• Әдебиет
  • 05 Қараша, 2025

Біз есейдік шаң бұрқаған көшеде...

​Мелис Маматжанов 1991 жылдың 14 желтоқсанындаОш облысының Қара-Суу ауданының Жаңы-Арықауылында дүниеге келген. 2015 жылы Ош гуманитарлық-педагогикалық институтын «Қырғыз тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. «Апакемдик алмасы», «Дарексиз дүйнө» - жыр жинақтары жарық көрген.

Қазіргі таңда Ош Мемлекеттік Университетінің ректоры кеңсесінің жетекшісі болып қызмет атқарады.

***

Ғаламдағы жылжып өмір кемесі,

Аппақ бұлттан аппақ арман құлаған. 

Қардан суық аман қалған денесі,

Жаз да келді бір күліп, бір жылаған. 

 

Аспаныңда ақ көгершін жылай ма?

Келдің бе жаз? От пен оқтан аман қап. 

Қардан босап, тәу ететін құдайға,

Ескерткіштер мынау фәни ғаламда ақ. 

 

Ақты «қара», ал жақсыны «жаман» деп, 

Ех, адамдар, дүниені ластады. 

Келдің бе, жаз? Сені тосып алды да,

Бейіттерде гүлдер бүрлей бастады…

 

 

 

ҚАРА ШӘЙНЕК

Түн оянды төбеттердің тісінде,

Таңмен бірге ауыл енер  күшіне...

Қоламтадан от тұтатса апакем,

Қайнайды өмір қара шәйнек ішінде.

 

Ауыл, адыр, бозарған үй, тас қорған...

Бір жолаушы көрінеді тас жолдан.

Жаулығындай жаңа түскен жеңгемнің,

Қара шәйнек бір кездері ақ болған.

 

Күндер қағып кетсе-дағы қанатын,

Сағыныш ол, әркез еске алатын.

Құшақтасып ұйықтайтынбыз далада, 

Қара шәйнек, қара күшік, қара түн.

 

Біз есейдік шаң бұрқаған көшеде,

Мезгіл әжім салды бетке нешеме.

Түн ағарып, таң атқанмен бозарып,

Қара шәйнек ағармады, пешене... 

 

Отты күндер опық жеген, мұңайды,

Отқа төсін тосқан шәйнек ұлғайды.

Қара шәйнек ішіндегі су өмір, 

Ағып кетті, өмір солай сынайды.

 

Оттай жанған өксігі көп  у өмір,

Шәйнектей боп тым ескіріп барады.

Қара шәйнек – ішіндегі су – өмір,

Қайнап-қайнап бір күн тоқтап қалады…

 

ҚАҢБАҚ ӨМІР

 

Мұздай көңіл, суық алақан,

Мұз боп тамған көзден үміттер.

Бала кезім жұлдыз санаған,

Ғайып боларын көзден біліп пе ем?…

 

Сүйретіліп көшімнен қалман,

Түсірмеді өмір құнымды.

Сенім отын өшірген жандар,

Сезіміме келіп жылынды.

 

Өтірік сөз иттей қапса да,

Көлегейлеп күнді жапқан-ды.

Бақытымның жолын жапса да,

Бақыт мені іздеп тапқан-ды.

 

Өз қиялым бұлтпен астаса,

Көз ұшында шексіз жол жатыр.

Жақындарым жауға тастаса,

Жат біреу кеп тосты қолшатыр.

 

Шындық барда жалған жан бермек,

Шындығыңды ұғар жан керек.

Шырқ айналған тағдыр жолында,

Өмір - қаңбақ, кетер дөңгелеп.

 

ЖҰЛДЫЗДЫ ЖАҒАЖАЙ

 

Меңірейген тыныштыққа бас ұрып,

Көкте қалқып айдың нұры мұңайды.

Таяздығын тереңдікке жасырып,

Көл толқыды көз жасындай Құдайдың.

 

Барлық әлем үнсіздіктен құралып,

Жалғыз арал, жағажайға бағынды ер.

Билеп жатқан толқынменен бұралып,

Тіршілік пе, үміт пе әлде қоңыр жел?

 

Табиғаттың әр тынысы тылсым, ұқ,

Көлдің таңын жанарыма жасырып.

Жұлдыздарға созсаң қолды ұмсынып,

Сол толқынның төккен ащы жасын ұқ.

 

Жағажайда жымыңдаған жұлдыздар,

Қап-қара түн өзін көріп айнадан.

Мөлдірлікті тоңдыра алмас түнгі ызғар,

Құтылмаса сынақ толы айладан.

 

Жағажайда бар өмірің сыналып,

Керегесін әшекейлеп жұлдыздан.

Көл әлемі көз жанарын суарып,

Құмнан сарай тұрғызған.

 

Жағажайда мұңаюмен қоштасып,

Сапар шексе қуаныш бар, біледі.

Көкте жанған жұлдыздарды байқамай,

Құмнан ЖҰЛДЫЗ іздегендер жүреді.

 

 

Аударған Әсем Ережеқызы

929 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы