• Ақпарат
  • 30 Қазан, 2025

Шындық іздеп шырқырап, тынбай келем

(Қаршыға Есімсейітованың шығармашылығы туралы)

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі BR27101897 «Қазақстан әдебиеттануы, фольклортануы және өнертануы экожүйесінің цифрлық трансформациясы: пәнаралық зерттеулер» нысаналы бағдарламасының «Әдеби өлкетану» тақырыбын зерттеу мақсатымен  Сыр бойындағы бірсыпыра қаламгерлердің шығармашылығы зерттеу нысанымызға айналды. Солардың бірі – қырық жылдан астам журналистика саласында еңбек еткен, Қазақстан Телерадио Академиясының «Алтын жұлдыз» иегері – есімі оқырманға жақсы таныс Қаршыға Есімсейітова.

Ол – Қызылорда телеарнасында «Мирас», «Көненің көзі – тарихтың өзі», «Туған жер тұнған шежіре», «Руханият», «Туған өлке», «Әлқисса» бағдарламаларының жүргізушісі ретінде «Қорқыт», «Таңбалы тас», «Жанкент», «Шірік-Рабат», «Өзгент», «Кердері» тәрізді талай тарихи көмбелердің көзін ашқан, тарихи тұлғалар еңбегін насихаттауда ерен еңбек еткен танымал журналист.

Сонымен бірге ол – қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары өз үнімен келген ақын қыздардың бірі. Әдебиетке поэзиямен қадам басып, журналистика саласында еңбек еткендіктен, оның шығармашылығынан екі жанр қатар орын алады. Поэзияны жанына серік еткен ақын қыз туған жер, балалық шақ, туыс-жақын, замандастар, қоршаған орта туралы ойларын үнемі өлең жолдарына сыйғызып келеді. Сондықтан да оның поэзиясынан өзі жүріп өткен жол, өмір сүрген дәуір шындығы менмұндалайды. «Қарлығаш», «Аңсаған атамекенім» жыр жинақтарымен танылған ақынның «Менің әлемім» жинағына енген жырлар өз ішінен «Жүрек соғып тұрғанда», «Ақ тілек жырлар», «Сырлы әлем» тәрізді бөлімдерге топталып жүйеленіпті.

Ғажайып бала кездерім.

Әке, ана жалғап іздерін.

Құм кешіп сайын далада

Арманның жолын іздедім [1, 110], – дейтін лирикалық кейіпкер қазақтың кең сахара даласында өскендіктен, туған жерге деген сағыныш үлкен орын алған. Ақын жырларының ішінен алдымен туған-жер туралы топтамалардың көзге түсуі де заңдылық. Балалық шағында құмды кешіп, «Кіршіксіз ақ жаулығы желбіреген, Жүруші ем, бота байлап анама еріп...» деп анасына көмектесе жүріп есейген қыз араға уақыт салып мектеп оқушысы болды. «Балалықты сағыну», «Құрбыға» өлеңіндегі желкілдеген бұрымына ақ бантик таққан оқушы араға уақыт салып жоғары білім алып, елге қызмет етті. Даланың иісі бойына сіңген лирикалық кейіпкер үнемі өзіне таныс өлкені ұмытқан емес. Себебі ол ес білгелі сылдырлаған бұлақпен, сыбдырлаған жапырақтармен, атқан таң, батқан күнмен, жымыңдаған жұлдыздармен сырласып үйренген еді.

Құлын – өлеңім күмістей жалы күлтелі,

Құрығымнан ба, қылығымнан ба, үркеді...

Құрыққа түскен құлындай шағым құраулап,

Қайдасың? – дейді ақ отау арман жыр төрі [1, 124].

Жайлауда асау құлын мен құрықты көріп өскен ақын шығармаларынан ұлттық құндылықтар мол орын алған. Ақын дерексіз затты деректі затқа теңеу арқылы оқырманға ой салады. Өлеңнің құдіретін білмейтіндер құрыққа түскен құлын мен ат үстінде ойқастаған шабандоздың жағдайын жақсы біледі. «Шалт қимылымен шабандоз шабыт атой сап, Қалам-құрығын салады асау жырларға», «Көктөбеде бой созған мұнараны, Ұқсатамын әжемнің ұршығына..» деген теңеулерден ақын поэзиясының ұлттық болмысы байқалады. Сол секілді «Бесікке салу», «Тұсау кесер» – қазіргі қазақ поэзиясындағы ұлттық құндылықтар қатарын толықтыратын өлеңдер.

Атамекен, туған жерге деген сағыныш «Туған жерге», «Ақтоған», «Менің далам», «Дала адамы шып-шымыр тән-сүйегі», «Қазақтың кең жазира атырабы», «Біз есейдік», «Маңдайымды тосайын самалыңа» топтамаларына жинақталған. «Аңсаған атамекенім» толғауында туған жердегі «Айнамкөл», «Иір», «Ерден шыққан», «Байғана», «Бес кемпірдің Нұрасы», «Тозған құм», «Ала тағы» тәрізді өлкелерге жан бітіріп, қазақтың жер атауларын белгілі себеппен ғана атайтын ерекшелігіне  үңіледі. Оны әрбір жерге қатысты оқиғалар мен Ерден батырдың ерлігінен көруге болады.  

Қазақ поэзиясында көп кездесетін арнау, толғау, жоқтау сияқты өлең түрлері де ақын жырларынан орын алған. Ол бірде ата-анасымен, туған бауырларымен, енді бірде тарихи тұлғалармен сырласып, іштегі шерін шығарып, қуанышымен, күйінішімен бөліседі. «Арнау» өлеңінде Тұмаркүл апасының «бесік құда» жолымен Сақтапберген баласы Әпсеметпен бас құрағанын, ұл-қызын өсіріп ел қатарына қосқанын ерекше ілтипатпен еске алып, «Тұмар қылып Әжемнің ар-намысын, Өз бойында мәңгілік ақтап өткен» деп, ұлттық құндылықтарды бойына жинаған, ұрпағын тура жолға салған ақ жаулықты аналарымыздың ар алдындағы адалдығын мақтан етеді.

Ал, «Тас мүсінмен сырласу» – қазақ сатирасынан үлкен орын алған Асқар Тоқмағамбетовтің рухымен сырласу болса, бұл қатар «Зейнолла Шүкіровке арнау», «Сырласу» (М.Шоқайға), «Бекзат аға», «Фариза апа, сыр айтам, құлақ салшы», «Е.Әуелбековтің рухына», «Ақын ағаға», «Сәнімгүл апаға», «Жақсыгүл апайға», «Г-ға», «Әріптеске...», «Сіңіліме», «Әншіге» тәрізді арнаулармен толыққан. «Қыршын гүл ең...» – бауыры Құрманның мезгілсіз өмірден өткен кезінде туған жоқтау. Марқұмның артында қалған балаларын жұбату, жеке қасиеттерін кейінгіге үлгі ету мақсатында туған жоқтаудың көтерер өз жүгі бар. Бұл – қазақ поэзиясындағы жоқтау жанрының бүгінгі таңдағы дәстүрлі жалғасы.

Ана туралы өлеңдерінің ішінен «Анаға тілек», «Өмір – өзен толқындар алмасады», «Ана жайлы толғаныстар», «Анама», «Ана», «Анаға тағзым» топтамаларын атауға болады.

Анам менің, адалдық пен ар басы,

Сол бастаудан бұлақ болып тарадым.

Мендегі өмір, ана, сенің жалғасың,

Мен – нәрлімін, мен нәзікпін, дарамын [1, 187], – дейтін лиракалық кейіпкер барша аналарға тағзым етеді. Ұлт болашағын тәрбиелеуге үлес қосып, сан ғасырлық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді бойымызға сіңірген аналарымыздың ерен еңбегі қаншама ақындардың жырына арқау болды. Қаршыға да бойында бар асыл қасиеттерін анасынан алғанын мақтан етті. Бала тәрбиесіне әкелердің қосар үлесі өз алдына. Құрмаш әкенің әңгімешілдігі, қазақтың тарихын көп білетіндігі, шежірені тарата отырып, аңыз-әңгімелерді айтатынын бала күнінен құлағына құйып өскен лирикалық кейіпкер өзінің әдебиетке келуіне әкесі себепкер екенін ұмытқан емес. Бала күнінен халықтың бай ауыз әдебиетімен сусындап өскен лирикалық кейіпкер ақындықтың бастауын балалық шақтан іздейді. Сондықтан да ол:

Әкем менің – өмірдегі тірегім,

Деп соғады дүрс-дүрс еткен жүрегім.

Дөңгеленген жұмыр жердің үстінде,

Өзің бар деп алшаң басып жүремін  [1, 194], – деп шаттанады.

Ақын поэзиясынан оның жүріп өткен жолдары, алыс-жақын елдерге шыққан сапарлары да орын алған. Солардың ішінен «Ғажайыптар мекені», «Жаратқан ием, жарылқа» өлеңдері Мекке мен Мәдина сапарын еске салады. Күллі мұсылманның арманына айналған Қағба кім-кімге де ой салары анық. Сол бір ғажайып сәтті ақын былай жырлайды:

Не деген ғажап мына өңір,

Басымды идім – Тәңірге!

Қағбаға келіп, бас ұрдым,

Бағындым Алла, әмірге! [1, 116].

«Күмбезді қала» – Өзбекстанға Жалаңтөс Баһадүр туралы фильм түсіргелі барғанда туған өлең. Батыр баба жатқан жерді іздеп барып, оның бұйрығымен салынған мешіттердің архитектурасын көргенде тебіренбеу мүмкін емес.  «Теңіз» циклынан» топтамасы қара теңіз жағасынан хабар берсе, «Музей алдындағы ой» Островский музейін еске салады. Бұл қатарды «Рица көлі», «Могнолия», «Ағаштар ансамблі», «Теңіз жақтан қоңыр самал еседі» т.б. өлеңдер топтамасы толықтырады.

Адам бар жерде өмірдің қарама-қарсы құбылыстары қатар өмір сүретіні белгілі. «Қайшылық» өлеңінде «өмір мәні қайшылықтан тұратынын» оқырманның есіне салса, «Замана леп» өлеңінде «замана леп шарпиды өрттен бетер деп» бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның астарына үңіледі. Лирикалық кейіпкер қайшылықты өмірде бірде мұңайса, ендің бірде қуанып шаттанады. «Бір теңге» өлеңінде Отанның белгісі бар бір теңгенің аяқ асты болып жатқанына күйінсе, «Желтоқсан», «Еліме» өлеңдерінде тәуелсіздігімізді, «Таңғажайып келбеті тамсандырған, Астана», «Астананың төрінде» өлеңдерінде Сарыарқаның төріндегі жаңа қала – қазақтың  Астанасын мақтан етеді. Кереғар құбылыстарды жырына арқау еткен ақын бірде «Шексіздікпен сырласады». Ал, «Ұмытпа мені..» өлеңінде: 

Ұмытпа мені, беу, дүние

Жасындай жаным жанады...

Өртеніп кетем бүр күні

Жырларым ғана қалады...

Ұмытпа мені, кең дүние!.. [1, 245], – деп оқырманымен сырласады, өмірдің өткінші екенін есімізге салады.

Оның аз сөзге көп мағына сыйғыза білетін төрттағандары мен екі-үш шумақты шағын өлеңдері жөнінде ақын Қ.Жәленова былай дейді: «Оны басқалардан ерекшелейтін айрықша бір қасиеті – айтар ойы бар болғаны екі-үш шумақпен түйіндеп жеткізе алуында. Тіпті тарының қауызындай бір шумақтың ішіне сыйғыза салатыны да бар» [2].

Ақын өлеңдері түрі жағынан негізінен 7-8, 11 буынды қара өлең болып келсе, арасында 4-5 немесе 14-15 буынды өлеңдер де кездеседі. Ұйқасы жағынан негізінен а,б,а,б кезекті ұйқас, немесе а,а,б,а қара өлең ұйқасына құрылған.

Қ.Есімсейітованың жыр жинақтарымен бірге прозалық шығармаларынан «Боз даланың үні» атты қысқа әңгімелер мен новеллалар жинағы, «Таусылмайтын жол» сапарнамалар жинағы қолымызға тиіп отыр. Кітаптарды парақтап отырғанда қаламгердің бүкіл өмірі көз алдыңыздан өтіп жатады.

«Боз даланың үні» жинағының мазмұнын «Балалық шақтың белестері», «Боз даланың үні», «Мен ұшқан ұя», «Өткен күннің еншісі» деген бөлімдер қамтиды. Автор поэзиялық шығармаларындағы негізгі оқиғаларды проза жанрымен баяндауға бел буған. «Балалық шақтың белестері» бөліміндегі шағын новеллалардан балалық шағы өткен жайлауда апасына көмектесіп, сауын кезінде боталарды тартып жүретін, таңсәріден түйелерді қыр асырып жайлауға айдайтын баланың әрекеті оның болашағынан үлкен үміт күттіреді. Әкесі Құрмаш Есімсейітұлы мен анасы Рсалды Молдабекқызынан тараған сегіз қыз, төрт ұлдың ішінен әкесінен естіген әңгімелерді көкірек көзіне тоқып, өлке тарихына қатысты шежірені «есі кете тыңдайтын да, реті келсе жырлайтын да», қағаз бетіне түсірген де Қаршыға болатын.

Қашан да жазғы демалыста әке-шешесінің қасынан табылып, қолынан келген қолғабысын жасап жүретін ауыл қызының естелігі бала күнінде жайлаудағы малшының киіз үйіне үлкен қаладан келген әнші-биші, артист қыздардың аяғын аспанға көтеріп жатуынан басталады. Шыт көйлегенің етегі түріліп кетпесін деп, төмен тартып үйренген кішкентай қыздың көз алдында қазақтың ырым-тиымдарынан жұрдай қалалықтардың ісі қалып қойған болатын. Кейін өзі де үлкен қаладан білім алды, үлкен ортаға араласып, ел ағаларынан бата алды. Осы уақыт аралығында аузы дуалы үлкендердің батасын алған қыздың өмірінен сыр шертер әңгімелер ол өскен ортадан біраз мағлұмат береді. 23 жыл қызмет істеген арман қала Алматыны тастап, Сыр бойына қоныс тебуінің астарында елге қызмет етсем деген арман жатты [3].  Балалық бал-дәурені өткен жайлауды сағына еске алатын кейіпкер өзі туып өскен өлкенің әр шоқысы мен шағылына, суы мен нуына жан бітірір арманына жетті.

«Дала... Шежіреге толы мекен жай. Үн-түнсіз сырын ішке бүгіп, бүк түскен қариядай тымырайған бел-белестер, оқшау тұрған төбе, жотасын құрақ көмкерген айнадай көл... Бәрі-бәрі өткен-кеткенді үнсіз шығарып салып жата береді. Ал олар сөйлеп қоя берсе ше!» [4, 21], - дейтін құйма құлақ бала өсе келе әкесінен естіген жер атауларына қатысты аңыз-әңгімелерге жан бітірді. Көнекөз қарттар жиналғанда құлағы әңгімеде болатын автор «Ащықұдық», «Қойшының моласы», «Белең ана», «Ишан белгісі», «Бала моласы», «Кіндік төбе», «Ала тағы»  деген ескілікті атаулардың астарына үңіле отырып, жер атауларының арғы-бергі тарихына назар аударады. Ерден батырға қатысты «Иір», «Шыбынды көл», «Бескемпірдің Нұрасы», «Тезек», «Қызыл жыңғыл» жайлауларымен бірге «Пәтіш қыстауы», «Таңбалының Нұрасы», «Ишан тамы», «Сіңіртек», «Ахмет Ишан» және басқа жер атауларының өз тарихы бар. Ол атаулар тек жерге ғана қатысты емес, сол жерді мекен еткен елдің тарихынан сыр шертеді.

Бірде бірге туған апаларымен, енді бірде ұйқылы-ояу жездесімен сырласқан қаламгер қаламына өзі куә болған оқиғалар негіз болғандықтан оларда деректілік басым. Туып өскен өлкесіне қатысты жер-су атаулары мен кісі есімдерінің барлығы да өмірде болған адамдардың өмірінен хабар береді. Ерден батырға қатысты «Тозған құм», «Таңбалы тас», «Қаратұз» жеріндегі үйілген тас, өзен табанын бойлай өскен ну құрақ, шетенделген ескі құдық, оқшау жартастар, ескіден қалған оба – бәрі де шертіп қалсаң өткен тарихтан сыр шертер белгілер.

«Көкат кеткен» көлдің маңындағы қыстауда отырған кезде әкесінің аттан құлап мертігіп қалуы, жайлауда анасына көрінетін түнгі от, көрші қара кемпірдің үйіндегі Ақболтай ботаға қатысты новеллалар шынайылығымен баурайды. Жиырма жылдай қара кемпірдің шешілмеген екі теңі туралы елдің «о не екен», «алтын бар шығар» деп жүргені – шалының көзі тірісінде тұтынған мүліктері болып шыққанда ел таңданысын жасыра алмайды. Автор осы әркетпен өмірден өткенше шалының әр затын көздің қарашығындай сақтаған қара кемпірдің болмысын аша түскен. Артында қалған жиырма шақты түйесінің ішінен шалынан кейін сырласары болған Ақболтайдың иесінің жанын адамша түсінгені кім-кімге де ой салады. Төрт аяқты жануар мен екі аяқты пенделерді салыстыра суреттеген автор Ақболтайдың иесіне деген адалдығын кемпірдің екі теңі мен малын көздеген пенделерге үлгі еткен. 

Бағаналының балаларынан бермен қарай шежірені таратқанда Қрамақшыдан ұрпақ қалмағанмен, бүгінде бір ауданның тұрғыны қармақшылықпыз деп отыратынынан елім деген ерлерін елдің ұмытпайтынын көреміз. Пәтеш, Сатан, Қазыбек, Шорманның Мұстафасына қатысты әңгімелер мен олардың шежіресі қазақтың өткен тарихын ғана емес, сөзге тоқтаған халықтың даналығын есімізге салады.

«Таусылмайтын жол» сапарнамалар жинағына қаламгердің өзі тікелей араласқан бірнеше экспедициясына қатысты оқиғалар арқау болған. Вьетнам, Өзбекстан, Москва, Қырым, Украина, Грузия, Қытай тәрізді алып мемлекеттерге іссапармен барған журналистің бұл жинағына да біраз сапарлардың машақаты арқау болған. Алғашқы жинақтағы шыт көйлекті кішкентай қыздың екі ел арасына елші болып үлкен істерді тындырғанына куә боламыз.

«– Көке, өткенде телеарнадан менің интервьюмді тыңдадыңыз ба? – дедім мен.

  • Тыңдадым. Сен бір нәрсені айтуды ұмыттың ғой...
  • Нені көке?
  • Үнемі айтамын. Нұратаға барып, Әйтеке бидің жатқан жерін тауып, басына кесене орнатуға себеп болған өзің бастаған телеэкспедиция жайлы айтпадың ғой...
  • Көке, мен мына өтіп бара жатқан қой жылының жақсылықтарына, табыстарына ғана тоқталдым, тілшінің сұрақтарына орай...

Сөзімді бөлген көкем:

  • Балам, бұл тақырып кейінгі ұрпаққа өте керек болады. Уақыт тауып, қағазға түсір... – деді әкем» [5, 5].

Автор көкірегі шежіреге тұнған әкесінің ескертуінен кейін, өзі куә болған сапарларды қағаз бетіне түсіруге бел байлайды. Сапарнамалардан бір-ер мысал келтіретін болсақ, алдымен Жалаңтөс Баһадүр мен Әйтеке биге қатысты оқиғалар еске оралады. 2006 жылы қараша айында Жалаңтөс Баһадүрдің 430 жылдығына орай Самарқанд қаласында деректі фильм түсіру үшін барған топ Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков пен  тарихшы Кемелхан Каттаевтың көмегімен кімдерден сұхбат алуды анықтайды. Жалаңтөс Баһадүрдің әмірімен салынған «Тиллә-Кәри», «Шердор» медреселерінің архитектурасы батырдың керемет сәулетші екенін көрсетіп тұр. Оны археология институты академиктерінің сөздері растайды. Жалаңтөс Баһадүрге қатысты фильмді түсіріп болған соң, Новаи облысына жол тартып, Новаи мемлекеттік педагогикалық институты ректорының көмегімен Нұрата ауданында жатқан Әйтеке би бейітінің орнын табады. Бұл –кезінде туған, қайтқан жылдары, жатқан жері белгісіз болған баба рухына жасалған үлкен құрмет еді. Елге оралғанда облыс әкімі Икрам Адырбеков Өзбекстанда Нұрата тауының етегінде жатқан Сейітқұл әулие мен баласы Әйтеке биге арнап кесене салуды қолға алады. Әлібек ақсақалға әкімнің атынан кесене салуға уәде беріп жүрген Қаршыға Есімсейітова сол кезде не бары 47 жаста екен. Әйтеке бидің кесенесін салуға екі елдің азаматтары біріге тізе қосып, күш салады. Әйтеке бидің тікелей ұрпағы, Шымкент қаласының тұрғыны, кәсіпкер Шахарбек Усманов, Нұрата мрамор зауытының директоры Шадыбай Хожи Фозилов және басқа көптеген азаматтар кесенені біріге салуға кіріседі.

2006 жылы қараша айында басталған алғашқы сапардан кейін тоғыз рет барып жүріп, осы істің басы-қасында болған Қаршыға мен «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасының шығармашылық тобы Өзбекстанға бірнеше рет барып жүріп, Жалаңтөс Баһадүр туралы үш сериялы, Әйтеке би туралы 2 бөлімді деректі фильмді көрермен назарына ұсынды. Осы еңбектері үшін Қаршыға Есімсейітова Жалаңтөс Баһадүрдің 430 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапатталды. Әңгіме оның марапатында емес, қазақ тарихына сіңірген жанкешті ерлігінде.

2012 жылдың 18 мамырында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен Нұратада Әйтеке биге арнап Сыр елінің атынан ас беріліп, халықаралық ғылыми конференция өтті.  Үш ғасырдан соң салынған кесененің ашылуына барған Ә.Кекілбаев, С.Тоқпақбаев, «Жалаңтөс Баһадүр» қорының президенті Ыдырыс Қалиев, т.б. делегация өкілдері екі елге ортақ бабамызды мақтан етті. Кесененің ашылуында С.Тоқпақбаев Әйтеке бидің «Бақ дегеніміз – ұшқан құстай, тақ дегеніміз – көрген түстей, байлық – қолдағы мұздай, ал, мәңгілікке қалатын –  адал іс» деген сөзін Шахарбек Усмановқа қарата айтса [5, 33], осы істің жүзеге асуына себепкер болған Қаршыға Есімсейітованың еңбегі де мәңгілікке қалатыны белгілі. «Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ халқы Әйтеке бидің мәңгілік мекенін алғаш рет бейне таспаға түсірген журналистің еңбегін өскелең ұрпақ біліп жүруі тиіс.

Ол «Даналық көкжиегіндегі өлке» телехабарында Сыр өңірінен шығып қалмақ пен жоңғардан елі мен жерін қорғаған Әйтеке, Байжан билер, Бақтыбай, Сартай, Жылқаман, Жылқыайдар сияқты батырлар, орыс отаршылдығына қарсы күрескен Басықара, Сапақ, Үмбет, Жетес билер, Жанқожа, Есет, Ақтан батырлар, отызыншы жылдардың құрбаны болған Нұрмағамбет, Кәрібоз, Дәріқұл тәрізді ақын-жырауларды халқымен қайта қауыштырды.

Осы еңбепктерге ортақ бір жетістік – әр хабарды дайындауда жан-жақты зерттеу жұмыстарының жүргізілуі. Бір ғана Қорқыт баба туралы хабарды түсіру барысында Әбілғазының «Түрік шежіресі», Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Байділдаевтардың зерттеулеріне сүйене отырып, Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешені 1980 жылы белгілі архитектор Бек Ибраевтың жобасымен салынғанын,  қобыздың үні шығатын етіп жасауға физик-акустик Совет Исатаев себепкер болғанын,  отыз жылдан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кешенді заманауи үлгіде жаңғыртқанын біреу білсе, біреу білмейтіні рас. Осындай мысалдарды  Әйтеке Байбекұлына қатысты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Даналар» өлеңі, т.б. деректерден көруге болады.

«Телеарна – менің тағдырым» дейтін журналист облыс аралық өнер күндерінде Қарағанды, Астана, Талдықорған, Алматы, Тараз, Түркістан, Орынбор, Өзбекстанда болып ұлт мәдениеті мен әдебиетін насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. Өнер керуені жүріп өткен жолдың барлығы сапарнамаларына арқау болды. Әр сапардың өзіндік ерекшелігіне тоқталып, қазақ өнерінің жеткен биігін көрсетуге тарысты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында облыс әкімі мен мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Орынбор – Ақмешіт – Алматы – Астана» сапарында Сыр елінің өнер саңлақтары қобыз сарынын, күй өнерін, сырнай мен жыршылық өнерді, бишілер мен әншілердің өнерін көрсетті. «Кавказ бояулары» сапарындағы «Ривера» демалыс паркі, «Көлге айналған қыз», «Ерлер көз жасы», «Жаңа Афон» үңгірі, тарихи-өлкетану музейіндегі ел тарихынан мағлұмат берер экспонаттар Абхазия, Сухуми, Сочи туралы біраз мағлұмат береді.  

Қорыта айтқанда, қазақтың өткенін тірілтіп, сан ғасырлық тарихымызға жан бітіруге себепкер болған Қаршыға Есімсейітова – ұлттық мұрамызды түгендеуге өлшеусіз үлес қосқан журналист. «Шығармашылык адамының бойында өзі Алланың берген қасиеті төзімділік, сергектік, табандылық, шыншылдық болғаны дұрыс деп» ойлайтын қаламгердің бойында осы қасиеттердің бәрі де бар [6]. Ол төзімділік, сергектік, табандылық, шыншылдықтың арқасында  Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының жетекшісі, журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» иегері, Шиелі  және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Әнуар Байжанбаев»  атындағы сыйлыққа ие болды. Бұлардың барлығы да оған  жоғарыдағы тынымсыз еңбектері үшін берілді. «Шындық іздеп шырқырап тынбай келем» деп, жүрегінің дүрсілін тыңдап тынбай жүретін қазақтың ақын қызына шығар тауыңыз биік болсын деген тілек білдіреміз.  

Гүлжаһан ОРДА,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының бас ғылыми қызметкері,

Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика

бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы.

287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №46

13 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы