- Ақпарат
- 23 Қазан, 2025
Жасанды интеллект және жаңа журналистика
«Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз» – Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіге қатысты бұл сөзі адамзат тарихының шын мәнінде жаңа парағы ашылғанын білдіреді. Елімізде жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ірі істер атқарылып жатыр. Осы орайда әр сала бұл аса маңызды шаруада өз орнын таба білуі қажет-ақ. Сондай саланың бірі – жасанды интеллектімен сәт сайын, сағат сайын бетпе-бет келетін журналистика. Таяуда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика мен медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Біз осыған орай көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың сол конференцияда сөйлеген сөзі арқау етілген мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қытайдың Сиань Цзяотун университетінің Журналистика және жаңа медиа институтының директоры Ву Фэн Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика мен медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуі қай жағынан қарағанда да құптарлық қадам екенін арнайы атап айтты. Демек, факультет бұл арқылы біздің бәріміз үшін қазір өте көкейкесті тақырыптың дәл төбесінен түсіп тұр. Жалпы, алдағы кезде оқу орнындағы пәндер қатарына жасанды интеллектіге қатысты жаңа пәндер қосылуы, жаңа медиа жасаудың жолдары үйретілуі де маңызды міндет. Өйткені біздің жарты сағат бойы ежіктей айтқан жайымызды студент қалта телефонын бір ашып жіберіп-ақ сол тақырыптың не бары екі бетке сығымдалған, ғылыми тұрғыдан сыннан өткен тұжырымын оқи алатын жағдайда жұмыс істеуімізге тура келеді.
Ұлы көршіміз Қытайдың қай салада да, соның ішінде цифрлы технологияны дамытуда да көш ілгері кеткенін сөздің ретінде айта отырып, төраға Си Цзиньпиннің туған жерінде – әлемге әйгілі «Саз сарбаздары» («Терракотовая армия») орналасқан Сиань қаласындағы университеттің Журналистика және жаңа медиа институтымен байланыс орнату, өзіміз куә болған меморандумға қол қою Еуразия ұлттық университеті үшін де пайдалы болады. Кезінде Сиань қаласына арнайы барып, «Сиань сарбаздары» деген мақала жазып қайтқан болатынбыз. Жер астындағы ол қазына – ғалам ғажаптарының бірі.
Мыңжылдықтар тоғысында адамзат алдынан шыққан сынақтардың, адамзатқа берілген мүмкіндіктердің екеуін ғана бөліп айту қажет болса, әрине, біз бәрінен бұрын жаһандану мен жасанды интеллектіні тілге тиек етеміз.
2003 жылы Алматыда Екінші Еуразиялық медиа-форум өткенде Шыңғыс Айтматовтан сұқбат алудың сәті түскен еді. Сонда жаһандану мәселесі де әңгіме арқауына айналған. Айтматов осыған орай былай деген еді:
«ХХІ ғасыр прагматизм ғасыры болады. Ендігі жерде идеяларға ғана құрылған, саяси бағытқа ғана сүйенген мемлекетаралық қарым-қатынастар бірте-бірте қала беретін шығар. Не тиімді болса, соны қалайтын сана адамзат бойына бірте-бірте сіңе беруге тиіс. Ненің дұрысы да, ненің бұрысы да оның керек-керексізімен айқындалады. Жаһанданудың басты белгісінің бірі де сол прагматизм. «Жаһандану жағымды нәрсе ме, жағымсыз нәрсе ме» деген өнбес даудан осы бастан аулақ болған жөн. Бұл жетіскеннен келген нәрсе емес. Кез келген құбылыстың жағымды да, жағымсыз да жағы болады. Жақтырмаймын деп жиырылып жатып алғаннан өзіңе жамандық жасағаннан басқа ештеңе шықпайды».
Одан бері де жиырма жылдан аса уақыт өте шығыпты. Қазір жаһандану жөнінде журналистер ешкімге сұрақ қойып та жатпайды. Жаһандану бүгінде кәдуілгі жай. Болмысқа айналған құбылыс. Енді соған бейімделуден, жаһандану жағдайында өмір сүруден, жарасудан, жарысудан, жанталасудан, жағаласудан басқа жол жоқ. Сол сияқты біз көп ұзамай-ақ жасанды интеллект туралы да күдік-күмән келтіре сөйлемейтін боламыз. Жасанды интеллект заманында өмір сүретін боламыз. Бітті. Ол да бірте-бірте кәдуілгі жайға айналады.
Айнала да бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында, 12 қазанда Астанадағы халықаралық форумда сөйлеген сөзінде: «Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлде басқа арнаға бұрып, жұмыс үдерісін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшының бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне пара-пар» деп атап көрсетті. Осыдан кейін интернетті шұқылап қарасақ, дүниежүзілік жалпы ішкі өнімнің көлемі 113,8 триллион АҚШ доллары екенін көреміз. Сонда қазірдің өзінде ЖИ-дің жаһандық экономикаға қосып отырған үлесі 28,5 триллион АҚШ долларын құрайтын болып тұр ғой! Конференцияда сөз сөйлеген сенатор Бибігүл Жексенбай әлемде таяу жылдардың ішінде ЖИ саласына 1 триллион доллардан аса инвестиция салынады деген болжам жасалып жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ жасанды интеллект туралы тұңғыш заң Мәжілістен өтіп, Сенатқа жеткені хабарланды. «Қатып қалған заң емес» деді Бибігүл Нұрғалиқызы. Расында да, өзгермелі өмірге байланысты заңдардың қайта қаралып, толықтырылып, жетілдіріліп жататыны жиі кездеседі. Күні кешегі парламентші ретінде айтайын, жасанды интеллект туралы заңға да арада біраз уақыт өткеннен кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні анық. Өйткені дәл осы салада жаңалықтар жиі бой көрсететіні сөзсіз.
Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналуы, біздің жасанды интеллект мүмкіндігін толық пайдаланатын ел болуымыз қажеттігі ашық, анық айтылып отыр.
Негізінде қазір-ақ Қазақстанда цифрлық мемлекеттің негізгі сипаттары түгел көрініп жатыр десек артық болмас. Бәрі де салыстыра қарағанда білінеді ғой. Ана бір жылы, көрші мемлекеттегі белгілі оқиға басталғаннан кейін біраз адам Қазақстанға жөңкіліп келген бетте олардың біздегі цифрландыру қарқынына қайран қалғаны, мысалы, айналасы бір минуттың ішінде Kaspi карталарына ие болып шыға келгендеріне, жүрген-тұрғанның бәріне қалтафоннан төлеп кете бергендеріне таңданғаны есімізде. Жазып жүрген кітапқа байланысты соңғы екі жылда Ташкентке үш рет жолымыз түсті. Онда барсаңыз да, мұнда барсаңыз да, өзбек сумын судыратып санап беріп жатасыз. Қазақстанға келіп-кеткен адамның қай-қайсысы да біздегі цифрландыру деңгейін тамсана еске алады. Өзіміз де қолға қағаз ақша ұстаудан қалып барамыз. Қысқасы, қазіргі таңда жасанды интеллектіні барынша дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатының ұстынды ұстанымдарының біріне айналды. Жасанды интеллект және цифрлық даму деп аталатын арнаулы министрлік құрылғаны – осының нақты айғағы.
Бізге ұсынылған «ЖИ және жаңа журналистика» деген тақырып төңірегіндегі мәселелер алдымызға қандай проблемаларды көлденең тартады?
Ең бастысы – бұл мәселе бүгінде дұрыс, яки бұрыс, қажетті яки қажетсіз деген пікірталас белесінен өтіп кетті. Ендігі жерде оған уақыт шығындап, жүйке жұқартудың керегі жоқ. Журналистиканың жасанды интеллектіге бейімделуі былай тұрсын, ЖИ-ға толық бұрылмайынша жаңа журналистика жасалмайтынын басын аша айту керек. Жақтырсақ та осы, жақтырмасақ та осы.
Алдымен неге жақтырмауымыз мүмкін дегенді айтып көрейік. Өзіміз қазірше толық танып-білмеген нәрсені неге жақтыруымыз керек деген сұрақтың тууы заңды ғой. Себебі, жасанды интеллектінің немен айналысатыны жөніндегі сұраққа тоқтамды, бірыңғай жауап әлі қайтарыла қойған жоқ. Мысалы, бір томдық «Қазақ сөздігінде» «интеллект» сөзіне екі анықтама берілген. Біріншісі – зияткерлік (адамның ойлау қабілеті; ақыл, ес). Екіншісі – зоологиялық ұғым. Зоопсихологияда жоғары сатылы жануарлардың психологиясы да интеллект көрінісіне жатады. Мысалы, дельфиндердің интеллектісі приматтар интеллектісімен маңайлас келетіні дәлелденіп отыр. Мұның екеуі де биологиямен байланысты анықтама. Ол сөздік 2013 жылы шыққан ғой, одан бері көп нәрсе өзгерді ғой дей салудың жөні келмейді. Философияда адам интеллектісінің табиғаты, болмысы, сипаты жайында талас пікірлер әлі күнге ортаға салынып жатады. Интеллект биологиялық феномен ғана болуға тиіс, ол тек солай бола алады деп санайтын көзқарасты қолдайтындар жеткілікті. Интернеттен ЖИ туралы ғылымды қалыптастыруға үлкен үлес қосқан профессор Стюарт Рассельдің адамзаттың жасанды интеллектінің артық дамуынан апатқа ұшырау қатері нақты бар деген пікірін оқып қалдық. Дүниені дүрліктіріп тұрған Илон Маск та жасанды интеллектінің қатты қарқын алуына байланысты алаңдайтынын талай рет айтқан. Айтатын жөні де бар. Басқасын былай қойғанда, онсыз да оқудан бой тарта бастаған адамзаттың ойланудан бас тарта бастайтындай қаупі жоқ емес қой...
Бұл саладағы зерттеулер түптің түбінде адамды ақыл-ойы, есі, ерік-жігері жағынан он орап кететіндей жасанды күшті дүниеге әкелді дейік. Өзі де осыған жақындап бара жатқандай ғой. Сонда ол Құдайдың құдіретінсіз жаратылған болып шыға ма?.. «Құдайсыз қурай да сынбайды» дегеніміз қайда қалады? Жоқ, бәрі де Жаратқанның қолында. Жаңылтпаштай етуге тура келсе де, жазып көрейік: Жаратқан жаратқан адамның қолымен жаратылғанды да Жаратқанның құдіретіне жатқызамыз. Адам жаратылмаса, оның ақылымен, қолымен ештеңе жасалмайтыны белгілі ғой. Сөйтіп, жасанды интеллектінің де арғы түбінде биологиялық бастауы бар екенін пайымдаймыз. Шынын айтқанда, басқаша пайымдауды жағдайымыз да көтермейді.
Журналистердің өзінің ЖИ десе, жиырыла қалмағанмен, біразының іштей жақтамайтын жөні де жоқ емес. Бәрінен бұрын оның біздің кәсібімізді кәдімгідей құнсыздандыратыны анық. Көлденең көк аттының қалаған сәтінде қалаған тақырыпқа дайын дерліктей мақалаға, тіпті зерттеуге қолы жете қалатын болып шыға келгені талас тудырмайды ғой. Плагиатқа даңғыл жол ашылады. Бейімбеттің «Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдың Мұқышы екен де қой» дейтініндей, мақаладан автордың бұған дейінгі жазып келе жатқан мәнерінен алшақтау кететін, аяқ астынан ғылымилана қалатын сіреспе сөйлемдер кездестіре бастасаңыз, «Е, бұл жері жасанды интеллектіден алынған екен» дейсіз де қоясыз. Сол тақырыпқа қалам тартқан басқалар да мәліметті ЖИ-ден жинап жатады. Олар да әлгі сөйлемдерді пайдаланады. Қайсысының бұрын пайдаланып үлгергенін дәлелдеу дегеніңіз қиямет-қайым. Алуға болмайды дейтін қағида тағы жоқ. Онда жаңағы «плагиат» деген сөз де артық саналады. Содан сақтанғаннан қазір интернетте «Авторы: ChatGPT» деп қол қойылған материалдар да жарияланып жүр. Ойды баяндау мәнері бір-біріне ұқсас болып келеді. Бұл бара-бара стильдік біртектілікке, сүреңсіздікке соқтырмай қоймайтыны белгілі. Бір кезде қасаң құрылған сөйлемді «Қазақша емес, қазтагша» («ҚазТАГ» – «Қазақ телеграф агенттігі») дейтініміз сияқты, енді сөзі сықасқан, сөйлемі сірескен мақаланы жиі жазғанды «ЖИ-і жазған» деуді шығаруымыз да мүмкін. Жалпы, ЖИ пайдаланылып дайындалған материалға даярға маяр бола кеткендей қарай салу – жеңіл сөз. ЖИ жинап берген деректі шығармашылықпен қорытудың, сондағы тезистерді, фактілерді жатық тілмен оқылымды, тартымды, қызықты етіп берудің, яғни журналистік төл туындыға айналдырудың жөні басқа. Жаңа журналистика жасаудың бір талабы, бір шарты да осы. ЖИ журналистикасында авторлық құқықтың бұзылуы жиілейтінін осы бастан-ақ айта беруге болады. Шығармашылық еркіндікке, авторлық субъективтілікке шектеу қойылатыны тағы бар. Өйткені кез келген мәселе бойынша оқырман жасанды интеллектінің бұл жөніндегі әлдеқайда ғылыми негізделген, сарапталған, салмақты пікірін оқып, салыстыра алады. ЖИ арқылы жалған ақпарат тарату мүмкіндігі көбейетіні де күмәнсіз. Үйреншікті әрекет ету тетіктері жаңа қатерлерге тойтарыс беруге икемделе алмай жатыр. Нейрожелілер арқылы даусыңызды, жүзіңізді айнытпай түсіру былай тұрсын, кәдімгі фотоның негізінде-ақ неше түрлі қимыл-қозғалысты қолдан жасауға болатынын қалтафоннан құдайдың құтты күні көріп келеміз. «Мем болсаң, кем болмайсың» деген мақал да шығыпты. Ең жаманы, бұл әлі басы ғана. Алаңдайтын жай жеткілікті. «Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығып келе жатыр. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ. Яғни, «жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме, әлде құрдымға кетіре ме?» деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет. Мысалы, кезінде атом энергетикасымен қатар атом қаруы пайда болды» (Қасым-Жомарт Тоқаев). Өзге жағын айтпағанда, жасанды интеллект енгізудің, яғни көптеген кәсіп иесінің жұмысын автомат жүйе атқаруының әсерінен халқы жиырма миллионға жаңа жеткен біздің Қазақстанда-ақ бір миллионнан аса адам жұмыссыз қалуы ықтимал деген болжамның өзі қатты ойландырмай қоймайды ғой. Оның әлеуметтік салдарын осы бастан ойластыра беруге тура келеді.
Жасанды интеллект деп біз машинаға, соның ішінде компьютер жүйелеріне тән интеллектіні айтамыз. Ол интеллект «машина шығармашылығы» деп аталатын шығармашылықпен айналыса бастағалы біраз болды, мысалы, компьютердің музыка жазатыны, тіпті әдеби шығармалар туындататыны мәлім. Жапондық ЖИ жазған бір әңгіме әдеби сыйлыққа ұсынылған. Интернеттің «номинированный» дегеніне қарағанда, сыйлық ала алмапты, әйтеуір. Көптеген елде фильм дубляжы үшін мәтінді аудару біраздан бері жасанды интеллект арқылы жасалып жүр. Жақында жарық көрген «Алып Абай» атты кітабымызда: «Цифрлы технология, жасанды интеллект заманында іскерлік әдебиетті, тіпті ғылыми әдебиетті басқа тілге аудару мәселе болудан қалды. Бара-бара проза да аударыла бастар, бәлкім. Әй, бірақ, мәшиненің қолынан поэзияны аудару келе қоймас. Аударылса мағынасы аударылар, сырлылығы, сұлулығы, саздылығы жеткізілмес!» деп жазған едік. Мына қалпымен бара берсе, жасанды интеллект проза тұрмақ, поэзияңызды да тастай етіп тәржімелеп тастайтын жылдар да жақын қалғандай көрінеді. Нейрожелі жазған өлеңдерді қазір әлеужеліден оқып та жүрміз.
Ал жасанды интеллектінің журналистикада қолданылуын неге жақтаймыз? Жақтайтынымыз – оның қазіргі деңгейінің өзі кез келген тақырып, кез келген мәселе бойынша болашақ авторға басты бағыт-бағдарды айна-қатесіз айқындап беруге, келешектегі зерттеуіңізге, мақалаңызға, негізгі-негізгі тезистерді тез түзіп тастауға, ең керекті фактілерді санаулы секундта суырып салуға жетіп жатыр. «Автоматтандырылған журналистика» деген ұғым пайда болды. Оны «алгоритмдік журналистика», «роботтандырылған журналистика» деп те атап жүр. Автоматтандырылған журналистика біздің кәсіп иелерінің «қара жұмысын» жеңілдететіні, талдамалы материалдарға тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік беретіні талассыз. Қажетті деректерді алу тездетілетінін айтудың өзі артық. Жылдамдық та, дәлдік те, оқырманмен, көрерменмен, тыңдарманмен тікелей байланыс та арта түседі. Диктофонға жазылған әңгімені сағаттап тыңдау деген қалады, мәтін автоматты түрде шығарылады, қажет десеңіз, автоматты түрде аударылады. Айта берсе, көп-ақ.
Жасанды интеллектінің жаңа журналистикаға жол ашатыны шығар күндей шындық. Алайда бәрін жасағанда да, ЖИ-дің түптеп келгенде талантты, дарынды алмастыра алмайтыны анық.
Алмастыра алмайды, бірақ толықтыра алады. Бізге керегі де осы.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
филология ғылымының докторы
601 рет
көрсетілді0
пікір