- Ақпарат
- 09 Қазан, 2025
Мемлекеттік қызмет пен ұлттық тіл – егіз ұғым
Қазір мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінің қолданысы жыл сайын артып келеді.
Бұл – «Тіл туралы» заңда бекітілген, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстың нәтижесі. Мемлекеттік қызметкер ретінде қазақ тілі тек іс қағаздарын жүргізу тілі ғана емес, ол мемлекеттік саясатты халыққа жеткізудің, қоғаммен байланыс орнатудың басты құралына айналуы керек деп білемін.
Кейбір ведомствода қазақ тіліндегі ресми құжат айналымы, жиналыс, есептер, ресми хаттар бұрынғыға қарағанда көбірек жүргізіле бастады. Дегенмен, әлі де кейбір аймақта қазақ тілінде еркін сөйлеу немесе сапалы жазу дағдылары жеткіліксіз. Бұл, бір жағынан, тілдік орта мен тәжірибенің аздығына байланысты болса, екінші жағынан, кейбір мекемеде қазақ тіліне деген нақты талаптың төмендігінен туындайды.
Мемлекеттік қызметші – халыққа ең жақын қызмет көрсететін тұлға. Сондықтан мемлекеттік тілді жетік меңгеру тек міндет емес, ол кәсіби біліктіліктің маңызды бір көрсеткіші болуға тиіс. Бұл бағытта тіл курстары, ішкі тренингтер, тілдік серіктестік жобалары және мотивациялық іс-шаралар қажет. Сонда ғана мемлекеттік аппаратта қазақ тілінің толыққанды қолданысын қамтамасыз ете аламыз.
Түркістан облысы әкімдігі жүйесінде мемлекеттік тіл қазақ тілінің қолданысы жақсы әрі сапалы. Өйткені облыс тұрғындарының басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейтіндіктен, мемлекеттік қызметкерлер үшін бұл тілді жетік меңгеру қызметтік міндет қана емес, халықпен тиімді қарым-қатынастың негізі.
Қазір әкімдік ішіндегі ресми құжаттар, есептер, жиналыстар мен халықпен жұмыс барысында қазақ тілі кеңінен қолданылады. Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, мемлекеттік басқару жүйесін халыққа жақындатуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы әкімдігі бұл мәселені шешу мақсатында мемлекеттік қызметкерлердің тілдік біліктілігін арттыруға ерекше мән береді. Тіл курстары мен семинарлар ұйымдастырылып, мемлекеттік тілде жұмыс жасау мәдениеті қалыптасып жатыр. Бұл біздің мемлекеттік қызметіміздің сапасын арттырып, халықтың сенімін нығайтады деп есептейміз.
Жадыра ПЕРДЕБАЙҚЫЗЫ,
журналист
483 рет
көрсетілді0
пікір