• Ақпарат
  • 13 Қараша, 2025

Қазақтың ел-жер атауы ағылшынша дұрыс жазылса...

Егемендік алғалы азат сана, тәуелсіз ел бет-бейнесін қалыптастыру жолында көп іс атқарылды. Дегенмен әлі де шешуге тиіс түйткілдер баршылық. Солардың бірі – еліміздің, облыс-қалаларымыздың ­атауын ағылшын тілінде дұрыс жазып көрсету мәселесі. Бұл – елдің оң имиджін қалыптастыру шарттарының бірі. Аталған тақырып аз көтеріліп жүрген жоқ. 
 

Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев 2016 жылы Сенат төрағасы кезінде-ақ  «KAZAKHSTAN-нан гөрі ағылшын тілінде QAZAQSTAN еліміздің ұлттық негізін дұрыс көрсетпек», – деп ашып айтқаны белгілі. Қисынды пікірдің дұрыстығына ешкім қарсы дау айта алмады.
Рас, өткен кезеңдегі тоталитарлық жүйе ұлттық топономика жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік бермеді, жергілікті ұлт пікірімен санаспай, атауды қисынсыз өзгертті немесе бұрмалады дедік. Енді егемен ел болып отырған шақта еліміз бен қалаларымыздың атауын шет тілінде дұрыс жазуымызға ешкім кедергі бола қоймас деп пайымдаймыз.
Мемлекет атауының ағылшын тіліндегі нұсқасын түзеу тәжірибесі өзге елдерде де кездеседі. Мәселен, түрік елі бұған дейін «Turkey» деп жазылып келген еді. Бұл нұсқа ағылшынша өзгеше мағына да беретіні белгілі.  2021 жылы осы елдің Президенті Р.Т.Ердоған «Türkiye» (Түркійе) сөзі түрік халқының мәдениетін, өркениетін және құндылықтарын жақсы көрсетеді», – деп мәлімдеді. 2022 жылы Анкара бұл елдің ағылшынша атауын «Türkiye» деп өзгерту жөнінде ресми өтініш бергенде, БҰҰ оны бірден мақұлдағаны мәлім. ­Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттер өз құжаттарындағы осы ел атауын БҰҰ штаб-пәтерінің шешіміне сәйкес өзгертті. Содан бері халықаралық ресми құжаттарда түрік елі өз тіліндегі атаумен «Түркійе» деп жазылады. Біз де бұл елді мемлекеттік тілде осылай атап, дұрыс жазсақ, түрік бауырларға құрмет әрі қолдау көрсеткен болар едік. 
Бұған дейінгі бір мақаламызда Орал қаласының атауы ағылшынша «Uralsk» болып жазылып жүргеніне тоқталып, ағылшынша «Oral» деп дәл түпнұсқа тілдегідей етіп жазсақ орынды болар еді» деген ұсыныс айтқан едік. Орал сияқты өзге қалалардың (Петропавл, Өскемен және т.б.) да атауын ағылшынша қазақшадағыдай, «sk» жұрнағынсыз жазу керек деген пікір білдірдік. Алайда осы шаһар әкімдіктерінің сайттарында бұл қалалардың ағылшынша атауы әлі де әлгі жұрнақпен жазылып тұр. Мұндай жағдай өз жұртымызбен қатар, түркі халықтарының арасында таңданыс әрі ыңғайсыздық тудырады. Бұл тұста Семей қаласы әкімдігінің сайтында қала атауы орысша (Семей) да, ағылшынша (Semey) да дұрыс жазылғанын үлгі ретінде атап көрсетуге болады. 
Өкінішке қарай еліміздің көптеген қала-облыстарының ағылшынша атауы осы күнге дейін қазақша емес, орысша нұсқаларды негізге алып, жазылып келеді. Орыс фонетикасы мен орфографикасы кейде қазақ атауын дәл бере алмай жататыны рас. Әр тілдің табиғаты мен заңдылығы әрқилы екенін ескерер болсақ, жер-су атауын ағылшынша жазғанда тек бір ғана шет тілінің тар аясына зорлап келтірілген атаулар нұсқаларын ғана ағылшынша жазуға үлгі-қалып етіп алу – қисынсыздық әрі әділетсіздік. Сондықтан біз ұлттық топономиканы шет елдерге дәл жеткізу үшін транскрипциялау­дың оңтайлы жолын қарастыруға тиіспіз. Бұл ретте дүниеге кең таралған ағылшын, француз тілдерінің мүмкіндік, аясы кеңірек екені аян (кестеде).
Мұнда тек көзге түскен кейбір облыстар мен олардың орталықтарының аттары ғана берілді. Орта және шағын қалаларды қосар болсақ, тізім тіпті ұлғая түседі. 
Бұл айтып отырғанымыз – тек ұсыныс. Егер тіл мамандары осы мәселеге қатысты өздерінің қисынды пікірін білдірер болса, ұсынылған осы ағылшынша нұсқаларды қазақша жазу, айту заңдылығы мен орындылығына қарай өзгертуге болады. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген бекер емес. 
Әкімдіктердің сайтында облыс-қалалардың атауы ағылшынша қалай берілгеніне қарай шет мемлекеттердің еліміздегі дипломатиялық миссиялары өздерінің ноталары мен құжаттарында солай жазып жүр. Меморандум, шарт, келісім сияқты халықаралық құжаттарда да дәл солай беріліп келеді.
Халықаралық шарттарда, дүниежүзілік карталарда қазақ қалалары мен облыстарының атауын өзге шет (араб, парсы, қытай, испан және т.б.) тілдерде жазуға олардың біз ағылшынша қате белгілеген нұсқалары негіз болып отыр. Бұған жол бермес үшін алдымен өзіміз осы атауларды ағылшынша дұрыс, қатесіз жазуға тиіспіз.
Аймақтағы бірнеше әкімдікке хабарласып, өз ойымызды айтқанмен, ештеңе ­түзелмесіне көз жетті. Енді Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы мен жергілікті мәслихаттарға үміт артамыз. Аталған комиссия мен мәслихаттар қала-облыс атауларының ағылшынша нұсқасын қазақшаға (түпнұсқаға) жақын етіп жазу жөнінде шешім шығарса, бұл ұлт тілі заңдылығын сақтау, бұқара ішінде мемлекетшіл пайымды қалыптастыра түсу һәм тарихи әділеттілікті қалпына келтіру тұрғысынан жөн ұйғарым болар еді. 

Қала-облыстардың қазақша атауы

Әкімдік сайтында жазылған ағылшынша атаулар

Ұсынылатын нұсқалар

Ақтау

Aktau

Aqtau

Ақмола

Akmola

Aqmola

Ақтөбе

Aktobe (қала және облыс әкімдігінің сайтында осылай берілген)

Aqtobe

Жезқазған

Zhezkazgan

Zhezqazghan яки Jezqazghan (қайсысы қазақшаға жақын келетінін айқындау керек)

Қарағанды

Karaganda (қала және облыс әкімдігінің сайтында осылай берілген)

Qaraghandy

Қостанай

Kostanay (қала және облыс әкімдігінің сайтында осылай берілген)

 

Qostanay

Қызылорда

Kyzylorda

Qyzylorda

Маңғыстау

Mangystau

Mangqystau

Орал

Uralsk

Oral

Өскемен

Ust-Kamenogorsk

Oskemen

Петропавл

Petropavlovsk

Petropavl

Талдықорған

Taldykorgan

Taldyqorghan

 

 

Дәуірбек ДҮЙСЕБАЙ,
шығыстанушы

 

443 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы