- Ақпарат
- 13 Қараша, 2025
Әлі жеткен әлімжеттік көрсетсе...
Бір адамның мысқылы екінші адамды мазасыздандырады. Әлсіз жанның ішкі жай-күйі мен сезімі де бүгінде біреулердің «ермегіне» айналған. Бұл сөзімізді әлімжеттіктің құрбаны болған кез келген жасөспірімнің терең түсінері анық. Қазіргі қоғамдағы жасырын мәселенің бірі – жастар арасындағы әлімжеттік. Соңғы жылдары бір-бірін аяусыз соққыға жығып, біртоға, тұйық қатарластарын әжуалап, қорлықтың небір түрін көрсетіп жатқан жасөспірімдердің жантүршігерлік іс-әрекетін әлеуметтік желіден жиі ұшырастырамыз. Ал бұл мәселенің шешімін кім іздейді?
Осы дертпен күресте мектеп оқушылары арасындағы бүліктерді ашық көрсетіп, қоғам назарына ұсынатын кинотуындылардың ықпалы жоғары. Жас жеткіншектер арасында кең таралып, қызу талқыға түскен «105» сериалы дәл осы тақырыпқа қозғау салған. Сериалдың бас режиссёры Дәулет Бекмағамбетов «Жастар арасындағы буллинг тоқтауы үшін оны ашық көрсетуіміз керек» дейді:
– Сериалдың негізгі мақсаты қоғамдағы асқынып бара жатқан дерт – балалар арасындағы әлімжеттікті көпшілікке көрсету. «105» деп атаған себебіміз – ҚР Қылмыстық Кодексінде 105 бап: «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» ісін қарайды. Осы бапты негізге алдық. Біздің сериал шықпай тұрып мектептегі қанша бала өзіне қол жұмсады, қанша бала тепкінің, таяқтың астында қалды? Ондай статистиканы білмейміз. Білсек те, білмегендей боламыз. «Не айтсақ та, бәрібір ештеңе өзгермейді» дейміз. Алайда бұл тақырып жабулы қазан күйінде қалмауы керек. Ата-аналар тым болмаса, сериал арқылы әлімжеттік жасалатынын білгенін қаладық. Байқасақ, оқушылар біреуді ұрып-соққандарды, басқаларға өз әмірін жүргізгендерді идеал қылады. Сол «үлгі» қылып жүрген адамдарының өмірі, болашағы не болатынын туындымыз арқылы көрсеттік. Одан өзін көргендер жасап жүрген іс-әрекеттерінің дұрыс емесін сырттан байқаса екен, мінез-құлқына сын көзбен қарап, өзгеруге тырысса екен дейміз. Сериал жастарға ой салса, басты жетістігіміз – сол.
Ал сериалда кішілерге күш көрсетуші, мектеп президенті Азаматтың рөлін сомдаған актер Аслан Бектенов кейіпкерінің көрерменге ой салғанын, айтарлықтай әсер еткенін айтады:
– Пікір жазушылардың басым бөлігі Азаматты жек көріп, жылап, өкпесін жеткізіп, тіпті қарғыс та айтып жатты. Сериал аяқталған соң мектептегі жүйенің дұрыс емесін түсінгендер де болды. Оны «105» сериалының жанкүйерлерімен өткен кездесуде байқадық. Сериалдағы оқиғалар жүрегі бар адамға әсер етеді деп ойлаймын. Түсірілім барысында тақырыптың маңызын, салмағын шынымен сезіндік. Рөлімізді сомдағанда кейіпкеріміздің өмірін уақытша болсын сүріп шығамыз ғой. Оның өзі бізге оңайға соқпайды. Кей сахнада қиналғаннан жылап алған кезіміз болды. Өйткені біреуді ұрып, бопсалап, күш көрсету, қорлау оңай емес.
– «105» шынында ауыр, шынайы түсірілген сериал. Түйгенім, адамға жан жылуы, қолдау, демеу өте керек. Жалғыздық пен ішкі күйзелісті елемей қою қателік екен. Бұл мәселенің тамырына балта шабу үшін алдымен қалыптасып кеткен жүйені тоқтату керек деп ойлаймын, – дейді «Менің мектебім» мектебінің 11-сынып оқушысы, «105» сериалының көрермені Нұрхат Кәдірәлі.
Әлімжеттік – мектептегі орта, кей мектептерде қалыптасқан «дәстүр», жүйенің жағымсыз салдарынан туған бүліктердің көрінісі. Жоғары сынып оқушысы өзінен төмен сыныпта оқитын оқушыға қысым жасаса, демек, оның артында сол әрекетке үнсіз қарап, жауапкершілікті толық сезінбейтін орта тұрады. Бұл сабақтағы немесе сыныптағы тәртіптің босаңдығы емес, бала бойына ерте жастан қалыптасқан үстемдік пен бағындыру «мінезінің» көрінісі. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы бұл дертті жеке шешіммен емес, мектептегі тәртіпті күшейту, ата-ана мен мұғалімдердің бірлескен бақылауы арқылы ғана азайтуға болады. Ахмет Жұбанов атындағы мектептің 12-сынып оқушысы, мектеп президенті Алдияр Жұмағазиев аталмыш мәселеге қатысты пікірін былай білдірді:
– Менің ойымша, бұл мәселе көп мектепте қалыпты жағдай болып кеткен. Негізі оны «нормаға» айналдырмау керек. Егер оқушы мектептен қысым көріп жатса, бірінші кезекте оны ата-анасына айтып, мұғалімдер мәселені шешуге атсалысқаны жөн. Мұның бәрі тоқсаныншы жылдардан қалып кеткен түсінік деп ойлаймын. Кейбір оқушыға ұнамаса да, бұл жүйені жоюға оның күші, батылдығы жетпейді және сондай ортада өскен бала үлкен сыныпқа өткенде сол іс-әрекетті кішілерге жасауға тырысады. Ал бұл өте қауіпті үрдіс.
Алматы облысы Іле ауданы М.Түймебаев ауылындағы мектептің ұстазы Мейірхан Мырзаханұлы жастар арасындағы әлімжеттіктің қалай өрбіп жатқанын былай түсіндіреді:
– Оқушылар арасындағы өзара сыйластықтың аздығы, кейбір балалардың «беделін» күш көрсету арқылы дәлелдеуге тырысуы, сыныпта немесе мектепте бақылаудың әлсіреуі, мұғалім мен ата-ананың назарынан тыс қалуы, осының бәрі әлімжеттікті ушықтырып жібереді. Ол көбіне тәрбие олқылығынан және мінездің дұрыс қалыптаспауынан туындайды. Баланың бойында мейірім, түсіністік, жауапкершілік сияқты мінез жеткілікті дамымаса, ол өз-өзін үстем көрсетуді қалыпты деп қабылдайды. Сонымен қатар қоғамда агрессия мен «күш беделдің белгісі» деген бұрмаланған түсінік те ықпал етеді, яғни әлімжеттік тек жеке мінез мәселесі емес, отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен жауапкершілігіне айналған әлеуметтік мәселе. Буллингке ұшыраған бала көбіне ішкі күйзеліс пен қорқынышта жүреді. Ол өзін жалғыз, қорғансыз сезінеді және өзіне сенімін жоғалта бастайды. Мұндай балаларды мұғалім мен ата-ана мұқият бақылауға алуы керек. Ең бастысы, баламен ашық сөйлесіп, оның сенімін оятқан дұрыс. Себебі көп жағдайда буллингке ұшыраған бала қорқып, болған жағдайды айтуға ұялады. Сондықтан жылы сөз бен қолдау баланың бойында қайта сенім ұялатудың ең алғашқы және маңызды қадамы.
Буллинг, әлімжеттік тақырыбы тек жеке адамның мінез-құлқымен шектелмейтін, мектеп пен отбасының, қоғамның бірлескен әлеуметтік мәселесі. Бұл дерт балаларды қорқыныш пен сенімсіздікке жетелеп, болашағын тұмшалайды. Жылы сөз бен қолдау, тәртіп пен мәдени құндылықтарды сақтау, қауіпсіз орта құру осы мәселені шешудің негізгі жолы. Әрбір әрекет, әрбір дұрыс қадам жасөспірімнің беймаза сезімін жоятын күшке айналады. Күн сайын түрлі азғындықтың куәсі боп жүрген жұрттың бұл мәселені байқамауы мүмкін емес, ал тұтас қоғам осы түйткілді мәселенің түйінін табу үшін әрекет етсе балалар құндылығын сезініп, қауіпсіз орта мен жарқын болашаққа ие болады.
Жалын СЕЙДІҒАЛЫМОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
журналистика факультетінің
3-курс студенті
452 рет
көрсетілді0
пікір