ-жұрқ еткен дегеніне қарағанда, былғары қалтаны жезбен қаптаған секілді. Оқшантай – жоғары жағын сүйірлеу, етек жағын доғалдау етіп келтіріп, былғарыдан тігіп, белдікке тағып, оқ-дәрі салып жүретін қалта. Яғни оқ түбірі бекер қолданылып тұрған жоқ. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі «Бір-екі түлкі терісі, қын-қынай, оқшантайлары салпылдаған ескі кісе, етікке жарайтын былғары, мәсіге жарайтын «көзел» – ешкі терісі» – деген сөйлеміндегі қын-қынайы – сыртын күміспен әсемдейтін пышақ, кездік салып жүретін қын болар. Ал қынай туралы, қынай бел тіркесінен өзгені айта алмаймыз. Ол заманда былғарыны, теріні етікшіге жұрт өздері тауып берген. Жақсы былғарыдан етік, ешкі терісінен мәсі тіккенін ұғамыз. Осының бәрін ол мүлде басқа заман болғандықтан түсіндіріп отырмыз. Бүгінгінің қазағы кісе белбеу тақпайтыны өзінен-өзі түсінікті.
Қысқасы, мұндай қолданыстан шығып қалған сөз аз емес. Әр заманда бір сұрқылтай дегендей, тіл байып, қолданысы өзгеріп отырған. Тілдің байлығын айтып тамсану жеткіліксіз, замана шаңы басып, түсініксіз болып қалған сөздерді жуып-шайып қатарға қосып отыру керек. Бұл қолына қалам алған барша қауымның абыройлы міндеті.
421 рет
көрсетілді0
пікір