• Ақпарат
  • 09 Қазан, 2025

«Түріктің түрікке дұшпандық жасауға Хақысы жоқ»

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйлеген Президент 
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, ерекше қонақжайлылық көрсеткені үшін Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевке ризашылығын білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша, күн тәртібі өзекті екенін айтты.

– Түбі бір түрік жұртының та­рихы – тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы. Жақында елдеріміз «Түркі халықтарының ынтымақтастық күнін» атап өтті. Бұл – бірлігімізді бекемдей түсетін маңызды мереке. Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы достас халықтардың басын қосқан мәртебелі әрі беделді құрылымға айналды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтіп, қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететін қауіпті үрдіске айналғанына тоқталды.
– Қазір әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі, сондықтан түрік елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекет ретінде таниды. Бірқатар ел біздің ұйымға ерекше қызығушылық танытып жүр. Бұл ретте Қазақстан ынты­мақтастық аясын кеңейтуге бағыт­талған «Түркі мемлекеттері ұйымы» форматын құру идеясын қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Түркі мемлекеттері аумағында тұрақ­тылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту ісінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен әлеуеті ерекше. Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген елдің шекараға бағынбайтын жаңа қатермен бетпе-бет келіп отырғанын алға тартып, ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.
– Бұл кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты бекемдей түседі, – деді Президент.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықты тұрақтылық пен өсіп-өркендеудің түп негізі ретінде атады.
– Біз 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беруіміз қажет. Бүгінгі саммит осы жоспарды нақты шаралармен толықтыруға тиіс. Ұйымға қатысушы әр мемлекеттің өзіне тән артықшылығы және жетістігі бар. Соған қарамастан ұйым аясында сауда-экономика саласындағы ірі жо­баларды жүзеге асыру үшін нақты те­тік­тер ұсынылған. Соның бірі – Түркі инвестициялық қоры. Осы қаржы ұйымының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз керек. Биыл Түркістанда елдеріміздің экономика және сауда министрлері бас қосады. Сол кезде Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаған жөн болар еді. Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық елдеріміздің экономикасын әртараптандыру ісінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуеті зор деп есептейміз. Келесі жылы осы палатаға Қазақстан төраға болады. Бұл бағытта біз нақты жобаларға басымдық беретін Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдауды ұсынатын боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көлік-логистика сала­сындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруді басты міндеттің бірі санайды.
– Елдеріміз Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабы – Еуразия төрінде орналасқан. Қазір Қазақстан аумағы арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Азия мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан арқылы жөнелтіледі. Жақында біз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қостық. Бұл қадам ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қарқынды дамытуға ықпал етеді. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа тағы да екі маңызды теміржол салынып жатыр. Осы жобалар аймақтық логистиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беретіні анық. Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиядағы жол торабының стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өсті. Жақында Ұйымға мүше мемлекеттердің көлік министрлері Алматыда бас қосты. Тараптар кездесуде осы жол бағдарына қатысты бірқатар келісімге қол жеткізді. Бұл ретте біз түрік мемлекеттерін Орта дәліз бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері және теңіз порттары инфрақұрылымын жаңғыртуға белсене атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан цифрландыру ісіне, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеп, толық цифрлық ел болуды стратегиялық мақсат ретінде айқындағанын жеткізді.
– Жасанды интеллектіні жаппай дамыту үшін білікті мамандар даяр­лауды қолға алдық. Бағдарлама аясын­да жыл басынан бері 400 мыңнан аса студент арнайы білім алды. Сондай-ақ жасанды интеллект мамандарын оқытатын тұңғыш зерттеу университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан осы оқу ордасында білім алуға ниет білдірген түрік елдерінің жастарына арнайы гранттар бөлуге дайын, – деді Мемлекет басшысы
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салалар бойынша ұйым аясында жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаға тоқталып өтті.
– Жуырда Астанада «Alem.AI» жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Біз цифрландыру және жасанды интеллектінің әлеуетін халықтарымыздың игілігі үшін ұтымды пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар жаңа технологиялардан туындайтын тәуекелдер мен сын-қатерлердің алдын алуымыз керек. Сондықтан келесі жылы Қазақстанда өтетін ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынамын. Осы жиынның қарсаңында білікті сарапшылардың басын қосып, халықаралық конференция ұйым­дастыруға дайынбыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазір әлемде аса күрделі мәселеге айналған су тапшылығы таяу арада Орта Азиядағы ең өзекті сын-қатер болуы мүмкін.
– Өзен-судың ортақ игілік екенін ескере отырып, оны тиімді пайдалану үшін жаңа тәсіл керек деп санаймыз. Суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану, су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады. Қазір Каспий теңізі тартылып бара жатқанын білесіздер. Бұған бәріміз алаңдап отырмыз. Қарт Каспийдің түрік жұрты үшін орны қашанда бөлек. Оны халқымыздың арасындағы дәнекер деуге болады. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – жаһандық ауқымдағы мәселе. Мен мұны Шан­хай ынтымақтастық ұйымының самми­тінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерекелік сес­сия­сында айттым. Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Мен түрік мемлекеттерін осы бағытта күш біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге, халықаралық бастамаларды қолдауға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдер арасында сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыс та нығайып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Соның аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Каспий жағалауында түркі мәдениетінің фестивалі өтті. Осы маңызды іс-шараға 100 мыңнан аса көрермен қатысты. Бұған қоса, биыл Алматы қаласы Түркі әлемі жастарының астанасы атанды. Біз өскелең ұрпақты бауырластық рухында тәрбиелеп, жастарымыздың мәдени ықпалдастығын нығайтуды қолға алуымыз қажет. Осыған орай, келесі жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізуді ұсынамыз. Мұндай қадам жастарымызды жақындастыруға, олардың білімі мен білігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақта «Өнерлі өрге жүзеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, өнер, білім, ғылым құндылықтары өркениетіміздің өрісін кеңейтуге ықпал етеді. Қазақстанда елдеріміздің зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, арнайы іс-шара өткізген орынды болар еді. Бұл іс-шараны Ұйымымыздың Ақсақалдар кеңесінің аясында өткізуге болады. Оның үстіне, Түркі әлемін зерттеушілер клубын құруды ұсынамыз. Оны Түркі Академиясының негізінде қалыптастыруға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөз соңында түркі халықтарының тұтастығы мен ынтымағын нығайта түсуге шақырды.
– Әзербайжанның әйгілі ақыны әрі осы тарихи жердің тумасы Бахтияр Вахабзаденің «Түріктің түрікке дұшпандық жасауға хақысы жоқ!» деген өсиеті бар. Біз аға буынның ұлағатты сөздерін жадымызда сақтап, түркілердің түбі бір туыс, бірлігі бекем бауыр екенін бүкіл әлемге паш етіп келеміз, – деді ол.
Мемлекет басшысы Ұйымға төраға­лық ететін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке мол табыс және сәт­тілік тіледі. Түркі мемлекеттері ұйымы ХІІ саммитінің қорытындысы бойынша Габала декларациясына қол қойылды.

354 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №46

13 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы