• Ақпарат
  • 13 Қараша, 2025

БҰҰ мінберіндегі тұрақты өкіл

Елімізді әлемге танытып, бірнеше мемлекетте төтенше және өкілетті елші қызметін абыроймен атқарған, ­бүгінде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Ермекұлы Омаровты қазақ дип­ломатиясының нағыз дарабоз тұлғасы деп айтуға толық негіз бар. Өйткені Қайрат Омаровтың осы ­сыртқы саясат ведомствосында дипломатиялық лауазымда қызметте жүргеніне 34 жылға жуықтапты. 
Қайрат Омаров 1992 жылы 10 қаңтарда Сыртқы істер министрлігінің Америка бөлімінің екінші хатшысы болып дипломатиялық лауазымға қабылданады. Тәуелсіз Қазақстанның сол кездегі бірінші Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов үлкен сенім артып, Қайрат Ермекұлын еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бірі АҚШ-пен жұмыс істеуге шақырады. Бірден Америка сияқты алпауыт елмен қарым-қатынастағы екіжақты ынтымақтастықты дамытатын бөлімге екінші хатшы болып дипломатиялық қызметке қабылдануында Қайрекеңнің осыған дейін халықаралық қатынаста жұмыс істеген айтарлықтай тәжірибесі ескерілген болса керек. Ол ешқандай кедергісіз, іркілместен бірден қызметін дөңгелентіп алып кетті. 

 

Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар қызу қолға алынып жатқан шақта, атап айтқанда, 1994–1996 жылдары Қайрат Омаров ҚР-ның АҚШ-тағы елшілігінің бірінші хатшысы, одан соң кеңесшісі қызметін абыроймен атқарды. Әлемнің ең алпауыт елімен екіжақты қарым-қатынастағы басты мәселе қарусыздану мәселесі талқыға салынып, өз ұстанымымызды айқындау қажет болды. Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, ядролық қарусыз ел мәртебесіне ие болғандықтан алдағы міндеттеріміз бен ұстанатын бағытымызды түсіндірудің өзіне қаншама тер төгілді десеңші. Ротация тәртібімен елші ауысқан кезде Қ.Омаров елшіліктегі ең жауапты дипломат болып танылып, оған Уақытша Сенімді Өкіл міндеті де жүктелді. 30-дан жаңа асқан жас болса да, өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында Қайрекең бас болып, министрлік басшылары артқан сенімді абыроймен атқарды. 
Оның мұхиттың арғы бетінде бұдан бұрында қызмет атқарған жылдардағы мол тәжірибесі ескеріліп, 1998 жылы ­ҚР-ның ­Америка Құрама Штаттарындағы елшілігінің кеңесші­-уәкілі болып қызметке кірісті. Әрине, өзіне бұрыннан таныс елге келіп жұмыс істеу кез келген дипломатқа жеңіл әрі ыңғайлы болары сөзсіз. Оның ішінде ­Қ.Омаровтай ағылшын тілінің жетік маманы, әрі айтарлықтай тәжірибе ­жинақтаған мәмілегерге ерекше қуанышты жағдай еді. Осының барлығын сезіне отырып, ол бұрынғыдан да зор ынта-жігермен, мол қызығушылықпен, ерекше жауапкершілікпен дипломатиялық миссиясын орындады.
Қайрат Омаров АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елші қызметін осылайша ойдағыдай аяқтап, ротация тәртібімен тура 4 жыл өткенде 2017 жылы 4 қаңтарда Нью-Йоркте Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды. 
Қайрекең АҚШ-ты бес саусағындай білгенімен, БҰҰ-ның қоятын талаптары мен міндеттеріне мән беріп, жіті қанығуы қажет болды. БҰҰ-ға кіретін елдің ең әуелі тәуелсіз ел болуы ескеріледі. Мұнда өзін-өзі басқару, азаттық идеясы маңызды, ­өйткені ешбір ел бөтен біреудің қолшоқпары болуға қақысы жоқ. Дамыған елдер өз саясатын ұзақ мерзімдік мүддесі үшін табанды түрде жасайды. 
Сыртқы саясатта айтылар әр сөздің сындарлы салмағы бар. Қазіргі дүние дүрбелеңге толы күрделі заманда халықаралық қақтығыстың салдары бүкіл әлемді шарпымауы үшін келіссөздердің сауатты және объективті жүргізілуі аса маңызды. Себебі адамзат соңғы 100 жылда қару-жарақтың ең жоғары технологиямен жасалған түрлерін әбден меңгерген. Сондықтан «Елдестірмек – елшіден, жауластыр­мақ – жаушыдан» деген бұрынғы нақылдың мәртебесі көнерудің орнына, уақыттан қалыспай мәні мен мағынасы ұлғая түсті. Еларалық көңіл күйді, дүниежүзін қамтитын ірі саясатты жүргізу құпиясы әр елдегі дипломатия өкілдерінің иығына түсетіні белгілі. Сондықтан нағыз дипломаттарға мүйізі қарағайдай ірілік пен харизма, білім мен білгірлік, тапқырлық пен танымдық ешқашан артық етпейді. Сондай-ақ елдегі белгілі бір жайды сыртқы саясатта айту үшін дипломат қаптаған телекамералар мен фотообъективтердің алдында әр елдің баспасөз өкілдері сұрақтарына жауап беруге сақадай сай тұруы керек. Бұл желдің өтінде тұру тәрізді өте жауапты жұмыс. Арандатушылық фактілерін де ескере білуі керек немесе сөз етіп тұрған тақырыбын меңгеруі, аталған мәселе туралы мәліметтерге мейлінше қанық болуы тиіс. 
Міне, осындай қасиеттердің бәрін бір басына жинақтап, бойына сіңірген дипломатия дарабозы Қайрат Ермекұлы Омаров Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінде көпжақты дипломатияның майталман маманы ретінде өзін таныта білді. Бұрын екіжақты қарым-қатынастарда мол тәжірибе жинақтаған білікті мәмілегерге енді көпжақты форматта жұмыс істеу дипломатияның жаңа қырын ашып, ерекше серпін берді.
Еліміздің Тұрақты өкілі Тәуелсіз ­Қазақстан Республикасының сыртқы саясатында басты ұстанымның бірі бейбітшілікті сақтау екенін БҰҰ-ның биік мінберінен жария етті. Бұл жаһандану нышандары тығыздала бастап, мемлекетаралық байланыстар өскен сайын небір сипаттағы қақтығыстар тыйылмай тұрғанда аса маңызды шарт. Мұның астарында ел тарапынан болып жатқан бітімгершілік, араағайындық тәрізді оңды іс-әрекеттер аз емес. Оның үстіне БҰҰ-ның беделі де бейбітшілікті сақтау, адамзаттың алтын ұясы Жер планетасында соғыс өртін болдырмау екені белгілі. Бұл орайда Қайрекеңнің ең бірінші қолға алып, тындырған игілікті ісі – ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына сәйкес Қазақстанның тұңғыш рет БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып енуі еді. 
 БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болу – кез келген елге бұйыра бермейтін күрделі мәселе. Өйткені Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 елдің ішінде әлі бір рет те Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болмаған елдер бар. Ал Қазақстан мүше болған кезінде бейбітшілікке қол жеткізу тәртібінің Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі мінез-құлық кодексін қабылдап, оған 80-нен астам ел қол қойды. Біздің еліміз тұңғыш рет бейбітшіліксүйгіш Үнді батальонына қосылды. 
Сонымен қатар Қазақстан тұңғыш рет қатарынан 3 санкциялық комитетті басқарды. Бірден 3 комитетті қатар басқару бұған дейін БҰҰ тарихында ешбір елдің еншісіне тимеген. Дайши жөніндегі, талибан бойынша және әлем бойынша санкция мәселелерімен айналысатын 1267 санкциялық комитеттерді басқару оңай шаруа емес еді. Міне, осы игілікті істердің барлығы да Қайрат Ермекұлының тікелей бастамасымен әрі ұйымдастырушылық басшылығымен жоғары деңгейде жүзеге асты. 
2018 жылы 14 қаңтарда Қазақстанның бастамасымен және тікелей қамқорлығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстанға миссиясы ұйымдастырылды. Ауғанстан сияқты қауіпсіздік проблемасы туындаған жерге Қауіпсіздік Кеңесінің түгелдей 15 елінің мүшесі кірген арнайы миссия қомақты да керемет нәтижелі жұмыстар атқарды. Ауған еліндегі ахуал мұндағы тұрақсыздық және террорлық актілердің жоғары қатері болуымен қатар, заңсыз есірткі өндіру мен оны ­айналымға шығарып саудалаудың өсуімен бұрынғысынша тұрақсыз болып қала беретініне Қ.Омаров назар аудартты. Мұның бәрі де Орта Азия өңіріне тұтасымен теріс әсерін тигізіп, зардапқа ұшырату қаупі бар. Біздің ел де мұндай қатерден қалыс қала алмайды. Қазақстанның Тұрақты өкілі БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу бойынша Миссиясының, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс бойынша басқармасының, Есірткілік қаражаттардың, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрес бойын­ша Ортаазиялық өңірлік ақпараттық үйлестірушілік орталығының жұмысына жоғары баға берді. Мұнан бөлек дипломаттар БҰҰ-ның жұмыс істеп жатқан өңірлік халықаралық құрылымдары ­базасының негізінде Ауғанстанға және Орта Азия аймағы мемлекеттеріне ­гуманитарлық және экономикалық атау­лы көмек көрсетуді үйлестіретін жоба жасауды мұқият зерттеуді ұсынды. 
Ол Қазақстан тарапы Ауғанстанға жәрдем ретінде көлемді оқу бағдарламасы аясында 1 мыңнан астам ауғандық студенттер өз елдерінде қажетті мамандықтар бойынша біздің елде сапалы білім алуға мүмкіндікке ие болғанын айтып өтті. 2017 жылдың ақпан айында Кабулда БҰҰ-ның даму бағдарламасы және Қазақстан мен Жапонияның бірлескен жобасының тұсауы кесілген болатын. Бұл жоба ауған әйелдерінің экономикалық дербестігінің нығаюына және оларды Қазақстанда мемлекеттік басқару және денсаулық сақтау бағыттары бойынша оқытуға бағытталған. Бұл жобаны дамытуға ресми көмектің ­қазақстандық жүйесінің алғашқы қарлығашы деуге болады. Дипломатияның ­дүниежүзінде ынтымақтастық орнатуға мүдделі екені осындай игілікті шаралардан көрінеді. Осы игілікті істердің бәріне де Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Ермекұлы араласып, дипломат ретінде өз пікірін білдіріп үлесін қосты.
2018 жылы 16 мамырда өткен ­БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше сессиясына Қазақстан делегациясы қатысып, еліміздің қаралып отырған мәселеге орай ұстанымын биік мінберден жария етті. Сессия «Палестина мәселесін қосқанда Таяу Шығыстағы ахуал» тақырыбында өтті. Мұнда БҰҰ-ның жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров сөз сөйлеп, палестиналықтардың қарсылық акцияларын басуға байланысты Израильмен ­шекарадағы Газа секторында болған бейбіт тұрғындардың құрбан болуы ­туралы ақпаратты Қазақстан алаңдаушылықпен қабылдағанын атап көрсетті. 
Ол БҰҰ-ның биік мінберінен «Қазақстан Республикасы халықаралық қауымдастықты көптеген адамдардың өліміне әкелген зорлық-зомбылықты тез тоқтату үшін толыққанды шаралар қабылдауға шақырады», – деп мәлімдеді. Сонымен қатар Тұрақты өкіл Палестинаның мемлекеттікке құқығын және Израильдің қауіпсіздікке құқығын алдын алу шарасы дипломатиясының сәйкес келетін құралдарын қолдану арқылы саяси, экономикалық және экологиялық өлшемдерде, оның үстіне жаңа қатерлерді ескеріп қамтамасыз етуге шақырды. Дипломатиялық қызметтің талабының бірі әрбір дипломат заң және халықаралық құқық ережелерін терең білуі керек. Ал әр елдің өзінің Конституциясы және дүниетанымы, ұлттық салт-дәстүр ерекшеліктері бар екені белгілі. Дипломатияда мұның бәрі ескерілуі тиіс екенін Қ.Омаров үнемі қаперінде ұстайды. 
2019–2020 жылдары Қазақстан БҰҰ-дағы ашық теңізге тіке шығуға мүмкіндігі жоқ елдер тобын құруға бастама көтеріп, Қ.Омаров осы топтың төрағасы болып көптеген игі істер атқарды. Әлем бойынша тікелей теңізге шыға алмайтын 32 ел бар екен. Соның бірі біздің Қазақстан болғандықтан осы елдердің проблемалары бізге ортақ әрі етене таныс. Әсіресе өз өнімдерімізді экспортқа шығаруда, керісінше импорт тасымалдауда логистика саласында қиындықтар көп екеніне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан өз құқығымызды қорғау үшін БҰҰ қабырғасында арнайы топтың құрылып, жұмыс жасауы осы елдердің нарықтық әлеуетін арттыруға зор үлес қосты. 
«Ата-бабасы би болмаған қазақ дәстүрінше іс қылмайды» демекші, қанында ұлттық қасиет бар азаматтың Батыс елдерінің, азуын айға білеген Америка Құрама Штаттарының, ғажайып Үндістанның, Тынық мұхитта жатқан сырлы арал Шри-Ланканың дәм-тұзын татып, ішкі тіршілігіне ден қоя зерделеп, таным тұрғысынан саралап білуі түптеп келгенде туған Отанының игілігі үшін жасалып келді. Ел мен елді жауластырып емес, елдестіріп, татуластырып, жақындастырып саналы ғұмырының 20 жылдан астамын шет елде, елшіліктерде өткізуі Қайрат Ермекұлы үшін аса үлкен дипломатиялық мектептен өтудің даңғыл жолы болды. Сыртқы саясатта осылайша әбден ысылған ол 2020 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Респуб­ликасының БҰҰ-ның жанындағы Тұрақты өкілі қызметін абыроймен аяқтап, сол күні Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ­Қазақстанның ­Австриядағы Төтенше және ­Өкілетті Елшісі, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі болып ­тағайындалды.
Вена қаласындағы елші ретіндегі белсенді жұмысы жоғары бағаланып, Қайрат Омаровқа Мемлекет басшысы 2022 жылы Қазақстанның Словениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушысы лауазымын сеніп тапсырды. Қайрат Ермекұлы дәстүрлі ротация тәртібімен 2022 жылғы 6 қазанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалып, Орталық аппаратқа, елге оралды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болудың жауапкершілігі мен салмағын жақсы түсінген Қайрат Омаров бірден іске кірісіп, елге жария қылып айта бермейтін сыртқы саясатымыздың қаншама сан салалы жұмыстарын тындырды.
Осылайша, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін 2 жылдай абыроймен атқарған Қ.Омаров 2024 жылы 16 мамырда Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайын­далды. Ерекше айта кетерлік жайт, осы аса жауапты көпжақты дипломатиялық миссияның басшысы болып оның екінші мәрте тағайындалуы еді. Бұл – майталман мәмілегер, дипломатия дарабозы Қайрат Омаровқа жүктелген еліміздің басшыларының да, елінің де үлкен сенімі. Халқының осы сенімін арқалап, қанатын қомдап самғап ұшқан сұңқар құстай тағы да «Америка құрылығы құшағыңды айқара аш» деп, белін бекем буып Қайрат Ермекұлы ақ жолға аттанды. Алда оны өзіне етене таныс ел, жаңа міндеттер мен белестер күтіп тұр. Оның жаңа жүздесулер мен биік белес­терді кәсіби дипломатиялық шеберлікпен бағындыратынына сеніміміз мол. 
 Қайрат Ермекұлы Омаровтың туған елінің сыртқы істер саясатына сіңірген осындай ұзақ жылғы, атап айтқанда, 33 жылдан астам адал еңбегі лайықты бағаланып, бірнеше мемлекеттік наградалармен, ведомстволық, мерейтойлық медальдармен, грамоталармен марапатталған. Ел Президентінің Жарлығымен 2008 жылы «Құрмет», 2016 жылы «Парасат» ордендерімен наградталды. Сонымен қатар ол дипломаттар үшін ең жоғарғы дипломатия­лық ранг – Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне 2012 жылы ие болды. Қайрат Ермекұлының еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, «Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының 10 жылдығы» медалімен, «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл» медалімен, «Астанаға 10 жыл» медалімен, «Қазақстан Респуб­ликасы дипломатиялық қызметіне 25 жыл» медалімен марапатталған.
«Отан отбасынан басталады» дегендей, ел мүддесін ойлау үшін ең әуелі зиялы адамға өзінің жанұясының береке-бақыты қымбат. Осы берекені кіргізе білген отағасының сүйікті жұбайы Айгерім Айымдос­қызы екеуі үш баласын да үлгілі тәрбиелеп, оларға өнеге көрсетіп отыр. 

Гүлсім Еңсепова, 
Сыртқы істер министрлігінің 
І сыныпты кеңесші-дипломаты,
филология ғылымының кандидаты

 

308 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы