• Ақпарат
  • 13 Қараша, 2025

Жүз жылға жүлге тартқан

Алматыдағы Ұлттық кітапханада, белгілі ақын, прозашы, публицист, «Ana tili» газетінің бөлім редакторы Дағжан Белдеубай­дың «Сұрқылтай», «Жасыл сөздер» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Жиынды белгілі ғалым, академик ­Қансейіт ­Әбдезұлы жүргізіп отырды. Поэзия­лық «Жасыл сөздер» жинағы туралы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әбубәкір Қайран, «Сұрқылтай» романы қақында филология ғылымының докторы Нұрдәулет Ақыш баяндама жасады. Тұсаукесерде сөз алған «Қазақ әдебие­ті» газетінің бас редакторы ­Бауыржан Жақып, поэзиялық («Жасыл сөздер») кітап туралы баяндаманы өз басылымына ­жариялауды қалап алғандықтан, біз төменде прозалық кітап жайындағы Нұрдәулет Ақыштың толғанысын ұсынып отырмыз. Сол секілді тұсаукесер рәсімінде ақындар Мырзан Кенжебай, Жұмабай ­Құлиев, Бақытбек Бәміш, Мұрат Шаймаран, Әділғазы ­Қайырбеков, жазушы Серік Нұғыман, «Хабар» агенттігінің басқарушы директоры – Алматы филиалының директоры Серік Әбікенұлы, «­Қазақ газеттері» ЖШС-ы ­Алматы филиалының директоры ­Бағашар Тұрсынбай және «Ana tili» газетінің бас редакторы ­Ерлан Жүніс қаламгердің өлеңдері мен әңгімелері, романы қақында толғанып, жүрекжарды лебізін білдірді. Белгілі журналист ­Қаракөз Сімәділдің шәкірттері, яғни әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері Дағжан Белдеу­байдың студент кезінде жазған жырларын, жиен-немересі Айдана Бақбергенқызы атасының туған жер туралы өлеңін оқыды. 
 

Нұрдәулет Ақыш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері:
 

Қалың қазақтың тағдыры

 

Жазушы Дағжан Белдеубайдың әңгіме, хикаяттары туралы бұрын да жылы лебіз білдіргенім бар. Бұл ретте әңгіме, хикаяттарынан гөрі романына тоқталуды жөн көрдім. 
Жаңадан жарық көрген «Сұрқылтай» романы шағын тақырыптарға бөлінген екен. Назар аударсаңыз, әлгі шағын тақырыптар «Билік» деп басталып, «Алаң» деп аяқталады. Оған қарап шығарма басында аталатын Әмір Теміров туралы болар деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Олай емес. Басты кейіпкерлер әкелі-балалы Қашай мен Мұрат. Моңғолияда туып-өскен Қашай 1937 жылы Қазақстанға қашып келуге мәжбүр болып, есімін Қаһарман деп өзгертеді.
Автордың айтуынша, Қашай-Қаһарман – өмірде болған адам. Билік шыңына шыққан Әмір Мұраттың сыныптас досы. Екеуі де Кеңес дәуіріндегі үрдіспен қарапайым күн кешеді. Көппен бірге орта мектепті тамамдайды. Үйленеді. Біртіндеп қызметі өседі. Сөйтіп жүргенде білдей министр Мұрат Қаһарманов Желтоқсан көтерілісі кезінде істі болады. Бұл оқиға арқылы автор қыздың ар-намысы – ұлттың ар-намысы тәрізді аса маңызды факторларды алға шығарады. 
Желтоқсан тарихи оқиғасы кезінде жаппай қуғын-сүргін болғаны белгілі. Бірақ бір министр ату жазасына кесіліпті деген фактіні естігеміз жоқ. Мұны автордың әсірелеуі деп қабылдаған жөн. Сол арқылы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі қазақ халқының жан күйзелісі, әлеуметтік-тарихи дағдарысы суреттеледі. 
Мұрат түрмеге қамалғанда, сонда отырған желтоқсаншы жастар «министр ағай келді» деп, енді бірде «ректор ағай әкелінді» деп жаппай ілтипат білдіреді. «Кім қандай баппен сотталды?» деген ақпар қамаудағыларға сотталғандардың өзінен бұрын жетеді. Осы арада көңіл бөлетін бір жағдай – егделеген академик-ректордің естелігі. Ол бала кезінде отызыншы жылдардағы аштықты көрген. Осы естелік арқылы көз алдымызға келетіні – сол сұмдық заманның ауыр суреттері. Желтоқсан ызғарына аштық тақсіреті қосылып, шығарманың бояуы қалыңдай түседі.
Ату жазасына кесілген адам қандай күйде болуы мүмкін? Автор осы бір психологиялық құбылысқа да назар аударған. Мұрат Қаһарманов іштей өкінеді. Опынады. Психологтардың сөзімен айтқанда, неше мәрте сынып кетуге шақ қалады. Себебі ол да пенде. Әрбір шақырған сайын оны қаумалайтын – «Мүмкін осы жолы атуға апара жатқан шығар» деген қорқынышты ойлар. Желтоқсаншыларды қазіргі Ресей жеріне алып бара жатқан пойыз, түн ішінде Қазақстанның бір қаласының үстінен өткенде, бір топ адам «Менің Қазақстаным» әнін шырқағанын көріп, егіліп жылайтын сәті әсерлі. 
Әр тақырып сайын осындай эмоциялық ахуалды алға шығарып отыруы автордың машықтық ұстанымы, оқырманды жетелеп отыру үшін қолданған тәсілі. 
Қазақта көз мерген, қол мерген деген сөздер бар. Мұраттың әкесі Қаһарман Бөгенбаев қол мерген атанған аңшы (Жазушының айтысында прототипі расында қол мерген болыпты). Атақты бидің інісі. 1937 жылы Моңғолияда да «халық жауларын» ұстау науқаны жүргізілген. Момын елге ат ойнатып, қырып бара жатқасын, Қашай-Қаһарман бір белсендіні оңаша жерде аттан аударып түсіріп, қылқындырады, анау «жанымды қи» деп жалынады. Бұдан кейін белсенділердің беті қайтады, бірақ Қашай-Қаһарманның соңына шам алып түседі. Ауылы, етжақындары үшін шың-құздың арасына бой тасалауға мәжбүр болған мергеннің ізімен баруға жүректері дауаламайды. 
Ақыры Қазақстанға асқан ­Қашай-Қаһарман жолайы түнде небір сұмдыққа жолығады. Қазір Алтай таулы өлкесі төрт елдің жеріне бөлініп жатыр. Жиырмасыншы ғасыр басында сол төрт мемлекеттің шекарасынан ары-бері босуға мәжбүр болған қазақ халқы, небір қырғынды көргенін түн жамылып, тар жол тайғақ кешуден өткен кейіпкердің ойымен, көзімен суреттейді. 
Ол ай жарығымен қаптаған ақсөңке өліктің үстінен шығуы – сол сұм замандағы өмір шындығы. Үркіп Алтайдан ары-бері асып жүріп, пулеметтің нысанасына іліккен, сөйтіп, тау-тас­тың ортасында көмусіз жайрап қалған қазақ ауылының сүйегі. Отыра қалып аят оқиды. Екінші түні де сұмдыққа куә болады. Түн ішінде жылаған баланың дауысын естиді. Жеті түнде сайтан ғана бала болып жылайды, сақылдап күледі дегенді әр қазақ біледі. Жүрегінің түгі бар Қашай-Қаһарман қашпайды, жақындап барады. Сонда көргені шырылдап жатқан сәби. Әл үстінде жатқан анасы Қытайдан қашып келе жатқанын айтуға шамасы әрең келеді де, үзіліп кетеді. 
Бұдан кейін кейіпкердің жолығатыны – Алтайдың қалың тау-тасының ортасындағы жалғыз үй. Шет қонып, қиыр жайлап жүрген қазақтардың бірі. Ерлі-зайыптылар Қашай әкеле жатқан қызды асырап, Ұлболсын деп есім береді. Қашай-Қаһарманмен бірге туған адамдай сыйласып кеткен осы отбасы, оның жаңа ортаға сіңісіп, үйренісіп кетуіне көп көмек жасайды. Тумай жатып тағдырдың тауқыметін көрген Ұлболсынның ғұмыры да оқырманды бейжай қалдырмайды. Әсерлі эпизодтардың бірі – есімі белгісіз анасының басына келуі, оған тас белгі қоюы секілді тұстардағы суреттеулер. Өзін өлімнен құтқарған өкіл әкесінің түрмедегі ұлына адвокат ретінде араша түсуі, бәрі-бәрі әсерлі шыққан. 
Романдағы басты тұлға – Қаһарман ­Бөгенбаев. Өте зерек, алғыр кейіпкер Қазақстанға келген соң, орысша үйреніп, қоғамға сіңіскен тұста Екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Соғыста оны абыройға жеткізген мергендік өнері. Даңққа бөленеді. Бірақ ерлігін мақтан қылып айтуды ұнатпайды. Ол аң емес, адам атқанын ылғи көңіліне ауыр алады. Оған қоса, соғыстан кейін Алматыға тұрақтаған Қаһарман Бөгенбаев Шығыс Қазақстан өңіріне барған сайын туған ел-жерін аңсауы күшейеді. Бірақ туған жеріне бармайды. Себебі сауысқаннан сақ арнайы қызметтегілерге өмірбаянын жасырып, бір байдың жалшылығынан қашып келгенін айтқан. Коммунистік партия заманында өмірбаянды жасырып қалу қылмыстың бір түрі еді. 
Екінші бөлім «Самал апа алжыпты» деп басталады. Самал – Қашай-Қаһарманның Моңғолияда қалған жары. Одан бір ұл, бір қыз бар. Күйеуінен тірідей айырылған Самал, кейіннен ауыл үлкендерінің ұйғарымымен басқа жігітке тұрмысқа шығады. Қартайған шағында бұрынғы күйеуін телеарнадан көріп, таниды. Бірақ ол сөзіне балаларын да сендіре алмайды. Олар жұрттың «алжыпты» деген сөзіне намыстанады. Күйеуі шекарадан асып кетті делінгенмен, келіп қалатындай көрініп, ылғи тау-таудың басына шығып қарап жүреді. Кейін Үндемес аталған күйеуіне шыққан соң, ол әдетін тастағанымен, қартайған шағында телеарнадан көргесін әлгі әдетіне қайта басады. Сөйтіп, бөлімнің біршама тұсы Самалдың қасіретін суреттеуге арналған. 
Екі бөлімде де айқынырақ суреттелетіні – Моңғолия қазағының қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрі. Мысалға мына шағын үзіндіні келтірейін: «Бәйбіше баяғысынша дастарқанды қазан жаққа қарай жайғызыпты. Отағасы бар кезде де төрге қарай шығандап отырмайтын әдеті. Қаймақ қатқан қою шайды үнсіз сораптап біраз отырды. Бүтіндей ауылды қас-қабағымен, ақыл-парасатымен жатқызып-өргізген үлкен абысынының ақ шатырдай шылауышы мен өңірі алтын жіптермен әдіптелген кимешегіне, тотықпаған аппақ жүзіне көзінің астымен ұрланып қарап қойды. Жағы небір асыл тастармен, құйма күміспен әшекейленген кимешектерін кейінгі кезде кимейтін болыпты. Қазақ әйелдерінің салтымен Би ағаның жылдығына дейін кимешегін аударып кигені есінде. Үлкен абысыны «шай іш, астан ал» дей отырып, орамалмен тершіген маңдайын сүртті, отырысында, қимыл-қозғалысында асықпайтын-аптықпайтын өзгеше бір мәнер, бап бар. Онысына Самал әдетімен қызыға қарады. Шалы қайтса да бақытты адам ғой деп ойлады. Өзі құсап қосағынан тірідей айырылған жоқ» – осы шағын үзіндінің өзінен этнограф ғалымдар біршама деректер табары анық.
Шығармада «Соқыр кері ат» секілді көшпелі өмірден алыстап кеткен бүгінгі ұрпақты таңғалдыратын оқиғалар аз емес. Оқып көріңіз: «Соқыр кері ат Самал келін болып түспей тұрғанда Алтай-Қобдада қандай аламан бәйге болса, алдын бермей ағалап тұрыпты. Сырттай естігені болмаса, бұрын көрмеген. Алтай-Қобда дегендегі Алтайы – Қытайдың Шынжан өлкесі. Екі елдегі қазақтар ең үлкен астарда бір-біріне сауын айтып, ат баптап қосып, араласып-құраласып тұрған. Жайлауда қайынағаларының бірінің үйінің қасындағы ат ағашта кежімделген ат тұрғанын көрген. Қашай екеуі қосылып, той-томалақ бітіп, ел аяғы басылған бір күні, Қашай өзінің үйінің белдеуіне әлгі атты әкеліп байлап жатқанын көрді. Әдеттегіден шылбырын ұзын қылып байлады. «Бұл не қылған ат?» деген сауалына, бір ағасы «денсаулығым болмай жүр, енді сен бапта» деп басы бүтін бергенін, бодауына ештеңе алмағанын, атақты «соқыр кері ат» деген осы екенін айтып, көзі жанып, қуанып жүргенін байқады.
Кейін білді, шылбырын ұзын байлағаны өте жуас, тынышты жылқы екен. Кейбір бәйге аттары ширығып ұзын байласа оралады, белдеуге байласа үйге түседі (іргені тарпиды). Ертесінде тапа-тал түсте әлгі атақты жүйріктің көлеңкелеп ұйықтап жатқанын көрді. Тағы бір күні ауылдың ұсақ-түйек балалары жатқан аттың үстіне шығып, ойнап жүргеніне таңырқады. Бір боқмұрын мойнынан құшақтады, біреуісі арқасына қонжиды, біреуі құйрығын түртіп ойнады, кері ат серейіп жата берді. Сөйтсе, олар күнде осылай ойнайды екен. 
Қанша жаратса да іші тартылмай, салақтап тұра береді. Танымайтын жерге апарғанда «өзі соқыр, қарынсау, бұның қай жері жүйрік?»  десіп күлгендер болыпты. Жайылымға апарса, опырып-жапырып жеп жатқанын көрмейді екенсің, шөпті де таңдап-талғайтын болса керек. Соқыр болатыны – құлын күнінде желіде байлаулы тұрғанда, бір топ бие тебіскенде, біреуі соғып, қазыққа құлағанда, оң көзі ағып кетіпті. Содан тай, құнанында үйретілмей, бір жыл қысыр еміпті. Тек дөненінде балалар ерттеп, бас білгізгенде көп туламапты да. Мінер жағындағы сау көзімен жерге қарап, басын қамшылар жағына қарай қисайтып алады. Онысы бұрын соқыр ат мініп көрмеген адамға ыңғайсыз. 
Сондықтан онымен үйренген, мінезіне де қанық балалар ғана бәйгеге шабады екен. (Шеңбер айналып шабу деген ол заманда атымен жоқ. Бәйге аттары қайда да қазақтың кең даласына жіберіледі). Бәйге аттары мәреден қатты екпінмен ағылып шығады, соқыр кері басында тапырақтап ақырын шабады деседі. Тіпті жер ортасына дейін қалың топтың соңынан, тым ұзап қалмай еріп отырады. Сыралғы шабандоздар қамшыланып қинамайды да. Жер ортасынан асқанда құйрығын көтеріп алып заулайды дейді. Ең қызығы, жер құмдақ әрі өр болса алдыңғы топты тіпті тез қуып жетеді. Жер ұзап, денесі қызған сайын жылдамдығы қосылады. Тіпті бірнеше мәрте даяғашшылар тоқтата алмай, белгіленген жерден өтіп кетіпті. Көзінің сау жағына қисайып тұқырып шабатындықтан, ондайда үстіндегі шабандоз да тізгінді қанша тартса да оңай тоқтата алмайды». Осы үзіндіде де бізге ұмыт бола бастаған ұғымдар, сөздер аз емес. Демек, мұндай туындыны жас жазушылар көбірек оқу қажет. 
Самалдан туған Ерназар мен Жәмиланың да жұртқа ұқсай бермейтін өз өмірлері бар. Бойларындағы жігерлі әрі батыл әкенің қаны оларды да ерекшелейді. Анасы о дүниелік болып кеткен соң, Жәмиланың бір журналдан өзіне ұқсас ер адамды көргені есіне түседі. Кітапханаға барып, Қазақстаннан келетін журналдарды ақтарады. Журнал бетіндегі өзінен, туыстарынан айнымайтын ер адамды көреді. Шешесінің сөзіне кеш те болса иланады.
Шығармада романға тән жанрлық белгілер жетерлік. Сандаған кейіпкерлер мен бір-біріне жалғасып, енді бірде параллель дамитын сюжеттерді көреміз. Атүсті мазмұнын шолып шыққанда олардың бәрін қамту мүмкін емес. Қазіргі Ресейдегі Таулы Алтай аталатын өлкедегі түрмеге апарылған Мұраттың жолығатыны – әртүрлі ұлт өкілдері. Көбі орыстар алтай атандырған оймауыттар мен тывалықтар (уранхайлар). Бірнеше мәрте өлімнен қалады. Бірақ бәрінен бұрын ату жазасын күткен тұтқынның өз ішкі уайымын, үрейін жеңу оңай болмайды. Абақтыда отырып өткен-кеткенін саралайды. Қызмет бабында шалқып жүрген кездерін еске алады. Романдағы Таулы Алтайдың тамаша табиғатын суреттеуі де назар аударарлық. Барып талай мәрте көрген адам ғана солай жаза алса керек. 
Ату жазасына кесілгеніне бір жыл толғанда, аяқ астынан Қазақстанға әкетіледі. Мұраттың елге қайтуы, пойыздағы көргені аңызға қарай жетелейді. Оған жалғасып «Алаң» аталған романның финалында Әмірді көреміз. Немесе ол билік қолынан сусып шығып бара жатқан адамның өмірінің де соңғы сәті секілді. Осы арада автор постмодернистік тәсілді қолданып, ертегі әлде елес тәрізді суреттерді көлденең тартқан. Сол елес, яки аңызда Әмір өз ауылында есекке мініп жүретін шалды және Әмір Темірді пір тұтатын Жугашвилиді, яғни Сталинді көреді. Сана ағымымен суреттелетін биліктің соңғы сәті, екі достың диалогы жазушының Батыс-Шығыстың әдебиетін көп оқығанының әсері болуы ықтимал. Түнектегі айқай секілді суреттелетін тұстардан тіпті күні кешегі қаңтар қырғынын да көргендей боламыз. Жазушының дәл осы роман финалындағы әдіс-тәсілдері мен астарлы ойларын әркім түрліше түсініп, түрліше пайымдары анық. 
Романда автордың диалогтарды ұтымды пайдалана білуі ізденіс нәтижесі деуге болады. Тілге уызынан жарығаны көрініп тұрады. «Аna tili» газетінде қазақтың әр сөзінің төркінін тектеп жазып жүрген дүниелерін білетін оқырман, жазушының көркем шығармадағы сөз қолданысына да сөзсіз разы болады. Ең бастысы жазушы күні кешеге дейін жалғасқан билік тақырыбына батыл бара алған. Ол жолда небір әдеби тәсілдерді пайдаланған. Бірақ онда жадағай публицистика, жалған пафос жоқ. Алайда бұл тұтасымен билік туралы туынды емес. Ол тақырыпқа реті келгенде, шығарманың бас-аяғында ғана барған. Түйіндей айтқанда, «Сұрқылтай» – сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан күні бүгінге дейінгі жүз жыл, яғни бір ғасыр бойындағы халқымыз басынан өткерген небір ауыр кезеңдер жайындағы роман. Қысқасы, біздіңше, бір деммен оқылатын жақсы роман дүниеге келіпті. 

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын, Қазақстанның құрметті жазушысы:

 

Ақынның жасыл әлемі

 

Дағжан Белдеубай үнемі өзін іздеп жүретін, өзгені қайталамайтын, еліктеу-солықтау кезеңінен баяғыда өтіп кеткен, өз сөзін оқырманына образға орап жеткізуді мұрат тұтатын ақын. Дағжанның өлеңдерінен бүгінгі поэзияның тыныс-демі, үйлесімі мен қайшылығы, иірімдері мен оралымдары молынан ұшырасады. Ол оқырманына ақыл айтып, қысыр кеңес, арзан пәлсапа соғып, ұзын сонар баян­даудан бойын аулақ ұстайды. Сөздің дәмін, бояуын, ұшқынын дәлме-дәл жеткізу арқылы сыр бөліседі, ой тамызықтайды.
«Мойнын мұз – қамыт, қар қажап...», «Шақар шілде», «­Ымырттағы дауыстар», «Кім өзі?..», «Әй, ұлтсыз!», «Қарға адым», «Көртышқан», «Қара шай», «Бөліндім», «Тағдыр мені тезге салған, көп өңдеп», «Бізге Айдың арғы беті күледі», «Құмарлық», «Хас сұлу», «Сүйісу», «Біз ішкен у», тағы басқа алуан сезім алаулаған өлеңдері, жоғарыда айтқан пікіріміздің дәлелі бола алады. 
«Жүрем ылғи уайымның ығында, // Өз жанымнан жоғалт­қандай шығынды әр... // Мен болмасам тоқтайтындай тіршілік, // Бір басымда мың-миллион мұңым бар. // Көңіл – ­ғайып, Қаламайсыз. Қалайыз, // Жамбасымнан өткен, шындық, талай сыз. // Ағайынның жыртысын да жыртам деп, // Аласарып бара жатам... абайсыз. // Заман бізді сезімдерден жұрдай ғып, // Көрінер ме, Жыр – дәруіш, Жыр – шайқы. // От шағымды, Талай жанның ғұмырын, // Қиып жатыр Күн, Түн жүзді бір қайшы. // Ерігенде көңілдегі ақ қарым, // Бар менің де жадыраңқы шақтарым. // Пойыздарда дүрс-дүрс соғып жүрегім, // Ұшақтарда жарқылдайды оттарым». «Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді» дейді қазақ. Міне, ­Дағжан ақын осылай жазады.
«Жасыл сөздер» жыр ­жинағына енген өлеңдері, балладалары, толғаулары мен «Қос Таған» поэмасы ақын Дағжан Белдеубайдың қазақ поэзия әлеміне үлкен дайындықпен келгенін аңғартады. Мен бұл кітапты Дағжанның «Жасыл әлемі» деп қабылдадым.
«Мағжан – мәңгі, Дағжан – тәнті» деп өзі айтпақшы, өлең сөздің сиқырын түсінетін, түсініп қана қоймай, сол сиқыр­лы әлемге өзі де көш-керуенін ұзатып келе жатқан ақынды көреміз, танимыз. 

 

Серік Әбікенұлы, «Хабар» агенттігінің басқарушы директоры – Алматы филиалының директоры: 

 

Оқырман үшін олжа

 

Дағжан Белдеубайдың «Сұрқылтай» романы ә дегеннен түрлі ойға жетеледі. Бірінші – атауы. Энциклопедияда да, академик Рәбиға Сыздық апамыз­дың «Сөздер сөйлейді» кітабында да «сұрқылтай» сөзі моңғол тілінен енгені айтылған. Сургалтай – білімді, білікті, ақылды, ханның көреген, турашыл кеңесшісі делінген. Ал батыс, шығыс Қазақстанда, іргеде жатқан Жетісуда бұл сөз аса жағымды мағынада қолданылмайды. Содан кітап қолыма түскенде бұл қай сұрқылтай екен деп ойладым. Кітап оқитын, сөз төркінінен хабары бар адам ойланатындай ат қойылыпты. 
Екіншісі – Әмір мен Мұраттың желісі. Достықтан опасыздыққа дейінгі жол. Әмір біздің отыз жылымызды ұрлаған заманның бір кесек кейіпкері. Мұраттың тағдырынан сол кезде қудалауға ұшыраған тұлғаларды елестеттім. Дәлірегі – Асанбай Асқаровтың бейнесі еске түсті. Асанбай Асқаровтың абақты-эшалонмен темір жол бойында сенделіп жүргені, тіпті, сол эшалон Алматыға кіре алмай Таразда тоқтағаны, ақырында сергелдеңге түскен қайраткер Қырғызстанға жеткізіліп, оны Ақаевтың ақтағаны Мұрат арқылы жадымызда жарқ етті. Кейіпкер есімі де сәтті таңдалғандай. Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романында да арлы мен арсыз тартысы – Мұрат және ­Марат деген кейіпкерлер арасында өрбиді. Бір әрпін өзгертіп, Марат бола салғысы келмеген Мұраттың тағдыры жайлы сөз болады. Байқағаным – «Сұрқылтайда» да біздің заман, біздің дәуір сипатталған. Содан да өткен-кеткен, өзіміз көрген оқиғалар жайында ойландым.
Үшінші айтпағым, Қашай мерген туралы. Талдықорған өңіріндегі көтеріліс тарихын зерттеп, «Жалғыз арша» деген роман жазғанымда Құндақбай, Бұлғақбай, Ырысменде деген үш мергенді кейіпкер етіп алып едім. Қашай да сол қилы кезеңді көзі көрген, ел ауғанды бастан өткерген тұлға. Оқиғаларында да ұқсастық бар. Қашай өлімші анасын аймалай жылаған перзент тауып алады. Анасы көз жұмады. Осыған ұқсас оқиға Құндақбай, Ырысменделердің де басынан өткен. Батырлар ел асырмас бұрын, асуды өздері барлап шығатын болған. Алдында қарулы тосқауыл болуы мүмкін ғой. Демікпе асуында жүріп, аяғы ауыр болғасын көшке ілесе алмай қалған, құз ішінде босанып, нәрестесінің кіндігін таспен қиған бір келіншекті ­тауып алады. Оны шекара асырып, ағайынына қосуды Ырысмендеге тапсырады. Ырысменде бұл тапсырманы орындап, қайта оралады. Айта кетері, сонда «Сұрқылтайдағы» кейіпкерден гөрі менің кейіпкерім бақыттылау екен. Анасы да, баласы да дін аман еліне қосылады. Ал Дағжан Белдеубайдың Ұлболсыны анасының аты-жөнін де білмейді. Мен жазған тау арасынан тауып алған келіншек, ­Қазиза деген апамыз. Жетісудағы Діңгек деп аталатын, көпшілік білетін Нұртілеу Иманғалиұлы туған ауылда, қартайып тоқсанды алқымдап көз жұмды. Ең қызығы, 1978 жылы Рысменденің немересі келін түсіреді. Сөйтсе, ол Қазизаның немересі, тау ішінде аман қалған қызылшақаның қызы болып шығады. Қазір бұл отбасы Қызылжар ауылында тұрып жатыр. 
Алтай асып келген Қашай мерген арқылы қазақтың зұлматты жылдар басынан өткергені көз алдыңнан өтеді. Аштық жылдарында анасынан айырылып, зар еңіреген балалар туралы Ораз Жандосовтың, Тұрар Рысқұлов­тың жазбасында айтылады. ­Ғабит Мүсіреповтің де естелігін білеміз. Ұлболсын сондай тумай жатып тағдыры тұйыққа тірелген кейіпкер. Осындай оқиғалардың қаламгер шығармасына арқау болғаны қуантады. Өте аз зерттелген тақырып. Романда айтылатын Оспан батыр көтерілісіне біздің жақтан Құндақбай бастап барып, Шығыс Түркістанды азат ету майданына қатысып, кеуделеріне «Шығыс Түркістанды азат етуші» деген медаль таққан. Тарихи тұрғыда айтқанда арғы беттегі де, бергі беттегі де қазақтың шекесі қызбаған. Сол қиын-қыс­тау заман жайлы бүгінгі ұрпақты хабардар қылып, ойландыратын туынды өмірге келіпті. 
Бір жолы, 1993 жылы қабылданған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Заңға түзету енгізуді ұсынғанымыз бар. Онда «қолына қару алып үкіметке қарсы соғысқандар ақталмайды» деп анық жазылып тұр. Сонда Қашай да, Құндақбай, Бұлғақбай және Омарбек деген де мерген болған, солардың бәрі ақталмайды. Банды. Шын мәнісінде олар банды емес, қазағын қызғыштай қорғаған ерлер. 2020–2022 жылдары жұмыс істеген мемлекеттік комиссия зерттеуіне біраз батырдың есімі енді, соның өзі қуантады. 
Қорыта айтқанда, Қашай мергеннің ғұмыры – халқымыздың азат рухының көрінісі. Ал Әмір менен Мұраттың өмірі, олардың дос болса да өзара қайшылықтары – соңғы отыз жылдағы біздің саяси жүйенің бейнесі. Желтоқсан көтерілісі, аштық секілді зұлмат оқиғаларды қамти отырып, тарих пен саясатты астастыра бейнелеген роман, оқырман үшін олжа болды деп білемін. 

 

454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы