- Ақпарат
- 23 Қазан, 2025
Тарих тағылымы және бүгінгі бағдар
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Республика күні – тек мереке емес, ұлттық рухты жаңғыртатын, ортақ ой мен пікірдің тоғысар тұсы. Осыған орай газетіміз ұйымдастырған дөңгелек үстелде тарихшы, саясаттанушы, экономист және білім саласының өкілдері тәуелсіздіктің тарихи бастаулары мен оның ұрпақ жадындағы орнын кеңінен талқылады. Әңгіме өзегі – елдік сана, азаматтық жауапкершілік және егемендік идеясын жастарға жеткізудің жолдары болды. Қатысушылар Республика күнін тек тарихи дата ретінде емес, елдің еңсесін көтеріп, болашаққа бағыт беретін рухани мереке ретінде бағалады.
Халықтың аңсаған арманына жол ашылды
Еліміз егемендік декларациясын қабылдап, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін саяси жүйеде көптеген өзгеріс болды. Республика мәртебесін иеленген соң Қазақстанның жаңа мемлекетін және оның саяси жүйесін қалыптастыру оңайға соқпады. Тәуелсіз елдің мемлекеттік нысаны мен табиғатын анықтауда еліміздің саяси басшылығы мен интеллектуалдық қуаты алдында аса күрделі міндеттер тұрды. Республикамыздың қалыптасу кезеңі бұрынғы КСРО аумағында саяси, әлеуметтік-экономикалық мүдделер мен қарым-қатынастардың ерекше шиеленісуі үдерісімен қатар келді. Әсіресе мемлекеттің негізгі байлығы – адам ресурсы, яғни республика тұрғындарының саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтарын кеңейту, сөз еркіндігі, ұлттар мен этностардың тілі мен мәдениет саласындағы сұраныстарын қанағаттандыру, ел татулығы мен бірлігін нығайту қажет болды. Соған сай мемлекетімізді қалыптастырып, саяси жүйені тұрақтандыру қажет еді. Мемлекет қоғамның саяси жүйесінің бір бөлігі бола отырып, мақсатты, жария, ашық, заңды, ел мен халықтың егемендігінің негізі, субъектісі және соның тікелей иесі ретінде қызмет етеді. Соған орай саяси жүйеде республика өмірінде көптеген өзгеріс келді. Атап айтсақ, Президенттік институт, қос палаталы, кәсіби негізде жұмыс істейтін Парламент, көппартиялылық, азаматтық қоғам институттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы т.б. тәрізді принципті жаңа саяси құрылымдардың түзіліп, қалыптасуы және қызмет жасауы деп айтуға болады.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Республиканың саяси басшылығы азаматтарының құқығы сақталуын қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Алғашқы кезекте Қазақ КСР-і атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Мемлекет жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды деп нақтыланды. Елде қоғамның әлеуметтік-мәдени өмірінде тарихи сананы жаңғыртып қалыптастыру тәрізді маңызды міндеттерді іске асыру үшін бірнеше маңызды іс-шара атқарылды. Кеңес кезіндегі әкімшіл-әміршіл жүйедегі жаппай қуғын-сүргіннің алпыс жылдығына орайластыра отырып, 1997 жыл «Қоғамдық келісім және саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», ал ғасырлар тоғысындағы 2000 жыл «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланды. 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде тарихи әділет үстемдік алып, тарихи зердеміз жаңарды. Төл тарихымызға қатысты маңызды құжаттар мен материалдар, көптеген дереккөз алыс-жақын шетелдерден жинақталып, топтастырылды, яғни тарихымызға жаңа серпін берді. Әрине, бұдан басқа да маңызды іс-шаралар төл теңгеміздің айналымға шығуы, мемлекеттік даму бағытымызға сәйкес Конституциямыздың қабылдануы, алыс-жақын шетелдермен мәдени, саяси байланыстар орнатылып, елшіліктер алмасу сынды толып жатқан іс-шаралар атқарылды.
Шындығын айтқанда, еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға көп құжаттың бірі деп қарамауымыз керек. Ол сан ғасыр бойы ата-бабамыз аңсаған, жауынгерлік ерліктер мен Алаш зиялылары аңсаған ел тәуелсіздігінің басты құжаты болды. Өзімізге дейінгі дәл сол декларация қабылданған тұсты басынан өткерген аға буынның пікірлері мен еңбектерінен байқайтынымыз, халықтың барлығы бірдей тәуелсіздігімізге сеніммен қарамады. Үлкен тоқырауды бастан кешіп, қайта құру саясатынан елдің әл-ауқаты одан әрі төмендеп, жаппай жұмыссыздық пен халық тұрмысының нашарлаған тұсы болды. Сол тұста Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіндегі депутаттардың арасында еліміздің тәуелсіздік алатын кезеңі келгенін сезінген мемлекетшіл аға буын болғаны белгілі. Олардың қатарында Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Әбіш Кекілбаев т.б. қоғам қайраткерлерін атай аламыз. Ел тәуелсіздігін жариялау үшін алдымен мемлекеттік егемендіктің негізін құжат түрінде ресімдеу қажеттігі туындады және ол құжат – мемлекеттік егемендік декларациясы еді.
1990 жылғы 25 қазандағы егемендік декларациясы тәуелсіздігіміздің негізін қалауға жол ашқан тарихи құжат және «Егемендік туралы декларация» бірінші конституциялық акт болып есептеледі. Осы тұста КСРО-ның экономикалық әлеуеті әлсіреп, іргетасы қозғала бастады. Бұл Одақ құрамында отырған ел басшыларын ойландырып, тәуелсіздік туралы мәселені астыртын қарастыруына негіз болды. Осы орайда шовинистік пиғылдағы азаматтар бұл құжаттың қабылдануына қарсылық білдіретіні даусыз еді. Өйткені олар мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның одақтан бөлініп шығуына негіз қалады. Ал жалпы бұл бүкіл халық үшін, кез-келген ұлт үшін аса маңызды тарихи сәт болды. Сол тұстағы саналы азаматтың барлығы да оны қуана қарсы алды деуге болады. Яғни, қалың халық бұқараның өкілдері де, Жоғарғы Кеңес депутаттарының басым көпшілігі де бұл құжаттың қабылдануына қарсы болған жоқ. Себебі Желтоқсан оқиғасынан кейін сол кезде елдегі қоғамдық-саяси белсенділік артып, халықтың ұзақ уақыттан бері аңсаған арманына жол ашылды.
Республика күні бүгінде қандай идеологиялық немесе тәрбиелік рөл атқарады? Бұл күн ата-бабамыз аңсаған, оның ішінде ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстары армандаған мақсат-мұратының орындалған күні десек те болады. Олардың әрқайсысы еліміздің тәуелсіздігі жолында аянбай күрес жүргізіп, әрбір ісімен сол жолда өзін пида етті деуге болады. Өткен тарихымыз айқындап отырғандай. Бұл атаулы күн идеологиялық рөлден қарағанда тәрбиелік мәні бар деуіміз керек. Жер бетінде 3500-ден аса ұлт пен ұлыс болғанымен, оның барлығында жеке дербес мемлекеті жоқ. Сол себепті үлкен қиын тарихи сәттерді басынан кешіп, сол үмітті жол арқылы тәуелсіздікке қол жеткізген және тәуелсіздікті дүниежүзілік аренада заңдастырған тәуелсіздік декларациясы қабылданған күн аса ерекше. Оны әр бір қазақстан азаматы ерекше сезіммен атап өтуге тиіс.
25 қазан – Қазақстанның тәуелсіздігіне жол ашқан мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған күн деумен шектелмеуі қажет. Декларация күні құнды әрі қымбат және оны әр бір жастың патриоттық, отансүйгіштік қасиетін оятуда өте елеулі күн ретінде қала береді.
Гүлжазира ЕСТАЙҚЫЗЫ,
тарих ғылымының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
қазақстан тарихы кафедрасының доценті
Әр республика қорын сақтап қалуға ұмтылды
1990 жылы КСРО экономикасы дағдарысқа ұшырады. Өндіріс көлемі төмендеді, инфляция деңгейі артты, халықтың тұрмыс деңгейі төмендеді. КСРО басшыларының басқаруға қабілетсіздігі мен экономикалық саясаттағы қателіктер халық арасында наразылық туғызды. 1991 жылы Қазақстанда инфляция деңгейі, ресми мәліметтер бойынша, 147,1% болды. Алайда кейбір дереккөз бұл көрсеткіштің 191% болғанын атап көрсетеді. Баға тұрақсыздығы байқалып, халықтың сатып алу қабілеті күрт төмендеді. Республикалар арасында экономикалық байланыстар әлсірей бастады, әр республика өз қорын сақтап қалуға ұмтылды. 1990–1991 жылдары Қазақстан әлі КСРО құрамында болды, бірақ тәуелсіздікке ұмтылыс байқалды. Экономика жоспарлы социалистік жүйеден нарыққа өте бастағанымен нақты реформалар әлі жүзеге аспады.
Өнеркәсіптік өндіріс көлемі төмендеді, 1991 жылы өнеркәсіп кәсіпорындар саны 19 393 болды, бірақ баға индексі алдыңғы жылмен салыстырғанда 293,1-ге жетіп құлдырады. Өндіріс саласында теңіз мұнайы мен тау-кен салалары маңызды рөл атқарды. Өндіріс көлемі КСРО жоспарлары бойынша бағытталды, нарық сұранысына бейімделмеді.
Ауыл шаруашылығы саласында қиындықтар туындады. Аграрлық секторда жерге меншік негізінде колхоз, совхоздарда болды. Тамақ өнімдері мен егін шаруашылығы тапшылығы байқалды. Ұлттық валюта теңге ол кезде әлі жоқ еді, рубль қолданыста дегенмен, тұрақсыз болды. Қолма-қол ақша тапшылығы байқалды және баға көтерілді. КСРО ішкі нарығына тәуелді болғандықтан, импорт-экспорт құлдырады. Әлеуметтік жағдай ушыға бастады. Халықтың тұрмысы күрт нашарлады. Жалақыны, әсіресе ауылдық жерлерде кешіктіріп төлеу әдетке айналды. Әлеуметтік инфрақұрылым да дағдарысқа ұшырады: ауруханалар, мектептер мен мәдени мекемелер қажетті қаржыны ала алмады. Жастар мен жұмыссыздар саны артты: статистикаға сәйкес, 1991 жылы Қазақстанда ресми тіркелген жұмыссыздық 2,5–3% болды, бірақ іс жүзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары еді. Сауда деңгейі төмендеп, дүкен сөрелері босай бастады. Дүкендерде тауар тапшылығы байқалды: қант, ұн, күнбағыс майы, макарон өнімдері сөрелерден жоғалды. 1990–1991 жылдары азық-түлік және тұтыну тауарларының бағасы айтарлықтай өсті. Мысалы, қант: 1,5 рубльден 3–4 рубльге дейін қымбаттады. Ұн 1,2 рубльден 2 рубльге дейін өсті. Күнбағыс майы: 3 рубльден 5-6 рубльге дейін көтерілді. Картоп 1 рубльден 2-2,5 рубльге дейін қымбаттады. Тауар тапшылығы мен баға өсуі халықтың тұрмыс деңгейіне теріс әсер етті. Сауда көлемі КСРО жоспарланған жүйесіне сәйкес жүргізілді, бірақ жеткізушілер мен транспорт мәселелері салдарынан халыққа тауар жетпеді. Көшелерде кезек пен «тарату пункттері», әсіресе Алматы, Қарағанды, Қостанай қалаларында пайда болды. Нарықта «қара базар» дамып, тарифтер ресми бағадан 2–3 есе жоғарылады. Ауылдарда дүкен сөрелері негізгі азық-түлікпен (картоп, сәбіз, ұн) толықтырылғанымен консерві, шұжық, жеміс-жидек тапшы болды. Мысалы, Алматыдағы бір супермаркетте 1991 жылдың басында қант сатып алу үшін сағаттап кезекте тұру керек болды. Картоптың бір кг-ы 1 рубль болып ресми бекігенімен, базарда 2–2,5 рубльге сатылды. Азық-түлік карточкалық жүйе кейбір өңірде әлі сақталып, «қолды» тауарларды алу үшін карточка қажет болды. 1990–1991 жылдар Қазақстан үшін экономикалық қиындықтар мен өзгерістер кезеңі болды. Бұл кезең елдің тәуелсіздікке ұмтылысын күшейтіп, нарықтық экономикаға көшу қажеттігін көрсетті.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымының
докторы, қоғам қайраткері
Рухты дәріптейтін күн
Тәуелсіздікке дейінгі жол жеңіл болған жоқ. Түрік дәуірінен, Қазақ хандығының құрылуынан бастап, жоңғар шапқыншылығы мен отарлық кезеңдер қазақ халқының азаттыққа ұмтылысын күшейтті. ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртуға жол ашты. Ал ХХ ғасырдың соңында, Кеңес Одағы ыдыраған тұста, Қазақстан егемендігін қайта қалпына келтірді. 25 қазанда қабылданған декларация сол тарихи үрдістің заңды жалғасы болды.
Республика күні – тек тарихи мереке емес, ұлттық сана мен рухты дәріптейтін күн. Егемендік елге білім мен ғылымды, мәдениет пен руханиятты еркін дамытуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда білім беру саласы мемлекеттің дамуы мен болашағының негізгі тірегі болып отыр. Осы бағытта еліміздің жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті маңызды рөл атқарады. Университеттің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасы шетелдік және отандық тыңдаушыларға Қазақстанның тарихы мен мәдениетінен сыр шертіп, тіл үйретеді, ұлттық құндылықтарға баулиды. Тыңдаушылар Республика күні қарсаңында елдің қалыптасу жолы жайлы шежіремен танысып, отаншылдық сезімді күшейтеді. Бұл күні кафедрада танымдық іс-шаралар, тарихи дәрістер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталады. Бүгінгі ұрпақ үшін Республика күні – тек мереке емес, елдің өткенін құрметтеп, болашағына сеніммен қарау күні. Ұлттың тұтастығын, бірлігін және мемлекетшілдік рухын дәріптейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы егемен еліміздің білім мен ғылым арқылы өркендеуіне үлес қосып келеді. Тыңдаушылар ел болашағына сеніммен қарап, «Білімді ұлт – мықты мемлекет» қағидатын басты ұстаным етеді. Тәуелсіз елдің келешегі жастардың қолында. Осыған орай, Республика күні – әрбір жасқа өз елін сүюге, тарихын құрметтеуге және оның дамуына үлес қосуға шақыратын ерекше күн.
Бүгінгі Қазақстан – білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға негізделген тәуелсіз мемлекет. Республика күні – өткенге тағзым, бүгінге мақтаныш, болашаққа сенімнің мерекесі.
Айша БЕГАЛИЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЖОО дейінгі
дайындық кафедрасының аға оқытушысы
Халыққа берілген мүмкіндік
Менің ойымша, егемендік декларациясын адамдар жаппай оқып, танысқан жоқ. Декларацияны қарап шығыңыздар және оны басқалардың егемендік және тәуелсіздік туралы декларациясымен салыстырыңыздар.
Тәуелсіздікті қазақ халқы өзінің алдына қойған мақсатын жүзеге асыру үшін алды. Ол не мақсат? Ол – отар кезінде, отар ел болғанда, тоталитаризм кезінде құрып кеткен ұлттық құндылықтарымызды қайта қалпына келтіру. Бұл – бірінші мәселе. Бұл Біріккен ұлттар ұйымының құжатында бар. Отар болған ел Тәуелсіздік алғаннан кейін деколонизация бағдарламасын жүргізуі керек. Бұрынғы кеңес үкіметінен қалған, сол уақыттардағы зорлықпен, айламен құрып кеткен тілді, дінді, мәдениетін қайталап орнына келтіруі керек. Тәуелсіздік – халыққа берілген мүмкіндік. Ол мүмкіндік ата-бабамыздың, Алаштың арманы, Желтоқсанның ұраны еді.
Дос КӨШІМ,
саясаттанушы
Жас ұрпақ санасындағы еркіндік сабақтары
Республика күні – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған егемендікке алғашқы қадам жасаған сәті. Жай ғана мереке емес, елдіктің бастауы, тәуелсіз ой мен дербес санаға жол ашқан тарихи белес. Бүгінгі жас ұрпақ осы күннің қадірін, оның рухани мәнін терең түсінуге тиіс. Себебі республика идеясы тек саяси ұғымды білдірмейді, ол азаматтық жауапкершіліктің, ұлттық намыстың және рухани тәуелсіздіктің символы. Мұны түсіндіру – ұстаздың ең басты борышы.
Мектептерде жыл сайын Республика күніне арналған апталық өткізіледі. Оқушылармен бірге «Егемендік – ел ертеңі» атты пікірсайыстар ұйымдастырамыз, көрмелер мен дөңгелек үстелдер өткіземіз. Жас ұрпақ ойын ашық айтып, еліміздің қалыптасу кезеңін талқылап, еркіндік туралы түсініктерін жаңғыртады. Осындай іс-шаралар арқылы балалар елінің тарихына бейжай қарамайтын, ұлттық сана қалыптасқан азамат болып өседі.
Қазіргі ұрпақ үшін Республика күні тек өткеннің естелігі емес, болашақтың бағыты. Біз балаларға 1990 жылы қабылданған Декларацияның тарихи рөлін түсіндіру арқылы оларды азаматтық сана мен отансүйгіштікке тәрбиелейміз. Сол құжаттың арқасында еліміз өз тағдырын өзі шешуге құқылы дербес мемлекетке айналды. Бұл – бабалар арманын жүзеге асырған ұлы құндылық. Жас буынға осы құндылықтарды сіңіру – рухани жаңғырудың өзегі. Өйткені елдік сана тек кітаптан емес, жүректен, тәжірибеден, өмірлік үлгіден сіңеді. Сондықтан әрбір ұстаздың, әрбір ата-ананың міндеті – балаларға Республика күнінің тарихи мәнін ғана емес, оның рухын да жеткізу. Біз ұрпаққа мұра етіп қалдыратын ең қымбат байлығымыз жеріміз бен тіл ғана емес, еркін ой, тәуелсіз сана. Республика күні соның бастауы, азаттыққа апарар жолдың алғашқы қадамы. Осы мереке бізге ел болудың, ұлт болып ұйысудың, мемлекет болып нығаюдың қадірін ұғындырады. Әрбір оқушының жүрегінде бұл күн мақтаныш сезімін тудырып, елжандылықтың нұрын себуге тиіс. Егер біз сол нұрды сіңіре алсақ – ұлттың болашағы жарқын, егемендіктің іргесі берік болмақ.
Жадыра КЕНЖЕБЕКОВА,
№172 мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі
Дөңгелек үстел барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстардың ортақ түйіні – Республика күні тек тарихи дата емес, ел болашағына бағыт беретін рухани бағдар екені айқындалды. Қатысушылар тәуелсіздік идеясының жас ұрпақтың санасында терең орнығуы үшін білім беру мен мәдени-ағарту саласында жүйелі жұмыстар атқарылуы қажет деген ойға тоқталды.
Дөңгелек үстелді жүргізген:
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
785 рет
көрсетілді0
пікір