• Ақпарат
  • 27 Қараша, 2025

Шәкәрім тілі – көркем тіл

Абайдың ізін қуған шәкірті әрі туысы Шәкәрім метафоралары – ерекше құбылыс. Оның шығармашылығының негізгі кредосы ақыл, ой, сана, адалдық, өлім мен өмір, дін тазалығы т.б. болғандықтан ғана емес, оның дінге деген ерекше ықыласы мен көзқарасы метафораларының да өзгеше сипатпен қалыптасуына әсер еткен. Сондықтан Шәкәрімнің дінге қатысты көзқарасы арқылы қалыптастырған метафоралары саны жағынан көп. Әрине, одан бөлек дәстүрлі жіктеліске сай метафоралары да жетерлік. Соған орай алдымен метафораның тіл білімінде зерттелуіне және Шәкәрім тіліндегі метафораларды қарастырған еңбектерге тоқталған – дұрыс. 
Шәкәрім поэзиясы діни және басқа тақырыптағы өлеңдер болып бөлінеді. Ең алдымен, Шәкәрім – сопылық поэзияның аса көрнекті өкілі. Оның дін туралы пайым-түсінігі мен танымы сол кез үшін де, қазіргі заманда да өзгелерге ұқсамайды. Құран, құранның тәпсірлері, адалдық, ар, иман, тазалық туралы ой-толғауларымен ерекшеленіп тұрады. Сондықтан зерттеушілердің оның поэзия­сы, жалпы шығармашылығы, сопылық жолы туралы пікірлерін білу маңызды.


Шәкәрім метафоралары тілдік тұрғыдан қысқа ғана «Шәкәрім поэзиясының тілі» атты монографияда талданды. Онда: «Шәкәрім өлеңдерінде жүрек сөзі жиі қолданылады. Мысалы, құрамы жағынан қарастырғанда жiктiк жалғаулы түрiнде жұмсалатын жүрегiм түрiндегi метафоралық қолданыс жан жүрегiм – күрделi, ал Нұрыңмен жарық жүрегiм дегендегi жүрегiм – дара тұлғалы қолданыс. Сөз таптарымен тiркесуiне қарай саралағанда: 1. Зат есiммен – жоқ (тiркеспейдi). 2. Сын есiммен: өлi жүрек, әдiлеттi жүрек, дерттi жүрек, ақ жүрек, т.б.; 3. Сан есiммен: Жүрегiң жалғыз; 4. Есiмдiктермен – жоқ (тiркеспейдi). Етiстiкпен: елжiретiп жүрегiн; жүректен аққан қан; жүрегiме жету; нұрына жүрек қанған; жүрегiн жарып тiлу; ағартуға жүректi; жүректi тесiп; жүрекке төгiп қанды; жүрекке әсер берер; жүректен шыққан назымды; тазарып жүрек кiрiнен, жұлып алсам жүрегiн т.б.».
Шәкәрiмдегi метафоралық қолданыс­тардың саны қаншама көп болса, оның түрлерiне қарай құбылулар да бар, соған орай метафоралардың дәстүрлi және индивидуал­ды түрлерi жасалған. Олардың iшiнде: 
1. Айталық, жүрек сөзімен келетін дәстүрлi метафора түрiне: жүрегiңдi қылмай тас; жүрегiм тұр жыбырлап; ақ жүрек; жүректi тесiп; жүрекке әсер ету; ет-жүрегiн тас қылады; жүрегiңнiң дертi бар; аптыққан жүрек басылса; жүректен шыққан назымды; жұлып алсам жүрегiн, өтемiз де жүректi қайғы тесiп; елжiретiп жүрегiн т.б.; 2. Индивидуалды метафора түрiне: жүрегiңде болса тат; жүрек кiрi; жүректi арақ iшкен мимен жуу; жүрегiң болса тайғақ саз; жүректi ағарту; тазалап жүрек ындызын; жүрегiңнiң тiлi жоқ; ымбалы сол; жүрегiңе төгу т.б. жатады. Жалпы жүректен туындаған метафоралар туралы сөз тарқата айтылатын мәселеге жатады».
2008 жылы жарық көрген ауқымды еңбек – Семейдегі Шәкәрімтану зерттеу Орталығы дайындаған 864 беттен тұратын «Шәкәрім энциклопедиясы». Осы энциклопедиядағы жеке-жеке мағыналық-семантикалық талдауға түскен өлеңдерде қолданыстардың метафоралық сипаты, ерекшелігі арнайы қарастырылмаған. Мысалы, «Мен»-нен басталатын әрбір өлеңге жасалған талдаулар олардың жанрлық табиғатын, образды бейнеленуін, қысқа ғана сөз мағынасын ашуға көңіл бөлген стандартты, ықшам талдаулар. Әр мақалада мақалаішілік бөлімдер өлеңнің құрылысы, философиясы, құрылымына (ырғақтық-интонациялық жүйесі, буын саны, шумақты-шумақсыздығы, ұйқас түрі т.б.), тіліне (кірме сөздер, жекелеген негізгі, тірек сөздердің сөз табына қатысы, терминдік, концептілік сипаты туралы қысқаша айтқан) орын берілген. Осы тілге арналған ықшам талдаулардың көбі зерттеуші Қ.Бибековтің үлесіне ­тиесілі. Дегенмен, қайталап айту керек, осы энцик­лопедиялық мақалаларда метафоралар арнайы талданбаған. Бірақ метафора, оның ішінде Шәкәрімнің метафораларының жалпы сипатына шолу беріліп, кейбір ерекшеліктері көрсетілген мақала бар. Ол осы еңбектің 549-бетіндегі «Метафора» тақырыбындағы қысқа әдеби шолу. Шолу – Т.Шаңбай қаламына тиесілі. Метафораның көркемдік тәсіл екені айтылған аталған мақалада автор метафораларды сөз-метафора, бейне метафора, өрісті-метафора деп жүйелеу керегін айта келе: «Кей жағдайда Шәкәрімнің қайсыбір шығармасы тұтас кең жайылған өрісті метафора, тіпті метафоралық бейне-образға айналады» («Шәкәрім энциклопедиясы», 549-б.) деген ой айтады. Сондай-ақ Т.Шаңбай ақынның бірнеше өлеңіндегі метафоралық қолданыстардың мәнмәтіндік мағынасын ашуға тырысқан. Айталық, «Ажалсыз әскер» өлеңі – өрісті метафораның типтік түрі, жұлынды жүйесі негізгі екі бейне – поэзия мен әскер» дейді (550-б.). Тек Шәкәрімге ғана тән даралығымен ерекшеленетін метафораларға су тасқыны – өмір (дүние қу – бір ағын су), т.б. мысалдарды келтіреді. Әрине, бұл Шәкәрімдей тұлғаның шығармаларындағы көркемдеуіш тәсіл метафораға арналған тым болмашы ғана талдаулар. 
Ақиқатында Шәкәрім метафорасы алдыңғы, кейінгі шығармашылық тұлғалармен салыстырылып талданса, бүгінгімен сабақтастығы бар-жоғы анықталса, мағынасы ашылып, типтік түрлері тілдік жақтан анықталып берілсе, Шәкәрім тілін талдаудағы ілгерілеу болып шығар еді. 
Шәкәрім шығармаларындағы көркем (әдеби) метафоралар. Таңғаларлық жағдай, ғылыми пікірлер мен зерттеулерге қарағанда, тұтасымен метафорадан құрылатын, яғни тұтас метафорамен ғана жазылатын мәтіндер (шығармалар (көлемі туралы нақты мәлімет жоқ) болатыны, я болмаса мәтіндегі кейбір абзац тұтас метафорадан құрылатыны. Мұндай метафоралар туралы әдебиет теориясында айтылады және осындай метафора түрін өрісті метафора деп атау қалыптасқан. Мұнда автор көркем шығармадағы образды метафорамен ашады және ол жай ғана үдеріс емес, тыраштану да емес, себебі метафора образды толығымен аша алатындай әлеуетке ие. Ал біздің байқағанымыз, мұндай құбылыс-жағдайдың поэзияда көбірек кездесетіні. Әрине, көркем шығармаға жататындықтан, көркем прозада осындай жайттардың ұшырасуы тосын жайға жатпайды. Сондықтан бұл құбылыс тілдік тұлға ретінде Шәкәрімде де кездеседі әрі олай болуы заңды. Себебі қай тақырыпта жазылса да, Шәкәрім шығармалары – әртүрлі жанрда жазылған көркем шығармалар болғандықтан, метафоралары лингвистика критерийі бойынша бірінші кезекте көркем метафораларға жатады. Осы метафоралар Шәкәрімнің стильдік даралығын тудырады десе де болады. Сонда көркем метафоралардың тілдік белгілері қандай?
Көркем метафоралар – поэтикадағы ­басты эстетикалық ұғымдардың бірі. Ал көркем метафораның негізгі белгілері: олардың окказионалдығы, мәтінге шығармашылық (туындатушылық) сипат беретіні. Метафораның бұл түрі тропеикалық, поэтикалық, индивидуалды (индивидуалды авторлық), окказионалды, шығармашылық, сөйлеу тілінің метафоралары деп дараланады да, олар да өз ішінде жеке топшаларға бөлінеді. Шәкәрімнің стильдік даралығы окказионалды қолданыстардан айқын көрінеді. Ондай дарастильдік сипатымен ерекшеленетін метафоралар Шәкәрімде жеткілікті. Тек «Иманым» жинағындағы окказионалды метафоралардың өзі бұл пікірдің шындық негізінде айтылғанын көрсетеді және олар өзгелерге ұқсамайды. Тіпті діни сауаты бар Шал ақында да Шәкәрім метафораларына ұқсас метафоралар кездеспейді, Бұхарда да некен-саяқ. 
Діни тақырыптағы Шәкәрім өлеңдеріндегі метафоралар саны жағынан ең көп метафоралар, олардың кейбірін («Иманым» жинағынан, «Арыс» баспасы) атап өтуге болады: Аптыққан жүрек басылса (Иманым,29-б.), Мисыз құлақ тыңдаса (29-б.); Мен өлікке тетемін (29-б.); Сездірген атам – күн шебер (31-б.); Өсірген анам – қара жер (31-б.); Таза ақылды айтар таза арақ деп (33-б.); Алдамшы үміт уатқан (31-б.); Еркіндік жолын табамын деп (32-б.); Ноқтасыз еркін ел таппай (32-б.); Ноқталатпай ойымды қылам азат (38-б.); Ақылға билетпеген пенде – айуан (38-б.); Шатақ дінге, әдетке не білгішке (38-б.); Қарулы қасқыр құдайың болып (32-б.), Азаттық жолмен жүргізбес (32-б.); Айласын тап та, таза арақ іш (33-б.); Таза ақылды айтар таза арақ деп (33-б.); Мастық деп айтса – терең ой (33-б.); Ашық аспан – әулие Жүрегің болса тайғақ саз (35-б.); Сабырдың түбі – сары алтын (34-б.); Ашық аспан – әулие (35-б.); Құбылма мінез, тайғақ ой (35-б.); Анық ерге жолдас бол (36-б.); Арақ – ақыл, мастық – ой, жар – хақиқат; Жан – нәпсі, шатақ – иман, дін – қиянат (38-б.); Шатақ дінге, әдетке не білгішке (38-б.); Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне (38-б.); Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат (39-б.); Атадан қалған ақ сауыт (40-б.); Арамға әбден былғанды (40-б.); Сәлде аяққа шұлғанды (40-б.); Өнер қылды «жақсылар», Қасқырша елін жұлғанды (40-б.); Түпсіз жауға санайды (40-б.); Түзу жолға бұрғанды (40-б.); Оның жаны – баяғы ескі жаны (41-б.); Бұзғанмен Құран болмас адасқан хат (38-б.); Мастық деп айтса – терең ой (33-б.).; Жын да – жын, құмар да – жын, мастық та – жын (43-б.); Өзің де – жын, қоя ма, бойды жеңбей? (43-б.); Қайран ой қартаяды-ау өзім өлмей? (44-б.); Қармақтай белі бүгілді (45-б.); Күн ұялып қашты да (45-б.); Жар жіберген көлеңке (46-б.); Басылған нандай илесе (48-б.); Ылыққан иттей күйлесе (48-б.); Сырғанай берсе шанаша (49-б.); Аурусыз жандар – мисыздар (42-б.); т.б.
Сол сықылды көңілдің көзі ашылса (43-б.); Ойдан маржан, меруерт төгілгенде (43-б.); Қаза берсе, таусылмас қазған кендей (43-б.); Ылыққан иттей күйлесе (48-б.) т.б. бұлар – тілдік метафоралар. Мысалдардағы метафоралар дайын, етене таныс қолданыстардан жасалған, осы қасиеті арқылы бұлар тілдік метафораларға жатады. Өйткені тілдік метафоралар лексикалық қордағы дайын компоненттерден, көпшіліктің аузында, тілінің ұшында жүретін бірліктерден тұрады: Алдамшы үміт уатқан (31-б.); Еркіндік жолын табамын деп (32-б.); Ноқтасыз еркін ел таппай (32-б.); Азаттық жолмен жүргізбес (32-б.); Мастық деп айтса – терең ой (33-б.); Сабырдың түбі – сары алтын (34-б.); Атадан қалған ақ сауыт (40-б.); Арамға әбден былғанды (40-б.) т.б. 
 Ал индивидуалды метафоралардың тегі окказионалдықпен ұштасып жатады. Кез келген окказионал қолданыстар – автордың дүниетанымы мен дүниені қабылдауынан және шығармашылық үдеріс барысында сөз тудыру қажеттілігінен туындайтын жеке авторлық яки жеке тілдік тұлғаның сөздері мен сөз тіркестері. Окказионал сөздер нормаланбаған сөздер, тек кейбірі болмаса, мұндай сөздердің әдеби тіл нормасына айналуы сирек. Сол сияқты окказионал метафоралардың да тілдік метафораларға айналуы қиын. Бірақ нақ осындай метафоралар шығармашылық тұлғалардың стильдік ерекшелігін, даралығын білдіреді. Окказионал қолданыстардың енді бір ерекшелігі – мағыналық сәйкестігі жоқ сөздердің тіркесуінен жасалатындығы. 
«Окказионализмдер – əдеби тілде өзіндік мəні бар, нормаланбаған сөздер. Бірақ стилистикалық бояуы бар болғандықтан, стилистикалық нормаға сай қолданылады» деген зерттеуші А.Бейсенбай оларды фонетикалық окказионализмдер, семантикалық окказионализмдер, сөзжасаушы окказионализмдер деп топтастырады. 
Ал окказионализмдердің өзге белгілері туралы: «Окказионализмдер белгілі бір жағдайға байланысты жеке автордың қолданысында пайда болатын, тілдік нормаға, сөздіктерге кіру қабілеті шектеулі, контекст қалауына қарай қызмет атқаратын сөздер болып табылады. Осы окказионал сөздердің поэзияда жиі ұшырасатын түрі – семантикалық окказионализмдер. Семантикалық окказионализмдер – тілдегі узуалды сөздердің белгілі бір контексте жаңа мағынаға ие болуы» дейді Л.Еспекова. 
Окказионализмдерде тосындық сипат болады, ол тосындық тіліміздегі мағынасы жағынан бір-бірімен қабыспайтын сөздердің тіркесуі, сөйтіп барып, мәнмәтінде жаңа мағынаға ие болуынан көрінеді. Осы ерекшеліктер тек жекелеген сөз тіркестеріне де тән, тек сөз тіркестеріне ғана емес, метафораларға да тән болатынын зерттеуші қауым мойындайды. 
Белгілі бір сөздердің мағыналық жағынан жағымды немесе жағымсыз түрде өзгеруінен, тіпті кейде мазақ, ащы сарказм ретінде айтылуынан жасалған уәжді метафоралар Шәкәрімде кездеседі, мысал ретінде төмендегі метафораны келтіруге болады: Өнер қылды «жақсылар», Қасқырша елін жұлғанды (40-б.), т.б. Уәжді метафоралардың негізгі элементі – семантикалық элемент, ол элемент метафоралық мағынаны алғашқы яки негізгі мағынамен жалғастыру қызметін атқарады. Уәжді метафоралардың дені сөздіктерде қамтылады, онда мағынааралық ұқсастықтар негізге алынады, салыстыру арқылы анықталады. Айталық, елді жұлу – жұлқылау, тарту, талау қасқырдың жемтігін жеуі – «жақсылардың», яғни ел басқарушылардың, басшылардың елді талап, жеп отырғанына ұқсату арқылы берілген.
Әрі дәстүрлі жіктеліске сай, әрі интеллектуалды метафораларға жататын, әрі тек Шәкәрімдікі екені сезіліп тұратын метафора түріне – Шәкәрім тіліндегі метафора-жұмбақтарды жатқызуға болады. 
Метафора-жұмбақтардың белгісі бойынша суреттеліп отырған нысанға басқа нысанның, заттың атауы беріледі: Арақ – ақыл, мастық – ой, жар – хақиқат (38-б.); Аурусыз жандар – мисыздар (42-б.); Ашық аспан – әулие (35-б.); Бейісің маған – мұз бен қар (59-б.); Дүние – алдамшы, өмір – қу деп елерме (81-б.); Жан – нәпсі, шатақ – иман, дін – қиянат (38-б.); Жын да – жын, құмар да – жын, мастық та – жын (43-б.); Өсірген анам – қара жер (31-б.); Сездірген атам – күн шебер (31-б.); Сол себепті сөзім - у (87-б.) Рух деген сөзді жан дейді (116-б-б.); Ғылымсыз адам – айуан (92-б); Дүние – қу Бір ағын – су (94-б.); Күн – атам, анық жер – анам (108-б.); Рух – деген дінсіз таза ақыл (116-б.); Ойласам, олар – жанды өлік (120-б.); Айласын тап та, таза арақ іш (33-б.) т.б.
Осы метафоралардың жасалуына ұйтқы болып тұрған сөздердің мәнмәтіндік жөні ерекше, олардың Шәкәрім танымындағы, ақын философиясындағы мәні бөлек. Айталық, таза арақ – арақ емес, таза қымыз, ал ол көбіне таза дін мағынасын білдіреді. Қазақта Шәкәрімге дейін таза дінді, таза ақылды арақпен теңестіріп, бейнелі образ жасаған шығармашылық тұлға жоқ. Ал жерге, атаға байланысты метафораларының жасалуына Абайдың үлгі болғаны сезілсе, Жанды өлік деп ойсыздарды айт­қанда, Шәкәрімнің өзіндік сарыны анық байқалады.
 -Дай, -дей тұлғалы қосымшалармен жасалған метафоралар (бұл арада «кең мағынасында метафора ауыспалы мағынада қолданылатын сөз атаулының бәріне қарата айтылады» деген Н.Д. Арутюнова пікіріне (Лингвистический энциклопедический словарь. – М.: 1990) басымдық беретінімізді ескертеміз - Б.М.): Басылған нандай илесе (48-б.); Бұтасыз біткен шоқыдай (67-б.); Кәусары болса арақтай (59-б.); Қаза берсе, таусылмас қазған кендей (43-б.); Қармақтай белі бүгілді (45-б.); Хор қызы болса қарақтай (59-б.); Ылыққан иттей күйлесе (48-б.); Даулассаң желдей еседі (104-б.); Аузыңнан мейлі сары алтын Бұлақтай ағып тасысын (119-б.); Нәрестедей жас едім (122-б.); Жас қозыдай болып тұр (129-б.); Залымды ұндай илесем (141-б.) т.б. Ең бастысы, мысалға келтірілген осы метафоралардың мағынасы түсінікті, көпшіліктің ұғынуына кедергі болатындай түсініксіз сөздер жоқ. 
Шәкәрім метафоралары көп компонентті болып келеді. Бірақ, кейбір ерекшелігі бар, мысалы, алдыңғы дәуірлерден келе жатқан тасты илеу, қазіргі нан илеудің аралығында гиперболалық сипаты жоқ ұндай илеу деген қолданыс болғаны Шәкәрімнен көрінеді. Ал Шәкәрімнің алдындағы өзге шығармашылық тұлғалардан нақ осы қолданысты кездестіру қиын.
1-жақ жіктік жалғау арқылы жасалған метафоралар: Бейне алдамшы сопымын (64-б.); Жуаннан туған ірімін (68-б.), Көп наданның бірімін (68-б.); Мен өлікке тетемін (29-б.); Таза етекті сопымыз (159-б.) т.б. Бұл топқа жататын метафоралардың ерекшелігі – ойды бейнелі жеткізу барысында метафоралардың тұтас сөйлем түрінде берілуінде. 
Сөз басында метафоралардың біріне синкретті метафоралар жатқызылған еді және олардың ерекшеліктері аталып көрсетілген. Енді кейбірін мысалға келтіріп көрелік. Шәкәрім тіліндегі синкретті метафоралар: 
Бұзғанмен Құран болмас адасқан хат (38-б.); Жұқпайды екен айтқан сөз Ғылымы жоқ наданға (78-б.); Көрсеқызар, мисыз бас, Мақтанқұмар мен бір бас (65-б.); Үміт үзген қорқақ Ой Дірілдейді қалшылдап (72-б.); Қалған қымызды әкел сен, Бер, аяқшы, кесемен (96-б.); Жауға қатын, жақынға жалмауыздар (113-б.); Оқыған ойсыз адамдар Жансыз өмір сүреді (120-б.) т.б. Өлеңнің екі жолынан тұратын синкретті метафоралар синтакистік тәсілмен жасалып тұр.
-Сыз, -сіз қосымшалары арқылы жасалған метафоралар саны жағынан көп болып келеді. Мисыз құлақ тыңдаса (29-б.); Қиянатсыз надандар Әулиеден кем емес! (107-б.); Мінсіздің ісі шын мақұл (116-б.); Меңіреу, мисыз бір өлік (12-б.); Тікенсіз гүл, жылансыз кен болмайды (127-б.) т.б. 
-Ша, -ше қосымшасымен жасалған метафораларды бірнеше өлеңдерінен жинастырып, табиғатқа, өзге заттарға ұқсастығына қарай топтастыруға болады: Қасқырша елін жұлғанды (40-б.); Сырғанай берсе шанаша (49-б.); Ұлықтарша қорқытпай законменен (100-б.); Молдаларша теңемей кәпірменен (100-б.); Жауша қара досқа да (111-б.); Қасқырша жемтік жеуден тартынбайды (143-б.); Итше талап, өз елін жырып жемес (144-б.); Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей (151-б.); Адамды аңша аулатқан (157-б.); Шамша жағар тегінде (159-б.), т.б.
Аң атаулары мен табиғат құбылыстарын бейнелеу арқылы жасалған метафоралары: Жүрегің болса тайғақ саз (35-б.); Қарулы қасқыр құдайың болып (32-б.), Дүние ағып, сусыл қағып Фәни көлге құйылар (95-б.); Жетекшіл айуан сол болар (117-б.); Аңдайын айдалаға кеттім кезіп (144-б.) т.б.
Діни сөздер арқылы жасалған метафоралар: Жар жіберген көлеңке (46-б.); Шатақ дінге, әдетке не білгішке (38-б.); Әрі анам бұл жер, әрі молам Денемді жұтпай тынбаған (108-б.); Нәпсі дарға асылды (111-б.); Қорықпан дозақ отынан Санасызға жаза жоқ (111-б.); Хақиқаттың қымызын Ішіп, бүгін мас едім (122-б.); Бақсымын жырлап сарнаған (156-б.); Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат (39-б.) т.б.
Қорыта айтқанда, ақын тiлi – әлемдi танып-бiлуiнiң өзіндік өлшемi. Ал метафоралар – қоршаған орта мен әлем бейнесiн шығармашылық тұлғаның өз көзқарасымен қабылдап, өз стилiмен жеткiзу құралы. 
Көркем мәтiннiң әрқайсысы күрделi құрылым, әр мәтiннiң өзiндiк кодталған жүйесi бар. Көркем мәтiндi зерттейтін тiлшiнiң алдындағы мiндет осы кодты шешумен байланысты. Сондықтан лингвис­тикалық талдаумен айналысатын ­зерттеу­шi үшiн кодтың сырын ұғыну, кілтін ашу­ – тұтас алғанда мәтiндi, жекелей алғанда мәтiнтүзушi бiрлiктердiң мағыналық құбылуларын, тiкелей мәтiн iшiндегi қызметiн, функциясын ұғыну және оны түсiндiру мен дұрыс қабылдаудың жолын көрсету. Ал метафора – сондай талдауды қажетсінетін тілдік бірліктердің ішіндегі ең күрделісі.

Бағдан МОМЫНОВА, 
филология ғылымының докторы, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 
зерттеуші-профессоры

316 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы