• Ақпарат
  • 20 Қараша, 2025

Кітапханашы өлеңге айналса...

Биыл Ұлттық кітапхана 115 жылдық мерейтойын тойлайды. Осы айтулы дата аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды, әлі де ұйым­дастырылып жатыр. Жақында кітапхана ұжымы ақындарға арнап «Жүлгесі үзілмеген 115 жыл» тақырыбында республикалық мүшәйра өткізбекші. Мүшәйраның жай-жапсары туралы кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызынан аз-кем пікір алған едік. 

– Ең алдымен мүшәйраның мақсаты туралы айтып берсеңіз...
 – «Жүлгесі үзілмеген 115 жыл» респуб­ликалық ақындар мүшәйрасы 115 жылдық тарихы бар Ұлттық кітапхананың ғасырдан аса тарихы мен рухани мұрасын кеңінен дәріптеуді, жаппай цифрландыру заманында кітап пен кітапхананың құндылығын айқындауды, сондай-ақ кітапханашылардың еңбегін көркем сөзбен бағалауды көздейді.Мүшәйраны Қазақстан Кітапханалар одағы мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдас­тырып отыр. Ұлттың руханиятын, кітап оқу мәдениетін және қазақ поэзиясын насихаттау арқылы қоғамның әдеби-мәдени өмірін жандандыру, ақындар шығармашылығына жаңа серпін беріп, үздік туындыларды оқыр­манға ұсыну және оларды арнайы жинаққа енгізу, Ұлттық кітапхананың 115 жылдық мерейтойын кеңінен насихаттау, кітапхана мен кітапханашылардың қоғамдағы рөлін дәріптеу, ақындардың жаңа заман тақырыптарындағы шығармашылығына жол ашу мақсатын көздеп отырмыз.
– Мүшәйраға қатысу үшін қандай ­талап қойдыңыздар?
– Соншалықты қатаң талап қойдық дей алмаймыз. «Ұлттық кітапхана – мәңгілік қазына» тақырыбында 115 жылдық тарихы бар Ұлттық кітапхананың өткен жолы мен рухани мұрасын өлең жолдарына айналдыруға немесе ұрпақ сабақтастығы мен білім ордасының маңызын айшықтауға болады. «Кітапханашы – рух шырақшысы» тақырыбында кітапханашылардың қоғамдағы еңбегін көркем бейнелеген, кітапханашы мен оқырман арасындағы қарым-қатынасты дәріптеген өлең-жырларды да қабылдаймыз.  Мүшәйраға Қазақстанның барлық аймағынан ақындар қатыса алады. Бірақ бұрын жарияланбаған жаңа өлеңдерін ұсынады және бір ақын әр бағыт бойынша бір өлең жолдай алады. Шығарма көлемі еркін, өлең қазақ тілінде жазылуға тиіс. Мүшәйраға қатысатын ақындардың жасына шектеу қойылмайды. Мүшәйраға жолданған шығармалар қайтарылмайтынын және ұйымдастыру комитеті ережеге сәйкес келмейтін материалдарды қабылдамауға құқылы екенін ескерте кеткіміз келеді.
– Өлеңдерді қай уақытқа дейін қабылдайсыздар?
– 2025 жылғы 15 желтоқсанға  дейін қабылданады. Қатысушы өзінің аты-жөнін, байланыс деректерін (телефон, e-mail), қысқаша өмірбаянын қоса жолдауы ­қажет. Материалдар электронды пошта (kitaphana.mushaira2025@gmail.com; +7 747 545 3767) арқылы қабылданады. Республикалық ақындар мүшәйрасының қорытындысы 2025 жылдың  желтоқсан айында өтетін Ұлттық кітапхананың  115 жылдығына арналған іс-шара аясында жарияланады. Елге танымал көрнекті ақындар мен ардагер кітапханашылардан құралған Қазылар алқасы мүшәйраға ұсынылған материалдарды қабылдап, сараптайды және жеңімпаздарды анықтайды. Мүшәйраға қатысушылардың ең үздік деп танылған туындылары Ұлттық кітапхананың 115 жылдығына арналған арнайы жинаққа енгізіліп, жарық көреді.
– Жүлде қоры қомақты ма?
– Жалпы жүлде қоры – 1 000 000 теңге. І орынға 500 000 теңге, ІІ орынға – 250 000 теңге, ІІІ орынға – 150 000 теңге ұсынбақпыз. Екі адамға 50 000 теңгеден ынталандыру сыйлығы беріледі.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Алмагүл Жарболқызы

 

1379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы