• Ақпарат
  • 13 Қараша, 2025

Ертеңін ойлаған ел озады

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»

Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ­«Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты Тұжырымдаманы бекіткен Жарлыққа қол қойды. Бұл өте маңызды құжат. Себебі мұны мемлекеттік, ұлттық идеологияның негізгі бағыттары десек те болады. Мемлекет әрине өзіндік идеологиясыз өмір сүре алмайды. Сондықтан оның бағыт-бағдарын анықтап отыру қажет. 
 

Елімізде жүргізіліп жатқан жан-жақты жаңғыртуға байланысты осындай тұжырымдама қабылдау қажеттігі туындапты. Ал ішкі саясат саласына мынандай міндеттер жүктеліпті: «Біріншіден,  еліміздің ішкі және сыртқы ахуалға тиімді бейімделуін қамтамасыз ету; Екіншіден, мемлекеттік институттар мен қоғамның жасампаздық бағыттағы өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын айқындау». Бұлар әрине, сол сала мамандарының міндеті. 
Елімізде ішкі саясатпен әр әкімдік күнделікті айналысып келеді. Содан да аталған Тұжырымдамада біз бен сіз күнделікті естіп жүрген «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттары аталып, олар ішкі саясаттың негізгі бағыттары ретінде әрқайсысына бөлек-бөлек түсінік беріліпті. Қысқартып айтқанда: «Заң мен тәртіп» – құқықтық мемлекеттің негізі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – өзара іс-қимыл құралы. «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» – өзара түсіністік орнату жолы. «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» – басқару үлгісі. «Адал азамат» – ойлау пайымы. «Таза Қазақстан» – мінез-құлық пен жүріс-тұрыс этикасы. Осылардан келіп Әділетті Қазақстан ұғымы шығады. Әрине ойға қонатын жүйе. 
Құжатта жалпыұлттық құнды­лықтар мен нышандар көрсетіліпті. Мұндай ой Ұлттық құрылтай мүшелерінің пікірі негізінде пайда болыпты. Әрине, қос қолды көтеріп қолдауға тұратын идея. Сонымен, біздің құндылықтарымыз: Тәуелсіздік және отаншылдық; Бірлік және ынтымақ; Әділдік пен жауапкершілік; Заң мен тәртіп; Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік; Жасампаздық пен жаңашылдық. Осы аталған ұғымдар да қоғамда бұрыннан айтылып жүргенімен, енді оған құндылық ретінде қарау нені білдіреді? Біздіңше, құндылық ретінде бағалауға, құрметтеуге бастауы тиіс.  Отаншылдықты, бірлікті, әділдікті, жауапкершілікті, кәсібилікті, еңбекқорлықты, кінәратсыз жаңашылдықты қоғам болып әспеттей алсақ, сөз жоқ дамимыз.
Сүйіншілеп айтатын бір ерекшелігі – Тұжырымдамада жалпыұлттық нышандардың тізімі беріліпті. Сонымен: ұлттық ұран – «Алға, Қазақстан!»; ұлттық түстер – аспан түстес көк, алтын сары түс; ұлттық кітап нышаны – Абайдың «Қара сөздері»; ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ; ұлттық музыкалық аспап нышаны – домбыра; ұлттық өсімдік нышаны – қызғалдақ; отандық өнім шығарудың ұлттық белгісі – «Қазақстанда жасалған», «Made in Qazaqstan»; ұлттық хэштег – #Qazaqstan, #Kazakhstan. Енді осы нышандарды мектептегі баламызға дейін жаттап айтып тұрса – ұлттық идеология деген ұғымның өмірімізге анық ене бастағанын көрсетеді. 
Тұжырымдамада ішкі саясаттың басым бағыттары да көрсетіліпті. Олар: қоғамдық диалог, этносаралық қатынас саласындағы саясат, дін саласындағы саясат, мәдени-гуманитарлық саясат, отбасы саясаты, жастар саясаты, ақпарат саясаты деп жеті бағытта жүргізілмек. Әрине бұлар да бұрыннан бар бағыттар. Бірақ енді идеологияға жауап беретін мамандардың басты құжаты ретінде бекітілгені – атап айтарлық жаңалық десек болар. Басым бағыттардың ішіндегі мәдени-гуманитарлық саясат саласында: «мемлекеттік тілді және оның халықты ұйыстырушы тіл ретіндегі әлеуетін дамыту» деген тұсы бізге ұнады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік тіл мәселесін өзге мемлекет басшыларымен болған кездесу-жиындарда да айтып, дамытуға басымдық берілетінін ашық мәлімдеуі тегіннен-тегін емес. Халқымыз өз жерінде өз тілін дамытуға толық құқығы бар. Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Оған өзгелер түсіністікпен қарауға міндетті. Тағы да сол мәдени-гуманитарлық саясат бағытында «тіл саласын, тарих пен ономастика мәселелерін саясиландыруға жол бермеу қажет» деген ұстаным өте орынды көрсетіліпті. Бұл жасырып-жаппай айтқанда, кез келген елді іштен оп-оңай ірітетін, бүгінгінің аяр тәсілдерінің бірі. Ондай пиғылдар әр жерден ауық-ауық шаң беріп жүргені де құпия емес. 
Сол секілді ғылымды дәріптеу мәселесі де орынды көрсетілген. Дамитын елдер ғылымды жоғары қойып, нағыз ғалымды төрге шығаратынын айтудан жалықпауымыз қажет. Тәуелсіздікті қалпына келтірген алдыңғы отыз жылда ғылым саласын қожыратып алғанымыз рас. Қазіргі Президентіміз ғылым академиясын дамытуды қолға алғаны, сөнуге айналған үміт отын қайта жақты. Ғылым саласын қожыратқан заманда, «ақылды болсаң неге байымайсың?» делінетін америкалық ұстаным алға шықты да, оның астарын дұрыс түсінбеуден жаппай жемқорлық дендегені өтірік емес. Сондықтан ілкідегі «адал азамат қағидаты» жалпы халыққа ұнайтынын айтқан жөн. Аталған қағидаттардағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» ұстанымдары демократия деген бірауыз сөзге сияды. Бірақ осындағы «біртұтас ұлт» ұғымына сай болу үшін, әлі көп жұмыс істеу қажет дер едік. Ол үшін Мемлекеттік тіл расымен қоғамды түгелдей ұйыс­тыратын дәрежеге жетуі керек.
Тұжырымдамада көрсетілген қағидаттар, құндылықтар, бағыттар барлығы да идеология. Осы ретте аталған сөзді төркіндетіп көрсек. Идеология – гректің «идея және ғылым» деген сөздерінің қосындысы. Атаусөзді алғаш қолданып, ғылыми айналымға енгізген Наполеонның заманындағы француз философтары Антуан Дестют де Траси мен Этьен де Кондильяк. Идеологияның қажеттілігін Фарид Алекперли өте орынды көрсеткен. «Идеология кез келген ұлтқа, кез келген мемлекетке қажет. Сен кімсің? Қайдан шықтың? Болашақта қайда, неге барасың? – деген сауалды әркім білуі шарт. Ешқандай идеологиясыз, яғни қоғамда тек тұтынушылық ұстаныммен (қарапайым тілмен айтқанда, «ішіп-же, көңілден» дегендей) өмір сүру қауіпті». Қысқасы, қайталап айтамыз, өте маңызды құжат бекітілді. Алайда біз тыңнан түрен салып мемлекет құрып жатқан жоқпыз. Өз ерекшелігіміз, әрине, көп.  Сол ерекшеліктер біздің бөлек мемлекет екенімізді көрсетеді. Алайда қоғам ретінде жалпыадамзаттық жолмен келеміз. Оған Адам Смиттің мына сөзі дәлел: «Жергілікті ұлт ортақ заң институттары, азаматтық құқықтар, мәдениет пен идеология арқылы елдегі өзге жұртшылықтың басын қосады». Демек, бағыт өте дұрыс.

 

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы