- Ақпарат
- 30 Қазан, 2025
Өнер – бәрінен де биік
Талант пен талаптың арасы кейде адамды алысқа жетелеп, биікке көтереді. Қазақ деректі киносының қалыптасуына үлес қосып, ұлттық болмысты экранда сөйлете білген азаматтардың бірі – кинорежиссер Марат Қабышев. Оның өнер жолына келуі кездейсоқ емес, ішкі үн мен бала қиялынан бастау алған үлкен ізденістің нәтижесі. Марат Әнуарұлының режиссерлік еңбектерінің қатарында Египетте түсірілген «Сұлтан Бейбарыс» (1996), Венгрияда жарық көрген «Всемирный конный спорт» («Спорт побеждает», 1997), жоңғар шапқыншылығы тақырыбына арналған «Құлназар баба», сондай-ақ «Тоғанас батыр» тағы басқа деректі фильмдері бар. Біз режиссермен шығармашылық жолы мен кино өнерінің миссиясы туралы сұқбаттастық.
Марат ҚАБЫШЕВ, кинорежиссер:
– Марат Әнуарұлы, кино әлеміне келуіңізге не себеп болды? Бала күнгі арманыңыз ба?
– Театрдағы тәжірибе мені режиссураға қарай жетеледі. Өнердің сахнадағы сөйлеуі бір бөлек, ал оның камера алдындағы тынысы мүлде басқа әлем екенін сезіндім. Сол ізденіс мені кейіннен кино саласына алып келді. Алғашқы кәсіби жолымды 1981–1982 жылдары Қырғыз КСР мемлекеттік филармониясынан бастадым. Онда музыкалық студияда оқып, Қырғыз эстрадалық ансамблінің құрамында өнер көрсеттім. Содан кейін Алматыға оралып, 1982–1986 жылдары А.В. Луначарский атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясы) актерлік бөлімінде білім алдым. Режиссураға деген ішкі үннің күшейгені соншалық – 1991–1993 жылдары сол оқу орнын қайтадан таңдадым да, режиссура факультетінде оқыдым. 1994 жылдан бастап «Qazaqstan» телерадиокорпорациясында қызмет атқарып, деректі фильм түсіру арқылы өзіме жақын тақырыпты экран тілімен сөйлетуге мүмкіндік туды. Отбасы әулетімде анамнан басқа өнер жолын таңдаған ешкім жоқ. Анам жастық шағында айрықша сымбатты, көркіне көз тоятын келіншек болған деседі. Мұхтар Әуезовтің өзі арнайы шақырып, театрға келуін өтінгені жөнінде үлкендердің арасында әңгіме айтылады. Бірақ ол кезеңнің түсінігі басқа еді ғой. Кеңестік танымның «артист болу – мамандық емес, әйелдің орны – үй» деген қатып қалған қағидасы анамды өнерден алыстатты. Мен қазіргі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына құжат тапсырғанда, тіпті жақындарымның өзі білмеді. Қолыма емтиханнан сүрінбей өткенімді растайтын құжат тимей тұрып, ешкімге оқуға түскенім туралы тіс жармадым. Тек қабылданғаным анық болған соң ғана үй ішіне көрсеттім. Шын қуанып, жүрегімен қабылдаған жалғыз жан анам, содан соң анамның туған інісі Базарбай деген ағам болды. Менің өнерге келуіме бала күннен бастау алған оқуға деген құмарлық та себеп. Үйде Болат ағам шетел классиктерін көп оқитын, қазақ және орыс тілдеріндегі қалың кітапты тауысып шығатын. Ал менің қолымнан түспейтіні – «Әлем халықтарының ертегілері». Анам кейде ренжіп: – «Ағаң секілді жөнді, дерек-дәйегі бар кітап оқымайсың ба?» – дейтін. Содан көңілін қимай, кейде Александр Дюманың кітабын ұстап отыратынмын да, астына өзім жақсы көретін ертегілерді жасырып қоятынмын. Қиял әлеміне беріліп, өз ойымнан кейіпкерлер құрап, әңгімелер құрастырып, қарындасыма сол өзім құрастырған кейіпкерлерді сомдап беретінмін. Есейген сайын сыртқы кейпіміз өзгереді, ал көңіл түкпіріндегі сол балалық қиял мен ізгілік жібі үзілмей қалады. Мендегі сол бала қиял әлі күнге дейін жанымнан алыстап көрген емес. Театрға түскенімде анам: – «Бауырларыңның бірі – қаржыгер, бірі – заңгер. Ал сенің баратының – театральный ма?» – деп таңданғаны бар. Жамбыл атындағы театрда актер болып еңбек еттім (қазіргі Жамбыл облыстық Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры). Институтта жылына екі рет студенттердің өзіндік жұмысы өтетін. Әркім ойында жүрген қойылымын сахналайтын. Сол кезде-ақ менің бойымда режиссерлік мінез байқала бастаған сыңайлы: актерлердің ойынын бақылап отырып, қасына барып: «Мына сахнаны былай ойнасаңыз, қалай? Осы тұста сезіміңізді басқаша іс-қимылмен көрсету керек сияқты», – деп кеңес айтып жүретінмін. Сөйтсем, сол кезде-ақ сахнаға режиссерлік көзбен қарай бастаған екенмін. Тіпті көп ұзамай, жасы үлкен, жылдар бойы сахнада тер төккен актерлердің өзі– «Сен жақсы байқап отырасың ғой, менің рөлімде қандай кемшілік бар, айтшы?» – деп келетін болды. Қазір еске алсам, театрға келгеніме бір-ақ жыл болса да, елге белгілі актерлерге ақыл айтқаным, рөл талдағаным ерсілеу әрі күлкілі сияқты көрінеді. Бірақ соның бәрі табиғи жолмен болыпты. Артық кеттім деп ойламайтынмын да. Күлкім келеді, әрине. Бірақ дәл сол сәт – менің ішкі режиссерімнің алғаш рет үн қатуы екен.
– Тұңғыш картинаңыздың түсірілімі кезінде қандай кедергілерге жолықтыңыз?
– Институтта оқып жүрген жылдардың бірінде (1993) «Қазақтелефильм» студиясының мэтрі, қазақ деректі киносының үлкен тұлғасы Тұраш Ыбыраев ағамыз «Шәкәрімнің соңғы күзі» («Последняя осень Шакарима») фильміне шақырды. «Шәкәрімнің баласын сен ойнайсың» деп, арнайы іздеп келді. Бірақ ол кезде мен актер емес, режиссер мамандығында оқып жүргенмін. Соған қарамастан, бұл шақыруды үлкен сенім деп қабылдап, түсірілім тобына қосылдым. Біз Абай ауданына, Семей топырағына бардық. Сахараның тынысы бөлек қой. Шыңғыстаудың самалы мен сол даланың рухын алғаш сезінген сәтте-ақ, бұл істің жай бір фильм емес, маған жүктелген рухани жауапкершілік екенін іштей мойындадым. Алайда түсірілім басталмай жатып, режиссеріміз ауырып қалды. Фильмнің бас суретшісі Петр Сидоренко жасы үлкен, көрген-түйгені мол, тәжірибелі кісі еді. Ол «Сен режиссер мамандығында оқисың ғой, дайынсың ба?» – деді. Екі күн бойы көз ілмей шықтым. «Құласам, нардан құлайын» деп, тәуекелге бел будым. Өзімнің режиссерлік шешімімді қағазға түсіріп, көркемдік пайымымды ұсындым. Сол кезде режиссерліктің салмағын терең сезіндім. Актер тек өз рөліне жауап береді, ал режиссер көріністегі әрбір түске, әрбір затқа, әрбір қимыл мен кішігірім ишаратқа дейін жауапты. Әр кадр режиссердің жүрегінен өтеді. Нағыз режиссер, ең алдымен, адам жанының құрылымын түсінуі керек. Ол тарихты біледі, дәстүрді сезінеді, әлемдік және отандық кино мен театрдың мәдени тамырын танып, сол білімді ішкі дүниесімен ұштастыра алады. Осы қағиданы алғаш рет Семей топырағында, Шәкәрімнің соңғы демі сіңген сары далада жүріп сезіндім. Мені нағыз режиссерлікке алып келген алғашқы жол осы.
– Кинодағы өз жолыңызды қалай таптыңыз? Біреуге еліктеу арқылы ма, әлде ішкі даусыңызды тыңдау арқылы ма?
– Режиссураның табиғатын түсіну – жүректің астарында жылдар бойы айтылмай жиналған үннің жарыққа шығуы. Шын мәнінде, режиссер көрерменге тек кадр көрсетпейді, жан сарайында жатқан, үнсіз қалған шындығын жеткізеді. Ол шындығын кино тілімен, музыка ырғағымен, актердің тынысымен сөйлетеді. Режиссердің өзінің ішкі кредосы, айтар ойы, рухани өзегі болмаса, ол үлкен шығарманы жарыққа шығара алмайды. Өйткені режиссура, ең алдымен, адамға, қоршаған ортаға деген сыйласымдылыққа толы көзқарастан басталады. Айналаңа жылы жүрекпен қарай алмасаң, кейіпкеріңе де жан бітіру қиын. Кейде өнер адамдары саясаттың қақпасына қарай ауытқып кетеді. Бірақ режиссердің қолындағы ең мықты қару – трибуна емес, сахна мен камера. Театрда оның шындығы – сахнада, кинода – кадрда, драматургия мен актерлік құрамда. Режиссердің миссиясы – сол құралдар арқылы шындықты сөйлету, саясаткердің мінберімен емес, өнердің құдіретімен ой жеткізу. «Бұл жеткіліксіз» деген бір ішкі дауыс мені мазалайтын. Сол дауыс пен ішкі түйсігім мені режиссураға қарай итермелегені рас. Нағыз режиссер – актерге тапсырма беретін адам ғана емес, оның жүрегін шығармашылық кеңістікке жетелейтін жан. Ол әр сөзін ұжымға түсіндіре, сезімді жеткізе алуы керек. Интуиция – режиссердің басты компасындай, кейде білімнен бұрын ішкі дауыс алға шығады. Сол дауысты тыңдай алу – шеберліктің ең алғашқы шарты.
– Сіздің фильмдеріңізде өмірдің шындығы мен адамның ішкі күйі қатар суреттеледі. Бұл тақырып сізге неліктен соншалықты маңызды?
– Режиссерді «адам – жанының инженері» деп бекер айтпаған. Өйткені көрермен фильмді тамашалай отырып көбіне өзі өмір бойы жауап таппай жүрген сұраққа жауап іздейді. Нағыз кино – көрерменнің жүрегіне жарық түсіре алатын кино. Егер сол жарық бір адамның жанын жылытып, оған мейірім сыйлап, кешірімнің не екенін еске салып, көңіліндегі жараны жазса – режиссердің әр кадр үшін күрескені зая кетпегені. Мен өнерді дәл осылай түсінемін. Үлкен аудиторияны өзгертемін деу міндет емес. Кейде ондаған ғана адам ойланса да жеткілікті. Егер де сол санаулы көрерменнің бірі өз қателігін мойындап, бірі кешірімге қадам жасап, бірі өзінің қатқан жүрегін жібіте алса, үлкен жұмыс атқарылды деген сөз. Өнердің салмағы санмен емес, жүрекке, санаға берілген әсерімен өлшенеді. Себебі әр адамның ішінде бір көлеңке бар, ал ол көлеңкені жоятын жалғыз нәрсе – адамгершіліктің жарығы.
– Қай фильміңізді өзіңіздің ең басты режиссерлік жетістігіңіз деп санайсыз және неліктен?
– Шынымды айтсам, мен өзімді «үлкен жетістікке жеттім, әйгілі фильм шығардым» деп айта алмаймын. Өйткені мен режиссураға келген кезең талай өнер адамын сын тезіне салған алмағайып жылдар еді. Кеңес үкіметі құлап, экономиканың іргесі шайқалып, жалақы тұрақсыз, сала күйзелген уақыт. Деректі фильм түсірмек түгілі, актер шақыруға қаржы жоқ. «Аш қарынға жұмыс жүрмейді» деген сөздің шындығын сол кезде анық сезіндік. Театрда айлық орнына шыны, аяқ киім беретін кезең болды, мұны өнер жолындағы адам үшін қандай ауыр сынақ екенін сөзбен айтып жеткізу қиын. Сол алмағайып шақта «Желтоқсан оқиғасына» байланысты түсірген «Очевидцы» атты деректі фильмім жарық көрді. Бірақ ол фильмнен кейін шығармашылық жолымда бірталай қиындық кезікті. Кейін бізге қарттар үйі туралы қысқаша фильм түсіру идеясы келді. Алғашқыда бұл тапсырма жай ғана өндірістік жоба сияқты көрінген. Алайда барлығын өз көзіммен көрген соң, оның мүлде басқа әлем екенін түсіндім. Ол жерде қолөнерге арналған үйірмелер бар екен, қариялардың арасында өнерлілері де жетерлік. Бұл мекемеге әркім түрлі себеппен келеді: біреулер шынымен материалдық тапшылықтан, жағдайдың жоғынан бас сауғалайды, ал енді бірін жақындары күткісі келмегеннен осында әкеліп тастайды. Ең ауыр тиетіні – сол. Ондағы адам тағдыры – тұтас қоғамның айнасы. Бірін – шын жетімдік, жоқшылық алып келген, енді бірін – өз отбасысынан көрмеген жылулық айдап әкелген. Сол сәтте бір ақсақалдың мұңға толы көзқарасы бар шындықты айтып тұрғандай болды. Қариялар әлемінің атмосферасы – өзгеше. Ол жерден ресми сұқбат немесе кадр ғана алмайсың; ол жерден жанның дірілін сезінесің. Режиссер ретінде емес, адам ретінде сол мұңды көтере алуың керек. Содан кейін ғана түсірілген дүние шынайы болады. Әсіресе сол жандардың жанарындағы мұңы әлі күнге дейін жадымнан кетпейді. Қариялар әлемінің тынысы бөлек: ол – баяу, бірақ жүрегіңді жаралап өтетін тыныс. Сол жерде отырып, мен режиссерден бұрын адам болып сезінуді үйрендім. Мен үшін сол фильм – ірі жобалардан да маңызды тәжірибе болды. Өйткені режиссер, ең алдымен, адам. Егер адам ретінде біреудің жылағанын көріп, жаның елжірей білсе, шығармашылық та басқа деңгейге көтеріледі. Сондай сәтте кадр да жанды, кино да шынайы әрі бай шығады.
Режиссердің ең басты қасиеті – өзіндік ойы мен қайталанбас стилі. Біреуді көлеңкелеп емес, өз жолыңды таба білу қажет. Менің телеарнаға келуім де дәл осы ізденістің, ішкі дауыстың жетелеуімен болды. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры, жазушы-драматург Әділбек Тауасаровтың «Махаббат аралы» атты драмасы С.Сейфуллин атындағы театр сахнасында қорғалған күн есімде. Қойылым аяқталған соң ол кісі мені оңаша шақырып алып, «бірге жұмыс істейміз» деп ұсыныс жасады. Біз, ең алдымен, Абай Құнанбайұлының қара сөздеріне негізделген 10 бөлімнен тұратын сценарий жазып шықтық. Өйткені ол кезде қоғамның ең әлсіз буыны жастар еді. Жұмыссыздық көбейді. Қайда бағыт аларын білмей, жаппай құлдыраудың шегінде тұрған шақ болды. Сол кезеңде рухани тірек болатын дүние ауадай қажет еді. Біз сол қажеттілікті өнер тілімен өтеуге тырыстық.
– Қазақ режиссерлерінің шығармасын шетелдік көрермен қаншалықты түсіне алады деп ойлайсыз?
– Кез келген кинода ортақ сезім бар: махаббат, сатқындық, сағыну, өкініш, адамгершілік. Бұл – адамзатқа тән ортақ құндылық. Бірақ режиссердің міндеті – сол ортақ сезімді өз халқының болмысымен жеткізу. Менің ойымша, қазақ киносын дара қылатын нәрсе – біздің қоршаған ортаға құрметіміз, табиғатпен сырлас мінезіміз, жүрек пен арды қатар ұстаған тектілігіміз. Қазақ – тоғыспас таудың биігін де, тұлпардың дүбірін де сезімнің өлшемі еткен халық. Біз үшін табиғат – тірі кейіпкер. Желдің ызыңы – жыраудың үні, жұлдызды түн – шежіре, қурай сыбыры – өткеннің ізі.
«Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дейді қазақ. Режиссер де солай: жүрегімен жазған дүниесі ғана көрерменнің жүрегіне барып қонады.
– Кино қоғамды тұтас өзгертеді дегенге сенесіз бе, әлде ол тек өмірді көрсететін айна ма?
– Қоғамды бір-ақ фильммен өзгертемін деу – бос ұран. Мен оны еш уақытта мақсат қылмадым. Өзгеріс, ең алдымен, бір адамнан басталады. Тыңдауға дайын жүрекке ғана сөз қонады. Режиссер «қоғам не дейді» деп емес, «менің айтарымның, жеткізетін дүниемнің сапасы қандай?» деп ойлануы керек. Киноның салмағы оның ықпал ете алатын бір ғана адамның жүрегіне тиетін жарығында. Егер сол бір көрермен фильмнен кейін ой түйіп, бойын түзеп, жаңа бағытқа қадам жасаса, қоғам сол жерден өзгере бастайды. Мысалы, бір парасатты адам кейін бизнес ашып, жүз адамды асыраса, ол өзгерістің тамыры сол кішкентай ұшқыннан басталды деген сөз. Алғашқы ұшқынды жаққан – кино. Өзгерген – адам. Сол адам кейін қоғамды өзгертеді.
– Фильм түсіргенде сіз неге көбірек маңыз бересіз: көркемдік стильге ме, әлде жеткізгіңіз келетін ойға ма?
– Режиссердің өзіндік стилі болғанда ғана көрермен риза болады. Өйткені көрермен киноны тек көріп қана қоймайды, оны сезінеді. Визуалды әсерден бөлек, моральдық әрі психологиялық деңгейде рухани ләззат алады. Түсірілген фильм өзін ақтауға тиіс. Көрерменнің көп келуі – оның салмағы барын, айтары барын білдіреді. Сондықтан кино үшін екі нәрсе қатар маңызды: көркемдік деңгейі және айтылатын идеяның қуаты. Екеуі үйлеспейінше, кино толық өнер туындысына айналмайды.
– Жалпы, қандай жанрға басымдық бересіз? Жанрды таңдау сценарий мен түсірілімнің табиғатына қаншалық ықпал етеді?
– Меніңше, сценарист пен режиссердің ойы бір жерден шығуы өте маңызды. Сценарист оқиғаның қаңқасын қағазға түсірсе, режиссер соған жан бітіріп, дем береді. Сол үшін сценарийді бірлесіп жазу – ең дұрыс жол. Мен сатираны да, драманы да жақсы көремін, өйткені трагедияны жеке бөліп қарастыруға болмайды. Өмірдің өзі бір ғана жанрға сыймайды: адам кейде күліп отырып жылатады, жылап отырып күлдіреді. Кеңес кезеңінің қателігі де осы еді – өнерді бір ғана қалыпқа салып қою. Соцреализм дәуірінде қаламгерлерге «мына тақырыпта жазуға болады, мына тақырыпта болмайды» деген бұғау салынды. Ал шын өнер адамның өзі көргені мен сезінгенінің пернесінен туады. Өмір кең болғанымен, қағазға түскен сценарий кейде түсірілім барысында өзгеріп кетеді, өйткені өмірдің шындығы оны табиғи түрде басқа арнаға алып шығады. Жанр деген де құбылмалы нәрсе: қағазда драма болып жазылған дүние камера алдында комедияға айналып кетуі мүмкін. Себебі өмірдің өзі араласып отырады. Сондықтан кино – бір адамның емес, шығармашылық топтың еңбегі: сценарист, оператор, композитор, режиссер – бәрі бір көзқарастан табылып, бір ырғақпен жұмыс істеуі керек. Жарты сөзден түсінетін үндестік болмаса, фильм толық ашылмайды. Актермен жұмыс та дәл солай. Егер режиссер актердің тілін таппаса, оны тыңдамаса, сыйламаса, жоба жүзеге аспайды. Өйткені көрерменге ойды жеткізетін де актер. Актер бала сияқты: егер көңілін жықсаң, шабыты сөніп қалады. Сондықтан талапты асықпай, біртіндеп көтеру керек. Шынайы драманың қуаты – адамды жылатып та қойып, күлімсірете білуінде. «Алдар көсені» алайық: бір қарағанда күлкі, бірақ астарында елдің мұңы, әділетке ұмтылыс, әлеуметтік ой жатыр. Сол себепті ол бір мезетте әрі сатира, әрі юмор, әрі драма. Өнердің табиғаты да осы.
– Қазіргі қазақ киносының өзіне ғана тән ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Қазақ киносы әлі жас. Бізде кино мектебі әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Кеңестік кезеңде түсірілген фильмнің барлығы дерлік идеология құралы болды: не айтсаң да, қалай көрсетсең де, коммунизмді мадақтауың керек еді. Ал шетелде кино, ең алдымен, индустрия, бизнес. Олар үшін кино – үлкен капитал айналымы. Ақша бар жерде техника да, маман да, сапа да бар. Бізде шығармашылық талпыныс бар, идея бар, бірақ қаражат пен тәжірибе аз. Сценарист – ең ауыр мамандықтың бірі. Себебі кино үшін сценарий жазу – оқиғаны құрастыру ғана емес, тұтас әлем жасау. Әлемдік тәжірибеде бір ғана фильмнің сценарийіне бірнеше адам жауап береді: бірі тек диалог жазады, екіншісі көрініс жоспарын жасайды, үшіншісі музыка мен атмосфераға жауап береді, төртіншісі титр мен монтаж логикасын реттейді. Ал бізде бұл жүйе ақырындап дамып келе жатыр. Шетелде техникаға да, графикаға да, суретші еңбегіне де лайық ақы төленеді, сондықтан нәтиже де жоғары. Ал бізде кейде киноға бөлінген қаражат діттеген жеріне жетпей қалады. Шын мәнінде, өнер бәрінен де биік. «Ұлттық ар-намыс, шығармашылық ар-намыс» деген ұғым бар. Бізде еңбегі еленбеген, таланты жоғары актерлер де, сценаристер де, режиссерлер де бар, бірақ оларды тек сол саланың ішінде жүргендер ғана біледі. Кең аудитория танымайды. Себебі біз кейде сапаға мән бермей, популизмге кетіп қаламыз. Кино – идеология. Кино адамның ойлауын өзгерте алады. Тәрбиелейді де, адастырады да. Сол үшін сапа бірінші орында тұруы керек. Талантты жастар бар. Бірақ талантты жалғыз тастап қоюға болмайды, мемлекет те қолдауға тиіс. Әлемде әр кинокомпанияның жеке бюджеті бар, сондықтан олар тәуелсіз шешім қабылдайды. Біздің киноның шынайы алға басуы үшін ең әуелі сапалы сценарий, тәжірибелі топ, ұлттық идея мен стиль, таза қаржы айналымы мен мемлекет тарапынан жүйелі қолдау қажет. Сонда ғана кино өнер ретінде де, индустрия ретінде де өседі.
– Егер сізге қаржылық шектеусіз мүмкіндік берілсе, қандай фильм түсірер едіңіз?
– Менің жаным жақын көретін бағыт – Алдар көсе мен Жиренше шешеннің дәстүрлі тәсілі: күлдіре отырып, ой салу. Халыққа ауыр философияны құрғақ сөзбен емес, юмор мен әзілі бар образ арқылы жеткізу қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі іспетті. Күлкі сырттай жеңіл көрінгенімен, ішінде әлеуметтік сын, терең ой, кейде тіпті шок тудыратын шындық жатады. Мен қазіргі кинода да осы тәсілді жалғастырғым келеді. Әсіресе ауылдан шыққан, ойы таза, еңбекқор ұл-қыздардың қалаға келгеннен кейін санасының қалай өзгеретінін көрсету маңызды. Қаладағы жасанды жылтыр өмір кейбірін жолдан тайдырып, кім екенін ұмыттырып жібереді. Нәзік жері – осы. Ауылдан келген адам тұлға ретінде қалыптаспаса, тамырына берік болмаса, қоғам не айтады – соның ықпалымен кете барады. Өзінің ішкі бағдары болмай, сыртқы ықпалға жығылу – бүгінгінің өзекті проблемасы. Мен дәл осы өзгеріс сәтінің психологиясын көрсеткім келеді: адам қалай адасады, нені жоғалтады және қалай өз жолын қайта табуы мүмкін? Осындай фильм ұлттың мінезін де, бүгінгі қоғамның шынайы бет-бейнесін де ашып көрсетер еді. Өйткені адам өз жолын тапқанда ғана қоғам да бағытын табады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
215 рет
көрсетілді0
пікір