- Ақпарат
- 09 Қазан, 2025
Сәбиттің кітап сөресі
Қазақтың жолы кең академик-жазушысы Сәбит Мұқановтың 1965-73 жылдар аралығында тұрған, өмірінің соңғы сегіз жылын өткізген қарашаңырағы әдеби-мемориалдық музей-үйге айналғанына да биыл 47 жыл. Қазіргі таңда жазушының жеке қорында он мыңға жуық жәдігер бар. Әр жәдігердің шертер сыры сан алуан.
Қаламгердің рухани-мәдени ордасының мемориалдық бөліміндегі үш бөлменің бірі өзінің жұмыс кабинеті. Осы бөлме құндылықтарымен танысуға кірген келушілерді қызықтыратын ерекше жәдігер, жұмыс үстелінің тура қатарында, төрде орналасқан дүние – кітап қоятын этажерка. Бұл этажерканы Сәбең әскери қызмет атқаратын ұлы Алтайдан қалап сұрап алған екен.
Этажерка, қолөнер туындысы. Материалы – ағаш. Қоңыр түске боялған. Биіктігі – 140 см., ені – 35см, ұзындығы – 75 см. Кітап қоятын қатар саны – төртеу. Жазушы бұл этажеркаға көлемі үлкен кітаптары мен анықтағыштарын, альбомдарын, қолжазбаларын қойған.
Этажерка жөнінде Сәбеңнің жұбайы Мәриям Мұқанова «Сағынышым Сәбитім» атты естелік кітабында (2000 ж. Жазып алған, құрастырған – Г. Құдабаева) былай деп баяндайды: «...Сәбиттің тағы бір қылығы есіме түсіп отыр. Осы күнгі музей ашылған үйге 1965 жылы көштік дедім ғой. Жаңа үйге кірген соң бір жақсы жиһаз алайық деп, осы күні музейде тұрған (қонақ үйдегі) гарнитурды алдық. Сәбиттің кабинетіне де шет елдік әдемі үстел, кітап жинайтын шкаф алдық. О кездегі дүниелер қандай, шіркін! Қырық жылдай болды, әлі күнге өңдерін берген жоқ қой! Бәрін орын-орнына қойып жинап жүрміз. Бір кезде Сәбит бұрыннан тұрған, Алтайдан өзі арнайы сұрап алған, қолдан жасатқан бір ескі этажерка бар еді, соны сүйрелеп апарып қойып жатыр. Тым ескі екені су жаңа дүниенің қасында көрініп қалды. Алтай әскери қызметте көшіп-қонып жүрді ғой. Тұрақтап бір жерде тұрмаған соң, мебель де жинай алмайды. Солдаттардың қолынан шыққан этажерка. Сәбит соған қызығып, әдейі сұрап алған. Балалар, әсіресе, кірпияз қыздар: «Папа, мүлде келіспейді ғой, түрі жаман» – деп шу ете қалып, жағаларын ұстады. «Қайтер екен» – деп мен тұрмын. Сәбит болса аспай-саспай: «Маған әдемілігі керек емес. Мына этажеркаға үйреніп қалғанмын. Күнделікті қажетті кітаптарымды, қағаздарымды қоюға өте ыңғайлы», – деп бой бермей қойды. Алғашында бәріміз де риза болмай, жұрт көрсе күледі-ау деп, менсінбей жүрдік. Сәбиттің қаперіне де кірмейді. ЦК-ның Хатшысы келсе де, сол этажеркасын жатып кеп мақтары сөзсіз еді. Сол этажерка музейде, Сәбит өз қолымен қойған жерде әлі тұр».
Назгүл АЛТАЕВА,
Алматы қаласы музейлер бірлестігіне
қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің
ғылыми бөлім жетекшісі
453 рет
көрсетілді0
пікір