- Ақпарат
- 27 Қараша, 2025
«Тайталас тағдыр»: Ел мүддесі жолындағы өмір өткелі
26 қарашада Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, академик, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың жаңа кітабы – «Тайталас тағдырдың» тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға еліміздің белгілі ғалымдары, жазушылар, журналистер, қоғам және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бақытжан Жұмағұлов – техника ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Парламент Сенатының экс-депутаты, Ұлттық инженерлік академияның президенті, Түркі әлемі математиктерінің президенті. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елдің білім мен ғылым саласын дамытуға зор үлес қосқан тұлға. «Тайталас тағдыр» – тек өмірбаяндық жазба емес, еңбек тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңін бір адамның тағдыры арқылы көрсететін рухани, тарихи әрі аналитикалық туынды. Автор ел дамуының түрлі белесінде қабылданған саяси шешімдер мен қоғамдық өзгерістердің ішкі механизмін, жауапкершілік пен рухани таңдаудың құнын ашып көрсетеді. Кітапта автор өзінің күрделі қызмет жолындағы шешімдер мен тартыстарды, ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы азаматтық ұстанымдарын, замандастарының бейнесін, қоғамдағы әділдік пен адамгершілік ұғымдарын тереңінен қозғайды.
Кітап туралы пікір білдірген Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин туындының терең мазмұнын ерекше бағалады:
«Адамгершілік үшін күрес – әділет үшін күрес. 30 жылдық тәуелсіздік тарихында ел тағдырына араласқан қаншама тұлға болды. Кітапта кемшілігімізді де, жетістігімізді де айту бар. Көлеңкелі тұстарды таразы басына қоя отырып, дәуірдің шындығын жеткізген еңбек. Оқырман оны оқығанда дәуірдің толқынында жетілген азаматтың жүрек сөзімен жүздеседі. Шығарма сананы оятып, ойға жетелейді».
Туындыда мына тақырыптар қамтылған:
• елдік мүдде мен ұлттық құндылықтар;
• мемлекетті басқарудағы күрделі шешімдердің астары;
• Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік және рухани өзгерістер;
• білім мен ғылымның болашағына қатысты ойлар;
• қоғамдық пікір мен жауапкершілік мәдениеті.
Кітап автордың өз дәуіріне, өз заманына азаматтық көзқарасын білдіретін рухани құжат іспетті. Онда мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңі, ел дамуының бұралаң тұстары мен биік жетістіктері тарихи, саяси және адами тұрғыдан кеңінен талданады. Кітап тек мемлекеттік қызметкерлерге немесе саясаткерлерге ғана емес, ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматқа арналған. Сондай-ақ, ол тарихшылар, саясаттанушылар, магистранттар мен докторанттар үшін де танымдық әрі деректік құндылығы жоғары еңбек болмақ.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
553 рет
көрсетілді0
пікір