• Ақпарат
  • 27 Қараша, 2025

Сырдың сары қызы

Алдымен елді алаңдатпай, бірден басын ашып алайық, Надя апамыз, шындығында, Сыр елінің тумасы емес. Алатау баурайының перзенті. Арайлы Алматының аруы. Қадірлі Қаскелеңнің қызы. Шуақты Шамалғанның шырайлысы. Бірақ бәрібір Сыр елі оны өз қызындай көреді. Мұның да өзіндік себебі бар.
Бүгінгі арқалы ақын, ақтаңгер айтыскер, мәдениет майталманы ­Надежда Лушникова бір кезде Қызылордадағы қыздар училищесінде оқыған. Кәдімгі қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова­ның есімін иеленген, кілең қыздар оқыған әйгілі педколледж. Мұнда жалғыз Надежда ғана емес, еліміздің әр түкпірінен жиылған мықты бойжеткендер білім алған. Кейін Білім және ғылым министрі болған Шәмша Беркімбаева да, Парламент депутаты атанған Мәриям ­Жүйріктаева да солардың сапында.
Сыр елі сары қызды алақанына салып аялады. Қолына үкілі домбыра ұстап, әнтек жымиып, өлең өріп отыратын ақсары бойжеткен де сондай сүйкімді еді. Алғашқы өлеңдері педучилищенің «Отан қызы» атты қабырға газетінде жарық көріпті. Сонымен қатар балауса жырлары Қызылорда облысының «Ленин жолы» газетіне басыла бастаған.

* * *
Надя апам училищеде оқыған тұста Сыр елінің әдеби ортасы ғажап еді. Асқар таудай айбарлы ақын Асқар Тоқмағамбетов, әйгілі әдебиеттанушы, Алты Алашқа танымал ғалым Әуелбек Қоңыратбаев, қажырлы қаламгер, ардақты ақын, жігерлі жазушы Зейнолла Шүкіров осы өңірде тұратын. Жалпы Сыр топырағы әр жылдарда таланттарды молынан баптап, ел ішінде едәуір еркелетіп алып, Алатау жаққа аттандырып отырды. Қызуы көп Қызылордада бірі біраз уақыт, енді бірі үнемі тұрақ тапқан Қуаныш Баймағамбетов, Сырбай Мәуленов, Сағи Жиенбаев, Рахманқұл Бердібай, Қомшабай Сүйенішов, Иранбек Оразбаев, Жақсылық Түменбаев, Молдахмет Қаназ, Асқар Кіребаев және басқа сөз зергерлері Сыр елін жыр еліне айналдыруға өлшеусіз үлес қосты. Міне, Надежда апам да Сырдарияның суына қара өлең қосылып ағатын осы өнегелі өлкенің берекелі бесігіне бөленді.
Әсіресе, Асқар Тоқмағамбетов Жетісу жақтан сегізінші сыныпты бітіріп, Қызылорданың топырағын қымсына басқан оны туған өз баласынан кем көрмеді. «Қырғи тілді» Асекең қаршадай қызды Алматыға ертіп келіп, алқалы додада өлең оқытыпты. «Бұл қыз Сыр бойында жүргенде қазақша жыр жазып кетті!» деп ағынан жарыла қуанып, ел-жұрттан сүйінші сұрапты.
Надежда Андрейқызы өзінің сұқбатында айтқандай, Асқар ағасының құрметіне бір қызының атын Құралай деп қойған көрінеді. Ал Құралай апамыз – Асқар ақынның өмірлік серігі. Ол кісіні көзіміз көрді. Ана бір жылдары телеарнаға сұқбат алдық. Өте жақсы адам еді. Надя студент кезінен бастап Асекеңнің қасиетті қара шаңырағына үнемі барып тұрған. Сол үйдің сары қызына ­айналған. Ал Асқар аға қайтыс болған кезде ­Надежда апамыз бар шаруасын жиып қойып, арнайы келіп, әкесіндей болған аяулы жанның жаназасына бастан-аяқ қатысып, топырақ салған. Сөйтіп, адами қасиеттің өзгеше өнегесін көрсеткен.

* * *
Ол оқу бітірген соң алдымен ­дария жағасындағы қаланың іргесіндегі ­Киров атындағы совхоздың №143 орта мектебінде, кейінірек педагогикалық училищеде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріпті. Сыр елін сүйген Надя Қызылорданың қоңырқай қыздарының қазақшасын одан әрі қоюлата түсуге елеулі еңбек сіңіріпті.
Надежда апам алпысыншы жылдардың басында Н.Г. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түскен. Мұнда ақын Серік Сейіт­мағамбетовпен, болашақ академик Бақберген Досманбетовпен бірге дәріс алған. «Мен Надямен 1962 жылы бір топта оқыдым. Ауыл шаруашылығы жұмыстары кезінде күрішке, мақтаға бірге бардық. Маған арнап, «Бақберген, қызды көрсе шап берген!» – деп басталатын өлең жазған-ды» деп еске алады белгілі ғалым, қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы.
Надежда Андрейқызы оқу орнын бітіргеннен кейін облыстық «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетінде әйгілі бас редактор Ұзақ Бағаевтың қарамағында қызмет істейді. Осы ­газеттің қабырғасында жүріп, алматылық жігіт Тұрлыбекпен бас қосады. Екеуінің үйлену тойы алдымен Қызылордада өтеді. Бір кезде ақын Дүйсенбек Аяшұлы жазғандай, қазіргі Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде бас қосқан қызылөордалықтар тойды бастап кеп жібереді. Асекеңнің өзі қызына арнап, күркіреп өлең оқиды. Сыр бойының белгілі бір жыршысы Надя апамның бетін ашады. Бір перзенті Қызылордада туады... 
Енді, неғыл дейсіздер, Надежда апамның Сырдың сары қызы болмаған несі қалды, а?! 

* * *
Жампоз ақын Надежда Лушникова­ның ең көп айтысқа түскен қарымды да қажырлы, қайтпас қайсар ­қарсыласы – атақты жыр жүйрігі, халық ақыны Манап Көкенов. Ол екеуі бәлкім, он, бәлкім, жиырма, бәлкім, отыз рет өнер сайыстыр­ған шығар... Бұлардың айтысы аталас пен баталастың базынасы, аға мен қарындастың назы, бір-біріне тілеулес қос шайырдың жарасымды бәсекесі секілді әсер беретін. Надя қыз сонда ­Манап ақынмен айтысын:

Ағеке-ау, мен де тарттым түріңізге,
Сайраған сандуғаштай тіліңізге.
Тұсыңа қарындасың келіп қалды,
Біріміз ұқсағасын бірімізге, – деп термелетіп бастар еді.
Әрине, сөз бәйгесі болған соң уыты мол шымшыма шумақтар да айтылмай қалмайды. Бірақ соның бәрі Сары аға мен Сары қыздың асқан мәдениетпен өрілген өнегелі өлеңі арқылы әдемі әуен­мен әдіптеледі. Сөздің супермәдениеті сақталады.
* * *
Сонымен, жас күнінде жыр алыбы Жамбылдың қолынан алма жеген, әйгілі Әуезовтің жанында отырып, сүйіспеншілікке толы жылы лебізін тыңдаған, елдің ардақты ақсақалы Сары Омардан «Етегіңе ел толсын!» деген бата алған сары қызды Сыр елі ерекше қадірлейді. Сол қадіріңіз ешқашан кемімесін, ­Надежда апам!
* * *
Кешелі бері желідегі жаңалыққұмар жұрт сіздің сексен бес деген салиқалы жасқа жеткеніңізді елеп-ескеріп жатыр. Соны көріп, осы бір лепесімізді жаздық. Аман жүріңіз, Алаштың аяулы қызы!
* * *
(Бір заманда Шүкір Шахай ініңіз сізді де суретке түсіріп алыпты ғой. Мынау – сол сурет).

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

214 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы