- Ақпарат
- 30 Қазан, 2025
Бренд пен тренд
Қазақстанда да Гиннестің рекортар кітабына жазылған оқиғалар жеткілікті. Арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар да бар. Алысқа ұзамай-ақ осыдан бірнеше апта бұрын Алматы облысы Іле ауданының Күрті ауылдық округінде түйе керуені өтті. Бұл шын мәнінде ел тарихына алтын әріппен жазылатын оқиға. «Даулет-Бекет» компаниясының мың түйе енгізіліп, олар арнайы дайындалған бір шақырымдық жолмен жүріп өтті.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелгені белгілі. Ол кезде керуенге 365 түйе қатысқан. Бұл жолы Қазақстан 1 000 түйе қатыстырып, нәтижені еселеді. «Мұның қаншалықты қажеті бар, атың шықпаса, жер өрте» дегеннің кері ғой» дейтіндер де табылар. Олай емес. Бұл – ұлттық рухты жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылған іс-шара. Таңғаларлық оқиғалар мен деректерді іздеген адам міндетті түрде Гиннестің рекордтар кітабына енген «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты ауқымды мәдени шараны көреді, оқиды. Қазақстанға деген туристік қызығушылық оянады. Бұл – шын мәніндегі әлемдік деңгейдегі рекорд.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлттық мәдениетімізді сақтау мен дамыту – әрбір азаматтың парызы. Біз өз дәстүрімізді құрметтеп, жастарға жеткізуіміз керек», – дегені белгілі. Ал, ашығын айтсақ, бұл – тек мәдени іс-шара ғана емес. Мың түйеден құралған керуен халқымыздың көшпелі өмір салтының айшықты мұрасын әлемге танытты. Бұл іс-шара жастарға ата-бабамыздың ұлы мұрасын дәріптеді, сол арқылы туризм дамиды, тіпті түйе шаруашылығын көруге келетін туристер де келешекте көбейетін болады. Бұл Қазақстанның өз бренді мен мәдениетін танытудың үлкен қадамы болғаны да рас. Шындығында да солай. Мұндай әлем назар аударатын іс-шараға біз мән бермей қарауымыз да мүмкін. Тағы бір мысал, осыдан төрт ай бұрын шілде айының басында еліміздің 19 өңірінен келген шеберлер Медеу мұз айдынында пішіні мен дизайны, өлшемі бірдей 660 метр құрақ көрпе төседі. Ұлттық мәдени шараға қатысқандар арасында ең үлкен тігіншінің жасы 90-да, ал ең кішісі 6 жаста болды. Құрақ көрпеге қатысқандардың саны да 660 адам. Әлемде бірде-бір кітапқа мұндай рекорд тіркелмегенін арнайы келген өкілдер ашық айтты. Екіншіден, бұл іс-шара ЮНЕСКО-ның материалдық мәдениетті сақтау бағдарламасына да кіреді. Үшіншіден, қазақтың құрақ көрпесінің тарихы 2,5 жылға кетеді. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды қолдап, оған әлемнің назарын аударту игілікті іс. Құрақ көрпе бүкіл қазақтың құндылығы әрі кәсібі екенін де ұмытпайық. Тіпті Медеуде өткен құрақшылардың ішінде 6 ер адам болғанын да айта кету керек, Сондықтан ұлттық құндылық ерге немесе әйелге тән деп бөлінбейді. Ықылым заман өтсе де, ертең де құрақ көрпе қазақтың бренді болып қала береді және оны ұлттың санасында жаңғырту бүгінгінің айшықты ісі.
Кейінгі кезде қазақтың домбырасымен күй ойнап, ұлттың даңқын асыратын іс-шара да өңірлерде жиі ұйымдастырылып жүр. Өткен жылы Астанада Құрманғазының халыққа кеңінен танымал күйі «Балбырауын» күйін бір мезетте 3 мың домбырашы тартып, Қазақстанның Гиннес рекордын жаңартты. Ұлттың рухын көтеретін мұндай іс-шаралар керек-ақ.
Жалпы, Германия мен Жапонияның көлігі, Францияның иіссуы, Италияның сапалы аяқ киімі, Швейцарияның сағаты, Жапония мен Кореяның электроникасын жиі айтамыз. Үндістанның шайы, Голландияның қызыл-сары гүлі де әлемге әйгілі. Бізде де жоқ емес. Отанымызға келген туриске немесе шетелге барғанда қонаққа еліміздің Туы бар «Kazakhstan» шоколадын тарту етеміз. Демек, бұл – бренд, өндіріс, өзіміздің өнім. Тағы бір дерек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы тазының халықаралық деңгейде таныту, мойындату және дамыту туралы бірнеше уақыт бұрын тапсырма берді.
– Қазақы тазы тек аңшылық ит тұқымы ғана емес, ол – ғасырлар бойы қазақ халқының сенімді серігі, көшпелі өмір салтының ажырамас бөлігі. Оның жылдамдығы, шыдамдылығы, аңшылық қасиеті мен адалдығы ерекше бағаланады. Бүгінде қазақы тазы Қазақстанның ұлттық брендісіне айналды. Бұл бастама – еліміздің бай мұрасын насихаттауға, қазақы құндылықтарды әлемге танытуға бағытталған маңызды қадам. Бірнеше жыл бұрын қазақы тазы Қазақстаннан тыс жерде көпшілікке беймәлім еді. Алайда мемлекет бұл тұқымды халықаралық деңгейде мойындату үшін жүйелі жұмыс жүргізді. 2022 жылдан бастап Қазақстан халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшесі атанып, қазақы тазыны ресми тіркеу үдерісі басталды, – деді Президент. 2024 жылғы қыркүйекте FCI қазақы тазыға алдын ала халықаралық мойындау мәртебесін берді. Бұл – Қазақстанның ұлттық мұрасы ретінде танылуы және қазақы тазының әлемдік кинологиялық қауымдастықта ресми мойындалуы деген сөз.
Тек ниет, ұлттық құндылыққа ұмтылыс, ықылас, қолдау керек. Мысалы, қазақтың дара баласы Димаш Құдайбергенді бүгінде әлем таниды. Талантты ұлдың төрткүл дүниеде жанкүйерлері пайда болды. Димаш қай елде ән салса, сол мемлекетке баратындардың саны артты. Димаш әлемдегі әнсүйер қауымды қазақша сөйлетті. Қазір он мыңдаған жанкүйер Димашқа қосылып, қазақтың әнін бірге шырқайды. Жаның жадырайды, рухың шаттанады. Tik-Tok-ты қараңыз, әлемде қазір қазақша ән айту трендіге айнала бастады. Қуанатын жайт па? Иә! Жұмыр жердің түкпір-түкпіріндегі дүйім жұрт Димаш арқылы «қазақ» деген ұлттың барын білді. Қарасы, сарысы, ақ нәсілдісі бар бүгінде бәрі ұмытпай «Ұмытылмас әнді» айтады. «Дайдидау» мен Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін бірге шырқайды. Түркия мен Вьетнамның би алаңдарында қазақ әніне билеу трендіге айналды. Қайрат Нұртастың «Сені сүйем» әнін бүкіл украиндар шырқап жүр. Меркінің тумасы әнші Adam-ның «Жүрек» әнін бүкіл әлем тыңдайды. Әннің қаралымы 5 миллардқа жетті. «Жүректі» қазір бәрі айтады. Сөйтіп, қазақ әндерін айту трендіге айнала бастады. Түбінде, қазақ әуені әлемді жаулайтын шығар. Бұл да ұлтты танытудың тағы бір амал, тәсілі.
Мысалы, қазір Вьетнамға, Түркияға баратын туристердің саны күрт артты. Екі ел осы саладан қыруар пайда тауып отыр. 2024 жылы Түркияға 62 миллионнан астам адам барып, одан ел қазынасына 61 миллиард доллар пайда түскен. Қазақстандағы туризм саласы да болашақта брендіге айналуы керек. Туризм және спорт министрлігінің ресми мәліметі бойынша, 2024 жылғы 9 айда елімізге 11,5 миллион шетелдік азамат келген. Бұл сан 2022 жылы 4,7 миллион болса, 2023 жылы 9,2 миллион шамасында болған. 2024 жылы Қазақстанның туризм саласына 777 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылды. Бұл 2023 жылға қарағанда 27 пайызға артық. Демек, келешекте Қазақстанның туризм саласы да брендіге айналуы керек. Оған мүмкіндіктер мол. Тау туризмі сырттан келушілерді айрықша қызықтыратыны сөзсіз.
– Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ендеше, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауымыз керек. Ұлттық құндылықтар ұлтты құрметтеуден басталады. Ел брендісін қалыптастыру және оны үйлестіру үшін Қазақстанның ұлттық идеологиясы мықты әрі мызғымас берік болғаны жөн. Бренд экономика саласында ғана емес, ол ұлттық құндылықтарын қатты бағалап, жоғары қойған ел. Бренд – ұлттың иммунитеті. Жаһандану заманында мәселені осылай түсінген жөн. Ең алдымен, өз елімізде қазақ тілінде сөйлеу брендіге айналуы керек. Сонда ғана бәсіміз жоғары тұрады. «Баламды қай мектепке береміз»? деген тұрғыда айтыс-тартыс болмайды. Ұлтын сүю ұлылық қой.
278 рет
көрсетілді0
пікір