• Ақпарат
  • 20 Қараша, 2025

Тұлғалар сөзіне абай болсақ

Қарагөз Сімәділ,

«Ana tili»

Н.Назарбаев көшесімен төменге қарай сейілдеп бара жатып, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Жамбыл Жабаев сынды тұлғалардың суретіне көзім түсті. Сірә, үйлерге жасалып жатқан құрылысты бүркемелеу үшін қойылған баннерлер-ау деп шамаладым. 


Әрине, қазір Алматы ­көшелерінде құрылысты бүркемелеу ­мақсатында осындай танымдық бағыттағы баннерлер көзге үйреншікті болған. Сондай баннерлердің бірі болар деп ойлап, Абай суретіне көзім түскенде кідіріп қалдым. Ұлы тұлғамыздың солақай болғаны туралы дерек кездестірмеп едім, қауырсын қаламды (өте ұзын, қалам деуге келсе, әрине) сол қолына ұстап қойғаны несі деп таңырқап, суретке анықтап қарай бастадым. Қаламды ұстаған саусағы да ебедейсіз, иығына ілген шапанының оюы да тым заманауи секілді көрінді. Сол қолындағы тәспісі де тым үлкендеу ме? Қазіргінің суретшісін, жалпы суретті керемет танып, талдай алмаған соң жаңа бағыттағы кескін бе екен деп ойлап үлгергенімше, баннердегі жазуға көзім түсті. 
«Адамзатқа ең бірінші – білім, ғылым, сауат ашып, ақылмен, намыспен, ерікпен жұмыс істеу керек.» деген сөзді Абай суретінің тұсына жазып қойыпты. Ең бірінші тырнақша ішіндегі нүктеге қадалдық. Себебі, ChatGPT жазған мәтінде әдетте нүкте және басқа да тыныс белгілер тырнақша ішіне қойылатын еді ғой. Қазақ тілі нормасында тырнақша ішіне сұрақ белгісі ғана қойылатынын ChatGPT әлі де білмейді. Демек, мына мәтін ChatGPT жазған дүние ғой? Енді Жамбыл Жабаев суретінің тұсына ілінген сөйлемге көз жүгіртелік: 
«Халық денсаулығы – ең қымбат, 
Жер байлығы оған тең келмес,
Денсаулықты сатпайды, алмайсың,
Оны жүрек, көздей аяла.»
Мұнда да нүкте тырнақшаның ішінде тұр. Екі мәтінде де сызықша бұрыс қойылған біреуінде цифрлы сызықша, екіншісінде дефис тұр. 
Ал енді мәселе тек тыныс белгісінде ғана ма? Бұл екі сөз де Абай мен Жамбылға тиесілі емес екенін кітап ақтарып, ең болмаса интернеттен салыс­тыра қараған адам білер, түсінер еді ғой. Баннерге көз салсаңыз Абай мен Жамбыл өткен ғасырға бүгінге жетіп, қазіргінің тілімен сөйлей бастағандай. Жамбыл «айтты» деген сөзде тіптен қисын жоқ, «Халық денсау­лығы – ең қымбат, Жер байлығы оған тең келмес» деген не мағына береді. «Оны жүрек, көздей аяла» деген ше? 

 

Тасқа басылып, баннер болып ілінген бұл дәйексөздер (дәйексөз деуге де келмейтіні анық) Алматы көшесінде қанша уақыт тұрғанын немесе қанша уақыт тұратынын да білмейміз. Баннерге Samruk-Kazyna Construction компаниясының аты мен эмблемасы қойылған. Мемсатыпалуда әзірге бұл баннерді кім, қаншама сомаға ілгені туралы дерек таппадық. Алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Тек тұлғалар суретін, сөзін баннер қылып Алматы (басқа да қалаларда, елдімекендерде) ілерде абай болғанымыз жөн екенін ескерткіміз келеді. Себебі бұл баннерді осы көшенің бойынан өткен әр азамат оқиды. Абай, Жамбыл айтқан (айтпаған) сөзді көңіліне тоқиды. Мұндай баннерлерді Алматы қаласы әкімдігі де ­назарына алуы керек еді. Көшелерде ұлы тұлғаларымыз ­айтқан қанатты сөздер суреттерімен берілуі құптарлық іс. Бірақ ол сурет те, қанатты сөз де сүзгіден өтіп, сол тұлғаға тиесілі екені тексеріліп, қарастырылмаушы ма еді? Қате баннерлер қойылған жағдайда сөз жауапкершілігі, тұлға жауапкершілігі кімнің мойнында?
Ұстазымыз, марқұм Жұмабай Шаштайұлы «Қазақ әдебие­тінде» жүрген кезімізде «Абай сынды тұлғалардан дәйексөз алсаңдар, міндетті түрде кітапқа қарап, салыстырыңдар. Абайға өз жандарыңнан сөз қоспаңдар» деп қатты қадағалайтын. Тіпті Абай сөзі жазылған кітаптың өзіндегі сөздің дұрыс-бұрыстығын ерінбей-жалықпай тексертіп қарайтын. Алматы көшелерінде ілінген баннерлерге де жауапты редактор керегі бұрыннан да байқалатын. Ал енді белгілі тұлғалар айтпаған сөзді айтты қылып жазудың да жауапкершілігі болуға тиіс. 
Әлбетте, Алматы көшелеріндегі баннерлердің барлығы бірдей қат деуге келмес. Оның бір дәлелі қылып сол Samruk-Kazyna Construction компаниясының аты мен эмблемасы қойылған Ахмет Байтұрсынұлының суреті мен қанатты сөзі бар баннерді мысалға алып, суретімен қоса бермекпіз. Байқасаңыздар, мұнда бәрі дұрыс, суреттің тұсынан өтіп бара жатқан әр азамат Ахмет Байтұрсынұлының суретіне қарап, сөзін оқып өтсе қандай ғанибет. 
Абай мен Жамбылдың (біз мысалға алмаған қаншама тұлғалар бар) Алматы көшесіндегі баннерлері жедел арада түзетіледі деп ойлаймыз. 

342 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы