• Ақпарат
  • 30 Қазан, 2025

Қазақ ұлттық құндылықтары

Қазақ этнонимі көне. Қалай десек те бұл атау Қазақ даласын ерте замандардан бері мекендеп келе жатқан халықтың автохтон (төл) атауы екені даусыз. Қазақ ұлтының атауын біз кейде Қазақ хандығы құрылған уақытпен байланыстырамыз, ол 1462–1465 жылдарға сәйкес келеді. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулати жазған «Тарих-и Рашиди» атты ғылыми-энциклопедиялық еңбектен оқып білдік. Бірақ хандықты қалыптастырған Керей мен Жәнібек сұлтандар оның атауын неге «Қазақ» деп таңдағаны айтылмайды. Өйткені халық ерте замандардан «қазақ» деп аталған.

Қазақ ұлтының тарихы

Шын мәнінде «қазақ» атауы аталған тарихи шығармада Қазақ хандығы құрылған кезден көп бұрын болғаны да жазылған. Мәселен, Әмір Темір заманында Мұхаммед Хайдар Дулатидың алтыншы атасы Әмір Қамараддин 1364–1385 жылдары мемлекет аумағының тұтастығын сақтау үшін билікті қолына алып, сол кездегі тәртіпке қайшы болса да, мемлекетті хансыз билеген. Әмір Қамараддинге қатысты бір оқиғада «қазақ» атауы Әбілқайыр ханнан әлдеқайда бұрын, яғни Керей мен Жәнібек сұлтандарды қашқын-қашақтар деп атағанға дейін белгілі болғаны айтылады. Әмір Темір кезінде күнделік жүргізген Шарафаддин Әли ЙаздиӘмірдің жасағында қазақ мыңдықтары болғанын былай сипаттаған: «Әскери жорықтарға ханзада Омар шейх әскерінде қазақтар мыңдығы болған. 1376 жылы Әмір Қамараддин Әндіжанды алған кезде қазақтар мыңдығы соған келіп қосылған. Бұл дерек Қазақ хандығы құрылғаннан жүз жылдай бұрын жазылған.
Профессор А.Машанов: «Қазақ – өте ежелгі халық, бұл атау тарихта осыдан 3–4 мың жыл бұрын белгілі болған. Біз әдетте оны тарихи айналымға Шыңғыс ханнан кейінгі қысқаша баяндалған шежіре түрінде енген туынды атауынан шығарамыз», – деген. Жазушы-зерттеуші Ә.Сарай Арабия, Византия, Ресей, Батыс Еуропа тарихшыларының жазбаша деректеріне және археологиялық ескерткіштер материалдарына сүйене отырып, қазақ атауы және қазақ халқының шығу тегі көне заманнан белгілі екенін нақтылаған.Қазақ этнонимі Н.Мыңжанның арнайы зерттеу нысаны болған. Ол қытай, араб, парсы жазбаша дереккөздерін және түрік, моңғол шежіре-жылнамаларын сараптай келе, 1987 жылы Шыңжан халық баспасынан шыққан арнайы ғылыми еңбек жариялаған. «Қазақ халқы тәуелсіз халық болып қалыптасу жолында ұзақ тарихи жолдан өткен. Жуңго (қытай), парсы және грек дереккөздері бойынша, б.з.д. VII–IV ғасырларда Орта Азия елдерін сақ тайпалары мекендеген. Шошақ қалпақ киген сақтар (тиграхауд-тәңірқауымы сақтары) деп аталған тайпалардың орналасу орталығы Іле алабы және Жетісу өлкесі болған. Б.з.д. IV–II ғасырларда ежелгі сақ тайпаларының дамуында дағдарыс болып, олардың одағы ыдырап, оның негізінде үш тайпалық одақ – үйсін, қаңлы, алан құрылды», – деген Н.Мыңжан. 
Қазақ халқының қалыптасуы б.з.д. VII ғасырдан бастап жазбаша дереккөздерден белгілі сақ тайпаларынан басталған. Үйсін конфедерациясы б.з.д. IV ғасырдан қазақ елінің қалыптасуының бастаушысы болған. Үйсін империясы негізінде құрылған Батыс түрік (VI–VII ғғ.), Түргеш-Қарлұқ (VII–XI ғғ.) мемлекеттері кездерінде қазақтар жеке дербес халық болып қалыптасқан. «Тәң патшалығының тарихында (VII–VIII ғғ.)» қазақ атауы «қас», «хас» түрінде жазылған. Қытай жылнамаларында бұл атау өте ерте заманда кездескен. Батыс және Шығыс елдерінің жазбаша деректері, қытай жылнамалары Қазақ даласы кеңістігін толық қамтымайды, тарихи оқиғалардың ұдайы сабақтастығы сақталмағанын да ескеру керек. II ғасырда жазылған Қытайдың тарихи мәліметтерінде Арал және Каспий теңізі елдерінде Хаса, Қаса халықтары, яғни қазақтар тұратыны айтылған. С.П. Толстов (1984) Хорезм өлкесіндегі ежелгі Топыраққала қаласын қазып, археологиялық ескерткіштерден III–IV ғасырларда жазылған «қазақ атауы» туралы мәліметтерді тапқан.Ортағасырлық тарихшы Табири болса Әмудария өзені алабында «қазақтар» өмір сүрген деп жазған. Араб қолбасшысы Ахнак ибн Кайыс VII ғасырда әскерін тікелей қазақ аймағына жіберген. Араб саяхатшы-жазушысы Мұхаммед Әл-Ауфи Үндістанда (1228) жарық көрген «Таңдамалы әңгімелер мен аңыздар жинағы» («Жамихалхикаят о Доом Альброят») кітабында 766 жылғы бір оқиғаға байланысты «қазақ халқы» туралы мәлімет береді.Византия монахы Епифанидис (VIII–IX ғғ.) Кавказда касогдиана (қазақтар елі) халқы бар деп жазған.Византия императоры Константин Багрянородный (905–959) ұлына өсиет ретінде жазған «Империяны басқару туралы» трактатында Кубанның (Субанның) шығысындағы елдің «Қазақия» деп аталатынын жазған. Араб тарихшысы Масуди 934 жылы жазылған «Муруджалдзахаб» атты еңбегінде қазақтар туралы кең мағлұмат береді. Ол Кавказ таулары және Азов теңізінің аралығындағы Алан патшалығының арғы жағында «қазақ халқы» тұрады деп жазған. Шығыс классиктерінің бірі Әбілқасым Фирдоуси (940–1020) әйгілі «Шахнама» дастанында «Қазақ патшалығы» Арал теңізінің солтүстігінде орналасқанын, «қазақтар» көп халық екенін жазады. Осымен ол Тұранның жауларын – Иран билеушілерін үрейлендіргісі келген. Сондай-ақ бұл шығармада б.з.д. оқиғалар сипатталған және солар туралы мәлімет берілген.Орыс жылнамашылары да қазақтар туралы ұдайы жазып отырған. Ортағасырлардағы сенімді дереккөздердің бірі – 1245 жылы құрастырылған «Араб-қыпшақ (қазақ) сөздігі». Бұл сөздікте қазақ атауы ұғымына жан-жақты түсініктеме берілген. 
Н.Мыңжан (1994): «Қазақ атауы қазақ халқымен ежелден қарым-қатынас жасаған, жазбаша тілі болған елдердің дереккөздерінде, атап айтқанда: ханзу (қытай), араб, парсы, византия, орыс, моңғол және түрік тілдеріндегі тарихи еңбектерде кездеседі деп тұжырымдауға болады – бұл ақиқат», – деген. А.Левшин, Г.Вамбери, В.В. Радлов, А.Н. Бернштам, А.Х. Марғұлан, В.Ф. Шахматов, М.Ақын­жанов, С.В. Юшков жоғарыда келтірілген деректерді қуаттайды.
Демек, қазақ халқы б.з.д. замандарда Қазақ даласында және онымен шекаралас шығыстағы Алтай мен Тұрфанда, Жетісуда және Сырдария мен Әмудария өзендері алабында, Каспий маңы жазығында өмір сүрген. Естеми қаған құрған Ұлы Түрік қағанаты заманында (VI–VII ғғ.) қазақтар Қазақ даласынан тыс жерлерді де мекендеген. Ұлы Түрік қағанаты ыдырағаннан кейін, халық «қазақ» деген атаумен осы кеңістікте өмір сүруін жалғастырды. Сырдария және Әмудария өзендері алабындағы Қазақ даласын аралаған саяхатшылар мен ғалымдар бұл өңірлердің тұрғындарын халықтың жалпы «қазақ» атауымен емес, жергілікті ру немесе тайпа аттарымен жазып алған. Сонымен қатар қазақ халқы әр уақытта сол кездегі мемлекеттер атауларымен, мысалы, түріктер, қаралақтар (немесе қарлұқтар), қыпшақтар деп жазылып, осы атауларымен дербес халық ретінде тарихқа, ресми құжаттарға енген. 
Еліміздің халқы өзінің біртұтас дұрыс атауымен, яғни «қазақтар» деп XIV ғасырдан бері атала және тарихи шығармаларға жазыла бастады, осындай атаумен олар Қазақ хандығының халқын құрады. Қазақ халқы этононимін тарих ғылымы айналымына кірген уақыттарына қарай қазақтар (б.э.д. IV ғ. бастап), түріктер (V ғ.) және қыпшақтар (XI ғ.) деп атап жүрміз. Қазақтарды қыпшақтар дейтін болсақ, онда тарихымызды XI–XII ғасырлардан бастаймыз, түріктер десек, тарихымызды V ғасырға дейін алып барамыз. Ал қазақтармыз десек, онда халқымыздың осыдан 2500 жылдай бұрын тарих сахнасына шыққан уақытын дұрыс көрсетеміз. 

Қазақтың көне мәдениеті

Археологиялық деректер бойынша, Қазақ даласын 3 млн жылдай мекендеп келе жатқан далалықтар, яғни алғашқы адамдар қауымы табиғаттың сан қилы сынына қасқая қарсы тұрып, өркениеттің биік сатыларымен көтеріліп, ұлтымыздың мәйегі «қазақ» халқын қалыптастырған. Олар ашық далаға қарағанда тіршілікке қолайлы үңгір қоныстарын мекендеп, тылсым күшке ие отты меңгеріп, табиғат сыйлаған дайын жеміс-жидектермен қоректенумен қатар, тас құралдарымен жабайы аңдарға аңшылық жасап, олардың етін пісіріп жеуді үйреніп, оны да місе тұтпай, өздері мал өсіріп, біртіндеп мәдени шаруашылыққа бағыт алған. Ежелгі далалықтар – қазақтар астрономияның, медицинаның, селекцияның және басқа ғылымдардың негізін қалаған.
Малды қолға үйрету – далалықтардың мәдениетке жасаған ең маңызды қадамы. Олар төрт түлік малды қолға үйретіп бағу арқылы табиғаттың қиындықтарынан шығу жолын тапқан. Қорадан шыққан малдың ауып кетуіне жол бермей, жаюға қолға үйренген иттердің де атқарған көмегі үлкен болған. Қорадағы мал жесе тамақ, кисе – киім, мінсе – көлік болды. Олардың ішінде жылқы ең басты рөл атқарған. Жылқы мен түйенің мініс көлігі, арбаға жеккен жүк көліктері болғаны туралы ескерткіштер Қаратау петроглифтерінде осыдан 4–5 мың жыл бұрын бейнеленген.
Адамдардың тығыз қоныстануы Голоцен оптимумында (осыдан 5–6 мың жыл бұрын) қарқынды орын алды. Осы кезде адамдар өздерінің малымен көшіп-қонып, жаңа аумақтарды игере бастады. Дала тұрғындарының басты артықшылығы жылқыны қолға үйрету болғанын Қазақ даласындағы археологиялық ескерткіштер растайды (оның жарқын мысалы – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай тұрағы). Атты салт мініп және арбаларына жеккен далалықтар қауымы, оларды қорғаған салт атты жауынгерлер Қазақ даласынан алыс өңірлерге қоныс аударған. Мәселен, Таяу Шығысқа, одан ары асып Грекия жеріне жеткен салт аттылар, барған жерлерінің халқын таңғалдырып, жергілікті халықтарды өздерінің жоғары мәдениетіне үйреткен. Салт атты сақ-скифтер келгенше, гректер атқа мінуді білмеген. Салт аттыларды алғаш көрген гректер және басқа жергілікті халықтар оларды біртұтас «кентаврлар» деп қабылдап, әйгілі миф-аңыздарын таратқан. 
Табиғат перзенті – дала тұрғындары ежелден өнердің сан алуан түрін, ат спортын (бәйге, көкпар – көкбөрі), күресті, оқ атуды, жарысты және басқаларды жетік меңгерген. Мысалы, сақ шабандоздарының артықшылығы Ксенофонт (б.з.д. 430–354) бойынша жақсы белгілі. Оның айтуынша, б.з.д. VI ғасырда Парсы патшасы Кир Вавилонда ұйымдастырған ат жарысында, сақ жауынгері өз атының айрықша артықшылығы арқасында, барлығынан озып кеткен. Поэзия, ән айту, эпос ертегілер, билеу, спорт, түрлі музыка аспаптарында ойнау – қазақ халқы өмірінің өте көне серіктері. Музыка аспаптарын, оларда ойнау сәттерін, ғұрыптық би түріндегі сахналық көріністерді ежелгі суретшілер жартастарға бейнелеген. Қазақ даласына XIX ғасыр соңында арнайы ғылыми іссапармен келген В.В. Бартольд, жергілікті тұрғындардың өнері мен мәдениетін зерттеп, орыстар өздерінің билерін далалық қазақтардан үйренгенін жазған. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіндегі (Алматы) тас ескерткіштердің бірінде домбыра ұстаған бақсы бейнеленген.
Жергілікті поэзиялық аңыздар, ойын-сауықтар, танымдық жұмбақтар, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, төрт жол өлеңдер, аңыз-әңгімелер, ауызша берілген сан алуан ғылыми деректер – қазақ фольклорында сансыз. Дала тұрғындарының, байырғы малшылардың өмірінен алынған мұндай фольклорлық шығармалардың тамаша үлгілері әрдайым ғалымдар мен өнер сүйер қауымның назарын аударып келеді. Дала тұрғындары тұрмыс-тіршілігінде әрқашан табиғат құбылыстарына тәуелді болған. Сондықтан олар жұлдыздардың қозғалысын ұдайы бақылап, астрономиялық есептеулер жүргізген және мұның барлығын қызықты поэзиялық түрде баяндап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. 
Геродот сақтар киімдерінің пішіндерін, алтын және асыл тастардан жасалған көптеген әшекейін сипаттаған. Бұған көне дәуірдегі археологиялық ескерткіштер де куә.Қазір дала тұрғындарының «Алпамыс – Алыпманас», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және басқа да көне туындылары бүкіл түріктілдес халықтардың ортақ игілігіне айналған. Академик А.Х. Марғұлан аңызға айналған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпопеясын арнайы зерттеп, оны дала тұрғындары б.з.д. III–I ғасырлар шамасында шығарғанын анықтаған. 
Сақтардың мәдениеті мал бағып, ет жеп, қымыз ішумен шектелмейді. Олар құнарлы жерлерде егін егіп, отырықшы мәдениеттің де бастауы болған. Ерекше атап айтуға болатыны, осы далалықтар кен қазып, металдар қорытып, олардың шикізат көздері болатын кенорындарын зерттеген. Өндірілген алтын, күміс, асыл тастардан жасалған әсем де нәзік зергерлік бұйымдармен киімдерін, сауыт-саймандарын және тұрмыс заттарын безендірген. Бұл айтылғандарды археологиялық қазба жұмыстар кезінде табылған жәдігерлер, «Алтын адамдар» қуаттайды. Алтын және күміс – адамзат бірінші қолданған металдар. Олар табиғатта таза сомтума күйде кездесетіндіктен, адамдар назар аударып, қолдана бастаған. Бұл металдар майырылғыш болғандықтан, өңдеуге өте оңай, бірақ ауырлығы мен жұмсақтығына байланысты еңбек құралдары ретінде қолдануға жарамсыз. Сондықтан алтын мен күміс зергерлік бұйымдар жасайтын әсемдік зат үшін тұтынылған. Мыс дәуірінде жердің бетіне шығып немесе саяз жерден қазып алған сомтума мысты еңбек құралдарын, қару-жарақтар жасауға алғаш пайдаланған Қазақ даласын мекендеген далалық тайпалар. Олар қажет шикізатты, яғни сомтума мыс кесектерін қазір бізге белгілі кенорындардан қазып алған. Мәселен, академик Әлкей Марғұлан археологиялық деректер бойынша, далатұрғындары Жезқазған мысын осыдан 3–4 мың жылдай бұрын қолданғанын, мыс қорытатын пештер салғанын жазған.
Қазақ даласын мекендеген көшпелі халық тек мал шаруашылығымен айналысқан деген шектеулі ұғым қазақтардың ежелгі мәдениетіне сәйкес келмейді. Далалықтар өркениеттен мәдени өмір салтына өтудің көрсеткіші – темір кенін өндіріп (кен іздеу зерттеулерін жүргізу, кен өндіру технологиясын меңгеру), болат қорытуды (металлургия) да меңгерген. Темірді қолдану қазіргі техника мен индустрияның бастауы болып табылады. Алғаш темір кенін өндіріп, болат құралдар мен бұйымдар жасаған жер – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан облысының ежелгі Түркібасы (қазір бұрмалаған Түлкібас) өңіріндегі Абайыл темір кенорны. Бұл кенорын біршама оңай балқитын қошқыл теміртастан тұрады, кен балқытуға қажет отын да осында, ал суды Арыс өзеніне құятын салаларынан алған. Абайыл темір кен орнынан, оның кенінен болат қорытып, өте сапалы құралдар мен бұйымдар жасаған шеберханалардан Қазақ даласында, тіпті адамзат тарихындағы десе болар, темір заманы мәдениеті, яғни темір өнеркәсібі бастау алған.

Әділхан Байбатша, 
профессор 
Қаныш Сәтбаев атындағы 
ҚазҰТЗУ оқытушысы

280 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №46

13 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы