- Ақпарат
- 06 Қараша, 2025
ТІЛДІ ҮЙРЕТУ ТЕТІГІ
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Сенатор Руслан Рүстемұлы Сенаттың пленарлық отырысында әріптестері Н.Байқадамов, А.Нұхұлы, Қ.Тастекеев, А.Есбаймен бірге Премьер-министрдің атына қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдістемелік негіздерін қайта қарау, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың тұжырымдамасын қабылдау жөнінде депутаттық сауал жолдады. Біз осы мәселеге байланысты тіл саласында жүрген бірқатар мамандардың да ой-пікірін білген едік.
– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуын зерттеуші ғалымдар оқыту әдістемесінің басты кемшілігі – балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары бағдарламасы арасында өзара сабақтастықтың жоқтығынан деп пайымдайды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды...» деген сөзі әлі де өзекті. Бағдарламада баланың ойлау, сөйлеу қабілетін дамыту дұрыс ескерілмеген. Грамматикалық заңдылықтарды тереңдете оқытпайды, баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ.
Қазақ тілі оқулықтарында да белгілі ғылыми жүйе жоқ. Мысалы, 5-сыныптың оқушысы өзінің жас ерекшелігіне қарай тіл мәдениетін, әдеби тіл нормасын сақтап, ауызша сөйлей алуы, ойын қағазға жаза білуі керек. Демек, мектепте тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» секілді салалары оқушылардың жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай, жүйесін бұзбай оқытылуы керек.
Қазақ мектебінде қазақ тілін оқытуға қажетті сағат саны жеткілікті екеніне қарамастан оқушыға лингвистикалық білімді жас ерекшелігімен спиралдық әдіс арқылы оқыту жүзеге аспай тұр. Осының салдарынан оқушыда коммуникативтік дағды дұрыс қалыптаспайды, грамматикалық білім толық берілмейді. Бұлай оқытудағы кемшілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды.
«Филология» мамандығының білім беру бағдарламасында да қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің санына ортақ талап жоқ. Әр жоғары оқу орны профессор-оқытушыларының әлеуетіне қарай білім беру бағдарламаларын өз қалауынша дайындайды. Бұл дұрыс емес, бір мамандыққа арналған бағдарлама еліміз бойынша бәріне ортақ болуы керек. Бағдарлама болашақ маманның бойында болуы тиіс құзыреттіліктерге негізделіп жасалуы қажет.
Жоғары оқу орындарында тілдік емес мамандықтардың қазақ тобына да қазақ тілін міндетті кәсіби пән ретінде оқыту керек. Яғни тілдік емес мамандықтардың қазақ тобындағы студенттер қазақ тілін кәсіби түрде меңгерсе, болашақта қазақ тілін сол салада ғылым тілі ретінде дамытатын, терминологиясын жүйелейтін білікті маман болып қалыптасар еді.
Қазақ тілі мен әдебиетін ең көп оқытатын орта – мектеп. Алайда оның білім беру стандарты қажетті деңгейде жасалмай, соның негізінде бағдарламасы да кемшін әзірленген. Қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның кемшіліктерін жөндеп, қазақ тілі пәнін оқытудың мақсат-міндетін қайта өзектендіру аса маңызды. Сондай-ақ қазақ тілі пәнін орта мектепте оқыту мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесіне кіретінін және оның мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың басты негізі екенін қаперде ұстауымыз қажет.
Біз осыған орай еліміздің барлық қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарындарының қазақ топтарында грамматиканы оқытудың ұстанымдарын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдістемелік негіздерін, орта мектептегі қазақ тілі пәнінің мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлік жүйесіндегі орнын қайта қарап, ең бастысы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың тұжырымдамасын қабылдауға ықпал жасауыңызды сұраймыз», – делінген үкімет басшысына жолданған депутаттық сауалында.
Бижомарт ҚАПАЛБЕК, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры:
Үкімет іске кірісуі керек
– Рас, мемлекеттік тілді (қазақ тілін) оқытудан кенде емеспіз. Орта мектепті алсақ, оған қазақ тілі пәнін оқытуға мың сағаттан артық уақыт бөлінген. Қазақ тілі пәнін мың сағаттан артық оқыған оқушы мектептен тіл академигі болып шығу керек еді ғой. Ондай емес, керісінше дұрыстап жаза алмайтын, сөйлей алмайтын жас ұрпақ өсіп шығып жатыр. Сондықтан сенатордың мектеп бағдарламасын жөндеу керектігі туралы айтқаны өте керемет. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытатын осы қазақ мектебін бітіргендер екендігі анық. Бұл – біздің болашағымыз.
Депутаттық сауалда ЖОО-дағы қазақ тобында оқитын студенттер әрі қарай қазақ тілін оқуын жалғастыру керек екендігі әлеуметтік лингвисткиа тұрғысынан әбден негізделген. Тіл жеке сөйлеуші арқылы дамиды. Тіл өзінен өзі дамымайды, оны тілші ғалымдар да дамытпайды, оны сөйлеуші дамытады. Яғни мектеп қабырғасындағы оқушылар ертеңгі әртүрлі мамандықтың иегерлері. Олар мектепте алған лингвистикалық білімнің негізінде, болашақта өзі жұмыс атқаратын әртүрлі: мәдениет, саясат, заң, ІТ технология, инженерия, ауыл шаруашылығы және т.б. салаларға барып, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жұмыс жасап, қазақ тілінде жиналыс өткізіп, қазақ тілінде іс-қағазын жазып, сол салаға қазақ тілін жаяды. Бізде бес стиль болса қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде соның үшеуінде ғана жұмыс істейді: ауызекі тіл стилінде, көркем әдебиет стилінде, БАҚ-та қолданатын көсем сөзде, яғни публицистикалық стилінде жұмыс істейді, газет, радиомыз бар дегендей. Ал елді басқару, мемлекеттік тілдегі іс-қағаздар, ресми іскери тілде, ғылым тілінде мемлекеттік тілдің үлесі аз, пайыздық көрсеткіш өте төмен. Мұның бәрі осы орта мектептегі балаларды ЖОО-да да қазақша оқытып, кейін маман болып шыққанда өздері сол салаға қазақ тілін ертіп бару үшін жасалуы керек. Осыны сенатор Р.Рүстемұлы тура айтып отыр.
Кейбір адамдар тілді «дамыған тіл», «дамымаған тіл» деп бөледі. Ол дұрыс емес. Мысалы тілден тілдің кемдігі болмайды, тілден тілдің кеңдігі ғана болады. Бір тіл бір тілден кең ғана болады. Өйтпесе кез келген тілді мемлекеттік тіл ретінде, тіпті халықаралық тіл деңгейіне көтеруге болады. Оны көтеретін тілдің ішкі әлеуеті, потенциалы емес, тілдің сүйкімділігі немесе тілдегі сөздердің байлығы емес, тілді көтеретін – сол тілде сөйлейтін адамдар. Сол адамдардың күштілігі, мықтылығы, білімділігі. Мысалы ағылшын тілін алатын болса, ол тіл кереметтей әдемі тіл емес, оны өздері де айтады: «Ливерпуль» деп жазып, «Манчестер» деп оқимыз» деп. Оны Ақаң тіпті қатты айтады, «ол ит деп жазып, шошқа деп оқыйтын тіл» дейді. Бірақ сол ағылшын тілі қазір әлемде үлкен жетістікке жетіп, бүкіл әлемге жайылып отыр. Тек британдықтар емес, бүкіл дүниежүзіндегі бір миллиард адам ағылшын тілін ана тілім деп есептейді. Оның барлығы сол ағылшын тілінде сөйлейтін адамдардың қоғамдағы статусының күштілігінен, мемлекеттің статусының күштілігінен. Англия, АҚШ сөйлейді, олардың отарында болған басқа елдер, мысалы Үндістан сөйлейді. Біздің қазақ тілі де өте керемет тіл, бай тіл. Бірақ кеңдігі жетіспей тұр. Өзінің заңды таралатын аумағын қорғай алмай отырмыз. Бұл біздегі тіл саясатының босаңдығын көрсетеді. Тіл өзі зерттелуі, оқытуы, қолданылуы арқылы қоғамға жайылатын болса, сол мемлекеттік тілді балабақшадан бастап ересектерге дейін, ЖОО-нан кейін постдокторантураға дейін оқытудың барлығында бір жүйе болу керек екенін, жалпы қазақ мектебіндегі қазақ тілінің басқа әртүрлі сатыдағы оқытудың барлығы тек қазақ тілі пәнін оқыту емес, ол мемлекеттік тілді оқытудың ішінде тұтас бір жүйенің бір бөлігі болуы керек екенін сенатор мырза керемет дәлдікпен айтып отыр. Енді үкімет іске кірісуі қажет. Азаматтық қоғам да тілге қатысты талапты белсене талап етуі керек.
Аман Абасилов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры:
«Кәсіби қазақ тілі» барлық оқу орнында оқытылғаны дұрыс
– Жоғары оқу орындарында қазақ тілінің оқу тілі және пән тілі болуына басымдылық беру – күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Сондықтан назарды қазақ аудиториясына салуымыз керек. Мемлекеттік тілді өз саласында кеңінен жаятын, сол саланың тілін дамытып, академиялық стиль мен ғылыми терминді дамытатын ЖОО-да оқитын қазақ бөлімінің студенттері екені рас. Алайда ЖОО-дағы тілдік емес мамандықтарының қазақ тобындағы қазақ тілін оқыту мәселесі бір жөнге келмей тұр. Біздіңше, оны шешудің мынадай жолдары мен тетіктері бар:
ЖОО мамандарының қазақ тілін міндетті пән ретінде оқытуға да, оны ғылым тілі ретінде дамытуға да ынта-ықыласы мол. Оған сол жоғары оқу орындарында білім алып жатқан сан мыңдаған білім алушылардың талап-тілегін қосыңыз. Бұл қазақ тілінің өміршең тіл екенін растайтын нақты жауап. Сондықтан Қазақстан халқының 71,0 пайызын құрайтын ұлттың тілін, мемлекеттік (ресми) тілін білім алу тілі ретіндегі қызметінен шеттетуге болмайды. Қазақ тілі балабақша, мектеп, арнайы және жоғары оқу орындары, барлығына тегіс білім беретін негізгі әрі міндетті пән болуға тиіс.
Қазір, өкінішке қарай, қазақ тобында орыс тілі, орыс тобында қазақ тілі міндетті пән ретінде (10 кредит) оқытылады. Бірақ қазақтілді аудитория да, орыстілді аудитория да қазақ және орыс тілдерін коммуникативтік мақсатта мектепте 11 жыл оқып келді деп есептейтін болсақ, енді олар ЖОО-да оқыту тіліне қарамастан барлығы да қазақ тілін кәсіби түрде оқып, меңгеруі керек.
Біз оқытуда функционалдық сауаттылық дегенді жиі айтамыз. Кәсіби қазақ тілі пәні нағыз функционалдық сауаттылықты: сөйлеу мен жазуды үйрететін пән. Сөйлемейтін, жазбайтын адам жоқ. Сондықтан «Кәсіби қазақ тілі» – Қазақстандағы жоғары оқу орындарының барлығына оқыту тіліне қарамастан тегіс оқытылатын пән. Демек, міндетті пәнге қойылатын талап та соған сай қатаң болуы керек. Пәннен алынған білім нәтижесі Қазтест арқылы бағаланатындай арнайы тетік жасалғаны дұрыс. Бұл болашақта қазақ тілін меңгерудің құқықтық талаптарын жасауға жол ашады.
«Кәсіби қазақ тілі» деген атаумен кемінде 5 кредит көлемінде міндетті пән ретінде оқытылуы керек. Білім алушылар пәнді оқу барысында төмендегідей нәтижеге қол жеткізе алуы қажет:
– дұрыс, шебер сөйлеуді үйрену. Барлық стильде ауызша мәтін тудыру дағдысын жетілдіру.
– өз саласының қыр-сырын ана тілінде ұғыну. Ұлттық терминжасам жүйесінен хабардар болып, сол салада қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға атсалысу.
– академиялық жазылым дағдыларын меңгеру. Осы дағдылар кешені арқылы тек лингвистикалық ғана емес, ең алдымен логика, талдау, сыни ойлау, объективтілік және басқа идеялар мен басқа адамдардың мәтіндерін құрметтеу сияқты металлингвистикалық құзыреттерін қалыптастыру.
– ұлттық дүниетанымды қалыптастыру. Тіл арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру, аялық білімді меңгеру, әлемді қазақ тілі арқылы тану.
ЖОО-дағы қазақ тілін оқытудағы тағы бір үлкен мәселеге қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау жатады. Бұл мамандықтың өзекті мәселелері бойынша төмендегідей тұжырым жасауға болады:
Қазір еліміздегі әрбір білім ордасы өзінің оқу траекториясын өзі таңдап жатыр. Бұл бір оқу орындары үшін, олардағы кейбір мамандықтар үшін тиімді әрі дұрыс болса, екінші бір оқу орны мен ондағы мамандықтар үшін тиімсіз, қате болуы да мүмкін. Айталық, журналистика мамандығын салалық тұрғыдан қажеттілікке қарай бейімдеп жасауға болатын шығар. Сол сияқты жергілікті жердегі өндіріс орнының сұранысын қамтамасыз ететін мамандар даярлау керек болар. Ондай мамандарды жұмыс берушінің талабына сай даярлау ЖОО-ның даму мүмкіндігін, танымалдығын арттыруға жаңа серпін береді. Бірақ осыны негізге алып, барлық оқу орындары өздері жеке мамандық ашып, сұраныс болып тұр деп жаңа пән енгізіп, білім беру бағдарламасын өзгерте беруге болмайды. Айталық, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын (барлық педагогикалық мамандықтар да солай) алар болсақ, ол жергілікті жердегі жұмыс берушілердің қажеттілігіне немесе сұранысына сәйкес өзгеріп, құбыла салатын мамандық емес, оған жұмыс беруші айтты екен деп немесе сол жоғары оқу орнындағы ПОҚ-тың зерттеу бағыттарына сәйкес келеді екен деп жаңа бір пәнді енгізе салуға болмайды.
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлауды басқа мамандықтар сияқты жергілікті жердің қажеттігімен, не ЖОО-дағы ПОҚ-тың ғылыми бағытымен немесе жұмыс берушілердің сұранысымен оқытуға болмайды. Өйткені қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының негізгі жұмыс берушісі – мемлекет, яғни мемлекеттік білім беру мекемелері. Ал олардың сұранысы – дүниетанымы мен бітім-болмысы ұлт тілінде қалыптасқан тұлға тәрбиелейтін және ұлттық әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білетін, еркін сөйлеп, сауатты жаза алатын маман даярлау. Біздіңше, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына қойылатын біліктілік талаптары да, ондағы оқылатын пәндер де барлық қазақстандық ЖОО-да бірдей болуы керек.
Серік Бәкір:
Ұлт мүддесі биік болуы қажет
Бірден айта кетейік, депутаттық сауалда мектептердегі қазақ тілін оқыту процесі мүлдем іске алғысыз деген сөз жоқ. Білікті мектеп мұғалімдері өздерінің міндетін абыроймен атқарып келеді, оң нәтиже де жоқ емес, дегенмен жылдар бойы қордаланған мәселе қазақ тілін оқыту процесіне зиянын тигізе бастады делінген, демек мәселедегі осы жайттардың аражігін ажыратып алғанымыз жөн.
Мәселен, «Бағдарламада баланың ойлау, сөйлеу қабілетін дамыту дұрыс ескерілмеген. Білім беру стандарты қажетті деңгейде жасалмай, соның негізінде бағдарламасы да кемшін әзірленген. Грамматикалық заңдылықтарды тереңдете оқытпайды, баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ, оқушыға лингвистикалық білімді жас ерекшелігімен спиралдық әдіс арқылы оқыту жүзеге аспай тұр. Осының салдарынан оқушыда коммуникативтік дағды дұрыс қалыптаспайды, грамматикалық білім толық берілмейді. Бұлай оқытудағы кемшілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды.» деген фактілер мойындалып, бұл кемшіліктің шығу себебі мен жою жолын іске асыру жөнінде нақты шаралар қабылдануы керек.
Аталмыш кемшіліктерге жол беру себептерінің ең бастысы, меніңше мемлекеттік тілді төмендетпеуге ең басты жауапкер – мемлекеттік органдар жұмысының әлсіздігі һәм жауапты маманның біліктілігі мен құзыретінің нашарлығы кесірінен бағдарлама, тұжырымдама әзірлеу кезінде бақылауды босаңсытып алып, шалажансар нормативтік-құқықтық актілердің қабылданып кетуіне жол бергендігі. Мұндайда басты өлшемшарт білім алушының да, білім ұсынушының да қазақ тілін меңгеру сапасы болуы керек.
Депутаттық сауалдағы «қазақ тілі пәнін орта мектепте оқыту мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесіне кіретінін және оның мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың басты негізі екенін қаперде ұстауымыз қажет» деген тұжырым аса маңызды. Кейінгі кезде әркім білгенін істеп, мемлекеттік тілдің шаруасын мемлекеттік дәрежеде емес, жеке меншік базарға айналдырған сияқты үрдіс де байқалады. Кемшіліктің көпшілігі жеке меншік баспалардан шыққан түрлі оқулықтар мен әдістемелердің мазмұнынан мен мұндалайды. Бұл үрдісті бақылау бір қарағанда сыртқы форматы дұрыс сияқты, әртүрлі «сарапшылар» қорытынды жасаған болады, тіпті кейде мектеп ұстаздары сараптамаға тартылды деп бейнебаян жасайды. Бірақ бұл мәселеде мемлекеттік, ұлттық ұстаным босаңсып, формализм орын алғанын өмір шындығы көрсетті. Бұл кемшілік мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқытудағы ғана емес, күллі мемлекеттік тіл саясатындағы тұтас жүйедегі іс-әрекеттің/әрекетсіздіктің көрінісі.
«Не істеу керек?» деген нақты ұсынысқа келсек, ұлылардың ұлағатын ұмытпай, Шәкәрім айтқан «Керекті білген кемелдерге», ең бастысы Алаш қайраткерлерінің ұстанымына адал азаматтарға жүк артқан жөн.
Үлкенді-кішілі мемлекеттік қызметшінің әрқайсысы мемлекеттік тіл мәселесін «қазақша сөйлеңдер» деген сияқты жалаң, популистік ұранға айналдыра бермей, мемлекеттік, ұлттық мүддені бір сәтке де естен шығармай заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіп, тіл мәселесіне қатысы бар институттар мен комиссиялардың жұмысын тікелей үйлестіріп, бұл ретте түрлі жеке мүдделер қақтығысының жетегінде кетпей, ұлттық мемлекеттік ұстанымға адал болу басты қағидаға айналуы керек.
Ұлт-мемлекет мүддесін бар мүддеден жоғары қоюы тиіс үш тұлға: премьер-министр, депутат Һәм нағыз ғалым-ұстаз бір-бірімен жиі-жиі етене байланыста белсенді жұмыс істемесе, қазақ тілінің Конституцияда анық жазылғандай мемлекеттік мәртебесі төмендеп, сол баяғы от басы – ошақ қасынан аса алмай қалу қаупі сейілмейді. Жеке бастың мүддесін ұлт мүддесіне, биік мәдениетке, терең білімге айналдыра білгенде ғана қазақ тілінің де, елінің де мәртебесі артады.
1444 рет
көрсетілді0
пікір