- Ақпарат
- 30 Қазан, 2025
Бауыржан мен Шерхан
Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығы туралы айтылып, жазылып келеді. Бұл тақырыпта әлі талай ұрпақ қаузайтыны анық. Алайда майдан мен баспасөздің қос батыры Бауыржан мен Шерханның рухани байланысы туралы жазылған дүние аз деген де пікірлер айтылып жатады.
Шынында, қос тарлан турасында ертеде бауыржантанушы-ғалым Кәтімхан Мұхамеджанов «Төрт тұлға» атты мақаласында Бауыржан Момышұлы архивіндегі жазбалар бойынша көп деректер берсе, кейінірек Шерағаның өзі де естеліктерінде, мақалаларында, тіпті «Ноқтаға басы сыймаған» атты пьесасында батыр туысы туралы жақсы мағлұматтар қалдырыпты. Олар тек рухани байланыстағы таныстар ғана емес, ағайын, ағалы-інілі болған соң да, айтар ойы, жазар естелігі көп болды. Жалпы, ел көрмеген бір-бірінің мінез-құлқы мен болмысының қырларын да жақсы білді. Содан да олардың бір-бірі туралы жазбалары басқалардікінен өзгешелеу. Ара тұра сол жазбаларға сілтеме жасап, өзге де авторлардың бұл тақырыпты қаузап өткенін көреміз.
Шераға күнделігінде Бауыржан Момышұлы туралы жазбалар 1956 жылдан басталады. Нақтырақ айтсақ, Шераға күнделігі 1954 жылдың шілдесінен кейін үзіліп, 1956 жылдың 27 мамырымен жалғасқан. Осы аралықтағы жазбалар сақталмапты. Өкінішті. Өйткені ер Баукеңмен алғаш жолығатын кездері де сол тұста жазылғаны анық. Қолда бар күнделікте: «30.V.56. Сағат 9-да Баукеңе бардым. «Бір түннің тарихын» беріп, директорыңа тапсыр деді. Бүгін тағы бір ескерту жасады. Бұдан бұрын үш ескерту болатын: бірі – 1954 – 31 декабрь – Москва, ресторан «Өзбекстан», екіншісі 1956 – апрель – Рахмалы Байжарасовтың үйінде – қонақта, үшіншісі – өз үйінде – 9 майда)», – делінген. Екеуінің жолығып, жақынырақ танысатын кезі 1954 жылдың екінші жартысы деуге анық болады. Өзі айтқандай, Мәскеуде танысқан.
Жазушы Бауыржан батырды алғаш көрген сәтін «Ай мен Айша» романында жазған. Әкесінің қайтқанын естіген батыр туған ауылына Құран бағыштауға келіп, елмен жүздесіпті. Сол кезде ел ішінде бала Шерхан да болған екен. Шамамен ол 1939–1942 жылдар. Бауыржан Момышұлының өзі жазған шежіресінде әкесінің қайтқан жылы – 1939 жыл деп көрсеткен. Ол кезде әкесінің жасы 82-де екен. Бұл жазбаны 2010 жылы жарыққа шыққан 30 томдық жинақтың 26-кітабынан көре аламыз. Ал Шераға күнделігінің 1970 жылғы 6 қазандағы жазбасында: «1942 жылы қыста Бауыржанның ауылға келуі. Ақбоз айғыр (Тасқожа). Венгр тон. Оң қол – омырауда, апаннан аттату. Кейіннен оны-мұны оқып-білгеннен кейін пайымдасам, Наполеон ылғи солай жүреді екен. Оң қолы омырауына сұғулы. Бәлкім, әскери данышпандар бір-біріне ұқсар», – дейді. Романнан батырдың жазушының анасына, қызыл қырғынның ызалы жесір әйеліне демеу сөздерін айтып, балаң үшін бекем бол дегенінен артық әңгіме аңғарылмайды. Бірақ «Батырдың інісі» деген ат болашақ жазушының жүрегіне қай кезде де жылулық беріп тұрғаны тағы белгілі. Оны сол романнан жездесінің ауылында болған кезінде де, намысымен бетпе-бет келген шағында да сөз етеді.
Күнделіктегі жазбаның басы былай басталады: «27.V.56. Кеше кешке Бауыржанның үйінен шығып тура Тұрарға тарттым, одан шығып таксимен У-ге бардық. Міне, бүгін Алматыдан 20 км батыстағы Ақсай өзенінің жағасындамыз». Одан кейінгі күннің жазбасында филармонияда қырғыз ақындарымен өткен кездесуде жолыққанын жазып, қасындағы министрдің орынбасары Смайыловтың, Зейнолла Қабдоловтың барын, олардың көзінше үйіне шақыруын түртіп қойған. Яғни бұл кездері, жуалылық қос батыр етене жақын, ағалық жолмен інісін үлкен топқа қосуын байқау қиын емес. Оны Шераға сұқбаттарының бірінде де сөзге тиек етеді. Яғни ұлтын сүюді, оған қызмет етуді батыр Бауыржаннан үйрендім дейді. Өмірде бәрі бір-біріне себепкер.
Екеуі де Алматыда жүрген кезі. Шерағаның әлі даңқы асқақтай қоймаған, жас маман шағы. Ол кезде үлкен қаладан тұратын бұрыш табудың өзі жыр. Сонда пана іздеген біраз қазақ қаламгерлері батырдың үйіне барады екен. Бұл турасында Шераға Тәуелсіздік жылдарында батыр туралы жазған «Бауыржан, Рахымжан, Кәкімжан» атты естелік мақаласында: «1956 жылы Батыр Бауыржан армиядан біржолата босап, Алматыға келді. Қазіргі Қабанбай көшесі мен Фурманов көшесінің қиылысында, үш қабат үйдің екінші қабатында Бәукеңнің екі-ақ бөлмелі, құрқылтайдың ұясындай ғана пәтері бар. Бәйбішесі Жамал ханым «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің редакциясында қызметкер.
«Лениншіл жастың» бас редакторы Абай Бейсенбаевтан басқа қызметкерлерде үй жоқ. Сонда жас журналистер Кәкімжан Қазыбаев, Саттар Бөлдекбаев, Хайдолла Тілемісов т.б. осы ұядай үйге келіп паналайды. Бауыржан Момышұлы келген соң, олардың саны көбейе түседі. Әлгілерге үй-жайы жоқ мен де келіп қосыламын. Бәріміз осы үйдің балаларындаймыз. Шіркін, көңіл кең болса, үйдің тарлығы ештеңе емес екен ғой...» – дейді. Сондағы батырдың қазақы кеңдігін, мәрттігін, ағалық қамқорлығын, турашылдығын да сипаттап тұрғандай.
Енді бір жазбасында: «25.VІІ.76. Бүгін газеттерде респ. сыйлыққа ұсынылғандар тізімі жарияланды. әдебиеттен: Ғ.Орманов, И.Шухов, Бауыржан Момышұлы, Бердібек Соқпақбаев бар. О басында 9 адам еді. Бесеуі: Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, Д.Әбілов, Т.Әлімқұлов, Ө.Тұрманжанов жасырын дауыстан кейін тізімнен түсіп қалды. Б.Момышұлынан басқасы бәрі дерлік өздерін ұсындыруға күш салғандар. Б.М-ға бәрібір. Берсең – рахмет, бермесең – бетіңнен жарылқасын деген адам. Егер Комитет адамгершілік тұрғысынан келсе, 2 сыйлықтың біреуін соған беретін жөні бар», – депті. Батырдың мұндай қыры ел айтқан көп әңгімеден таныс-ақ. Дегенмен жанында бірге жүрген Шерағаның мінездеуінен оның тұлғасындағы қаталдықтың түбін қазып білуге болатындай. Бұл жазбаға үндес мына сөзі: «5.І.77. Б.Момыш-ұлы: атағым да шықты, шатағым да шықты. Жамандар болмай, жақсылар шықпайды». Оның сабыр ұғымын бойына терең сіңірген адам екенін де аша түскендей. Дегенмен көп жазбада батырдың шатақ мінезі де сөз болады. Онысына біраз замандасы ренішін де білдіріпті. Кейбірі оны Шерағаға айтып, мінезін түземек те болса керек. Бірақ оқ пен оттан шыққан адам да танк сияқты тек алға оқталып жүретіні бар. Сол мінез ұлт үшін бақ болғанымен, жеке бас үшін сор екенін көбі білмесе керек.
«23.ІІ.79. Бау. Момыш-ұлы. Хамит. Е екеуміз. Трубка. Шатақ. Менің әкеме деп берген трубканы Х.Е. тартып алды. Мейлі. Бірақ, озбырлық. – Бөлініп шыға келді мыналар! – деп Хамит шарт ете қалды, есікті тарс жауып, коридорға шықты. Жынды дию басады. Бәукең үндемей отырып қалды. Трубка әдемі еді. Неге «әкеңе» деп бергеніне таң қалдым. Менің әкемді сөзде мақтайды, бірақ жазуда еш жерде атамайды. Мен соны айтып едім, сірә, мені жұбатқаны шығар», – дегені де батырдың алдымен адам, одан кейін ірі тұлға екенін еске салады.
1956 жылғы тағы бір жазбасында Шераға Бауыржан Момышұлын ұлы Бақытжанмен бірге пойызға шығарып салғанын жазады. Сол сәттегі батырдың тұлғасына деген тамсануын орыс тілінде жеткізген екен: «Он был в военной форме, и разумеется, у него в этой форме был восхитительный вид. Нет, ему не идет штатская форма – он создан от природы военным человеком». Бұл жазбасын әрмен қарай өз сезімімен жалғайды. Онда ол ағасын екі-үш айдай көрмейтініне көңілі түсіп, қатты бауыр басқанын, әкесіндей көріп, арқа сүйегенін де айтады. Алайда көңіліндегі алабұртқан бұл сағынышты, құрметті жеткізуге тілі жетпей, тек іштен тынып, сезімін қағазға ғана түсірген екен. Кейде екі тұлғаға да ортақ сезім туралы сөзге сараң осы бір қасиетін көп жазбаларынан аңғаруға болатындай.
Шерағаның Бауыржан батырға арқа сүйеуінің тағы бір мәні – өзінің есінде еміс-еміс қалған әкесінің бейнесін көзкөргеннен естіп, көңіліне медеу табуында болса керек.
Қазақ зиялы қауымына келген үлкен зобалаң кезінде жазықты да, жазықсыз да жапа шеккенін, соның бірі Мұртаза болғанын Баукең бір әңгіменің кезі келгенде Шерағаңа айтқан көрінеді. Соның бір мысалы, 1979 жылғы 8 қыркүйектегі жазбасында. Батыр ағасымен сұқбатын түртіп қойыпты. Онда Бауыржан Момышұлы жасының жетпіске келгенін, Имаш бабасындай 90-ға келер-келмесін уайым етіп, ендігі есте сақтау қабілетінің нашарлауына байланысты жазуды тоқтататын ниетін айтыпты. Тек өз сөзімен айтқанда, «жазушыларға материал» болмақ екен. Құдайдың жазуымен соғыста жан тапсырған миллиондардың бірі болмай, аман қалуы – білгенін, көргенін ертеңгі ұрпаққа жазып қалдыру үшін деп те қабылдаса керек. Осы жолғы сұқбатында Жуалының жақсы менен жайсаңдарының біразын көзбен көргенін айтыпты. Соғыстан қайтпай қалған боздақтарды да, Сталиннің «қылышынан» қырылған ақтаңдақтарды да еске алып, әңгіме етеді. Сондағысы Шерағаң соларды жазсын дегені де болар. Оның әкесі Мұртаза мен бауыры Әміреқұл туралы да баяндапты.
Соғыстың сызы дендеп, жарасы жанына батқан күндердің бірінде Бауыржан Момышұлы Шерағаға әңгімесін айта отырып: «Күнкөріс үшін жазған жазушы – жазушы емес. Киіну үшін де ақыл керек, – дей келе, – ...Мұртаза ағамның сақалы тығыз, жирен еді. Клином – он был чистоплотным, аккуратным. Атты баптай білуші еді. Бірақ маңғаз емес еді. А я держусь. Ақментей батырдың шөбересімін ғой», – депті. Оны Шераға 1970 жылғы 8 желтоқсандағы жазбасына түртіп қойған.
Бұл әңгіменің біразын Шераға ертеректе де талай естіген. Дегенмен құйма құлақ түбі бір шығармама арқау етермін деп, күнделігіне өзі ғана ұғатындай етіп ықшамдап жазған.
Ер Баукеңнің жомарттығын сипаттайтын да жазбалар бар. Оның бірі 1960 жылы досы Дмитрий Снегиннің үйіне келіп, кітабын сүйіншілеп тапсырған кезі. Сондағы жазбада: «Ата-бабаларымның салты бойынша, сіздерге ат мінгізуім керек еді, – деді Бауыржан. – Менің атым жоқ. Сондықтан орамал тонға жарамайды, жолға жарайды дегенді айтып, бір-бір орамал беремін.
– Сенің әрбір сөзің біз үшін тұлпармен тең, аттың керегі не, – деді Дм.Снегин» делінген.
Осыған ұқсас тағы бір оқиғаны Шераға 1970 жылғы 11 қарашада күнделігіне түртіпті. Бірақ онда Бауыржан Момышұлының үйіне Нұртас Оңдасынов келгенде, оған үй егесі жаңадан шыққан екі томдық кітабын сыйлап, «мінгізген ат, кигізген шапаным осы», – дейді. Оған Н.Оңдасыновтың жауабы: «О не дегенің, Бәуке, мүйіз шығатын болса, ат та міндік, шапан да кидік кезінде. Мына сыйың оның бәрінен артық мен үшін». Бұл да бір батырдың қазақылық ілтипаты мен министрдің ізеттілігін, адамды бағалау қасиетін бізге үлгі еткендей.
Ал Батыр Бауыржан Момышұлы 1973 жылы өз шежіресін тарқатып жазған қойын дәптерінде: «Шерхан – МГУ-ді бітірген, 1956 жылдан журналист, «Лениншіл жас» газетінің тілшісі, көп жылдар редакторы, көп мақалалардың, үш-төрт кітаптың авторлығынан аты жұртшылыққа белгілі жазушы. Биылдан бастап, «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының секретарі. Жасы да, ісі де «Жігіт ағасының» дәрежесінде. Менің «Мәскеу үшін шайқас» кітабымның алғашқы әдеби редакторы. Ой, пікір, тіл тұжырымдары бар жазушы қатарына енді»,- деп бағамдапты. Бұл бағамын Шераға күнделігіндегі 1971 жылғы жазбасынан да аңғаруға болады. «Наша семья» кітабын аудару туралы ұсыныс түскенде, батырдың бір тілегі – Шерағаның аударғанын қалапты. Өйткені ондағы суреттелген табиғат, орта, тарих оған таныс, жанына жақын болғандықтан, аударма сәтті болар деген үмітін де жеткізіпті.
Күнделікте Шераға Бауыржан батырды 60 жас мерейтойымен бір топ адам үйіне құттықтай келгендегі жиынды жазыпты. Онда батырдың ашылып, біраз тарихты қозғай жақсы әңгімелерді айтқанын баяндайды. Соның ішінде Домалақ ене туралы да бар. Одан кейін бабасы туралы да әңгімелесе керек. Оны жазушы өз стилінде, шағын оқиға түрінде беріпті. Онда: «Бауыржанның бабасы Имаш бағбан кісі екен. Момынқұл деген баласы туғанда (Момыштың інісі) Имаш оның құрметіне тал отырғызады. Сол шыбық кейін алты құлаш алып бәйтерек болып өседі. Арғы жағы Шақпақтан, бер жағы Күйіктен көрініп тұрады. Момынқұл ұрда-жықтау екен. Бір рет Бурныйдың орыстарымен келісіп, әлгі бәйтеректі сатпақ болады. Ағасы Момыш кейиді. Ол ағаш құлаған күні сен де құлайсың дейді. Інісі оның сөзін тыңдайды. Бірақ кейін Момыш қайтыс болады, соғыс басталады. Жоқшылық басталады. Бәйтерекке көз тіккен күндері колхоз арба жасамақ. Ара салады. Араны тұс-тұсынан. Бірақ жуандығы сонша – ешбір ара ала алмайды. Жан-жағы араланып, ортасы, өзегі кесілмей қалып қояды. Сонда Жуалының бораны соққанда әлгі жаралы, жарымжан ағаш сықырлап, жаны ауырған адамша ыңыранып, зар қағады екен. Рас болса, сонда Момынқұл ауырып, ағаш сықырлаған сайын бұ да бебеулейді екен. Ақыры, ағаш құлап, Момынқұл үзіледі. Құлаған ағашқа 4–5 жыл ешкім жолай алмапты. Кім біледі, мүмкін, мұның бәрі случайное совпадение. Бірақ баба отырғызған ағашта бір қасиет болады ғой. Хотя бы психологического порядка», – деп қасиетті адамдардың қасіретін, тылсым әлемнің байланысын, табиғат пен адамның ажырамас тұтастығын да жеткізгендей. Расында, мұндайды бұрынғылардан көбірек естіп, «қасиет» ұғымының астарына жиі үңілетін едік. Бүгінде сол қасиеттен жұрдай болып бара жатқандаймыз ба?! Тылсымның да, қасиеттің де қадірін бір ғана «ширк» сөзімен немесе ештеңені бағаламаумен жоққа шығарып жатқандаймыз. Ал ол замандағы қазақ қоғамы қасиет қонған адамнан именуді де біліп, елдікті, кішілік пен кісілікті сақтады емес пе?!
Мұндай тарихи әңгімелерді батыр жиі тілге тиек етсе керек. Оның ішінде Әулиеата өңірінің ертеректегі тарихы, батырдың көзбен көріп білгені, көзкөргендерден естігені Шераға үшін аса құнды қазынадай баяндалған. Арасында Байзақ датқа туралы айтқаны, ауыл адамдарының басынан өткергенін айтып отырғанда, орайы келе қағазға түртіп ала беріпті. Мұндайда әңгімешінің тарихты бүркемей, тыңдарманына шебер жеткізе білуі де маңызды. Сонысымен де айтқаны құнды ғой.
Шераға батыр болмысын аша түсетін тағы бір «Рух пен намыстың төресі» атты мақаласында: «Бауыржан Момышұлы Төрағадан өз басына көк тиын сұраған жоқ. Ұлттық қасиетті қалай аман сақтап қалуға болады – соны сұрады. Жас ұрпақтың келешегін уайымдады», – деп сөзімізге дәйек болатын оның тұлғалық ірілігін жазыпты. Бұл қасиетті біз Шерағаның бойынан да көреміз.
Біз білетін намыс найзағайына айналған қаламгер Шерхан Мұртазаның тұлғалық болмысын ашып, ұлт қайраткеріне дейін қалыптасу жолында Бауыржан Момышұлының да зор ықпалы болды деп айтсақ, ағаттық болмас. Мәскеуде білім алып, баспа ісінің қайнаған ошағына келгенде қазақылық болмыстың үлгісін батырдан көріп, ұлттық рух үшін қаймықпай, қайсарлық көрсеткен тұлғаның жанына жақын жүріп, оның бойындағы жақсы қасиеттерді де өзіне сіңіре білді. Ғұмырының соңына дейін бірі – аға, бірі – іні болып, ізеттілік пен мейірімнің, сыйластықтың өнегесін кейінгілерге де насихаттап кеткендей.
Елге айта бермейтін ішкі ойларымен де батыр Бауыржан ара-тұра Шерағамен ақылдасып, ой бөлісетін кезінің де аз болмағанын тағы да осы күнделік жазбаларынан байқауға болады. Әрине, ол дүниенің бәрі елге қажет емес. Дегенмен ағайынгершілікпен батыр Бауыржанның да Шерағадан күткен үміті зор болғанын, жасы келгенде еркелігін көтеретін ініге мінезінің қиғаш тұстарын да еркін көрсетсе керек. Әрине, ол тұста Шерағаның тік сөйлеп, турасын айтқанымен, ағасының айтар астарын құп алып, көңілін кірлетпеуге тырысқанын, шын жанашыр ретінде ойын да жасырмай айтқанын аңғаруға болады. Оның бәрін де түсініп оқып, адамның жас ерекшелігіне қарай өзгеретін мінезін, әңгімесін, әрекетін сыннан сырып қарау керегін де есейе келе ұғасың. Бұл адамды бар болмысымен қабылдап, тұлғалық қасиет пен пенделік мінездің ара жігін ажыратуға, ұсақталмай өреңді кеңейтуге ой салатындай.
Күнделіктегі Бауыржан Момышұлы туралы жазбалардың соңы 1982 жылғы 10 маусыммен тамам. Шераға Бақанастан іссапардан қайтқанда Алтынбектен кешке телефонмен суық хабар келді дейді. Батыр о дүниелік болған екен. Хабарды жазушы Момышұлының ұлына естіртіп, үйіне барғанын айтады. Сол сәттегі толғаныс, жерлеу рәсімін ұйымдастыру, батырдың әйеліне деген ренішін де жазыпты. Әуелгіде батырдың сүйегін елге, Мыңбұлаққа да әкетпек болыпты. Оған көптің сөзі кедергі болып, көптің шешімімен топырақ Кеңсайдан бұйырған. Інілік соңғы парыз – ақтық сапарға өзіне лайық даңқ пен құрметке сай шығарып салу еді.
Шераға 1970 жылы батырдың Совминнің ауруханасында жатқан кезінде жолыққанын жазыпты: «Сен мені жиырма жылдан бері білесің. Бірақ мен туралы бір жол материал жазған жоқсың. Ал біреулер менімен бір-екі сағат сөйлесіп, кітап жазады. Жауапкершілік деген қайда? (Один гол в мои ворота)» – деп Бауыржан Момышұлы айтты дейді. Одан әрмен «жазғыштар» туралы сынын да қағазға түсірген. Дегенмен батыр ағасының бұл сөзі дәл сол сәтте шамына тисе керек. Содан да ол туралы деректерді де жинай бастағандай. Мүмкін, одан ертерек те бастаған болар.
Шерағаның мол архивінің ішінде көне суреттер де көп. Соның бір бумасында «Момышұлының» қолтаңбасы қалған шағын сұр сөмке сақталыпты. Ішінде батырдың жерлеу рәсіміндегі суреттері, «Бекбулати» деп қол қойған арыз-хаты да бар екен. Яғни бұл да Момышұлының архивінің шағын бір бөлігі деуге болар. Шераға да ол дүниені жайдан-жай жинаған жоқ қой. Мүмкін, батыр ағасынан естелік болсын деп те сақтап қойған шығар.
Қалай дегенде де, бұл дүниенің бәрі, түртіп алған әр жазбасы түбінде Бауыржан Момышұлына арнап «Ноқтаға басы сыймаған» деген жазудан ескерткіш тұрғызуына да себеп болған сияқты.
Назым ҚОЖАМАР,
Ш.Мұртаза атындағы Руханият
және тарихтану орталығының
«Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі
221 рет
көрсетілді0
пікір