- Ақпарат
- 06 Қараша, 2025
Бұрынғының мұрагері, бүгінгінің бұйдагері
Қазақ тіл білімінің бүгінгі көрнекті тұлғасы Нұргелді Уәли 1945 жылы шілденің 1-і күні Жетісу облысы Көксу ауданының Еңбекшіқазақ ауылында туған. Орта мектепті бітірген соң 1963 жылы екі бірдей жоғары оқу орнына – сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті мен Абай атындағы пединститутқа құжат тапсырып, емтихан сынағынан өтіп, екеуіне де қатар түскенде, ҚазМУ-де оқуды таңдайды. Ертеректе оқушылардың сыныптан сыныпқа көшкенде үздіктерінің сыныптарды аттап өтіп оқитыны, екі бірдей оқу орнына бір мезгілде түскендері сирек болса да кездесіп қалатын. Нұрекеңнің өмір жолын таңдаудағы осындай талабы қайткенде де ауылға босқа қайтпай, оқуға түсіп, студент атануына жасаған өзіндік «сақтық шарасы», мақсаткерлігі болса керек.
Оқуға түскеннен-ақ талапты, ыждағатты, сабақ-семинарларға үнемі тиянақты дайындалып келетін, сабақты қызығып оқитын, мінезі салмақты студент көрнекті ғалым Ыбырайым Мамановтың назарын аударып, ол кісінің жетекшілігімен ғылыми мақалалар жазып, студенттердің ғылыми конференциясына қатысып, халықаралық конференцияларда баяндамалар жасайды. 1966 жылы зерттеушілік бейімі бар үздік студент қатарында Болгарияның София қаласындағы университеттің түркі тілдері кафедрасында бір айлық оқу тәжірибеден өтеді. Университетті бітірерде академик Ісмет Кеңесбаевтың көзіне түсіп, сол кісінің аспиранты болады. Содан бері 50 жылдан астам уақыт бойы қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында табан аудармай, сонымен бірге Мемлекеттік Орталық музейде бас ғылыми қызметкер болып істеп келеді.
Нұрекең академик Ісмет Кеңесбаевтың кезінде Мемлекеттік сыйлық алған, ғылыми ортада зор абыройға ие болған «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты кітабын баспаға дайындауға көмектескені бар. Бұл туралы көрнекті ғалым Құлмат Өмірәлиев Ісмет Кеңесбаевқа жазған хатында былай деп еске алады:
«Сөздікте В.В. Радлов т.б. бастырып шығарған көне әдеби нұсқалардан фразалар және қазіргі көп кісілерден – жазушы, ғалым біреу де болса фраза тауып, олардың сөздікте жүруін өтіндіңіз... Осы кезде келіп Нұргелді қосылды. Ендігі жұмыс кейбір фразалардың анықтамасының төңірегінде ғана болды. Сөздіктің орта тұсына келгенде, сіз саябыр таптыңыз. Осыған дейін Нұргелді анық көргіш қасиетімен көрінді де, сіз ендігіні соған тапсырып, өзіңіз «Сөздікті баспаға өткізген соң жиналған фразалар тізбегі» деп, сөздіктің соңында берілген фразаларды теру жұмысына кірістіңіз... Секе, өзіңіз білесіз, Нұргелді мен Берікбайдың ересен еңбегі болды. Олардың сөздікте сіңірген еңбегін өз алдына толық жазу менің мойнымда» (Қ.Өмірәлиев. Ісмет ағаға хат.//Зерде, 1989, №3, 31-б.).
Міне, түркі әлеміне белгілі ғалым Құлмат Өмірәлиевтің түркі әлемінде мәдени құбылыс болған, баламасы жоқ «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінің» (1977) жарыққа шыққанға дейінгі жұмысына көмек көрсеткен жас шәкіртті бағалауы осындай.
Нұргелді Уәлидің ғылымға анық қызығушылығы осы кезеңде көрінген тәрізді. Кейінірек ғалымның еске алғанындай, жас аспирант үшін тіл білімінің фразеология саласы атақты ғалымның тәлімгерлік лабораториясы болды. Сол кездерде пайда болған қызығушылық ұзақ жылдарға созылатын зерттеушілікке ұласты. Атап айтқанда, мерзімді баспасөз беттері мен әртүрлі дөңгелек үстел, конференция, сұқбат материалдарында «Жұмбақ жетілер», «Жұмбақ сандар», «Әйелдердің мифтік санадағы бейнесінің паремиологизмдердегі көрінісі», «Бір күн, бір түн», «Күн райын болжау жөніндегі дәстүрлі білімдердің паремиологизмдердегі көрінісі», «Мифопоэтикалық фразеологизмдер: аңыз бен ақиқат», «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» және т.б. мақалалары тілінің жатықтығымен, ғылыми тереңдігімен көпшілік оқырман мен зиялы қауымның ризашылығына бөленіп келе жатыр десек артық айтқандық болмас. Осындай мақалаларына байланысты қолдап, жақсы тілектерін білдіріп, пікір алмасу үшін тілші, тарихшы, философ, әдебиетші, экономист ғалымдар мен белгілі журналистер мен жазушылардың телефон соғып хабарласқанына жұмыс үстеліміз қатар тұрғандықтан, талай рет куәсі болғанымыз бар. Қазақтың ертеден келе жатқан бейнелі сөз орамдарына байланысты кейбір тұжырымдары жазылған «Фразеология және тілдік норма» (1998 ж.) деп аталатын зерттеуі де бар. Ол – өз алдына талдау жасауды қажет ететін еңбек. Нұргелді Уәлидің фразеология, паремиология саласына қатысты этнологиялық, лингвомәдени семантика бағытында қарастырылған мақалалары күні бүгінге дейін энциклопедия, жинақтарда және т.б. жарияланып келеді...
Ғалымның өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап күні бүгінге дейін қол үзбей зерттеп келе жатқан мәселелердің бірі – сөз мәдениеті. Сонау 1973 жылғы «Сен дұрыс сөйлей білесің бе?», «М.Әуезовтің тұрақты сөз тіркестерін қолдану ерекшеліктері», «Сөз талғамы – көркем тіл», «Эпос өрнектері», «Тіл заңдылығы мен сөз сыры», «Көркем әдебиет тіліндегі стильдік контраст», «Сөз табиғаты және көркем тіл», «Көркемдік кілті» (М.Балақаевпен бірге) және т.б. мақалаларымен бірге 1984 жылы «Мектеп» баспасынан сөз мәдениетінің сан алуан қырынан сыр шертетін, «Студенттік меридиан» форматында «Сөз мәдениеті» атты кітабы шықты. Ол туралы кезінде жақсы лебіздер айтылды, жастардың іздеп жүріп оқитын кітабына айналды. Әсіресе кітап жазушылардың, журналистердің, ақпарат құралдарында эфирге шығып сөйлейтін адамдардың ерекше назарын аударды. Сөз мәдениетінің жазушылардың тіліне тікелей қатысы барлығы кімге де болса түсінікті болуы керек.
90-жылдардың орта шеніне таман, 1984 жылы «Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармаларының тілі» деген тақырыпта үлкен шығармашылық конференция өткізілді. Конференцияға дейін жазушы, ақын, журналист, тілші ғалымдар көркем шығармалардың тілі туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сол тұста тұшымды мақалаларымен тілшілер арасынан Рәбиға Сыздықова, Нұргелді Уәли көзге түсті. Бұл туралы конференцияда сөйлеген сөзінде Халық жазушысы, академик, Социалистік еңбек Ері Ғабит Мүсірепов арнайы атап өтті:
«Бүгін ашылып отырған конференциямыз болады деген хабар аталғалы «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде бірталай ойлы мақалалар басылды. Әлденеше еңбектерге әділ сындар, пайдалы пікірлер ұсынылды. Қазақ академиясының корреспондент-мүшесі, тіл мәселесіне күйіп-жанып араласып келе жатқан ғалым Рәбиға қарындас Сыздықова, ақын-драматург Нұрлан Оразалин, Хайролла Нұрманов, Нұргелді Уәлиев, «Қаламгер» деп қол қойған жолдас, тағы басқалары шын-ақ көркем әдебиеттің достары, жанашырлары екенін көрсетті...»
«Айта кетпеске амал жоқ, белгілі сыншыларымыз бен том-том кітаптары басылып шыққан әдебиет зерттеушілері осы пікір алысу кезінде ауыздарын ашқан жоқ, қалыс қалды. Бүгін менің оларға қаттырақ соқтығып тұрғаным да соның салдары болу керек...» (Ғабит Мүсірепов. Өнер алды – қызыл тіл// «Қазақ әдебиеті», 1984, №51 (1765), 21 декабрь, жұма, 6-бет. Ескерту: академик, Халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Ғ.Мүсіреповтің 1984 жылдың 11-12 декабрінде Қазақстан Жазушылар Одағының мәжіліс залында «Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармаларының тілі» деген тақырыпта өткізілген творчестволық конференцияда жасаған баяндамасы. Газет ескертуі: баяндамалар мен сөйлеушілердің сөзі ықшамдалып беріліп отыр).
Ел құрметіне бөленген классик жазушының Рәбиға апамыз Сыздыққа қосып Нұргелді Уәлиді «шын-ақ көркем әдебиеттің достары, жанашырлары екенін көрсетті» деген дуалы аузынан шыққан сөзі осы екі көрнекті ғалымымыздың кейінгі жылдардағы сүбелі еңбектері арқылы дәлелдене түсті. Соның бір айғағы ретінде 2015 жылы 6 қарашада «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы М.Қасымбеков пен «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің президенті А.Әбішев қол қойған Мемлекеттік тілімізге шынайы жанашырлық танытып, қазақ тілінің өркендеуіне нақты ісімен үлес қосқан Уәли Нұргелді Мақажанұлы «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды.
Осыдан 40 жылдан аса уақыт бұрын, 1980 жылы мерзімді баспасөздегі бір мақаласында сол кездегі Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҒА-ның корреспондент-мүшесі, профессор Әбдуәли Қайдаров ағамыз:
«Институт 1946 жылы құрылған кезде онда 5-6 ғылыми қызметкер жұмыс жүргізген болса, бүгінгі таңда институтта 132 қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 18 филология ғылымының докторы, 58 ғылым кандидаты бар. Орта буын және жас кадрларымызға өмірден көргені мен түйгені мол Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев тәрізді абзал ұстаздармен қатар орта буын, келешегінен зор үміт күттіретін Н.Уәлиев, Е.Қажыбеков секілді жас ғалымдар жетекшілік етеді» деп, жас ғалым Н.Уәлиден алдағы уақытта үлкен-үлкен еңбектер күтетінін аңғартқан еді. (Ә. Қайдаров. Үлкен міндет жүктеген// Журналист (КазГУ-дің журналистика факультетінің ІІІ курс студенттерінің оқу-тәжірибе газеті). 1980, №6 (дүйсенбі), 19 май, 1-бет).
Институт басшысының айтқанындай-ақ, он шақты жылдың ішінде Нұргелді Уәли «тілі шебер, ойы ұшқыр, терең логикалы, тілдік нәзік құбылысын жанымен түсінетін сезімтал зерттеуші ретінде таныла бастады. Оны сол тұстағы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, көпшілікке танымал Әбдуәли Қарақұловтың мына бір пікірі дәлелдей түседі:
«Ана тілі» газетінен (№26, 27) «Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі» деген жалпы тақырыппен берілген екі мақаланы көңіл қоя оқып, ойға шомып отырғанда ата-бабамыздың
«Ер қазынасы – ескі сөз,
Ел қазынасы – ескі сөз,
Тіл қазынасы – ескі сөз» деген тамаша мақалы сап етіп, есімізге түсті. Бұл аталы сөзді Ахмет Баржақсыбаласы құрастырған «Мың бір мақал» жинағына (1923 жылы) Нәзір Төреғұлұлы алғы сөз жазып, сонда келтірген еді. Содан бері 67 жыл өтіпті. Мән-мағынасы айшықталып, күні бүгін де ұрандай естілетін осы сөздерден сомдап соғылған асыл қазынаны байыпты игере алмай, аяқты сылтып басып, ілбіп келе жатқанымыз мәдениет майданындағы елеулі кемшіліктеріміздің бірі екенін кім бекер дей алады? Осы тұрғыдан алғанда, Н.Уәлиевтің мақаласында ана тіліміздің тағдырына байланысты тоқсан тарау мәселелердің бірі орынды сөз болып отыр. Оның құндылығы, атап айтқанда, қалың бұқара арасында ұмыт болып бара жатқан ондаған ескі сөзді ортаға салып, оларды жаңаша пайдалануды ұсынуында ғана емес, сонымен қатар, ол сөз байлығымызды сан жағынан еселей отырып, оның сапасы жағынан да ұшталып, сегіз қырлы болуын көздеуге жұртшылықтың назарын аударады». (Әбдуәли Қарақұлов. Ел қазынасы ескі сөз//Ана тілі, 1990, №31, қазанның 18-і, 7-бет).
Сол жылдарда Әбдуәли ағамыз Қайдар үнемі ізденіс үстінде жүретін Нұргелді Уәлиге сыйлаған бір кітабында:
«Халық даналығын қадір тұтатын, терең сезінетін тіл мамандарының бірі, кезінде Ғабит Мүсірепов, одан соң Б.Қыдырбекұлы («Түгел сөздің түбі бір») атап өткен Нұргелді ініме. Автордан» деп қолын қойып, 8.07.2004 жылды көрсеткен екен.
Нұргелді Уәлидің бұрынғы рухани байлықты игеру мен бүгінгінің талабын мұқият ескере отырып, институт ұжымындағы бір топ ғалымдар басын біріктіріп, абыроймен аяқтап шыққан үлкен еңбегі он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» мен артынан іле-шала жасап шыққан «Қазақ сөздігі» (қазақ тілінің бір томдық үлкен түсіндірме сөздігі) болды.
Авторлар ұжымы бұл сөздікте қоғамның әлеуметтік сұранысын өтеу, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, тілдік қорды байыту, қазақ тіліне қатысты зерттеулерге негіз болатын мол материалды жүйелеу тәрізді және т.б. міндеттерді толығынан орындаған. Сондықтан он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» сөздік бас редакциясы алқасының төрағасы, министр, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұхтар Құл-Мұхаммед «бүгінгі таңдағы ғылыми-теориялық талаптарға жауап беретін құнды лексикографиялық еңбек» деп бағалап, сөздіктің жалпы редакциясын басқарған филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәлиді атап, оған және Тіл комитеті мен баспа орындарына алғысын білдірген болатын (Мұхтар Құл-Мұхаммедтің он бес томдықтың соңындағы «Ұлттың ұлы қазынасы» деп ат қойып, соңғы сөз ретінде жазған мақаласы).
Осындай елеулі оқиғаларға байланысты мемлекеттік тіліміздің мейлінше өскендігін көрсететін бірегей басылым болуының себебі, бұрынғы кеңестік кезеңдегі саясатқа байланысты бұрынғы сөздіктерге кірмей қалған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытов және т.б. арыстарымыздың еңбектеріндегі қазақ мәдениетіне үлес қосатын сөз байлығын молынан қамтып, сондай-ақ ескі қазақ тіліндегі сөздермен, жаңғырған атаулармен, халықаралық терминдермен байытуында еді.
Зиялы қауым арасында өткен бір дөңгелек үстелде 1958 жылы шыққан алғашқы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің», кейінірек он томдық «Қазақ тілінің түіндірме сөздігінің» белді авторларының бірі болған, одан кейінірек ғылыми кеңестің ұйғаруымен, дирекцияның тапсыруымен өзі де көлемді бір томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» шығарған көрнекті ғалым, қазақ ономастикасының атасы, Шоқан Уәлиханов және Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Телғожа Жанұзақ «10 томдық жазылғанда тәжірибе әлі де жеткілікті болған жоқ. Сондықтан кемшіліктер болды. Соны Нұргелді Уәли сапасы жағынан жаңғыртты. Сапалы шығуына жанын салды. 20 папкасы болды. Онда біздің сөздікте жоқ сөздерді, соншама көп материалды көргенде мен таңғалдым. Мынау патриоттық қой дедім. Біз бармаған, қолымыз батпаған жұмысты атқарып, жоғары нәтиже беріп отыр» дегені тілші қауым үшін «тәжірибе», «жаңғырту», «материал жинау», «жоғары нәтижеге жету», «патриоттық сезім» тәрізді ұғым-түсініктердің өте қажет екендігіне назар аударғанымен құнды деп санауымыз керек.
2011-2014 жылдары қазақ мәдениетінде тағы бір ерекше оқиға болды. Осы жылдары Қазақстандағы қоғамдық ғылымдар саласындағы ізденістердің нәтижесі ретінде барлығы 10 мыңнан астам ұғымдар мен атауларды, этнографиялық категорияларды қамтитын «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия» деп аталатын бес томдық энциклопедия басылып шықты. Энциклопедия «2005 жылдан бастап «Мәдени мұра» Ұлттық Стратегиялық жобасы аясында» жазылып, Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып жариялау» бағдарламасы бойынша шығарылады.
Энциклопедия жарыққа шыққанда еліміздегі және шетел ғалымдары «қазақтың рухани және материалдық мәдениетін гуманистік тұрғыда бағалаудың және толыққанды мәлімет берудің үлгісін көрсеткен шынайы академиялық еңбек, ұлттық ренессанс» деп жоғары бағалады. Түрік ғалымдары бұндай еңбектің әлемдік ғылым кеңістігінде дәл осындай форматта әлі жасалмағанын айтады (Нұрсан Әлімбай. Кәсіби біліктілік пен жауапкершілік – еселі еңбектің кепілі//Жұлдыздар отбасы, 2016, №6, 16-б.).
Бұл жұмысқа бұған дейінгі ғылыми және қолданбалы зерттеулерінде мол тәжірибе жинақтап, үлкен дайындықпен келген Нұргелді Уәли энциклопедияның сапалы шығуына үлкен үлес қосты. Бұл туралы энциклопедияның кіріспесінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, шетел ғылым әлеміне мәшһүр ғалым, қазақтың қазіргі көрнекті этнологы Нұрсан Әлімбай: Көрнекті ғалым Нұргелді Уәлидің «теориялық жағынан да, деректік тұрғыдан да аса күрделі мақалалардың авторы ретіндегі айрықша рөлін ерекше екшеп айтуды өзімнің парызым деп есептеймін» деп ерекше атайды.
Тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті мүшесі Талас Омарбеков бес томдық іргелі еңбектің оқырманға тарихтан, қазақ халқының терең болмысынан жан-жақты білім алуға мүмкіндік беретіндігін, өйткені энциклопедияда қазақ халқының байырғы, дәстүрлі тұрмысы мен тіршілігіне қатысты сан қилы өмірінің алуан қырын түгелдей, кең құлашпен қамтылғанын атап көрсетіп, ...су, өзен, көл, теңіз сияқты табиғат әлемін Ұлттық энциклопедия географиялық тұрғыда қарастырса, біз әңгімелеп отырған «зерттеу нысаны» оларды әлдеқайда кең мағынада, нақтырақ айтқанда, дәстүрлі тұрмыста адам қажетіне пайдалану, адам және табиғат арасындағы қарым-қатынас тұрғысынан қарастырады деп түйіндейді. Демек, Нұргелді Уәлиді жаңа бағытта зерттейтін ғалым деп таниды (Т. Омарбеков. Дәстүрлі қазақ қоғамының ғылыми-танымдық болмысын айшықтаған іргелі еңбек//Қазақ тарихы, 2019, №2, 64-б.).
Энциклопедияда бүгінгі қоғамның санасында көмескілене бастаған, тіпті ұмытылған байырғы ұғымдар мен құндылықтардың қайта қалпына келтіріліп, оларды жаңғыртуға күш салған Нұргелді Уәлидің мақалалары 800-ден асады. Солардың 100-ге жуығы «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» кездеспейтінін, яғни көпшілікке беймәлім атаулар, ұғымдар, сөз тіркестері екенін де атап айтқанымыз жөн болар.
Бір кездері іш тартып, зор үмітпен қараған көрнекті ғалымдардың, атап айтқанда, Құлмат Өмірәлиевтің «Сары баласы», Мәулен Балақаевтың «Молданұры», Рәбиға апамыз Сыздықтың «Меншікті Нұргелдісі» (ол кісі сөзінің арасында «біздің Нұргелді» деп отыратын), қазіргі біз үшін Нұрекеңді бүгінгі күннің энциклопедист ғалымы десек, еш артық айтқандық емес. Оның еңбектерін насихаттау керек. Этнология саласына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбайдың ұсынуы бойынша Нұргелді Уәли Құрмет орденімен марапатталды.
Бүгінде қазақ тіл білімінде сөз мәдениеті саласына зор үлес қосқан, когнитивтік лингвистиканың, мәдени семантиканың, жаңа типтегі сөздіктің негізін салған энциклопедист-ғалым лингвоэтнология деп аталатын ғылым саласының іргетасын қалап отыр.
Осыдан қырық жылдай уақыт бұрын сөз мәдениетіне ерекше мән беріп, тұңғыш кітабын жазып, көпшілік оқырманды, әсіресе журналистер мен баспагерлерді, жас жазушыларды тәнті етіп, көптің құрметіне бөленді.
Әлі ғылыми дәреже алмаған жас зерттеуші кезінің өзінде терең ойлы әрі шебер жазылған еңбектеріне қарап, ғылыми орта Нұргелді Уәлиді «қорғамаған доктор» деп атайтын. Иә, жылдар жылжып, кандидаттық та, докторлық та өз ретімен қорғалып жатты.
Нұргелді Уәлидің тынымсыз, қажырлы еңбегінің, оның түрлі салаға араласуының арқасында институттың аспиранты, кіші ғылыми қызметкері болып жүрген кезінен басталған, ойға алған қазақ тіл білімінің мәселелері:
– қазақтың байырғы сөздері жиналып, тарих қойнауынан сыр шертті;
– жаңа сөздер орнын тауып, қажетінше қолданылып келеді;
– орфографиядағы қиындықтар бірте-бірте шешіліп келеді;
– мүлде жаңа типтегі он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің» сөздігі жасалды;
– 150 мыңнан астам тіл бірліктерін қамтыған алғашқы үлкен қазақ сөздігі жарыққа шықты;
– түркі әлеміне ұжымдасып еңбек етудің жарқын үлгісі көрсетілді;
– бірнеше жылдан бері мектептерде «Сөз мәдениеті» тәрізді жаңа пән оқытылатын болды;
– лексикографтардың, орфографистердің жаңа мектебі қалыптасты;
– тілдің мәдени семантикасына көңіл бөлініп, зерттеулер жүргізе бастады;
– алғаш рет қазақ тіл білімінде өзі жасаған ғылыми жобасы бойынша «Қазақ тілінің лингвомәдени сөздігін» шығару қолға алынып отыр...
Осындай сан-салалы зерттеулері мен қол жеткізген нәтижелері Нұргелді Уәлиді бұрынғының мұрагері, бүгінгінің бұйдагеріне айналған нағыз энциклопедист ғалым ретінде танытып отыр. Ол үшін қандай ғалым болу керек? Ғалымдар да әр түрлі қасиеттерімен, еңбектерімен ерекшеленеді. Осыған жауапты көрнекті ғалым, мемлекет қайраткері Әділ Ахметовтің Нұргелді Уәлиге әр жылдарда сыйлаған кітаптарындағы «Нағыз ғалым інім Нұргелдіге» («Түбі түркі өркениеті»), «Ғұлама ғалым бауырым Нұргелдіге (Ғасыр ғибраты) «Абыз ғалым Нұргелдіге ізгі тілекпен» (Код евразии. На пороге пятой цивилизации) тәрізді зерттеушіні қалай, кім деп танитынын айғақтайтын қолтаңбасынан табамыз (Ескерту: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде көп жылдан бері жұмыс үстеліміз, шкафтарымыз қатар тұрғандықтан керек кезінде бір-біріміздің кітаптарымызды алып оқитынымыз бар. Жоғарыдағы пікірлер сыйлап берген кітаптарындағы қолтаңбаларынан алынды).
Рүстембек Шойбеков,
филология ғылымының докторы,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
этнолингвистика бөлімінің,
Мемлекеттік Орталық музейі
антропология және этнология
бөлімінің бас ғылыми қызметкері
965 рет
көрсетілді0
пікір