• Ақпарат
  • 27 Қараша, 2025

Қазаққа қызмет еткен қайраткер

Нәзір Төреқұлұлы – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ дипломатиясының атасы, сұңғыла саясаткер, білімді де білікті баспагер,  ұлағатты ұстаз, әдебиетші ғалым, журналист-публицист, аудармашы.
Нәзір Төреқұлұлы 1892 жылы Түркістан аймағына қарасты Қандөз ауылында туған. Өкінішке қарай, кей ғалымдарымыз оны «Қоқанда туған» деп жүр. Бұл сөзімізге Нәзір Төреқұлұлының өз замандасы Шәріп Байшора­ға «Мен өзбек емеспін, ұлтым – қазақ. Түркістан шаһарының іргесінде дүниеге келіп, Қоқанда өскенмін, яғни өзбекке сіңіскен қазақпын» деп айтқаны дәлел бола алады. Балалық шағы өзбек жерінде өткендіктен, ең алғаш сауатын жәдидтік мектепте ашып, мұнан кейін екі жылдық орыс-түзем мектебінде білім нәрімен сусындаған. 1913 жылы Коммерция училищесін бітіріп, Мәскеу қаласындағы Сауда институтында оқуын жалғастырған. Алайда 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығына сәйкес, майданның қара жұмысына алынған жерлестерін құтқару мақсатымен оқуын тастап, батыс майданға аттанады. Мұнан кейін Минск қаласындағы Земство одағына нұсқаушы боп жұмысқа орналасып, тыл жұмысына алынғандарға тілмаштық қызмет көрсетіп, олардың мүддесін қорғау іс-шарасына белсене араласады. Сонда жүріп, қазақ жастарының «Еркін дала» астыртын ұйымын құруға жетекшілік етеді. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін, Орынборда «Еркін дала» ұйымының алғашқы құрылтайын ұйымдастырады. 1918 жылғы 16 сәуірде Орынборда «Қазақ мұңы» газетін шығарады. Көп ұзамай, Қоқанға оралып, Жұмысшы, диқан және солдат депутаттары кеңесіне жұмысқа тұрып, сол кеңестің құрылтайшылығымен жарық көрген «Халық газеті» (Народная газета) және Түркістан Коммунистік партиясының «Инкилоб» (Революция) журналын шығаруға белсене араласады. 

1919 жылы Ферғана облысы ревкомының және Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1920–1922 жылдары Түркістан Коммунистік Партия Орталық Комитетінің төрағасы, Түркістан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі әрі төрағасы, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің және Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы Халық комиссарлар кеңесінің, Ресей Кеңестік Партиясы Орталық Комитеті Түркістан бюросының және Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшесі болады. Нәзір Төреқұлұлы Түркістан үкіметін басқарып тұрған кезінде Маңғышлақ уезі мен Красновод уезінің екі бірдей №4 және №5 Адай болыстарын Өзбекстан мен Түрікменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасына беру туралы №341 декретімен бекітіп, арнайы Қарарға қол қойған.
Нәзір Төреқұлұлы 1921 жылы «Қызыл байрақ» журналында «Ислам және коммунизм» атты мақала жариялап, онда исламның қоғамдағы атқарып отырған рөліне оң баға береді. Сонымен қатар Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы ретінде барлық мекемеде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстыру туралы және Құрбан айттың үш күнін демалыс күні деп жариялау жөніндегі Қаулыға қол қойды. 
1922–1928 жылдары Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Бұл қызметке кіріскеннен кейін автономия алған халықтардың тілін мемлекеттік тілге айналдыру мәселесін көтерді. Түрік тілдес халықтардың ортақ әліпбиін жасау жөніндегі комиссияға төрағалық етіп, араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшуді жақтады. Орталық баспа басқармасының төрағасы ретінде қазақ тілінде «Темірқазық» атты журнал шығаруды ұйымдас­тырып, оған Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев секілді Алаш арыс­тарын тартты. Сондай-ақ түркі халықтарының мақал-мәтелдері мен жұмбақтарын, атап айтар болсақ «Мың бір мақал», «Жиырма үш жоқтау», «Ер Сайын», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» тағы басқа 50-ден аса ұлт тілдерінде жинақтарды шығаруға мұрындық болды. Осы орайда баспадан 12 тілде 21 мерзімді басылымның тұрақты түрде шығып тұрғанын айта кеткеніміз жөн. 
Нәзір Төреқұлұлы ғалым ретінде де отандық тіл білімі саласында ерен еңбек сіңірді. Ол Бүкілодақтық жаңа түрік әліпбиін енгізу комиссиясының төрағасы болады. 1926 жылы I Бакуде өткен Бүкілодақтық түріктанушылардың съезіне қатысып, латын әліпбиі туралы арнайы баяндама жасады. Сондай-ақ араб графикасына негізделген түрік әліпбиін латыницаға көшіру жобасын жасап, жаңа түрік әліпбиінің үлгісін ұсынады. 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Жаңа әліпби неге керек?» атты кітабында «Татар, қырғыз, өзбек, түрікпен емлелерінің барлығы бір негізге құрылған. Барлығының түзетуде тілегі бір: барлығы да жазуларын тілдеріне ұйқас қылып алмақ. Сондықтан бұрынғы бір мұсылман әліпбиі орнына, түрлі-түрлі ұлт әліпбиі дүниеге келді. Бұл жаңа әліпбилердің барлығы да баяғы араб әліпбиінен жасалған. Түбірін алғанда, бұл жаңа әліпбилердің барлығы – арабтың ескі тонын жамап, амалдаған бір нәрсе. Бірақ Кавказ өлкесіндегі мұсылмандар бұл жолға кірмей, тура латыншаға көшуді артық көріп отыр» десе, ал 1927 жылғы 8 қыркүйек күні «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Латын әрпін алу тартысының жаңа беталысы» мақаласында: «Неше жылдан бері латын әрпін алу туралы қазақ латыншаларының жүргізіп келе жатқан тартысы жаңа дәуірге аяқ басып отыр. Бұл дәуірдің бөлектігі – латын әрпін алу тартысы кеңес әлеуметшілігінің көкейіне кіріп, сондағы жұмысының бірі болып танылып отыр» деп өз пікірін білдіреді. Сонымен бірге оның «Түркістан тарихы», «Орыс-өзбек тілінің әлеуметтік-саяси сөздігі», «Жат сөздер», «Ұлт мәселесі және мектеп», «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби», «Жаңа әліпби неге керек?» деген еңбектері мен өзге де мақалаларында емле, әліпби, терминология жүйесі ғылыми негізде талданады. Өзбектің «Инкилоб» атты журналына жазған ислам діні, жәдитшілдік, Түркістан тарихы туралы ғылыми мақалалары дәйекті деректерімен ерекшеленеді. Сондықтан да оның ғылыми еңбектері әлі де өз құндылығын жоя қойған жоқ. Атап айтар жайт, «Қазақ-қыр­ғыз үшін жаңа әліпби» атты кітапша «Атаңның баласы болма – адам баласы бол. Тез үйреніп ал!» деген үндеумен 1924 жылы «Күншығыс» баспасында тасқа басылды. 
Нәзір Төреқұлұлының әдебиет туралы парасатты пайым мен пікірі де назар аудартады. Оның әдеби ойлары һәм сын мақалалары өзі басшылық жасаған «Темірқазық» журналы мен «Еңбекші қазақ» газетінде жиі жарық көріп тұрды. Ол атақты түрколог Бартольдтың Түркістан туралы еңбегін ғылыми негізде терең талдап, сарабдал сыншы екенін көрсетті. С.Сейфуллиннің «Асау тұлпар», «Бақыт жолында» атты шығармаларына, өзбек қаламгері А.Қадыридің еңбектеріне сын жазды. Қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановтың «Қызыл Қазақстан» басылымының 1923 жылғы №16 санында: «Нәзір жолдастың сыны – қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады» деген пікірі – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. 
Нәзір Төреқұлұлы – қаламы үшкір, ойы ұшқыр журналист-публицист, білімді де білікті бас редактор, шебер ұйымдастырушы, бесаспап маман болған адам. Ол өзінің саналы ғұмырында «Қазақ мұңы», «Халық газеті» (Народная газета), «Түркістанның қызыл жылнамасы», «Вестник просвещения и коммунистической культуры», «Инкилоб» (Революция), «Темірқазық» атты газет-журналдар ашып, сол басылымдарға өзекті мәселелер көтерген мақалалар жазып тұрды. Нәзіртанушы ғалымдардың айтуынша, «Темірқазық» журналының беташар мақаласын Нәзір Төреқұлұлының өзі жазған. Бұл басылымның 2-3 сандары Алматы қаласындағы Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығындағы сирек кездесетін кітаптар мен материалдар қорында сақтаулы. Сонымен қатар жалынды публицист «Еңбекші қазақ», «Қызыл байрақ», «Муштум» тағы басқа басылымдарға елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап мақалалар жазып, қоғамдық істерге белсене араласты. Оның тағы бір ерекшелігі, қазақ, орыс, өзбек, тәжік тілдерінде қалам тартқан. 
Қарымды қаламгер қазақ аудармасында тұңғыш рет саяси-әлеуметтік сөздер сөздігін тасқа басқанын баса айтқанымыз абзал. Бұл тарихи басылымға жүздеген саяси-әлеуметтік сөз бен сөз тіркесі енгізілді. Тіпті Сауд Арабиясында қызмет етіп жүрген кезінде сол елдің әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең зерттеп, құнды мақалалар мен кітаптарды тәржімалады. Сондай-ақ 1920 жылы Ташкентте жастар ұйымының жарғысы мен бағдарламасын да орыс тілінен қазақ және өзбек тілдеріне аударуға Нәзір Төреқұлұлы белсене араласқан. Ол орыс, түрік, араб, неміс, француз, парсы, өзбек тілдерін жетік меңгерген.
1928–1932 жылдары Кеңес Одағының Хижаздағы бас консулы, ал 1932–1936 жылдары КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі болып қызмет етті. 1932 жылғы маусымда Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға ресми сапарын ұйымдас­тырды. Сонымен қатар ол екі ел арасында саяси және сауда қарым-қатынасын нығайтуда орасан зор үлес қосты. 
Нәзір Төреқұлұлы елші болған жылдары араб тілін жетік меңгеріп, бірнеше мәрте кіші және үлкен қажылық парызын орындады. Сондықтан оны «Нәзір қажы Төреқұлұлы» деп атауға толық негіз бар. 1936 жылы КСРО Ұлттар кеңесінің жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зертханалық институтында алғашқыда ғылыми қызметкер, кейін проректор болып қызмет атқарады. Көп ұзамай, яғни 1937 жылғы 15 шілдеде «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 3 қарашада ату жазасына кесіледі. 1958 жылғы 28 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлұлының есімі қазақ  халқының тарихында алтын әріптермен ­жазылары хақ. 1995–2005 жылдары Ыбырай қажы Ысмайыл­ұлы Н.Төреқұлов атындағы ­халықаралық қор құрып, оның өнегелі өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттады. Б.Кенжебаев, Ж.Арыстанов, Т.Қожекеев, Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, Д.Ысқақұлы, Б.Қойшыбаев секілді қазақтың белгілі ғалымдары мен қабырғалы қаламгерлері сүбелі ғылыми еңбектер жазды. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұровтың «Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны» атты кітап жазып, оны қазақ, түрік, ағылшын, орыс, араб тілдерінде тасқа басуы – тың да құнды дүние, ерекше құбылыс. Белгілі журналист-жазушылар Ж.Әлмашұлы мен С.Сахаббат арнайы зерттеп, кітап жазды. Білікті баспагер Нұрмахан Оразбекұлы Нәзір Төреқұлұлы туралы жинақ шығарды. Қазір Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қаласында Нәзір Төреқұлұлының есімімен аталатын көше, мектеп, жоғары оқу орны мен мешіт бар. Тіпті көрші өзбек елінің Қоқан қаласы да бір көшесін Нәзір есімімен атаған. Сондай-ақ Түркістан қаласында Нәзір Төреқұлұлы атындағы мұражай жұмыс істейді.
2003 жылы Қазақстан Үкіметінің №57 қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» Нәзір Төреқұлов атындағы медаль тағайындалды. Ал 2011 жылы белгілі режиссер Болат Шәріпов Нәзір Төреқұлұлы туралы «Өкілетті елші» атты деректі фильм түсірді. Мұның бәрі – қазақ халқының дарынды ұлын мәңгі есте сақтау үшін атқарылып жатқан іс-шара жұмыстары.

Ермахан Шайхы,
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері

177 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы