• Ақпарат
  • 30 Қазан, 2025

Қазақ тілі – құндылық пен таным мектебі

Ару СҮНДЕТҚАЛИ, 
№8 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі:

Қазақ тілін оқытудың басты мақсаты – баланың тілдік санасын қалыптастыру, ойлау қабілетін дамыту, ойын сауатты әрі еркін жеткізуге үйрету, сонымен бірге ұлттық болмыс пен мәдени құндылықтарға құрмет сезімін дарыту. Бұл пән арқылы бала тек тіл үйреніп қана қоймай, тыңдау, оқу, жазу және сөйлеу дағдысын меңгеріп, қоғамда еркін әрі сыпайы қарым-қатынас жасауға бейімделеді. 
Көрнекті ғалым, академик Рәбиға Сыздық тіл мәдениеті адамның ойлау мәдениетіне тікелей байланысты екенін атап көрсетеді. Ғалымның пайымдауынша, сөзді орынды қолдану адамның ойлау сапасының көрсеткіші саналады, сондықтан тіл мәдениетін меңгеру баланың логикалық ойлауын жетілдіреді. Тіл ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалым Құдайберген Жұбанов ана тілін оқытуда басты назар ережені жаттатуда емес, тілдің мағынасын ұғындыруда болу керегін айтады. Ол тілді механикалық түрде емес, мағыналық және танымдық деңгейде меңгерудің маңызды екенін көрсетеді. Мұндай әдіс оқушының тілдік қабілетін ғана емес, түсіну және талдау дағдысын да қалыптастырады. Ал Лев Выготский мен Жан Пиаже еңбектерінде білім дайын күйінде берілмейді, оқушы оны өзінің танымдық әрекеті арқылы игереді деген тұжырым дәлелденеді. Осы теорияларға сүйенсек, ана тілін оқытуда белсенді әрі сындарлы әдістерді қолдану қажеттігі туындайды. INSERT, семантикалық карта, бес жолды өлең, рөлдік ойын сияқты әдістер оқушының мәтінді талдап, салыстырып, қорытындылауына мүмкіндік береді. «Автор орындығы» әдісінде бала кейіпкердің ішкі жан дүниесін сезініп, эмоциялық интеллектісін дамытады. Осындай белсенді тәсілдер арқылы оқушы тек мазмұнды қайталамай, мағынаны түсінеді, өз ойын дәлелдеп жеткізе алатын тілдік тұлғаға айналады.
Нәтижесінде қазақ тілі сабағы оқушының ойлауын дамытып қана қоймай, ұлттық болмысқа негізделген рухани-адамгершілік құндылықтарды бойына дары­тады. Бұл, өз кезегінде, Ахмет Байтұрсынұлының «тіл арқылы ұлтты сақтау» қағидасымен сабақтасып жатыр.

315 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №46

13 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы