- Ақпарат
- 30 Қазан, 2025
Ауыз – дарбаза, сөз – самал
Сізге – өтірік, бізге – шын, қазақ тілінің тазалығы мәселесі сонау Қазақ кеңестік социалистік республикасы заманында да биік-биік мінберлерден, ашық, өткір түрде айтылған. Алдымен кеңсе тілі мәселесін Сәкен Сейфуллин бастаған зиялылар көтергенін білеміз.
Дағжан Белдеубай,
«Ana tili»
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі, әрине, дара. Ұлы Абайды ұстаз тұтқан Алаш зиялылары кейбір түрік халықтары ақындарының қателігін қайталамады. Яғни араб-парсымен будан тілде жазып, оны туған тіліне қайта аударған машақатты қазақ Абайдың арқасында айналып өтті десек те болады. Абайды ерекше қадір тұтуымыздың бір себебі сонда болса керек. Қазақтың әдеби тілі күмілжімей, кібіртіктемей, буырқанған жыраулар поэзиясымен ұштасып дамып жүре бергені де содан.
Кеңес дәуірінде қанша орыс тілі үстемдік еткенімен әдебиеттегі, баспасөздегі тіл тазалығы айтылмай қалмайтын. Қайта қазақтілді орта, сол заманда қазіргіден таза сөйлеген секілді көрінеді. Себебі ол кезде ұлт бойында өзгеге жұтылып кету қаупі тұрды. Сондықтан өзін-өзі сақтау қабілеті күшейген болар деп топшылаймыз.
Сонау сексенінші жылдарда қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ тілінің де айбарындай көрінетін Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер қатысқан жиындарды көрген де, көрмеген де арманда еді. Сол классиктердің өздерінен кейінгі інілерін, бүгінгі ұрпақ пір тұтатын Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков тағы басқа жазушылардың шығармаларындағы тілін сынағанын да көрдік. Оны кейбір ағайын жазушылар арасындағы бақталастыққа балайтын. Бірақ қалай болғанда да сол сынның артында үлкен тілдік, ұлттық мүдде тұрды. Ұлы Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген атақты сөзі сол жылдарда айтылды.
Қазақта «бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» деген сөз бар. Кеңестік кезеңде халқымыз бір емес, бірнеше мәрте аштыққа ұшырап, сұмдық зұлматты бастан кешкенімен тоталитарлық жүйенің жақсылығын да көрдік. Кеңестік идеологияға жұмыс істеген қаламгер атаулының жағдайын жасағандықтан, әдеби тіліміз қатты дамығанын да өтірік дей алмаймыз.
Ал қазір өзгені қойып, кейбір жас, тіпті жасамыс жазушылардың тіліне де қарның ашады. Әрине, талант туралы әңгіме басқа, тілге уызынан жарымады дейін десек, қазақ азат болғалы да отыз бес жылға аяқ басқан жоқ па? Әңгіме, хикаят, роман атаулының тілін талдауды келесіге қалдырсақ, осы жаңа ғана бір ақын ініміздің әлеуметтік желіге «сегіз жыл алдын» деп жазғанын оқыдық. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегендей, мұндайда жыларыңды да, күлеріңді де білмейсің. Тіл тазалығы деген осындайдан басталады.
Ілкіде қазақтілді орта кеңес дәуірінде таза сөйлеуге талпынғанын айттық. Қайта сол заманда «телефондау» деуші едік, қазір «звондау» деп жаттаймыз. «Воротаны жабамыз», «через Астана келеміз», «срочно жібер» дейміз, «настроениеміз көтеріледі», біреуге «маяк тастаймыз», баламыз «полға жата қалады», «пиар жасаймыз». Жастарымыздың аузынан түспейтін сөздер: тема, прикол ұстап, сюрприз, базар жоқ, доча, супер, пахан… осылай соза беруге болады. Ең жаманы – осылай сөйлеу арқылы тілді шұбарлап, қадір-қасиетін кетіріп жатқанымызды ойламаймыз. Өз тіліміздің, бейнелеп айтқанда басын жарып, көзін шығарып сөйлегенімізге мәзбіз.
Кез келген қоғам өзіне-өзі сыни көзбен қарауды қойған сәттен бастап кері кету басталады. Бұл – әлем философтары жасаған түйін. Мұндай тілдік қожырау кезінде өзіне-өзі талапшыл, сергек қоғам атаулы үнсіз қала алмайды. Бізде тіпті тілші ғалымдар да көптен бері үнсіз. Тек Назгүл Қожабек («Калькасыз қазақ тілі» Telegram-арнасының авторы) секілді бірлі-жарым мамандар шырылдап жазып жүр. Назгүл қарындасымыздың парақшасындағы қазақтілді ортада аңғармай айтатын: сүтпен шай, дұрысы – сүтті шай, сүт қатқан шай, сәттілік (орысшасы удачи), дұрысы – іске сәт тағы басқа көп сөзді, сөз тіркесін көрдік. Соның бәрін ерінбей-жалықпай теріп шыққан еңбеккерлігіне, ана тілімізге деген махаббатына сүйсіндік. Сол еңбегіне сай оның парақшасына жазылушылар да аз емес екен, он алты мыңға жуықтапты.
Сонша адам Назгүл ханымның көрсетуімен: семейная пара – отбасылық жұп емес, ерлі-зайыпты, экономический интерес – экономикалық қызығушылық емес, экономикалық мүдде, ұлттық киімде келу емес, ұлттық киім киіп келу, ругать ребенка – баланы ұрсу емес, балаға ұрсу (осылай ұзыннан-ұзақ соза беруге болады) екенін түсінеді. Біздіңше, дәл осы заманда ана тіліне, Мемлекеттік тілге қызмет етудің жарқын үлгісі осы.
Қазіргі ауызекі тіл сын көтермейтінін айтқанда, байырғы қазақ қалай сөйлеген деген сауал туады. Оқып көріңіз: «Ауыз – дарбаза, сөз – самал». «Аузын баққан ауылға ие болады, аузы қағынған жауырға ие болады». «Бір Құдай жетелеп, екі ажал айдап». «Біреудің бурасына дегені өзінің ботасына келеді». «Бұлттан шыққан күн ыстық, күңнен туған ұл ыстық». «Құл күйеуге күң жеңге». «Қатын ханға да тезек тергізеді». «Қол жетпеген бұтаның миуасы тәтті». «Ешкілі қой өреген». «Етікті нәлі сақтайды, жігітті кәлі сақтайды». «Шалбары жыртық, дамбалы тесікке күліпті». «Өлі – тірінің азығы». «Дүниенің басы – сайран, аяғы ойран».
Осылай мақалдап-мәтелдеп сөйлеу қайдан шықты дерсіз, көшпелі қазақтың баласы бесік жырын тыңдап, ертегі, аңызбен, батырлар жырымен ауызданды. Қазіргідей қалтафонға телмірмеді. Әрі жаңағыдай түйінді сөздер өмірдің өзінен алынды. Көрген-білгеннен шықты. Мұндай керемет сөздерді біз әлі түгендеп бітпеген секілдіміз. Жүз томдық ауыз әдебиетінің үлгілерін, соның ішінде мақал-мәтелдерді парақтап шыққаным бар. Бірақ жақында әлеуметтік желіден «Атқа міндің – ажалға міндің» деген нақылды оқып, таңғалдым. Әлгі жүз томдықтан кездестірмеген едім. Билікке, мансапқа қолы жеткен адамға бағыштап айтылған сөз болса керек. Түсінген адамға, жүрегіңе майша тиетін сөз.
Қысқасы, тауып та, қауып та айта алған бабалардың бүгінгі ұрпағы неге ойын да дұрыс жеткізе алмайтын, қотыр тілде шүлдірлейтін кембағал күйге түстік. Біреулер мұның бәрі көшпелі өмірден алыстап, қоғам өзгеріп жатқанынан болар деп жорамалдайды. Иә, қоғамда өзгеріс аз емес. Сәкен Сейфуллин кеңсе десе, біз офис дейтін болдық. Бірақ кірме сөздер қай заманда да болған. Араб-парсыдан, орыстан (дұрысы, орыстан емес, еуропалық тілдерден) қаншама атаусөз енді. Тіліміз әлі талай атауды қабылдайды. Барлық тірі тіл солай дамиды. Кемшілік тілде емес, өзімізде. Қазақ кітап оқудан қалып барады. Әлгі аталған сауатсыздықтың барлығы оқымаудан, білмеуден. Кітап оқуға үндеп, тірлік жасап жатқан азаматтар бар, мемлекет те қол қусырып қарап отырған жоқ, бір қарағанда шығып жатқан кітап та баршылық, бірақ жеткіліксіз секілді.
Әлгіндей керемет нақылдар айтқан бабаларымыз, бүгінгідей заман болатынын да болжап кетіпті. Батыс өңірде Мөңке есімді би болғанын білеміз. Мөңке биді, қазақтың Нострадамусы десе дегендей, оқыған сайын таңырқайсың (Мөңке атауын әлеуметтік желіде біреу монғол сөзі деп атапты. Кім екені есімізде жоқ, бірақ дұрыс байқаған. Мөнх – мәңгі, мәңгілік мағынасындағы моңғол сөзіне келеді. Алайда бұл, біздіңше, түрік-моңғол тілдеріне ортақ атау болар. Өйткені сөздің мағынасындағы ғана емес, тұлғасындағы ө-ә, н-ң, г-х дыбыстарының алмасуы түрік тілдерінің өз ішінде де толып жатыр). Сол Мөңке бидің:
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсер інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады, – дегені осындайда еске түседі.
463 рет
көрсетілді0
пікір