- Ақпарат
- 30 Қазан, 2025
Рухани мұраның аманатшысы
Кітапханашылар күніне орай, «Ana tili» республикалық ұлт газеті Ұлттық кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Газет ұжымы ұлттық мұраның сақталуы мен таралуына, құнды рухани қазынаны болашақ ұрпаққа аманаттаудағы еңбегі үшін кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы ұлттық руханиятты өркендету ісінде жүйелі бағыт қалыптастырып, мәдени саясаттың іргелі жобаларына жетекшілік еткені үшін ерекше алғысқа ие болды. Сонымен бірге сирек кітаптар мен тарихи қолжазбаларды көздің қарашығындай сақтап, ел игілігіне ұсынуда қажырлы еңбек етіп жүрген Гүлшат Масалимқызы Абикованың қызметі де жоғары бағаланды. Жас буын өкілі Аружан Лайыққызы кәсіби ізденісі мен кітапхана ісіне адалдығы үшін алғысқа лайық деп танылды. Ал оқырманмен тікелей байланыста жүріп, мәдениет пен зиялы қарым-қатынастың қолайлы ортасын қалыптастырып жүрген Әйгерім Мұратқызының еңбегі кітапхананың беделін арттырған жауапты қызмет ретінде атап өтілді. Ұлттық архив қорларындағы тарихи деректерді ғылыми тұрғыда сараптап, оны көпшілікке түсінікті тілмен жеткізіп жүрген Алтынбек Қанат Мұратбекұлының еңбегі ұлттық жадты жаңғырту бағытындағы маңызды үлес ретінде бағаланды. Сонымен қатар архив материалдарын реттеп, сирек құжаттарды жүйелі түрде таныстырып жүрген Ертай Біләл де құрметке ие болды.
Бұл құттықтау іс-шарасы арқылы «Ana tili» газеті кітапханашылар еңбегінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті. Ұлттық кітапхана – кітап қоры ғана емес, ұлт тарихының аманатталған алтын бесігі екені атап өтілді. Сонымен бірге «Ana tili» газеті мен Ұлттық кітапхана алдағы уақытта бұрын жарық көрмеген мұрағаттық деректер мен зерттелмеген тарихи тұлғалар туралы материалдарды жүйелеп, ғылыми-танымдық форматта оқырманға ұсынатын бірлескен жобаны бастайды.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
360 рет
көрсетілді0
пікір