• Ақпарат
  • 27 Қараша, 2025

Халыққа жетпеген сөздің құны жоқ

Ершат АСМАТОВ,

«Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы:

Биыл алпыстың асуына шыққан белгілі журналист, ­этножурналистика саласы көшбасшыларының бірі ­Ершат ­Асматов –  «Ұйғыр ­авази» газетінің бас редакторы, ­Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Ол үшін журналис­тика –  ұлттың сөзін, қоғамның рухын жеткізетін мінбер. ­Ершат Моллахунұлы ұлт пен мемлекет арасындағы сенім көпірін сөз киесі арқылы жалғап келеді. Ершат Асматовпен оның шығармашылық бастауы, журналистік жолындағы тағылымды кезеңдер, этножурналистиканың жаңа бағыты және ел бірлігіне қызмет етудің мәні туралы әңгімелестік.

– Журналистикаға келуіңізге не түрткі болды? Өлеңнен басталған жолды кәсіби журналистикаға бұрған сол шешуші сәт туралы айтсаңыз.
– Журналистердің көбі сияқты менің де жолым поэзиядан басталды. Бесінші-алтыншы сыныпта қабырға газетіне өлең жазып жүрдім. Кейін ­аудандық газетке тұрақты автор болдым. Бірақ ол кезде «журналист болам» деген нақты шешім қабылдадым дей алмаймын. Жаркенттегі Панфилов педагогикалық училищесіне түсіп, бастауыш сынып мұғалімі маманы боламын деп ойладым. Сол жылдары шығармашылықтан қол үзбедім – аудандық газетке мақалалар жазып тұрдым. 1988 жылы оқу бітірер шақта республикалық газеттен көзіме бір хабарландыру түсті: «Қазақ Мемлекеттік университетінде арнайы журналистика бөлімі ашылады. Корей, неміс, ұйғыр журналистері даярланады» делінді. 25 орынның жетеуі – ұйғыр жастарына арналған екен. Бұл бастама газетіміздің сол кездегі бас редакторы Юлдаш Азаматовтың ұсынысымен ашылған. Сол жеті орынға қырық бір адам құжат тапсырды. Соның бірі мен болдым. Осы сәт менің журналистикаға басқан нақты әрі шешуші қадамым еді. Алғаш рет «Ұйғыр авази» газетіне мақалам шыққанда, жүрегім жарыла қуандым. Бұл – менің өмірімдегі ең әсерлі, ең ұмытылмас сәттердің бірі. КазҰУ-дің журналистика факультетіне түсіп, бір жыл оқыған соң редакцияға корректор болып жұмысқа орналастым. Таңертең – сабақ, түстен кейін – жұмыс. Газеттің иісі сіңген сол күндер менің, сондай-ақ біраз курс­тас-қатарласымның кәсіби болмысын қалыптастырды. 
Редакция бізге сенім арта бастады. Сол сенім шалқар шабыт сыйлады. Редакцияның ырғағын, журналистиканың ішкі тынысын, сөздің салмағын сол жылдары шынайы сезіне бастадық. ҚазҰУ мен үшін нағыз өмір мектебіне айналды. Керемет ұстаздаран білім алдым. Қазақтың нағыз талантты­-қабілетті жігіт-қыздарымен танысып, достастым. Жан-жақты өсіп, жетіле бастадым. ­Ширек ғасырдан көп уақыт отбасына айналған «Қазақ газеттерінің» құрамында беделді басылымдардың мықты журналистерінің ішінде жұмыс істеп, журналистиканың қыр-сырын ­үйрендім, мол тәжірибе жинадым.
– Журналистика жолын бастап келе жатып, кенет ұстаздыққа бет бұруыңыздың себебін білсек? Ауыл мектебіндегі сол жылдарыңыз, тәрбие ісі жөніндегі қызмет пен ұлттық рухты дарыту жолындағы ізденістеріңіз сізге не үйретті?
– 1993 жылы оқуымды бітіруге бар-жоғы үш ай қалған кезде әкем ауырып қалды, анам жалғыз. Осылайша ҚазПИ-дің тарих факультетін бітірген жұбайым Зульфирамен (үшінші курста үйленгенбіз) балаларымыз Зайтунам мен Зулияр­ды алып, шілде айында Кіші ­Диқан ауылына көшіп бардық. Мектеп бізді қуана қабылдады. Үш ай өтпей жатып, сенім артып, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметін ұсынды. Бұл – жай қағаз толтыратын жұмыс емес, оқушымен де, мұғаліммен де, ата-анамен де күн сайын бетпе-бет жұмыс істеуді қажет ететін үлкен жауапкершілік. Тәрбие ісіне жауапты маман болу – тұтас ұлттық идеология. Сондықтан бұл жұмысты журналистикадан бөлек деп ойламадым. Керісінше, екеуінің түп мәні бір: екеуінің де өзегінде – адам, сана, құндылық жатыр. Мектепте жүріп бір нәрсені анық байқадым: оқуға ынталы бала көп, сол ынтаны жетелейтін, отын үрлейтін – ұстаз. Сол себепті өзім шағын тақпақтар, көріністер жазып, балалардың қабілетін оятуға тырыстым. Солардың ішінде есте ерекше қалғаны – «Желтоқсан оқиғасына» арналған сценарийім. Алтыншы сыныптың кішкентай қыздары сол кездегі жағдайға байланыс­ты «өз кейіпкерлерінің» рөлін сомдап шыққанда, олардың талантына бас иген едім. Қойылым ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, олардың өтінішімен кейін ауыл клубында қайта қойылды. Біздің мақсат – сол көріністер арқылы балалардың бойына Отанды сүю, мемлекетке құрмет, ұлттық рухты сезіну сияқты қасиеттерді сіңіру еді. Сол кезең менің өмірімнің ең жауапты, сындарлы, бірақ ең қасиетті жылдарының бірі болып қалды.
– Ауылдағы ұстаздық қызметтен кейін қайтадан журналистикаға оралу шешімін қалай қабылдадыңыз? Алматыға келген соң кәсіби жолыңыз қалай жалғасты және өзіңіз көп жыл еңбек еткен газетке бас редактор ретінде тағайындалу сіз үшін нені білдірді?
– Сол жылдары Ақтөбеде тұратын әпкем Гүлзада мен жездем Тилапжан жиі хабарласып тұрды. «Ауылдың шеңберіне сыймайсың. Сенің бағытың – журналис­тика. Алматыға көшіңдер, ата-ананы да көндірдік, үй де дайын» деп жігер беретін. Адам кейде өз жолын сырттағы жанашырлардың көзімен көреді ғой. Сол сөздердің әсері болар, 1995 жылы Алматыға қайта оралдым. Мені тілші қызметіне орналастырды. Кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болдым. Қысқасы редакциядағы барлық баспалдақтан өттім. 2014 жылдан бері бас редактор қызметін атқарып келемін. Өзің еңбек еткен газетке басшы болу – қуаныштан бұрын үлкен жауапкершілік. Бұл қызмет – атақ емес, аманат. Қазір ойласам, сол басылымның тарихындағы жетінші бас редактор екенмін. «Қазақ газеттері» ЖШС-ның сол жылдардағы бас директоры Жұмабек Кенжалин ағамыздың айтқан бір сөзі есімде мәңгі қалып қойды: «Осы газеттің лайықты бас редакторы болатыныңызға сеніп отырмын. Үш кандидат бар, бірақ сіздің белсенділігіңіз, Ассамблеядағы еңбегіңіз, халықпен байланысыңыз – айрықша артықшылық», – деген еді. Осы сөз менің өмірімдегі үлкен бетбұрыс болды. Сенім артылған жерде міндет те ауырлайды. Мен үшін бас редактор болу – мансап емес, ұлттың сөзіне жауап беру аманаты.
– Бас редактор ретінде алғашқы кезде қандай жауапкершілік жүгін сезіндіңіз? Басылымды басқару барысында қандай ұстанымдарды басты қағидаңызға айналдырдыңыз және сол жылдары газет пен қоғам арасындағы байланысты қалай күшейте алдыңыз?
– Бас редакторлық ­қызметке келген сәтімде қуаныштан гөрі жүрекке түскен салмақ басым болды. ­Басылымның тізгінін ұстаған ­кезде адам еріксіз ойға шомады: «Бұл ­газетті қалай ілгері бастырамын?» деген сұрақ күн сайын ішімде жаңғырып тұрды. Сол мезеттен бастап ұлттың тәрбиесі мен рухани болмысы маған жеке емес, ұжымдық аманаттай сезілді. Уақыт өте келе ішімде айқын үш құндылық орнықты: елге деген сүйіс­пеншілік, мемлекетке құрмет және ­халыққа жақын болу. Бұл – бір-бірін толықтырып тұратын, бірақ тепе-теңдігі бұзылса салмағын жоғалтатын нәзік өлшем. Тек мемлекетшіл болу – халықтан алыстатады, ал тек халықшыл болу – мемлекеттің мүддесін кейінге ысырады. Сондықтан осы екі арнаны тең ұстап жүру – менің басты ұстанымым болды. Газеттің бағыты да дәл осы өлшеммен айқындалды. Осы жерде мені жан-жақты қолдап, газеттің мәнді де сәнді шығуына бар күш-жігерін салып, қызмет етіп келе жатқан әріптестеріме алғысым шексіз. Оларсыз мен бүгінгідей жетістікке жете алмас едім. 
Газеттің басшылық тізгінін қолға алғаннан бастап назарымды ел ішіндегі еңбек адамдарына, ауылдың тынысын ұстап тұрған қарапайым бұқараға бұрдым. Халыққа жетпеген сөздің құны болмайды, ал халықпен байланысын жоғалтқан басылым ұзақ өмір сүре алмайды. Сол себепті ел ішіне жиі шықтым – ауыл аралап, халықтың қуанышы мен қайғысына бірге куә болдым. Уақыт өте келе газеттің дауысы да халық үнімен астасып, айқынырақ естіле бастады.
Сол жылдары мен бір ерекше құбылысты байқадым: бұрын ұйғыр тойларында көңіл көтеру мен даңғаза басым болса, бүгінде салтанаттың басында қазақ еліне алғыс айтылып, елдік пен бірлік туралы сөз қозғалады. Әуелі Отанға құрмет білдіріліп барып, содан кейін ғана той басталады. Бұл – санадағы елеулі өзгеріс. Мен мұны медиа сөзінің, баспасөз ықпалының шынайы нәтижесі деп білемін. Себебі сөз дұрыс айтылғанда санаға сәуле түсіреді. Ал санасы жаңғырған қоғам – өз болашағын өзі қалыптастырады. «Ұйғыр авази» газеті жылдар бойы оқырманынан алыстамай, ел өмірінің айнасына айналды. Бүгінде оның әр бетінде ұлттың көзқарасы, рухани болмысы және тіршілігінің тамыры анық сезіледі.
– «Ұйғыр авази» бүгінде этножурналистиканың дамуына елеулі үлес қосып отырған бірегей басылым. Газеттің қазіргі бағыты мен мазмұндық саясатын айқындауда қандай басымдықтарға сүйенесіз? Этножурналистика мен қоғамдық келісім идеясының өзара байланысын қалай түсіндіресіз?
– Газет пен редактор – егіз ұғым. Редакторға қарап газетті, газетке қарап редакторды бағалайды. Жалпы газет – тірі ағза іспетті: ол оқырманмен бірге өсіп, жаңарып, түлейді.
«Ұйғыр авази» – мәдениеттен бастап, білім, экономика, ғылым, технологияға дейінгі барлық саланы қамтиды. Біз Қазақстанның жетістігін, тұрақтылық пен қоғамдық келісім құндылығын да алдыңғы қатарға қоямыз. Осы мақсатта «Біз – қазақстандықтар», «Қазақстан – ортақ үйіміз» айдарларын аштық. «Әдеби достық» айдары аясында қазақ ақын-жазушыларының туындылары ұйғыр тіліне ­аударылып, әдеби байланыс нығая түсті. Белгілі тұлғалардың мақаласы мен сұқбаты тұрақты жарияланып келеді. 2024 жылы «Қазақ тілін қолдау» бағыты бойынша жаңа «Шаңырақ» арнайы бетін аштық. Бұл – менің жеке бақылауымдағы жоба. Онда елдің жетістігі, мәдениет пен ғылым жаңалықтары, халықтар достығы мен қоғамдық келісім, қазақ халқының салт-дәстүрлері және басқа да маңызды тақырыптар қамтылады. Бұдан бөлек, жастарға, мұғалімдерге, әйелдер мен балаларға арналған арнайы беттер де жарық көреді. 
Осы жерде айта кететін бір жайт, елімізде этножурналистиканың дамуына ерекше назар аударылады. Президентіміз Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы сессиясында: «Салалық министрлік пен ҚХА Журналистер клубының жұмысына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тартып, оның біріңғай алгоритмін жасауы керек. Этностардың тілінде шығатын өңірлік БАҚ-қа жүйелі қолдау қажет» деп айтуы тегін емес. Себебі мемлекеттік идеология жұмысында этножурналистиканың маңызы зор. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Бас редакторлар клубы мен ҚХА Журналистер клубының ұйымдастыруымен өте ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Осы орайда клуб жетекшілері – сенаторлар Бибігүл ­Жексенбай мен Әлішер Сатыбалдиевқа, ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановқа, Парламент Сенатындағы депутат Нұртөре Жүсіп басшылығындағы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобына ерекше ризашылығымды білдіремін. Газет – тек ақпарат көзі емес, ұлттың тынысы. 
– Газеттің таралымын арттыру – бүгінгі баспасөз үшін ең өзекті мәселенің бірі. Бұған қатысты не айтасыз?
– Мен редакцияға келген кезде газеттің таралымы шамамен он екі мыңның төңірегінде еді. Сол күннен бастап бір ғана ой маза бермеді: «Осы көрсеткішті қалай өсіреміз? Газетті халықтың күнделікті қажетіне айналдыра аламыз ба» деген сұрақ үнемі ойымда тұрды. Біздің оқырманның басым көпшілігі газетті өз еркімен жаздырып алады. Қазір жазылу бағасы арзандап жатқан жоқ, соған қарамастан халық газетті қолынан тастамайды. Бұл – сенім мен ұлтжандылықтың айқын көрінісі.
Пандемия кезінде барлық басылымның таралымы 50 пайызға дейін төмендеді. Әркім өз тіршілігінің қамына кірісіп кетті. Сол тұста біз күтпеген бір ­ерекше жайт болды: әріптестерім маска тағып, қолдарына газетімізді алып, облыс ­шекарасына дейін барып, оқырманға таратты. Халық үйде отырса да, «газеттің жаңа нөмірі шықты ма екен?» деп іздеп отыр­ды. Соның арқасында таралым 16 200 данаға жетті. Ал кейінгі жылдары жиыр­ма мыңнан асырдық. Сол кезде мен бір нәрсені анық түсіндім: газет ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм үні». Ал халық сүйікті басылымын әрдайым оқиды. 
Қазір газеттің таралымындағы әр өзгерістің артында – халықтың ықыласы, елдің сенімі тұр. Ал бұл – газет ұжымы үшін ең үлкен марапат.
– Сіз он бес жыл бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында еңбек етіп келесіз. Ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы басты ұстанымыңыз қандай?
– Тәуелсіз Қазақстанды мекендеген барлық этностың басын қосып, елдегі тұрақтылық пен келісімнің ­ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблея­сында он бес жыл бойы еңбек етіп келемін. Бұл – жай мүшелік ету емес, ел бірлігіне қызмет ететін идео­логиялық әрі рухани жауапкершілік. Ел ішіне жиі шығып, халықтың көңіл ­күйін, сенімін сезіну – менің күнделікті міндетім. Бір ойым бар: ұлтаралық келісім тек сөз жүзінде емес, өмірдің өзінде жүзеге асуы керек. Яғни оның жұмысы жиын-мерекелермен, салтанатты іс-шаралармен ғана шектелмеуге тиіс. Үгіт-насихат, идеологиялық жұмыстар көбірек ауыл-аймақтағы халық арасында жүргізілгені абзал. ­Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қасым-­Жомарт Тоқаев биыл көктемде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессия­сында өңірлік деңгейдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту үшін жүйелі қадамдар жасау қажетін айтты. ­Жалпы менің өмірлік қағидам үш ұғымға ­тіреледі: Отанды сүю, ниетті таза ұстау және әділетті болу. Осы үш ұстаным тоғысқан жерде ғана қоғамның іргесі берік болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

325 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы