- Ақпарат
- 27 Қараша, 2025
Ғылымды әспеттеп, ғалымды төрге шығарайық
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,
«Ana tili»
Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың туғанына биыл 190 жыл толды. Кеңес дәуірінде де Шоқан туралы көп айтылатын. Оның есімін ұлықтау бағытында ол заманда да аз шаруа жасалған жоқ. Әсіресе ғұламаны ғұлама түсінеді, Әлкей Марғұланның жетекшілігімен 1961–1972 жылдары әр жерде шашырап жүрген еңбектері жинақталып, бір ізге түсіріліп, ғылыми түсініктер беріліп, 1984–1985 жылдары толық шығармалар жинағы жарық көріпті. Біздің қолымызда қазір 2010 жылы шыққан алты томдығы бар.
Жалпы халықты тапқа бөліп, бірімен бірін жауықтырған Кеңес үкіметі Абай, Шоқан секілді ұлы тұлғаларға келгенде неге мейірімді бола қалғаны кейде түсініксіздеу болуы мүмкін. Аға сұлтанның баласы мен төре тұқымын, яғни ақсүйек атаулыны қыртысы сүймеген пролетариат өкіметі, аталған ұлыларды қаралауға дәті бармаған сыңайлы. Өйткені өзін қараңғы халықтың көзін ашушы ретінде түсіндірген кеңестік идеологияға Абай мен Шоқанның ағартушылық еңбегі дөп келді. Әрі олардың еңбегін дәлелдеп, қорғаған зиялы топтың басында Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан секілді біртуарлар тұрды. Шоқан туралы да аз жазылған жоқ, әлі талай зерттеу, толғаныс жарық көрері анық. Алайда Шоқанның өзінің тікелей еңбектерін түсіндіру әлі де кемшін көрінді. Біз сол кемшінді аз да болса толтыруға талаптанып көрдік.
Мысалға Шоқанның «Егіншілік туралы» атты еңбегінен мына жолдарды оқыған қазіргі оқырман да таңғалар еді. «Күнгей Алатау, Кіші Алатау, Алтын Емел және басқа тау басынан түсетін көптеген өзен суы егістік алқабын құбырлармен және тоғандармен басқаша айтқанда, Ресейге мүлде белгісіз арықпен суару жүйесіне әбден қолайлы… Бастапқыда өз көзіңмен көрмейінше, арықтардың жота-қырларды кесіп өтіп, қандай биіктікке көтерілетініне сену қиын. Қырғыз-қайсақтың епті қолы өте терең жырадағы судан арық шығарып, бір шақырымнан кейін судың өз ағысымен жайлап ағып, отыз сажын биіктікке көтерілгеніне сену қиын. Қаншалықты терең болмасын, оны жырадан алып шығу қайсаққа түк емес» дейді.
Әлемжеліден еңіске емес, жоғарыға қарай ағып жатқан бұлақты көрген боларсыз, бұл да сол. Қазақ егіншілікпен айналыспаған деген ұшқары пікірге жауап. Оны айтасыз, Шоқан «тарының қалған бөлігін ұра қазып, соған көмеді, ол арада тары қыс бойы немесе керек болғанша жатады» деп анық жазыпты. Ғалымның айтуынша, ата-бабамыз бидай, тары, сары сәбіз, бұршақ, қияр, қарбыз, шомыр, қытай темекісін еккен, асқабақты ыдыс ретінде пайдаланған. Ол заманда «Тәшкеннен келген шала қазақтар» деген де тіркес болғанын оқып таңырқадық.
«Профессор И.Н. Березинге хат» деген жазбасынан да талай мәлімет табасыз. «Енисей губерниясында түрік тілінде (көбіне) қарағастар – қаңғыма бөтен тайпа сөйлейді. Бұл халықтың тілінде ақша – «мунган», ал күміс – «ақ мунган» деп аталады. Мунгимо – тунгустарда алтын, славян тілімен салыстырғанда, ақша деген мағынаға келеді. Кейінгі кезде «ақ» сын есімі – мұны дәлелдейді, ол мунган сөзімен тіркеспей-ақ ақша немесе күміс мағынасында қолданыла береді». Осындағы мунган атауы қазіргі моңғол тілінде ақша әрі күміс деген мағына береді. Рас олардың жазылым ережесі бойынша мөнгө делініп оқылады. Сонда ақ, мунган, мөнгө сөздері түрік-моңғолға ортақ болғаны деп түйеміз. Шоқанның тағы да сол Березинге түсіндірмесінде: «Тоқтамыстың Ягайло мен Темір Құтлыққа арнаған екі жарлығында бұл сөз бас уәзір, жақын адам немесе орыстың «темник» сөзі мағынасында қолданылған» – деген сөйлем бар. Әңгіме мұнда түменбасы Едіге туралы туралы болып отыр. Бірақ бізге басқа дерек қызық көрінді. Осындағы Ягайло деген есімге елең еттік. Себебі Польша тарихы туралы топтама өлең жазғанымыз бар еді. Поляктардың патшайымы, қыпшақ қызы Ядвига елінің бостандығы үшін ғашығынан бас тартып, Латвияның князы Ягайломен көңіл қосады. Соның арқасында поляктар мен литовтардың біріккен қолы тевтондықтарды талқандап, аталған екі ел азаттығын сақтап қалады. Ал Тоқтамыстың Ягайлоға жарлығының түпнұсқасы бар деген ақпарды да құлағымыз шалған. Демек, бұдан Ұлық Ұлыстың Орталық Еуропаға да ықпалы анық көрінеді.
«Меніңше, Жошы ұлысында көшпенді орда болғандықтан тек хан маңындағы, әрдайым ханға керекті болған аз топ… даруга, баскак, бітікші, тамғашы, тартнақшыдан өзге, ешқашан дұрыс әкімшілік құрылым мен тұрақты шен болған емес. Оғландар, ханзадалар, хан тұқымдары болды. Ру-тайпа өкілдері – бектер мен билер болды» деген сөйлемдегі билік атаулары туралы бұрын да жазғанымыз бар. Бастысы – атаулар мен мәліметтер Жошы ұлысы туралы білімімізді тереңдете түседі. «Қырғыз даласында стан немесе там деп аталатын мола, тас мешіттер көп, олар соны қалаған немесе сонда жерленген адамдардың есімімен аталады. Мұндай жерлер әулие немесе машайық деп аталады. Бұл тамдар зиярат етуге арналған». «Бақауыл сөзі қырда әлі де қолданылады. …бақауыл ас таратушы деген мағынада». Мұндағы бақауыл – түсінікті болғандықтан тоқталып жатпаймыз. Стан-там бірлігі ойландырмай қоймайды. Біріншіден атаудың түріктігі байқалады. Екіншіден, стан ел-жер, мемлекет деген мағына береді. Егер Қазақстан Республикасы тіркесін талдасақ, академик Зейнолла Қабдоловша айтқанда Қазақ Республикасының республикасы болып шығады.
Келесі қызық дерек, «Қырғыз-қайсақ оқ-дәрісінің құрамы сор, көмір және күкірттен тұрады. Сорды қырғыз-қайсақтар ескі қыстақ көңінен немесе көне «қалмақ» қорғандардың топырағынан жинайды, көмір тек тал ағашынан алынады, татар саудагерлерінен сатып алатын орыс күкіртін пайдаланады. Қалмақ қорғанында көне замандарда адам тұрды деп санайтын қайсақ дорба алып, оны топырақпен толтырады, топырақ қабатында күкірттің бар-жоғын тексеру үшін отқа тастайды, егер от лап етіп жанса, күкірт бар деген сөз». Ғалымның түсіндіруінше, сол топырақты қазанға салып, неше мәрте қайнатып, ысқылап өңдеп, содан сор аталатын затты алады. Мұндай мәліметті тарихты қызықтайтын оқырман ғана емес, қаламгер қауым да білгені жөн дер едік. Өйткені онда бабаларымыздың түсінігі, білімі, тұрмыс-тіршілігі бар.
Кең байтақ далада алдымен көзге түсетіні, шындығын айту керек молалар. Себебі ол жердің иесі кім екенін білдіреді. Молаларда жатқан марқұмның ұрпағы, кімнің қайда жатқанын анық біледі, жаңылыспайды. «Көптеген молалар алдымен топырақтан тұрғызылып, сыртынан балшық жағылып немесе күйдірілмеген кірпішпен қаланады. Қазақтар бұл өнерді қайдан үйренгені белгісіз… Қайсақ кірпіші балшығының мықтылығымен және тегістелмегенімен ерекшеленеді; ол өте жұқа және әртүрлі пішінде, қажетіне қарай дөңгелек, пирамида үшін төртбұрышты және тіктөртбұрышты. «…Абылайдың ұлы Сүйіктің моласын жоғарыда айтылғандай, ташкенттік шалақазақ қалаған. Төртбұрышты бөлмені күмбез жауып тұру керек болған, оның биіктігі он бес аршын шамасында, шамасы, шалақазақ күмбездің қалай жабылып жатқанын көріп тұрған, оны бітіріп үлгермей құрылыс құлап, шебер мен тоғыз жұмысшы қайсақты басып қалған. Сүйіктің ұлы Барақ аман қалған. 1853 жылы құлаған бұл моланың қирандысы Қаратал өзенінен он шақырым жерде Боранай тауының етегінде жатыр». «Әбілқайырдың ескерткіші (моласы) сұр кірпіштен қаланып, жартылай дөңгелектене біткен конус тәріздес. Оның биіктігі төрт аршын, көлденеңі үш аршын. Жартылай шардың басына әдет бойынша түрлі шүберектер, қасық, тостаған, жылқы құйрығы байланған найза мен бидай бумасы шаншылған». Оңтүстіктегі Аташ батыр мен Байғазы моласы туралы айта келе Шоқан: «екеуінің де күмбезіне аттың қылы байланған найза қадалған» дейді. Үзіндідегі найза, тіпті шүберек те түсінікті. Шүберегі күні бүгінгі атаумен – ақтық. Найза – батыр екенін, жауынгершілікте қайтыс болғанын білдіреді. Оған тағылған аттың құйрығы (қылы) – байрақ. Қасық, тостаған, бидай бумасы секілді заттар, қыпшақтардың тұнжырға киім жауып қойып, соның айналасына отырып тамақ ішетін дәстүрін еске түсіреді. Яғни, мифтік түсінікпен «адам жаны өлмейді, ол айналамызда жүредіге» саяды. Сондықтан аруақты разы қылғаны.
Ұлы ғалымға үңілген сайын, білеміз, оқығанбыз деп жүрген авторлардың бізге беймәлім деректерін де кезіктіресіз. Мысалға: «Италиялық Плано Карпини Қарақорымдағы хан тағының көркемдігін суреттейді, оның төрт бұрқағы болған, біреуі қымыз атқылаған» – дегенін оқығанда шынымен таңырқадық. Себебі Плано Карпиниді де біршама ежіктегеніміз бар.
Негізі Азия құрлығында бізге беймәлім қазан шұңқыр, ор көп. Қазан шұңқырларды кей жерлерде тұлпардың ізі десіп аңыз қылады. Шоқан төмендегідей аңызды келтіріпті. «Көненің ең керемет қалдығы Кіші Алатаудағы Қора өзенінің жоғарғы сағасынан Шу өзенінің бастауына дейін қазылған ор. Бұл ор тау үстінен, шұңқырлардан қазылып өткен, ұзындығы 900 шақырымға жетіп қалады, тереңдігі қазірдің өзінде бір жарым сажыннан кем емес. Қырғыздардың бұл орға қатысты мынадай аңызы бар: бір ханның ұлын жабайы құландар жазық далаға еліктіріп, бала содан жоғалып кетеді. Құландарды қайтар жолда ұстау үшін хан далаға көлденең ор қазуды бұйырады. Бірақ бұл Шыңғыс хан ұлысының шекарасы деп болжауға да болады. Қапалдың маңында, Биен өзенінде гранитті бағанасы бар көне қорған тұр». (Автордың қорғанды атауы – жоғалған баланың мазары дегені ме, ол жағы түсініксіздеу).
Шоқанның ілкідегі Березинге хаты, сосын «А.И. Левшиннің Қазақ-қырғыз ордасы туралы сипаттамасының үшінші бөліміне ескертпелері» осы жат елден келген зерттеушілердің қазақтың ділін, тілін, дінін түсінбеуіне байланысты берген анықтамаларын түзетуі деуге болады. Ең қызығы, сол түсініктемелері қазіргі біздің замандастарымыз үшін де жаңалық: «Жалпы қайсақтар сауатты адамдарды өте қатты сыйлайды. …Ынтықтықтан басқа қайсақтардың қалмақтан әйел алғанды жақсы көретін себебі осындай некеден жақсы перзент туады-мыс. …Қазір де қыздар бұрынғы конус пішінді бас киім кимейді, оның орнына шаштарына түрлі түсті орамал тартып, бір ұшын арқасына жібереді. Тұрмыстағы әйелдер шашын тек қос бұрым етіп өреді, олардың соңы біріге өріліп, арқаға тасталады. «Сәукеле деп аталатын бұл бас киімді әйелдер тұрмысқа шыққан алғашқы күндері, бір жыл шамасында ғана киеді, кейіннен шешіп, мереке-тойларда киеді, оның өзінде төрт-бес жыл шамасында ғана». «Байдың үйінен жоқ дегенде иығына шүберек іліп шықса, кедейден құрығанда бар мәзірімен шөлін басып, не қарны тойғанша ас ішіп шығады. Яғни ешқай жерде оны «Құдай жәрдем қылсын» деген құр сөзбен шығарып салмайды. Табиғи сезімталдығымен қоса қайсақты мейірімді болуға итермелейтін нәрсе, әркімге түсінікті – бүгін-ертең өзім де барымтадан немесе қырда жиі болатын жұттан қайыршыға айналуым мүмкін деген түсінік. Соңғы жағдайдағы қайсақтардың бір-біріне көмектесуі өркениетті еуропалыққа үлгі». Әлеуметтік желіде әйелдердің бас киімі туралы жиі айтыс-тартыс болып жатады. Сол даукестер Шоқанды оқыса нақты жауап табатынын осыдан көреміз. Оны айтасыз, қазақтың барын қонағының аузына тосатыны – өркениетті Еуропаға үлгі. Қандай әділ әрі керемет баға. Шоқанды оқыған сайын оқи түскің келетіні де оның еңбектерінің осындай танымдық қуатына байланысты.
Шоқан исламды ұстанған қазақтың артықшылығын айтып қоймай, діннің керітартпалығын да сөз етеді. «Қазандықтар, османлылар, қырымдықтар, Құран мен Исламға берілгені сонша, бірде-бір ұлттық ертегісін немесе көне ән-жырын сақтамаған. Қазан музасының жалғыз жыры «Мұхамадия» мазмұнының өзі діни сипатта. Олардың тіліндегі сөздердің жартысы араб және парсы сөздері. Қалай айтсаңыздар да мұсылман діні өз дегеніне жетті». («Оңтүстік сібір тайпаларының тарихы туралы жазбалар»). Бұл да қазіргі біздің замандастарымызға арналған ескерту секілді оқылады. Демек, дінмен ойнауға болмайды.
Қысқасы, ілгері басқымыз келсе, дамыған ел атануды қаласақ, Шоқан Уәлиханов секілді ғалымдарды оқиық. Ғылымды әспеттеп, ғалымды төрге шығарайық. Біз бұл сапар Шоқанның не бары бірнеше шағын еңбегі туралы сөз қозғадық. Алты томды зерделеп шығу үшін сол көлемде ұзақ толғану қажет. Тереңдік, ұлылық деген осы болса керек.
273 рет
көрсетілді0
пікір