- Ақпарат
- 20 Қараша, 2025
Тастағы таңба – ең үлкен тарих
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,
«Ana tili»
Жазу – сөз жоқ мәдениеттің көрсеткіші. Кез келген ұлттың тарихта жазу-сызуы болған деген мәлімет расталса, өрелі, дамыған ел болғанын білдіреді. Орхон-Енесай ескерткіштерінің түріктектілерге тиесілілігін қазақша айтқанда айдалада, Еуропада жатқан Вильгельм Томсен (1893 жылдың 25 қарашасында) ашуы тегін емес. Өйткені ол адамзаттық барлық жазу атаулының бастауында түріктектілердің жазуы тұрғанының белгісі болуы да ғажап емес. Ондай жаңалықтан, тіпті Кеңестер одағы аталған империя да қауіптенгенін, оның алдын алуға тырысқанын көреміз. Бірақ ол туралы әңгімеге сәл кейіндеу келеміз. Жалпы тастағы таңба, жазу-сызу атаулы қазақ халқы үшін де өте маңызды саналған, сондықтан сөз алдымен сол туралы болмақ.
Абақ таңба, нәл таңба…
Таңба атауын тамга деген ежелгі түрік-моңғолдық атауымен жазу бұрыннан бар. Бір жолы зерттеуші Радик Темірғалиевтің орыс тіліндегі «Тамга» история казахских племен» кітабын дүкеннен көріп, сатып алғанымыз бар. Бірақ аталған еңбекте, таңбалардың суреті арқылы әдемі безендірілгенімен, таңбалар туралы жақ ашпай, тек қазақ рулары туралы деректер ғана беріліпті. Қазақ таңбалары жайындағы мәліметтерді, 2021 жылы «Арыс» баспасынан аз данамен шыққан Мағжан Қарамендина есімді ғалымның, «Қазақ халқының таңбалары мен ұрандары» атты кітабынан таптық. (Сараптаманы жазуда осы кітаптағы деректер негізге алынды).
Тамга атауының тұлғасындағы там – түбір әрі етістік. Ал, -га -ға -қа етістіктен есім тудыратын жұрнақ екені мәлім. Әрине, Мағжан Қарамендина тамыз, тамызу, тамызық секілді түбірлес сөздерді бәрін орынды талдаған. Алайда біз ғалымның деректеріне моңғол тілдерінде күні бүгін «тамга» деп жазылатынын қосар едік. Сол секілді кезіндегі Шыңғыс қаған әскерінің аяғы жетіп, бағындырған жердің көбінде тамга атауы қолданылуы расында назар аударарлық. Демек, бұл билік рәмізі ретінде Көк түріктер заманынан, әлде Моңғол империясы ықпалымен тараған атау. Аталған кітаптан парсылар да «тамга» деп қолданатынын оқыдық.
Ру таңбалары мен малға салынатын ен-таңбалар көшпелі салтын сақтаған қазақтарда қазір де бар. Бірақ жақсы сақталғаны – ұсақ малдың, яғни қой-ешкінің құлағына салатын ен. Олар: тілік ен, кез ен, ойық ен, қиық ен, сыдырғыш ен, құмырсқа ен, кесік ен деп бөлінеді. Ен көзге қалай көрінеді, солай аталады деуге болады. Мысалға ойық ен дегені – қойдың құлағының алдынан, не артынан ойып салынады. Ірі қара деп қазақ сиырды ғана емес, түйе мен жылқыны да атайды. Тек сиырды ірі қара атау орыстан келген түсінік әрі халқымыз сиыр түлігін көп өсірмеген, етін де онша бағаламаған. Жылқының сауырына, түйенің санына таңба басқан. Ол таңбалардың: ай таңба, сегіз таңба, тоғыз таңба, от таңба деген секілді көптеген атаулары бар. Ірі, ұсақ малға басатын әр рудың өзінің меншік таңбасы болған. Малсақ қауым көршілерінің таңбасын жатқа білген. Түріктектілер таңба басатын құралды бәрі дерлік дақ деп атайды. Махмуд Қашқари «дақты» таңба деп көрсеткен. Қазақ «арына дақ түсті», «киімінде, денесінде дақ қалды» деп сөйлейтіні мәлім. Сол қолданыста да таңбаның салмағы сезіледі.
Таңбаны халқымыз малға, шөлді аймақтарда құдыққа да салған. Ол меншіктеуді көрсететін белгі. Таңбалардың кейбіреулерінің атаулары жоқ, шамасы ұмытылған. Зерттеушілердің жинақтаған таңбаларының атауын тізіп шыққанымызбен, олардың қай ру-тайпаға тиесілілігін саналы түрде жазбадық. Ру атауларын насихаттағандай болмайық дедік. Себебі біз ұлт ретінде Тәуелсіздігімізді қалпына келтірген заманда, ұзақ жылғы бодандықтан кейін өзімізді өзіміз қайта тану кезеңінде, рушылдық пен жүзшілдікті қоздырып алдық. Сондықтан ру таңбаларын да біз өткен тарихымыз ретінде ғана білгеніміз жөн.
Сонымен, қазақ ру-тайпаларының таңбалары: көз таңба, көсеу таңба, шылбыр таңба, шөміш таңба, тарақ таңба, әліп таңба, садақ таңба, оқ таңба, бақан таңба, ілмек таңба, түйемойын таңба, жебе таңба, ашамай таңба, абақ таңба, босаға таңба, балта таңба, балға таңба, аша таңба, үшкіл таңба, ай-күн таңба, қол таңба, ай таңба, тұмар таңба, үш тармақ таңба, қурай таңба, үш әліп таңба, қос әліп таңба, ағын су таңба, тостаған таңба, шөміш таңба, нәл таңба.
Балталы, бағаналы, ергенекті, сіргелі, шанышқылы дегендер де түгелімен таңба атаулары. Шанышқы – балық шаруашылығында қолданылған құрал. Сірге – сиырдың тайыншасы енесін еме алмайтындай қылып мұрнына өткізіп қоятын істік. Киіз үйде есік болмаған кезде керектенілген, иілгіш ағаштан, яғни жас талдан тоқылған есікке ұқсас шарбақты ергенек атаған. «Балтаның иесі – Ай (Өгіз). «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Ай мен Таңсық космологиялық ұғым болғандықтан бағаналы сияқты балта таңба да Ай секілді қасиетті» (Әлкей Марғұлан). Көсеу таңба – тайпаның кезінде отқа табынғанының белгісі. Шылбыр таңба – батырлардың тұлпарына қатысты. Түйемойын таңба – төрт түлікке байланысты. Ашамай – ердің сүйегіне ұқсас болғасын, солай аталған деседі, ал ғалымдарша айтсақ, «ашамай» (крест), «шақпақ» таңба сол тайпаның кезінде ұстанған дінінен хабар береді. Дегенмен, ең қызығы – бұл таңба (ашамай – крест) кезінде хандық мемлекет құрған бір тайпада ғана емес, үш жүздің ішінде біраз руларда кездеседі. Оны ғалымдар сол ру-тайпалардың аралас-құралас жүргенімен түсіндіреді. Зерттеушілер соңғы кезде, айқастыра салынған қос көсеу деп те аталатын крест таңбасын, христиандық емес, тәңірлік дінге қатысты деген де болжам айтып жүр.
Ю.Шмид қызық дерек келтірген: «Таңбалы тас» қазақтардың жан-тәнімен ардақтайтын бір киелі тасы. Онда барлық тайпалардың ұлыс басқаратын адамдары, атақты билері, асқан ерлері жиналып, кеңес құрып, қай тайпа қай жерді қоныс ету мәселесін шешкен. Әрбір тайпаға өзіне арналған таңба беріліп, ол таңбаның суретін осы тасқа түсірген». Әлкей Марғұлан көрсеткен осы дерек, таңбаның ру-тайпа өмірінде өте маңызды міндет атқарғанының дәлелі.
Таңбалардың кейбірі атауына, яғни садағы садаққа, тұмары тұмарға расында ұқсайды, кейбірін ұқсату қиын. Көсеу, шылбыр, тарақ, шөміш, садақ, жебе, балта, балға, бақан, тұмар секілді тұрмыстық заттардың атауларын беруі – ұқсатудан ғана емес, есте сақтау үшін де қажет болған шығар. Дегенмен, ғалым Алтай Аманжоловтың пайымдауынша, «Қазақтың ру таңбалары мен ен-таңбаларын идеограмма деп түсінсек – мұндағы заттық бейне мен ұғымның, таңба мен оның атауында байланыс бар екенін аңғару қиын емес, өйткені бейнелік идеограммалардың тегінде заттық кескіннің өрнектелетіні белгілі».
Шыңғыс қағаннан соң Тәуке хан таңба үлестірген деген мәлімет бар. Өгедей ханның тұсында тастағы түрік жазбаларын шамандар оқи алған деп парсы тарихшысы Ата Малик Джувейни жазыпты. Бұл мәлімет, демек ол жазу ру таңбаларынан құралған деген болжамға түрткі болыпты. Дегенмен, қазақ руларының таңбаларын мал баққан халық өз тәжірибесінен алған, оған ешқандай билеуші таңба бермеген деген Н.Аристовтың сөзін де келтіре кеткен жөн. Қойшығара Салғарин «Әр таңбаға зер салып, оларды бір-бірімен салыстыра қарасақ, осындағы қазақтың ру-тайпа таңбаларының бәрі екі-ақ белгі негізінде жасалғанын көруге болар еді. Оның бірі – таяқша, екіншісі – дөңгелек сызық» депті. Мұндай бір-біріне қарама-қарсы пікірлерден хандардың таңба үлестіргені де, білгір рубасылар тарапынан ұсынылып, бекітілгені де бәрі-бәрі болғаны расталса керек.
Таутеке рәміз
Таңбаларға үңілгенде алатын әсерің, зерттеушілер айтса, айтқандай: қия тасқа түсірген мыңдаған жазулар, таңбалар, әріпке ұқсаған малдың тұяғы, мүйізі, аяғы елестейді. Таңбалардың көбі аспан дүниесін суреттейді – шығып келе жатқан күнді, түнгі айды, жұлдыздарды, атылған жайды, ататын оқты, таудың басын көресіз. Халықтың тұрмысын сипаттайтын аспаптар – қамшының сабы, балға, ердің қасы, қошқар мүйіз, өгіздің мүйізі, алшы, асық жілік, оның неше алуан түрі, көз таңба, босаға, т.б. Осыларды ерте кезде тасқа жазып түсіру дүниетанудың бір жарқын түрі болғанын пайымдаймыз (Ә.Марғұлан). Яғни таңбалар халықтың тұрмыс-тіршілігінің, өмірлік тәжірибесінің, ақыл-ойының нәтижесі, көрсеткіші.
Моңғолиядан Туваға, одан Алтай, Памирге дейінгі аралықтағы петроглифтердегі таутеке және арқар (біздіңше, арқардың құлжасы!) бейнелері VI-VIII ғасырларға тиесілі деген пікір бар. Онда олар Көк түріктер заманына сай келеді десек, тағы да зерттеушілердің мәліметі бойынша олар Орхон-Енесай ескерткіштерінде де кездеседі екен. Демек, тасқа сурет салу, тас-кітап жазу, расында түріктектілердің тым ертеден келе жатқан, Көк түріктер заманында шарықтап дамыған мәдениетінің көрінісі. Таутеке – қағанаттың бір рәмізіне айналса, империяның құрамындағы аймақтарда, Азияның шығысынан мұқым батысына дейін жартастарда бейнеленген саяси сипаттағы құбылыс деп қарау керек. Кемел Ақышев «Хан таңбада кейде қосақталған аттардан басқа таутеке, өгіздер тағы басқа зооморфтық бейнелер симметриялы түрде қондырылады, бұл «патша – ғарыштың әміршісі» деген идеяны білдіретін рәміз болып табылады» депті. Демек, Еуразияны ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған Күнтекті билеушілер, өз рәміздерін күллі тау-тасқа салдырған болып шығады.
Мың жылдық жазу
Енді тастағы жазу немесе тас-кітаптар мәселесіне келсек. Мұнда алдымен таңбаны оқу мәселесі алдан шығады. Таңбаны оқу мәселесіне тоқталған мифолог ғалым Серікбол Қондыбай былай дейді: «Басты идея – «таңбаны оқудың қай тілде жүзеге асырылуында» болып отыр. Рас кез келген таңбаны (геометриялық пішінді) кескіндеу үшін тілдің керегі жоқ, кескінделген таңбаны басқа бір нәрсеге ұқсатып, таңбаның элементтеріне тиісінше мағына беру үшін де тілдің қажеттілігі шамалы (өйткені кез келген халықтың өкілі осындай операцияны ойша, өз тілінің ұғымдарын пайдалану арқылы жүзеге асырады). Ал сол таңбаға, таңбаның жекелеген элементтеріне (нүктеге, сәулеге, шеңберге) «ат қою» үшін тіл керек; таңба мен оның элементтерінің түпкі атауы (праформасы) қай тілдікі болса, о бастағы таңбаны пайдаланып, ат беріп, арнайы ұғымдар жүйесін жасаған абыздар сол тілде немесе сол тілге негіз болған баба тілде сөйлеген болып шығады. Ең маңызды тұс та – осы, өйткені таңба оқуларының нәтижесі әртүрлі тілде әртүрлі болып шыққанына, сақталғанына қарамастан, сол ұғымдардың, сөздердің о бастағы этникалық авторларының қай тілде сөйлегендігін білуге болады. Міне, осындай таңба оқу нәтижелері, қарастырылған мысалдың барлығында да (мейлі үндіеуропалық, мейлі семиттік мысал болсын) о бастағы дей-түркілік авторлықты көрсете алады».
Шыны керек, түріктектілер жабайы, жазу-сызуы болмаған деген кемсітуге, рухы пейіште шалқығыр Вильгельм Томсен нүкте қойды. Ғалымдар ұлты неміс, орыс ғалымы делінетін Радлов та оны дәлелдеуге шақ қалып еді, Томсен бұрынырақ үлгерді деседі. Мәселе Томсеннің ғалым ретінде ешқандай елдің қарау идеологиясына жығылмайтын тазалығында екенін айта кеткен абзал. Біздің бұл сапар айтпағымыз ол емес, Кеңес одағы идеологтарының ежелгі түрік жазуынан қауіптенгенін айту. Ол жазу Еуразиядағы күллі жазу атаулының басында тұрғаны дәлелденсе, түріктектілердің рухы оянып, бас көтеріп, «мызғымас мәңгілік одақ» ыдырайтындай көрінген секілді. 1976 жылы, кәдімгі қазіргі Алматыда бүкілодақтық түркологтардың конференциясы өтіпті. Конференцияда Владимир Лившиц есімді ирантанушы айды аспанға шығарып, ежелгі түрік жазуы соғды жазуынан шыққанын дәлелдепті. Оның күмәнді пікірі, жорамалы ешқандай талқылап дәлелдеуді қажет етпейтін ғылыми аксиома делініп, бірден энциклопедияларға, оқулықтарға енгізілген. Осының өзінен кеңестік идеологияға әлгі сандырақ жорамал сонша қажет болғаны байқалады.
Арада біршама уақыт өткенде, дәлірегі – екі мыңыншы жылдардың басында, суретші-дизайнер ғалым Тайжан Досанов Лившицтің графикалық өңдеуінің, яғни реконструкциясының түкке тұрмайтынын дәлелдеді. Оның әдісіне салып, тік сызықтан шеңбер, шеңберден үшбұрыш, үшбұрыштан шаршы, о әрпінен а -ны, е әрпінен я-ны, руналық м әрпінен финикийлік м әрпін жасауға болады екен. Сөйтіп, көшпелілердің мәдениетіне үлкен қиянат жасалыпты. Оған қоса Орхон-Енесайдағы Моюн-чор ескерткішіндегі 21-ші жазу жолында мынандай сөздер бар екен: «Мың жылдар [бойы жүргізілген] түмен [сансыз] күндердің жазуларын андағы жазық тасқа жараттырдым» Мұнда «мың жылдар бойғы жазу» деген тіркес анық ұғылып тұр. Осы жолдарды Сергей Малов әдейі ме, дұрыс аудармапты. Тайжан Досанов оны да дәлелдеген. Оған қоса Досанов әйгілі Есік қорғанынан табылған тостағандағы жазуды да оқыпты. Тостағандағы 25 немесе 26 таңбаның сегізі руна жазуымен бірдей екенін көрсетіпті.
Біздің заманымыздың бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы ғасырынан мыңдаған жыл бұрын болған жазу деген түсінік, түріктектілерді атажау көретін біреулердің ұйқысын қашырғаны анық. Біз ілкіде Серікбол Қондыбайдың таңбаны оқуға қатысты пайымын әдейі келтірдік. Мифолог таңбаны оқудағы адам біткенге тән құбылысты айтып отыр. Ал әлгі Лившиц аз болғандай, Дж.Клоссон деген біреу «Ежелгі түрік рунасының әліпбиін жасаған кім болса да, ол өте сауатты, фонетикалық заңдылықтарды және әріп пен дыбыс шығару өнерін жақсы білетін адам болуға тиіс. Және ол түріктекті болды деген қисын мүлдем болмауға тиіс» деп соғыпты. Осының өзінен тастағы тарихымыздың өзі қанша тартысқа түскенін көреміз.
Қазір ортамызда аман-есен жүрген шын мәніндегі білімді-білікті ғалымның бірі – Аманқос Мектеп дер едік. Ол кісінің пайымдауынша, руника деген ұрын сөзінен шыққан. Халқымыздағы күйеу баланың ұрын баруы – жасырын баруы. Сол секілді руника – құпия жазу. Құпиясы талай жылдан бері ашылмай келе жатқан руника расында жасырын, қасиетті саналған жазу болуы да мүмкін. Вильгельм Томсен 15 Орхон таңбасынан арамейлік негіз таппай, «олар жергілікті өзгерістерге ұшырап, толықтырудан өткен» депті, деген де ақпарды оқыдық. Не қылғанмен бастауы әлі күнге беймәлім әліпбидің құпиясын ашу үшін алда талай зерттеуші, сандаған жыл бас қатыратыны анық.
Әйгілі Николай Баскаков руна жазуының екі негізгі орталығы туралы байламында алдымен батыстағы ғұн, хазар, бұлғарларды сосын екінші орталық ретінде Орхон-Енесай ескерткіштерін атапты. Онысы аталған жазу алдымен батыста пайда болды деген емеуріні болуы да мүмкін. Тек жабайылар тұратын шығыста мұндай мәдениет қайда дейтін астам пиғылы шығар деп ойладық. Осыған байланысты, С.Байчоров есімді ғалым Қарашай-Черкес жерінен табылған жазу туралы былай депті: «Хумарин қалашығының жазулары әйгілі Орхон-Енесай әліпбиі негізінде оқылады. Жазуды зерттеу кезінде анықталғаны мыналар: Хумарин және Орхон-Енесай жазбаларының негізін құрайтын тіл біреу». Ол, әрине, түріктектілердің тілі. Сегіз және оныншы ғасыр аралығына жатқызылған Хумарин жазуы, сөз жоқ түріктектілердің сонау Қиыр Шығыстағы Енесайдан, батыстағы Дағыстанға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты мекендегенін де көрсететін және бұлтартпайтын дәлел.
Тек қазақта емес, түріктекті өзге халықтарда, соның ішінде чуваштарда да малға таңба салу болыпты. Сол секілді тау халықтарының ою-өрнегінде, малға басқан таңбаларында да кей ғалымдардың пайымдауынша, руна жазуына ұқсас белгілер бар көрінеді. Тағы бір қызығы – руна таңбаларының бірсыпырасы тасқа шекіп салуға оңтайлы етіп жасалған. Өзге жазудан оның бір ерекшелігі де сонда болуы мүмкін. Сондай-ақ түріктектілердің қолданыста болған ен-таңбалары ғасырлар бойғы халықтың өз тәжірибесінен шығуы, не руна әліпбиінен алынған болуы да мүмкін дегенге саятын зерттеушілердің пікіріне қосылуға болар. Алайда үзілді-кесілді не руникадан алынған, не халықтық таңбалар пайдаланылған деп кесіп айтуға болмас. Біздіңше, ғалымдар тұрмыста пайдаланылған таңбаларды руникамен салыстыруды әлі де қаузай түсу қажет. Оған, әрине, бүгінгідей дамыған заманда, компьютер секілді құралдар көмектесуі де мүмкін.
Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, руна жазуын белсенді түрде пайдалану VIII ғасырдың басынан IX ғасырдың басына дейін жалғасқан. Бірақ ол қолданыстан біржола шығып қалған жоқ. Алып империяның аумағында руникамен қоса, соғды, ұйғыр, манихей жазулары қолданылса керек. Алайда мұндай пікірді жоғарыда келтірілген Моюн-чор ескерткішіндегі ақпар жоққа шығарады. Оған сенсек, біздің жыл санауымыздан мың жыл бұрын қолданыла бастаған жазу болып шығады. Сондықтан VIII-IX ғасырда, бар болғаны жүз жыл ғана белсенді қолданыста болды деу де ағаттық. Ілкіде айтқанымыздай, мыңдаған жыл қолданыста болған жазудың VIII-IX ғасырлар дәуірлеген тұсы болуы мүмкін деген дұрыс.
Шығыс Түркістандық ғалым қандасымыз Нығмет Мыңжани да осы бағытта біраз зерттеу жүргізсе керек. Оның пікірінше: «Ерте замандағы таңбаларға жалпылама көз жібергенде, олардың бірсыпырасы түрік әліпбиіне ұқсайды. Түрік әліпбиі кейінтінде жоғалып, рулардың таңбасы қазірге дейін бәз баяғысындай сақталып қала берген. Кейін түрік хандығы ыдырап, Хұйғу хандығы дәурен сүрген, сонымен түрік әліпбиінің орнын Хұйғу әліпбиі басқан, сондықтан қазақ руларының таңбаларында Хұйғу таңбасы да кездеседі». Ғалымның мұнда айтып отырған хұйғу дегені біздіңше ұйғыр атауы. Ханзу тілінде ұйғыр атауы солай жазылатын болса керек. Әрине түріктектілер араласып-құраласып күн кешіп келе жатқандықтан, таңбаның ауыс-түйісі заңды құбылыс.
Америкадағы түріктектілер
Тарихшылардың жазуынша, Орыс (Ырыс әлде Ұрыс) ханнан бастап, қазақ хандары Әбілқайыр ханға дейін ордаларында бітікші ұстағаны мәлім әрі ол Шыңғыс қаған заманынан келе жатқан үрдіс. Шыңғыс қаған да бітікші ұстау әдетін Көк түріктің құдіретті қағандарынан алған болар, шын мәнінде, ол мемлекет үшін де күнделікті қажеттілік болғаны сөзсіз. Осы тұста бітік, бітікші мәселесі шығады. Аманқос Мектеп Олжас Сүлейменовтің славян тілдеріндегі «язык» сөзін түріктің «iazyk», «iaz» – пиши» түбірлерінен шығарғанын айта келіп, сөз төркінін сәл бөлектеу талдағанын айтыпты. Аманқос Мектептің пайымынша, ол таңбаны шекитін, оятын материалдың кедір-бұдырын жазу ұғымы. Содан пішу, бітік сөздері туындаған. Ғалым осы ретте моңғол тілдеріндегі бич, бичиг, қазақша пішу, пішін, бітік, орысша пиши сөздерінің төркінін сәтті талдағаны есімізде. Расында осылардың барлығы жазу деген бір сөздің түрліше тілде құбылуы болса керек.
Аманқос Мектеп, Тайжан Досанов секілді ғалымдардың батыл болжамдары бүгінгі қазақ түріктану ғылымына аса қажет деп ойлаймыз. Бұл ретте әйгілі Ақжан Машани еске түседі. «Машанидың болжамы бойынша Өгізхан (Орхон) жазуы кемінде 6-7 мың жыл бұрын шыққан» (М.Қарамендина). Түріктектілерді ұнатпайтын ғалымдар Күлтегін қайтты делінетін 731 жылды әрең мойындап жүргенде, бұл ойландыратын сөз. Құр эмоция емес, әділетті болжам. Себебі түріктекті екендері дәлелденген америкалық үндістердің сол құрлыққа ауғанына кемінде жиырма бес, тіпті қырық мың жыл болды деген болжамдар бар. Мұндай ғалымдар шумерлер туралы айтса да құлақ қою керек.
Месопотамияның оңтүстігінен табылған, біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мыңжылдықтарға тиесілі ескерткіштер шумер ескерткіштері делінетіні мәлім. Филолог ретінде білетініміз, түрік тілдері жалғамалы тілдер санатында. Аталған тілдің Алтай тілдеріне жақындығын Ф.Хоммель, С.П. Толстов бастаған ғалымдар мойындағаны айтылады. «Шумерлер өздерін Кенгірлер деп атаса керек. Шумерлердің тілі басқа тілдерден гөрі қазақ тіліне (түрік тіліне) жақын екені мәлім» деп кесіпті Ақжан Машани атамыз. Америкалық үндістер деген қате тіркес болғандықтан, енді оларды Америкадағы түріктектілер деп жазу дұрыс деп ойлаймыз. Жалпы тарихшы, тілші ғалымдар, біздіңше, «Мәскеудегі Кляшторный не дейді?..» деген секілді әлі де жалтақ, жасық көрінеді.
Сөзіміздің соңында саясатқа да ат басын бұра кетсек, соңғы жылдарда Орта Азиядағы түріктектес Тәуелсіз мемлекеттер белсенді түрде қарым-қатынас жасай бастады. Тілі, тарихы бір халықтар ортақ құндылықтарына міндетті түрде оралады. Мәдени байланыстар дамитынына шек келтірмеу керек. Қазірдің өзінде Түркі мемлекеттері ұйымы белсенді жұмыс істеп жатқанына куәміз. Сондықтан түріктектілерге ортақ жазу барлық қырынан зерттелеріне сенеміз.
489 рет
көрсетілді0
пікір